Ар мен абырой мерейі
25.11.2016
1990
0

4651320-6320-1ОҢАЛБАЙ АЯШЕВ,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор,
ОҚО мәслихатының депутаты


Уақыт қандай жылдам: тарихқа толы 25 жыл қас-қағым сәттей өте шықты. Меніңше, егер кімде-кім қазақ халқын жете білгісі келсе, ұлттың айрықша қабілетін, алапат күш-қуатын, тарихқа қосқан үлесі мен болашаққа деген табанды сенімін сезінгісі келсе, онда ол Томирис ханша мен Абылай ханның даралығына, Елбасының қайраткерлік даналығына зер салуы керек.

Тәуелсіздік құдіреті бәрімізге ортақ. Ол баршамызға жігер, қай­рат, нәр береді. Ерекше ша­быт­­тандырады. Өткен іс – тір­шілікке байыппен қарауға ша­қы­рады. Тәуелсіздік – Азаттық! Тәуел­сіздік – егемендік! Тәуел­сіз­дік – таң нұры, жазиралы да­ла­ға шуағын шашқан жарық күн! Тәуел­сіздік – біздің ұрпағы­мыз­дың мемлекеттілігі! Ана тілдің, дәс­түрдің, салт-сананың мыз­ғы­мас тірегі, күші, алтын діңгегі, ха­лықтың бақ жұлдызы. Тәуел­сіз­дікті ұстап тұру үшін күшті рух пен мықты мінез, бөлек бітім, ерек­ше ерік-жігер керек. Оған куә – біздің халықтың басынан кеш­кен сан ғасырлық ұлы күрес­те­рінің тарихы. Үш ғасырға жуық азап пен бодандықтың бұғауында ғұ­мыр кешкен халқымыздың көр­меген құқайы, естімеген ай­қайы, тартпаған тақсіреті қалма­ған. Қан да төгілген, жан да бер­ген, мал да берген. Тек арын сақ­­­таған. Ұлттық қасиетті жо­ғалт­паған. Өзара сенімге не­гіз­дел­ген түсіністік пен төзімділікті ту еткен біздің халқымыз ын­ты­мақты ырысқа балаған. Тәуел­сіз­дік жылдарында Отанға деген жауап­кершіліктің жаңа дәстүрі қа­лыптасты. «Бір ел – бір тағдыр» ұғы­мы ұрпақ айтар ұранға айналды. Түркілердің қарашаңырағына ие – Ұлы Дала Елінің ғұмыр жо­лы бір адамның басынан кешер түр­лі тағдырды өткізді. Қалып­тас­ты. Кемелденді. Өркениет­тен­ді. Мемлекет те адам сияқты. Кон­­фуций айтқан адамды па­ра­сат­қа жеткізер үш жол: еліктеу – ең жеңіл жол, ой сарабы – ең із­гі жол, өз тәжірибеңнің жолы – ең ауыр жолдың біз соңғы екі жо­лын таң­дап, бүгінгі күнге жет­тік. Толайым табыспен еліміздің ең­сесі биік, мемлекетіміздің ір­гесі берік күйінде тәуелсіздіктің ши­рек ғасырын артқа тастадық. Отан­ды қастерлеу – елдігімізге ті­рек, тәуелсіздігімізге жүрек бо­ла­рын біліп, сезініп, түсініп өс­кен Тәуелсіздік құрдастары бір мү­шелге толды.
XXI ғасырдың алдағы он жыл­дығында бізді бұрынғы мен қа­зіргіден де күрделі бағыттар кү­туде. Тарих жылнамасында жеңісті жылдар ғана кездеспейді. Олай болған болса тарих та жазылмас еді. Сәтсіздіктер мен қо­­­лайсыздықтар, дағдарыстар мем­лекетке тығырықтан шығу­дың, кедергіні жеңудің жолын көрсетіп, үйретеді. Тұрақтылық – біздің тәуелсіз еліміздің ұстанар бас­ты бағдары. Дәуірлеу кезеңін­дегі дербес Қазақстанның айы оңы­нан туып, жұлдызы жарқырай түсті. Ұлы Дала Елінің ұлағатты ұр­пағы өткенімен де, бүгінімен де мерейі тасып, мақтануда.
«Ұлы дала ұлағаттары» атты кітабында Елбасы Азия тари­хы­ның атақты білгірі, ғалым Н.А.Арис­товтың халық санағы туралы сипаттамалық-ста­тис­ти­ка­лық еңбегін атай келе, 1897 жы­лы қазақтардың саны өз ау­ма­ғында 4 миллион болғанын, егер зұлмат саясат болмағанда, бұл сан демографиялық  даму үр­дісі бойынша қазір кем дегенде 30 мил­лионға жететін еді деген бол­жамын алға тартады. Тәуел­сіз­дік алған тұста еліміздегі қа­зақ­­тардың үлесі бар-жоғы 40%-ды құраса, соңғы статистикалық де­рек бойынша 18 млн.-ға жуық ха­лықтың 12 млн.-ы, яғни 67%-ы қа­ракөздер екен. Тәуба! Көңіл қуа­нып, жан жұбанарлық көр­сет­кіш. Ана тіліміз – мемлекеттік мәр­тебеге ие. Тіл мәселесінің ай­наласындағы дау-дамай, қызу пі­кірталастар әлі де жүруде.
Ел­ба­сының «Тіл дамуы үшін тілдік ор­та, тілге деген қажет­ті­лік, ана ті­ліңді ардақтайтын ұлт­тық намыс керек» деген сөзі бәрімізді ой­ға қалдырады.
Қытай елінде өткен G20 сам­ми­тінде Елбасымыздың  атағы­нан ат үркер алпауыт елдер бас­шы­лар­мен тең дәрежеде иық ті­ресе тұр­ғаны еліміздің саяси аренадағы бе­делі мен абыройын айқын аң­ғар­тады. Бізге барымызды баға­лап, қадірлімізді құрметтеу жарас­са керек. 100-ден аса мем­ле­кеттің басын қосқалы отырған «ЭКСПО-2017» халық­аралық көр­месін ұтып алуымыз да Ел бе­де­лінің биіктігі.
Елбасы – тәуелсіз мем­ле­ке­ті­мізді қалыптастырып, экономикасын реформалау арқылы өзін де, елін де әлемге танытқан дәуір­дің дара данасы. «Елімнің ұлы бол­саң, еліңе жаның ашыса, аза­маттық намысың болса, қазақтың ұлт­тық жалғыз мемлекетінің ны­ғайып, көркеюі жолында жан те­ріңді сығып жүріп еңбек ет, жер­дің де, елдің де иесі өзің еке­ніңді ұмытпа» деген сөзін ісімен көрсетіп келе жатқан Ол – еңбек майталманы. Ширек ғасырда дамыған нарықтық экономикасы мен азаматтық қоғамы бар өр­кен­деген мемлекетке, халық­ара­лық сахнадан өз орнын алған сал­­мақты және жауапты ойын­шыға айналуымыз да Елбасының саналы саясатының жемісі. Ол өзі басқарып отырған Қазақ елін ға­на емес, бүкіл адамзатты, дүние­жүзін бейбіт болашаққа шақы­рып, үндеп жүрген сали­қалы бас­шы. Бұл – қазіргі заманда мем­лекет басшыларында сирек кез­десетін қасиет. Мемлекет қай­рат­кері Д.А.Қонаев «Ақи­қаттан ат­тауға болмайды» атты кіта­бын­да: «Назарбаевтың ең басты ар­тық­шылығы – оның қыл­шыл­даған жас­тығы, алғыр­лығы мен лапыл­даған қайрат-жігері еді. Өзіміздің орнымызды басатын­дардың қамын біз ойла­масақ, кім ойлауға тиіс. Сондық­тан да Қазақ КСР Ми­нистрлер Кеңесі­нің төрағасы Б.Әшімұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің Прези­диу­мының төра­ға­лығына сайлан­ған кезде мен Назарбаевты үкімет бас­шылы­ғы­на ұсын­дым», – деп жазады. Жас­тайынан еңбекпен шыңдалып өскен Нұрсұлтан Әбішұлы қа­шан­ да өзгелерден де соны талап етеді. «Әркім өз ба­қытын өзі жа­сауы керек. Әркім өз несібесін өзі те­руі керек» деген қағиданы пір тұ­татын Елбасы еңбексіз өмір – тұл дейді. «Білім алмай болдым де­ме, еңбек етпей толдым деме» де­ген ұстаз на­қы­лын бойтұмар көр­ген Ел көш­басшысы елді әр­кез еңбекке ша­қырады. Расында да, болмысы бөлек бітімі, жарқын да ашық жүзі, кемел келбеті, кө­семдік қасиеті Оны өзгелерден ай­рықшаландырып тұрады. Ұлт­тық дәстүрде тәрбиеленіп, хал­қы­­ның бар қадыр-қасиетін бойы­на жинап, уызын сіңірген, ті­лі мен ділін, дінін құрметтеп, тарихы мен мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жетік біле­тін, ұлтына берілген біртуар тұл­ға екенін жете түсіндік. Елінің жа­нашыры, халқының тағ­дыр­ла­сы, қамыққанға қамқоршы, та­рыққанға қорған бола білетін қазіргі заманның ойлы басшысы. Ол – тектінің тұяғы, асылдың сы­нығы, көненің көзі, көреген жа­нашырдың өзі. Хан Абылай ар­мандаған барлық ойды іске асыр­ды. Тағдыр талайымен тары­дай шашылған дүниежүзіндегі қа­зақтардың тұңғыш рет басын қосып, олардың атамекеніне орал­уын заңдастырған сарабдал. Өзі бас болып, Дүниежүзі қазақ­тары­ның Қауымдастығын құрды. Қан­дастарымыздың айтар алғы­сы шексіз. Алланың назары түс­кен, тағдыры қырын қарамаған, кенге толы жері, ерге бай елі бар Қазақ елінің бағына туған мемле­кет қайраткері. Елбасы бойын­да­ғы ерекше қасиет – имандылық. Ол өзінің жазба дүниелерінде, сыр-сұхбаттарында: «Қазақтар – мұсылмандар, мұсылмандар­дың ішіндегі сунниттерміз. Сон­дық­тан халық Алласына, Тәңі­рі­не сеніп, ертеңгі күннің, ар жақ­тағы, ана дүниеге баратын кү­нін ойлап, дүниедегі мынау бү­гінгі күннің күйбеңімен жүре бер­мей, жаңағы Мұхаммед пай­ғамбардың хадистеріне сәйкес өмір сүрсе деймін. Мұхаммед Пайғамбарымыздың хадисте­рі­нің бірінде Құран сүрелері мен аят­тарында нақты амалы ай­тыл­маған мәселені ұлттық  дәс­түр­лер­ден іздеген жөн дегенге саятын ұғым да бар. Абайдың «Құ­­дай­шы­лық – жүректе. Қал­пың­­ды таза сақта» деген сөзін жа­­дымызда ұстау парыз», – дейді.
Ел газеті «Егемен Қазақстан» үзін­ділерін жариялап жатқан «Ұлы дала ұлағаттары» кітабынан бе­рілген үзіндіде «Ұлттық сананы қалыптастырудың рухани ор­талығы, ұлағатты ұстаханасы» бол­ған Алматыны Алатаусыз елес­тете алмайтынын айтқан Ел­басы өзінің бала қиялын есіне алып: «Бала кезімде таңертең тұра сала Алатауға қараушы едім. Біздің үй тау жаққа қараған кө­ше­нің бойында еді. Тау да маған қа­рап тұрғандай сезінетінмін. Бала қиялымда мен анау таудың ақ­бас шыңына шығып, зеңгір көк­те қалқыған қыранның қа­сында самғай ұшсам ғой деп ар­ман­дайтынмын. Сол бір өзім өр­ген таңғажайып ертегімде ша­ша­сына шаң жұқпайтын Шұ-
ба­р­ат­­тың жалына жармасқан күйі құй­ғытып шауып, Үшқоңыр­дың үкілі сайлары мен көк майсалы жазығында тұнған бүлдір­генге сұ­ғына кіріп, тас бұлақтың суына қос алақанды толтыра сі­міріп, құмардан шыққандай бо­ла­тын­мын», – деп толғанады. Ойға сөз зергері Ғабит Мүсірепов­тің «Бала ке­зімізде қиялымыздың көк­жие­гіне көз жетпеуші еді, көзкел­те­лік­ке есейе келе үйрен­дік» деген сө­зі түсті. Бала кездегі қиялына қа­нат бітірген де оның еңбек­қор­лы­ғы, ізденімпаздығы мен ты­ным­сыздығы еді. Жина­қылық, ұқып­тылық, тиянақ­ты­лық, тың­ғылықтылық, еңбек­сүй­гіштік, жұ­мысындағы жүйе­лілік сынды іс­кер адамдарға қажетті қа­сиет­тердің бәріне де Елбасы ие. Ұзақ уақыттан бері тағдыр серік боп жүр­ген   М.Қасымбеков: «Елбасы­мыз өте жинақы жан. Өзінің жұ­м­ысын дұрыс ұйымдастыруға қат­ты мән береді. Мұның өзі бү­гінде үй­реншікті әдетке айналып кет­кен. Үстелінің үстінде бір жа­пырақ артық қағаз болмайды… Президентіміздің қолтаңбасын көр­геніңіз бар ма осы? Зер сала қа­расаңыз, ол сиялы қаламмен тай­ға таңба басқандай етіп, маржандай тізіп жазады. Ең асығыс жазуларының өзін қиналмай оқи аласыз. Өз басым осыдан-ақ Нұрсұлтан Әбішұлына тән ерекше ұқыптылықты ғана емес, өзінің қабілет-қарымына, атқа­рып жүрген ісіне деген нық се­нім­ді, тиянақты тыңғылық­ты­лық­ты көргендей боламын… Осы­ларға Елбасымыздың жан­кешті еңбексүйгіштігін қосыңыз. Ол өзін аяу дегенді білмейді. Жұ­мыс уақытының әр минутын ұтым­ды пайдаланады. Жұмыс­та­ғы жүйесіздікті, бейберекеттікті ұнат­пайды», – дейді.
Қазақта «Ұяда не көрсең, ұш­қанда соны ілерсің» деген мақал бар. «…Арба айдап, ат суарған, шал­ғы тартып, алма бақтың тө­ріне су жетелеген шаруақор жандар мен өрістен оралған сиырлар мен маңыраған қой-ешкінің у-шуына қоңыр дауыстарын қо­сып, құрдастарын әзілмен әдіп­теген қарттары» бар Шамал­ған­дағы балғын өмірдің бағасын бі­ліп өскен, «халықтық саясаттың мәр­тебелі мектебінен шыққан» Ел­басы ең басты саясат – «хал­қыңа бейбітшілік сыйлау, жақсы тұр­мыс кештіру» деп біледі.
Ресейлік А.Андреев «Извес­тия» газетіндегі «Феномен
Назарбаева не разгадан» деп атал­­ған мақаласында Елбасының іскерлік қасиеттеріне ерекше көңіл бөле отырып, «Оны өзге­лер­ден ерекшелендіретіні – Тәуел­сіз ойлау алуы және саяси жә­не экономикалық проблемаларды шешудегі прагматикалық ұстанымы, өзін өзгелердің орнына қоя білуі» десе, орыстардың «Крас­ная звезда» газетінің тіл­шісі О.Феличев «Феномен
Назарбаева» атты саяси портре­тін­де «Оның қалай болғанын ма­ған айту қиын. Бірақ біз кенеттен Қазақстан Президентінен конструктивті терең ойды, біздің жалпы мәселелерімізді шешудегі аналитикалық көзқарасты «ашып» таң қалдық. Оның көп­теген саяси басшылардан жарты қадам, кейде тұтас бір қадам алда екенін түсіндік», – дейді. Бұрынғы Кеңес Одағында атағымен жер жар­ған «Правда» газетінде Д.Ва­ло­вой: «Мен Нұрсұлтан Әбішұлын он жеті жыл бойы бі­ле­мін… Бұл ұзақ уақытқа со­зыл­ған жақын қа­тынас маған оның табыстары­ның сырын ашатын өз формулаларымды құруыма мүмкіндік бер­ді. Ол үшбірлікті болып шық­ты. Формуланың бірінші бөлімі: ол мақсатқа ұмтылушылық, өзі­не жоғары талап қоя білу және бі­лім­ге деген құштарлық… Екін­ші бөлімнің мәні: Назарбаев өз табиғатында сыншы – жасампаз адам. Ол нені сынамасын, түпкі мақ­сат – адамдардың өмірін жақ­сарту үшін, оданда да тиімді жолдарды ұсынады… Және соң­ғы, формуланың үшінші бөлімі: Назарбаев қызмет сатысымен жо­ғары өрлей отырып ФЗУ оқу­шы­сынан және бетоншыдан Пре­зидентке дейін өсіп, барлық са­­тыдан өтті. Сондықтан ол өмір­­дің барлық қыры мен сырын бі­реулердің сөзі арқылы емес, өз кө­зімен көріп өсті. Назарбаев өзі­нің бүкіл саналы өмірін еңбек адам­дарымен және өндіріспен тығыз байланыста өткізді», – деп, әр «формуласын» нақты баян­­­­дайды.
Тәуелсіздіктің тал бесігіне ай­налған ару қаланы тастап,
Са­рыарқаның төсіне қоныс аудару кім-кімге де оңай болмағаны анық. «Қала дамыған жерде ой мен сана дамиды. Сана еркіндігі ұлт­тың өзін-өзі тану процесіне алып келеді. Өзін таныған ұлт өз­геге танылудың жолын із­дей­ді» деген ұстаныммен елорданы Алатаудан Арқаға көшірген Елбасы – біздің заманымыздағы ерлік істердің бас кейіпкері. Руха­ниятымыздың, парасатымыз бен саясатымыздың ордасына ай­налған Астанамыздың келе­шегі бүгінгі күннен де көркем. Ас­тана – Тәуелсіздігіміздің тір­е­гі, елі­міздің тілегі, барша Алаш­тың жүрегі. Мәртебемізді биік­те­тіп, айбынымызды ас­қақ­татқан, жат­қа танытып, жақынды жолдас еткізген Қазақ Елінің айбарлысы. Қазаққа көкірегін кернеп дем алуға дес берген, көрікті де әсем, маңғаз, сәбидей пәк, жастардың арманы, Елбасының батыл бас­тауымен дүниеге келген сәнді қала. ХХ ғасырдың соңғы жылда­рында қиыншылықтар мен ке­дер­гілер алмасқан өлара кезеңде жаңа өмірдің жаршысындай жаңа­лық ала келген жасампаз қала. Бұл – тәуелсіз мемлекеттің Бас қаласы, барша қазақстан­дық­тың баспанасы!
Астана атауы бізге бөтен сөз емес, өзіміздің төл сөзіміз, елдің бас қаласы дегенді білдіреді. Сөз­дікте астана сөзінің қазақша тү­сінігі парсы түбірінен аудар­ған­да, астана — киелі орын, та­бал­ды­рық, босаға, кіре беріс, сарайдың қақ­пасы, салтанатты орда есігі де­ген ұғымдарға ие. Расында да, мем­лекетіміздің бас қаласы бү­гін­дері Еуразияның кіндігіндегі салтанатты ордаға, жаһандану заманындағы жақсылыққа жаршы болар үлкен қақпаға, елдікке қадам басар табалдырыққа, барша адамзат үшін киелі мекенге ай­налып отыр. Бұл – баршамыз үшін мақтаныш, асқақ абырой, биік бедел, кемелді келешек ке­пі­лі. Елорданың өркендеуі – елі­міздің өркендеуі. Бала күннен елі­тіп өскен ертегілер еліндегі алып батырлардай асқақ Астанамыз күн санап емес, сағат санап өсу­де. Келбетінің көркейіп, мә­де­ниетінің есеюін әркез назарда ұстап отырған мемлекет басшысы өркениеттілік көшіне ілесіп қана қоймай, барлығын басып озуды көздеді. Нәтижесінде алыс­тан көз тартатын алып ай­шықты құрылыстар, сәулет өне­рінің тамаша туындылары дү­ниеге келді. Егемен Қазақстанның жаңа астанасында ХХІ ғасырдағы таң­ғажайып ғаламат қала орта­лы­ғының  әсем сәулеттік ан­самблі бой көтерді.
Елбасы адам жанын жанарынан жазбай танып, тез түсінетін, та­лапшыл, сырлы сұхбаттас, па­ра­сатты пікірлес, әңгімелесуші адамын ыждағаттылықпен тың­дай алатын асқан сабыр иесі. Адам­­дардың білім өрісіне құрық­тал­ған көзқарасын дәл анықтай бі­летін ерекше феномен. Дү­ние­жүзілік белгілі де беделді саясат­кер­лердің бестігіне енуі Елбасы­ның ғана емес, еліміздің де абы­­­­ройы. Табиғат берген ерекше феноменнің айрықша жараты­лы­сының сырын ашып, саралап, сараптап түсіну және түйсіну біз­дің дәуіріміздегі тағдырлас­та­ры­мыздың қолынан келер ме екен?! Әр­бір қазақстандық азамат өріс­шіл еңбек ету үшін Елбасының та­­биғатта сирек кездесетін сая­сат­тағы басқару феноменіне жү­гінуі ауадай қажет.
«Егемен Қазақстанда» жария­л­аныпжатқан Елбасының «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегін Тәуел­сіздік ғұмырнамасы және жас ұрпаққа өсиет дер едім.
Елба­сы: «Туған тіліңді, халқың­ның та­рихын, салт-дәстүрін біл, зер­де­ле, өміріңде үлгі тұт. Тәуел­сіз­дік­ке қызмет ету жолындағы ақы­лың мен қайратың адал мұ­рат, асқақ арманға толы болса, баратын жерің, шығатын төрің  де биік болмақ. Еңбекпен тапқан абыройды ақшамен, дәулетпен өл­шеуге болмайды. Ақшаң көп бол­ғанмен, денсаулықты сатып ала алмайсың. Жас кезіңде саламатты өмір сүр, спортпен айналыс, «тәні саудың – жаны сау» деген халық сөзін құлағыңа құ­йып өс. Өнерде жүрген жас өрен, өр бол, бірақ кең бол. Ең бастысы, кір­шіксіз таза бол. Өнерге өзім­шілдік те, күндестік те қауіп­ті. Жа­ның жайдары, жарасымың иба­лы болсын. Өнердегі бәсе­ке­лес­тік іштарлық пен қызғаншақ­тық­қа бой алдырмасын. Мұндай дерт­тің де өнер саласында кезде­сіп қалатыны шындық. Озсаң – өнеріңмен оз, талантыңмен таныл, дарыныңмен даралан. Құр елік­теу мен сергелдең солық­тау­дан сақ бол. Бір данышпанның «Біреудің ізімен жүрген ешқашан оның алдына шыға алмайды» де­ген де сөзін оқығаным бар. Яғ­ни өзгенікіне өзеуреме, өз жо­лың­ды тап та, одан адаспа. Өз хал­қыңның өнерін кие тұт, өз елің­нің мәдениетін мақтан ет. Үл­кенді сыйла, қарттықты қадір­ле. Қазіргі заманғы техниканың ті­лін біл, оны саналы түрде ке­ре­гіңе жарат. Жасыңа қарай таң­да, жағ­дайыңа қарай тұтын. Хал­қы­мыз­дың бойынан мақтаншақтық дағ­ды да кездеспей қалмайды. Ол – ұлағат емес, кінәрат. Кінәратқа кі­ді талғаммен қара. Жалғыз жү­ріп жол тапқанша, адастырмас көп­пен кеңес. Халықтық қағи­да­ның қасиетін, ата-бабаңның өсие­тін ұстансаң – абыройың ас­қақ, беделің бекем. Қолың ти­се, кітап оқы. Кітап оқымаған адам ойлаудан қалады. Демек, уақыттан ұтылады. Ал уақытқа ілесе алмаған бәрінен айырылады. Уақыт – алтын қазына, бірақ оны сатып ала алмайсың. Ол – сам­ғаған сұңқар, жүйткіген тұл­пар. Ұшса да, зымыраса да жет­кізбейді. Мойын бұрмайды, қай­та қонбайды. Көп нәрсені ең­серуге болады, бірақ уақытты жеңе алмайсың. Қуғанмен жет­пейсің. Оған білімің мен талан­тың ғана төтеп бере алады. Талант – көне грек еліндегі салмақ өлшемі. Демек, таланттың да өз сал­мағы бар. Оның салмағын бойыңдағы дарының, ойыңдағы танымың, жүректегі жарығың өлшей алады. Шын талант күн­шілдіктен таза, күндестіктің ауы­лынан алыс болады. Алайда, оның қорғанышы қылаудай ғана. «Талантқа көмектесу керек, дарынсыздар өзі де жол табады» деген тәмсіл содан қалған. Сон­дықтан дарындыға жақтас болу керек. Шын таланттың шындығы шымыр, соған сүйен. Өсекшінің әр сөзі қыңыр, одан бойыңды ау­лақ сал. Өсекшінің сөзі өр­те­ме­се де, күйе жағады. Содан сақ болғайсың. Ел намысы, ел абыройы дегенде бәріміз де Махамбет болуымыз керек. Ел ақылы, ел парасаты дегенде бәріміз де Абай болуымыз қажет. Сонда есеміз кетпейді, еңсеміз­ түс­пей­ді», – дейді. Әрбіріміз бойтұ­мар­дай тағынып, қағидаттай ұстанар өсиет бұл!
Менің  есіме  америкалықтарда тұ­рақты тіркеске айналған «Негіз қалаушы әкелер» – «Founding Fathers» ұғымы түсті. Сол елдің бі­рінші Президенті Джордж Вашингтон, АҚШ-тың Тәуелсіздік дек­ларациясының авторы және үшінші Президенті Томас Джефферсон,  АҚШ-тың  Конституция­сын жасаған әрі төртінші Пре­зи­ден­ті Джеймс Мэдисон, сон­дай-ақ, америкалық қаржы-банк жүйесінің авторларының бірі Александр Гамильтоннан тұ­ратын «негіз қалаушы әке­лер­дің» әрбірінің тарихта алар өз ор­ны бар. Мен тәуелсіз Қа­зақ­станның «Негіз қалаушы әкесі» ретінде Елбасыны – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты атаған бо­лар едім. Ол – Тұңғыш Прези­дент, оның басшылығымен мем­лекеттің егемендігі туралы Дек­ларация және «Тәуелсіздік ту­­­­­ралы» Конституциялық заң мен Ата Заң әзірленді. Ол тұрақты түр­де жұмыс істейтін қаржы-банк жүйесін құрды. Семей полигонын жауып, Қазақстанды бей­бітшілік елі атап, ядроға қар­сы қозғалыстың көшбасшысы бол­ды. Қазақстанды тұрақтылық пен келісім еліне айналдырды. Өте қысқа уақытта көптеген да­му­шы елдерге үлгі болған даму­дың жаңа үлгісі – «Қазақстан жо­лының» негізін салды. «Назар­баев феномені» деп аталатын сая­си тұлғаға айналды.
Тәңір  тарту еткен денсаулық­ты кү­тіп, өзін сақтай білетін, жүрісі ширақ, тірлігі жинақы, күн мен түн­мен санаспай еңбек ететін іс­кер және ізденімпаз Елбасы жа­­нары әркез шуақ шашып, мейі­­рім тұнып тұрады. Әрбір отан­­­дасына жақынындай бауыр­мал­дық танытып, жанына жы­лы­лық  ұялатады. Кімді де болмасын өзіне баурап алатын қа­сиеті бар жойқын күш-қуат, байсалды құ­дірет иесі ерінбейді, барлығына мүм­кіндік табады, уақытты тиім­ді пайдалана алады: күн­де­лік­ті баспасөзді қарап, түрлі әде­биет­терді, зерттеу ең­бек­терді оқи­ды. Маңызды мәсе­лелер мен ұғы­нықты ұсыныстар жазылған қа­рапайым халықтың хаттарын оқып, жауап беруге ұмтылады. Өмір тынысын терең меңгерген, сер­гек, өз ісіне асқан ұқыпты­лық­пен мұқият қарайтын және өз­геден де соны талап ете­тін, бап тал­ғамай күрделі жағдай­да оң ше­шім қабылдайтын Президент тір­шілігі тыным­сыздық пен толассыз еңбекке құрылған. Түркі халықтарына ортақ көне әдеби ескерткіш – «Құдатғу біліг» ең­бе­гінде Жүсіп Баласағұни мем­ле­кетті дұрыс басқарудың төрт принципі ретінде қара қылды қақ жаратын әділ заң, бақ-дәулет, ақыл-парасат пен қанағат-ын­сапты атаған болса, біздің Ел­басы­мыз осының бәрін жасаған ке­меңгер көшбасшы. Қазақ Елі бү­гінде демократиялық құн­ды­лық­тарға, адалдыққа, ақыл мен па­расатқа, шынайы бірлікке не­гізделген ұстанымы бар, адами тұр­ғыдан жетілген, кісілік кемел­денген, бәсекеге қа­білетті білімді ұрпағы бар қуат­ты да құтты мемлекет. Осы ел­дің тәуелсіздігі мен ты­ныш­тығын шырақ етіп ұстан­ған Ел мен Елбасы амандығы – хал­қымыздың басты тілегі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір