«Отансыз бақыт жоқ» немесе «Абай жолын» Америкада оқығанда…
Кез келген адам өзін тәуелсіз сезінуі – еріктің ең жоғары сатысы. Ал ерік жоғалған сәттен бастап кісі мақұлыққа айналады. Ол өзіндік ойдан, өзіндік ұстанымнан жұрдай болмақ. Дәл осыны белгілі бір ұлтқа не елге қатыстыра айтуға қақымыз бар. Адамзат тарихында ешбір мемлекет Азаттыққа оңай жетпеген-ді. «Тар жол, тайғақ кешуден» аман өткендер ғана алып империяға я мықты республикаға айнала алған екен. Со бір қан мен тер сасыған тарихтың бір тарауы Қазақстанға да арналғанына толықтай сенімдіміз. Себебі, өткенді айтпағанда, бүгінгі тыныс-тіршілігіміздің өзіне ширек ғасырдай уақыт болыпты. Осы орайда, қазақ жастарымен Тәуелсіздіктің қадыр-қасиеті жөнінде аз-кем әңгіме өткізген едік…
Ермек
БАҚТЫБЕКҰЛЫ,
«Болашақ» бағдарламасының түлегі (АҚШ), дәрігер:
Біз Тәуелсіз екенімізді ұмытпайықшы…
Тәуелсіздік – әр ел, әр ұлт үшін қастерлі ұғым. Мысалы, Америкада Тәуелсіздік күні Рождестводан кейін екінші орында тұрған мереке. Сол күні бәрі бір-бірін құттықтап, мемлекетте ерекше бір ахуал орын алады. Сол секілді 16 желтоқсан да Қазақстан үшін ерекше күн болуға тиіс. Яғни, мен дәл осы бір датаның қадір-қасиеті тұрғысынан айтып отырмын.
16 желтоқсан – азаттықты аңсап шыққан аға-әпкелеріміздің қаны төгілген күн! 16 желтоқсан – қазақтың көзжасы көл боп төгілген күн! 16 желтоқсан – Жер-Ана жылаған күн! 16 желтоқсан – Ай мен Күн Еуразия төрінде орналасқан Қазақ еліне телміре қараған күн! Сондықтан, біз қазақ жастары «Егемендік» деген ұғымды терең түсінеміз… Америкаға барар жолда мені көп ой мазалады. Өзімді бір сәтке жалғыз сезіндім. Жат ел, жаңа орта дегендей… Сонда есіме Ақтамбердінің мына бір жыр жолдары түсті:
Жалтара шапсаң жау қашпас,
Жауды аяған бет таппас,
Уа, жігіттер, жандарың
Жаудан аяй көрмеңіз,
Ғазірейіл тура келмей жан алмас!
Бұл сөзді нағашы атам көп айтушы еді. Содан есімде қалған. Бір нәрседен қорқып не бір нәрседен сезіктенсем жыраудың рухты жырын ішімнен қайталау – бала кезгі әдетім… Содан, Америкаға барған бойда-ақ Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып, бір жылап алдым. Бірақ оқуымды аман-есен бітіріп, Отаныма оралдым. Менің мақсатым – еліме еңбек ету!.. Ал, осы орайда Тәуелсіздіктің орны ерекше деп білемін…
Қазаққа Азаттық оңай келе қойған жоқ. Қаншама қиын кезді бастан өткерді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығында сөйлеген сөзінде: «Ұлы далада бірінен соң бірі толас таппай жүріп жатқан 200-ге тарта көтерілістер эстафетасы – бүгінгі Тәуелсіздігіміздің бастау көздері», – деген еді. Елдің тұтастығы мен тыныштығын сақтауға бар өмірін сарп еткен хан-сұлтандар мен батырлардың тарихта қалуы заңдылық. Себебі, олар елі үшін бәрін жасады. Ең бастысы – сол бір кезде-ақ Егемендіктің іргетасын қалады. Сол себепті, өскелең ұрпақ бойында елжандылық, отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, патриоттық рухта тәрбиелеу – әр қазақтың борышы.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бері көптеген табысқа қол жеткіздік. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған көреген саясатының нәтижесі! Ел Тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халқының өз болашағына деген сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы – стратегиямыздың негізгі бағыттары. Сондықтан, бұл күн жас мемлекетіміз үшін – елдік, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар, өткенге деген тағзым мен болашаққа деген сенімнің мерекесі.
Ел тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына бас ие отыра, Отанымыз – Қазақстанға деген махабатты жоғалтпасақ екен. Ата-бабамыздың алдында Тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр. Ендеше, Көк аспанмен астасқан Көк туымыз әрдайым желбірей берсін! Президентіміз Н.Ә.Назарбаев:
«…Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгерді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты да толғаққа толы, сонымен бірге, ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің биіктей беретініне сенемін», – деген сөзі біраз жасты шабыттандырған еді.
Отан… Атамекен… Атажұрт… Тарих… Бұл – асқақ естілер асыл ұғымдар. Адам өмірге келіп, ес жиып, етек жапқан сәттен былай өз Отанының тарихына ден қоя бастайды… Адам адам болып жаралғалы бері Жер үшін, Ел үшін сан қилы соғысты басынан өткерген. Әдетте, осынау дүрбелеңдер, яғни үлкен аумақты қамтыған қанқұйлы уақиғалардан соң ғана, «Әлем картасы» аталатын алақағаз бетінде түзетулер енгізілген-тін. Ал, XX-шы ғасыр соңында Жаһан бір сәтте өзгеріп шыға келді. Бұған Жер-шарының алтыдан бір бөлігіне иелік етіп, қаһарымен алыс-жақын жұртты ықтырып келген империяның ыдырай бастауы себеп болды. Ыдыраған империяның орнына он бес тәуелсіз мемлекет өсіп шықты. Солардың бірі Орталық Еуразия алабындағы ғажайып әрі қайталанбас мәдени мұрасы бар – Қазақстан!
Қазақстан – елім деп еңіреген небір ер мен әдепті де сұлу әйелден туған тұлғалардың мекені. Бұл – көшпенді мен отырықшының бір-бірімен шендесіп, ғасырлар қойнауына кеткен талай-талай ұлыстың қонысы. Бұл жерден Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияны көктей өткен «Ұлы Жібек жолы» керуендері тарихтан белгілі. Яғни, Қазақ топырағы – поли-мәдениет пен өнер, ғылым-білім, дінді өзіне сіңірген ерекше мекен.
Қазақстанның табиғаты таңғажайып. Мұнда Көкпен тілдескен мұзарт шыңдар, тұңғиығы тұнжыраған жұмбақ көлдер, ақжал толқындары асау арғымақтардай Аспанға шапшыған шалқар теңіз, жаздыкүні ып-ыстық шөлейт, арналы өзен, ну орман, қарасаң көз тоймайтын тұмса табиғат Отаныңа деген іштегі отты лаулата түсетіні бар. Қазақстан картасы – қазына картасы. Даласы дархан, топырағы қасиетті… Қазынаның барлығы да қазақ жерінің топырағында тұнып жатқанын екінің бірі біледі. Дегенмен, Жер бедерінде, негізінен, жазық далалы, шөлді және шөлейтті аймақтар басым. Олардың арасында Сарыарқа мен Үстірт, Тұран ойпаты мен Батыс Сібір ойпаты, Мойынқұм мен Бетпақдала ұлы өңірлері бар. Таулы аймақтар республиканың оннан бір бөлігін алып жатыр. Оларға Алтай, Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шань тау жоталары кіреді. Ірі өзендердің тобына Ертіс, Есіл, Жайық, Іле, Сырдария, Тобыл кіреді. Қазақстан Республикасы Еуразия құрлығының түкпірінде орналасқанымен, бүгіндері өзінің жолын айқындап алды. Қазақстан батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте Ресеймен, оңтүстікте, оңтүстік-батыста Орта Азия республикалары Түрікменстан, Өзбекстан және Қызғызстанмен, оңтүстік-шығыста және шығыста Қытай Халық Республикасымен шектеседі. Осының өзінен-ақ қазақ геосаяси жағынан қателеспеуге тиіс екенін ұғындырады. Біз Тәуелсіздіктің қадырын түсігенде ғана ел ретінде Әлемге танылып, қазақ қандай ұлт екенін көрсете аламыз! Сондықтан, барлық жастарға айтарым – асар асу әлі алда. Бірақ сол үшін барымызды салуымыз керек!.. Біз Тәуелсіз екенімізді ұмытпайықшы…
Нұрлан
ШЫЛЫМОВ,
«Болашақ» бағдарламасының түлегі (Швеция), географ:
Сол миссияның бірі – Тәуелсіздікті құрметтеу!..
Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы – 13034 км. Қазақстан аумағының көлемі – 2 млн. 714,9 мың шаршы км. Оған Батыс Еуропаның Франция, Португалия, Испания, Италия, Грекия, Норвегия және Финляндия мемлекеттері түгел сыйып кетер еді. Міне, қазақ даласы – кең байтақ!
Қазақстан жер көлемі жөнінен Ресей, Қытай, АҚШ, Австралия мен Үндістаннан кейін алтыншы орын алады. Сондықтан ғой, бұрынғы жыраулар: «Ұшса құстың қанаты талады, шапшаң аттың тұяғы тозады, Атырауы – айшылық, Қаратауы – күншілік», – деп толғанған. Қазақ жеріңіз кеңдігі – қазақ көңілінің кеңдігі!
«Отан – оттан да ыстық», «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі», – деген ғой Бауыржан Момышұлы. Бұған қоса тағы да: «Отан үшін отқа түс – күймейсің», – дейді. Қазақ елінің есімі аңызға айналып, дастандарға арқау болған батыр ұл-қыздар толып жатыр. Олар – атамекеннің, туған елін жан аямай қорғап, ата-бабаларының ерлік дәстүрін сақтау арқылы өздерінің өшпес даңқын шығарғандар. Біздің халқымыздың атамекенді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін тұған жерді қасиет тұту – қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным біздің жанымызға ана сүтімен, әке қанымен берілген. Батырлар жырындағы :
Атам күйеу болған жер,
Анам келін болған жер,
Кіндік қаны тамған жер, –
деген қарапайым жолдарда адамның туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілігі мен терең де ыстық сезімі жатыр. Қазақ – батыр халық, ержүрек халық, намысшыл халық. Ел басына қиын-қыстау күн туғанда ерлері намыс отын жағып, тұған топырағын қасық қаны қалғанша қорғағанына өткен тарих куә, кешегі сұрапыл заман куә.
ХХ ғасыр сынынан аман өтіп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығын аттаған Қазақстан өзінің болмысын, жарқын да бай мәдениетін, ғасырлар қойнауында қалған салт-дәстүрін, қызық та қилы-қилы тарихын Әлем халықтарының алдына жайып салып, құлдығы мен зорлығы жоқ жаңа өмірді жаңғырту үшін, еңбек пен мәдениетті жарастыру үшін, сұлулық пен парасаттың салтанат құруы үшін, жаппай келісімі жарасқан ілгерішіл адамзатпен бір сапта болу үшін жаңаша өмірге қадам басты.
Байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінгі Қазақстан – өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. Қазақстан Президенті Нұрсылтан Назарбаевтің пікіріне Әлем саясаткерлері құлақ асады. Егемендік алған жылдар ішінде өзіне тән барлық институттары бар, Әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын мемлекет құрылды, оның қауіпсіздігі мен Тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Конституциялық жолмен мемлекеттік және саяси билік құрылымдарын жаңарту негізінде елдің демографиялық жолмен дамуының берік іргетасы қаланды. Елдің ішкі экономикалық жүйесі түбірімен өзгеріп, дамыған өркениетті елдердің ешқайсысынан кем түспейтін нарықтық қатынастар мен институттар құрылды. Соның негізінде Қазақстан Дүниежүзілік экономикада өз орны бар елге айналды. 25 жыл ішінде қазақ халқының ұлттық санасы жаңғарып, өзін-өзі тану, өз тарихы мен ұлттық дәстүрін құрметтеу, ұлы тұлғаларын бүкіл дүниеге таныту, бай рухани қазынасын Әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылды.
Сонау ғасырлар қойнауына кеткен тарихқа жүгінсек, ежелден-ақ ру-тайпалар өз жерін ешбір жауға бастырмай, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге батырлық ержүрегін, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап, күшімен қатар ақылына сеніп, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі мына бізге, қазіргі қазақ ұлтына, қазіргі қазақ жастарына аманат болып жеткен. Соған орай, 25 жыл толып отырған Тәуелсіздік те бабадан қалған, Алланың пәрменімен келген аманат деп түсінемін…
Алла Тағала біздің елімізге осыншама кең жерді нәсіп еткенін түсінсек, ұшқан құстың қанаты талатын осынау ұлан-ғайыр Алтай мен Атырау аралығын аталарымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап келген. Жоңғарлардан даламызды арашалап қалған батырлардың ерлігі туралы тарихи жырлар Исатай, Махамбетке байланысты мұралар, Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалыстың басты кейіпкерлері туралы жыр-дастандар біздің ұлттық сана-сезімімізді көтереді. Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Түлкібұлаң заманның нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымында тер кеппеді. Ат үстінде өткізген ғасырлар көп болды. Қазақтың соңғы ханы – Кенесары азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді. Қаша ұрыс салып жүргенде қапы кетті. Ханның басы қанжығада кете барды… Кенесары жауынгерлері әуелі «Алла», содан кейін «Абылай», «Ақжолтай» деп, өз ерлерінің қадірін бағалай біліп, ұранға айналдырғаны мәлім. Әруақтарын ұран қылғанда ол есімге Алланың ерекше нұры түскенін мойындап, сол арқылы сол кезде қажет рухани күштің әсерін сезінгендері белгілі. Бізге бүгін қажет жігерліктің, батырлықтың, біліктіліктің, адалдықтың, отансүйгүштіктің мысалдары өткен тарихи оқиғаларымызда жатыр. Ел басында күн туғанда даналығымен, батырлығымен, парасаттылығымен ел мұңын, халық сырын, тарих үнін түсіне білген, халықтың басын қосқан, халық мүддесі жолында, табандылығын да, тапқырлығын да таныта білген хан Абылай қазақ халқының күшін тасытты, мәртебесін көтерді, қазақ елін аса іргелі елге айналдырды. Батырларын, елін сүйген ерлерін ақын-жырау өнерпаздарын достық-бірлікте ұстап, оларды жүзге бөліп жармады. Жауын торғадай тоздырып, тарыдай шашып, ірімшіктей іріткен, қоқаңдаған Қоқанмен де, қалың қара Қытаймен де, ормандай орыспен де тіл табысқан бабамыздың даналығының арқасында, осы біз өмір сүріп отырған аяулы Отан – Қазақстан жері сол бабалардың сақтап қалған, бізге қалдырған асыл мұрасы екені сөзсіз.
Мұқағали Мақатаевтың Отан туралы керемет өлеңі бар. Швецияда жүргенімде сол өлеңді шведтерге оқып беріп едім, ешкім қазақ тілін түсінбесе де жылады. Мен де елімді сағынып, бір жылап алдым.
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған.
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен…
Халық басына қиын-қыстау заман туған шақта бізді құрып кетуден сақтаған – өр рух еді. Біз қазақ жастары өз еліміздің патриоты болғымыз келсе қазақ тарихын, әдебиетін, мәдениетін, өнерін білуге тиіспіз. Сонда ғана алдыға ілгерілейміз. Абай, Шоқан, Ыбырай дәуірінде қылыштан гөрі қаламның қуаты қажет болды. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына қазақтың оқығандары шықты. Ол кезде Отанымызда кеңестік кезең орнаған еді. ХХ ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысында күшейген Сталиндік әміршіл-әкімшіл жүйе қоғамның тарихи заңдылықтарына қайшы келетін эксперименттер жасағанын бірінші кезекте айтар едім. Бірақ, Алла жәрдем етіп, қазақтар құрып кеткен жоқ, аман қалды. Себебі, Алаш жұрты әлі ұлт ретінде өз миссиясын орындаған жоқ. Сол миссияның бірі – Тәуелсіздікті құрметтеу!..
Ерлан
НҰРЛАНҰЛЫ,
«Болашақ» бағдарламасының түлегі (Жапония), қаржыгер:
Тәуелсіздік пен Отан – ел есіндегі егіз ұғым…
Мен Әлихан, Міржақып, Мағжан, Мұстафа, Смағұлдардың ерлігіне бас иемін. Егер сол бір кездері Алаш зиялылары бір тудың астына жиылып, елі үшін еңбек етпесе, онда қазір қазақ деген ұлттың болмауы да мүмкін еді ғой. Сұлтанмахмұт «Өлер жерден кеттік біз, бұл заманға жеттік біз» деп жапанға жар салған кезде-ақ қазақ ұлт ретінде бірігіп қойған еді. Сонда Әлихан Бөкейхан: «Автономия, бізге керегі – автономия!» – деп қайта-қайта шырылдап, телеграмма салумен болды. Сондағы ойы – мемлекет құру.
Қазақтың еркіндігінен қорыққан «Қызыл империя» көсемдері қазақтың біріккенінен қорықты. Содан не болды? Интеллегенцияны қыра бастады. «Алашорда» партиясына мүше болғандардан жалғыз Мұхтар Әуезов қана аман қалды… Алаш деген сөзді тарихи санадан өшіру әрекеті басталды. Дүниедегі ең жек көрінішті сөзге айналдыруға тырысушылардың «еңбегі» зая кеткен жоқ. Әлі күнге дейін кейбіреулер алаш дегенде селк ете қалады… Қазақтың өз билігі өз еркінен кеткен соң қара халықты қалай қорлаймыз деп «Қызыл империя» аса қиналған жоқ. 1937-1938 жылдары яғни, бір жылдың ішінде 125 мың қазақ зиялысы қырылған. Жоғары білімді қазақтың бетке ұстайтын азаматтарының бар кінәсі – көзі ашық болғаны, өз ұлтының намыс-сезімін жақтағандары ғана. Менің айтайын деген тарих емес еді… Бүгіндері Қазақстан деген елге айналғанға дейін ата-бабамыз қаншама жол жүрді. Бәрі біз үшін, артында қалған ұрпағы үшін… Сондықтан, біз Тәуелсіздіктің қандай ауыртпалықпен келгенін ұғуымыз қажет. Онсыз біз қайтадан біреуге отар боп кетуіміз әбден мүмкін. «Диалектика» заңдылығы әлі ескірген жоқ. Аяулы Отаным – Қазақстан ядролық қарудың қасіретін Әлем бойынша ең көп тартқан ел. Оның талай ғасырға жететін тарихын қозғасақ, бабалардың басынан кешкенін көзге елестетсек, көздің жасын тия алмаспыз. Қазақстан ядролық инфрақұрылымнан құтылуды Әлемге айғақ еткен, Әлемге Қазақстанды бейбітшілікті сүйетін ел ретінде танытқан, еліме Тәуелсіздіктің туын желбіреткен Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа алғысымыз шексіз. Атом сынағынан аман өттік, бұл заманға да жеттік. Аяулы Отаным – Қазақстан жерін бабаларымыз ерлікпен қорғап бізге қалдырған. Біздің ендігі мақсатымыз – өзгемен иықтіресе отыра, қазақ та мықты ұлт екенін дәлелдеу…
Әрбір адам баласын тіршілік етіп, өзін-өзі асырап, ұрпағын қалдырып, дамып жатқаны осы – Отанның арқасы. Отансүйгіш кісінің бойындағы күш-қуаты, білімі мен тәжірибесі халық мүддесінің игілігіне арнауы керек. Ал, біздің кір жуып, кіндік кескен жеріміз, Отанымыз – Қазақстан! Мәселен, М.Әуезов: «Отан – анам. Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ», – дейді. Ал В.А.Сухомлинский: «Адам жүрексіз өмір сүре алмайтын болса, Отансыз да өмір сүре алмайды», – деген еді. И.С.Тургенев: «Отансыз бақыт жоқ, кім-кімнің де тамыр жаяр топырағы – туған жері», – депті. Расұл Ғамзатов өзінің бір хатында: «Менің таулықтарым! Өздеріңнің жалаң, жабайы жартастарыңды сүйіңдер, оны сақтаңдар, ол үшін күресіңдер. Сендердің қылыштарыңның шыңылы менің бейіттегі ұйқымды тәтті қылар» деген екен, жарықтық. Бұдан шығатын қорытынды: Тәуелсіздік пен Отан ел есіндегі егіз ұғым… Соны қадірлейік!..
Әзірлеген Әлібек Байбол.