Қорғау мен жазалау
«Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек. Ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек» дейтін халық сөзі рас-ау. Бүгінде заңгер мамандар көп, алайда, дәл бұрынғы билерше шешен сөйлейтін, кесек ойлайтын, ойы орамды, тілі шұрайлылары бірен-саран. Біз әңгімеге тартқан азамат бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, сұхбат барысында нағыз өз ісінің маманы, ұлтының жанашыры болып шықты. Мансабы мен мәртебесіне қарамастан, өзін өте қарапайым, кішіпейіл ұстайтын заң маманының кісілігіне риза болғанымызды несіне жасырайық. Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Советхан Сәкенұлымен арадағы әңгіме төмендегідей өрбіді.

Советхан СӘКЕНҰЛЫ,
Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы
– Тәуелсіздік алғаннан бергі аралықта елімізде заң шығару ісі (законотворчество) қалай дамып келе жатыр? Қазір жұрттың бәрі мықты, білікті қорғаушы іздейді. Жалпы қорғаудың философиясы, концепциясы қандай? Әлемдік тәжірибеде ол туралы не дейді?
– Елімізде заң шығару ісі өз ырғағымен дамып келе жатыр. Десекте, қабылданып қойғаннан кейін көп уақыт өтпей-ақ көптеген заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жататыныны жасырын емес. Менің ойымша, бұған екі мемлекеттік орган – Үкімет пен Парламент кінәлі. Үкімет сапасыз заң жобасын дайындайды, ал Парламент оған жоғары деңгейде талдау, зерделеу жасамай қабылдай салады.Демек, жауапкершілік аз, нағыз маман тапшы. Осы олқылықтың орнын толтыру жағын мемлекеттік деңгейде ойластыру қажет секілді.
Қазір елімізде қорғаушы-адвокаттар тапшы. Білімді, білгір, ізденімпаз қорғаушылар көп болса нұр үстіне нұр болар еді. Өзім еңбек жолымды адвокаттық қызметтен бастадым. Жазықсыз сотталып жапа шеккендерге, жалған жабылған жаладан зәбір көргендерге немесе асығыс, шалағай жүргізілген тергеу-тексерудің нәтижесінде «күйіп» бара жатқан адамдарға кәсіби көмегіңді көрсетіп, шындыққа қол жеткізген кездердің ләззаты қандай болатынын жақсы білемін. Ал ашық күнде адасып,қасақана қылмыс жасап, қанышерлік пен қатыгездікке саналы түрде баратындар жөнінде сөз басқа. Алайда абайсызда от басып, жасаған қылмысына шын жүрегімен өкінетін, сүрініп кетіп, бүлініп қалған тағдырын түзеуге ұмтылғандарға тығырықтан шығатын жол көрсету үшін адвокатқа артылар жүктің ауырлығы, жауапкершілігі өз алдында бір бөлек әңгіме.
Сондықтан болар, өз ісінің білгірі, сауатты, аты аңызға айналған адвокаттар жайлы естіп-біліп солардай болмасақ та, ұқсап баққымыз келгені рас.
Заң саласы, сот ісі тәуелсіз мемлекетімізде жылдан жылға өсіп-өркендеп, білікті мамандар саны артып келе жатқаны қуантарлық жағдай. Тұрғындардың да құқықтық сауаттылығы жыл өткен сайын жоғарылап келеді. Алайда соңғы жылдары жаппай етек жайған жемқорлық пен сыбайластық бұл салаға да өз көлеңкесін түсіргені өкінішті.
Заң саласында да тағдыры қылдың үстінде тұрғандарға жөн сілтеп, көмек көрсетудің орнына, қайтсем көбірек пайда табам деп, өз құлқынын ойлайтындардың бар екендігі өтірік емес.
Адвокаттың заң саласындағы белгілі тұлғалардың бірі екені және де азаматтарға заңды көмек көрсетудегі қызметтік міндеттер ауқымының көптігі, әрі алуан түрлілігі көп жұртқа белгілі.
– Қорғау мен жазалаудың арасындағы жанкештілік туралы айтсаңыз. Көбінесе прокурор жағымсыз бейнеде елестейді. Халық арасында көбіне айыптаушыны ұнатпайтын көзқарас қалыптасқан. Бұның себебі неде?
– Әсірелеп айтсақ, қорғау мен жазалаудың арасындағы жанкештілікті өмір мен өлім ортасындағы айқас деуге болады. Абырой, атақ, бостандық мәселесі, ар, ұят, дүние-мүлік үшін жанкешті күрес. Прокурор сот процессінде мемлекеттің, азаматтардың мүддесін қорғайтындықтан, айып тағатын мемлекеттік тұлға болғандықтан айыпталушы тарапқа ұнай беруі екі талай, сондықтан жағымсыз бейнеде елестеуі бек мүмкін.
– Қазақ әдебиетінде айыптау, қорғау, кесім шығару тақырыптары жақсы суреттеле қоймаған. Көбінесе күштінің әлсізге жасаған зорлығы, белден басқан әрекеттері жиі сомдалады. Сонда күштінің әділеттілігі деген болмай ма? Күштімін деп білгенін істеп, аузына келгенін айтып жүре беретіндер неге көбейген? Қазақ журналистикасында да айыптау, соттау, қорғау процестерін сауатты сараптайтын тілшілер аз. Берілген жазаның әділдігі, кейде адам тағдырына селқос қарау мәселері, т.б.көп қозғала бермейді. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Жақсы сұрақ. Адамның жаратылысы солай. Бес саусақ бірдей емес. Күштінің әлсізге әлімжеттік көрсетуі атам заманнан келе жатқан әдет деуге болады. Сол үшін Шәкәрім айтқандай, ондайларды адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл арқылы түзеу қажет секілді. Әл-Фараби: «қарапайым халықты тәрбиелейтін мемлекеттік шенеуіктер», – дейді, кейін тағы да «тәрбиесіз алған білім, адамзаттың жауы» деп түйіндейді. Мұхтар Әуезов болса: «Ел болам десең бесігіңді түзе» деп кеңес береді. Бұдан шығатын қорытынды тәрбие отбасынан басталып,мектепте, одан әрі жоғарғы оқу орындарында жалғасын табуы қажет. Оны мемлекет үлкен ұлттық саясат, ұлттық идиология негізінде жоспарлап тұрып іске асыруы тиіс. Менің ойымша, бұл мақсат, тек зор биліктің күшімен орындалады. Марқұм Нури Мұфтах сияқты заң саласында сауатты қалам тартатын тілшілер, өкінішке қарай қазіргі күні саусақпен санарлық.
Жалпы халықтың құқықтық сауаттылығын сөз етпес бұрын заң саласы мамандарының өз ісіне шеберлігін саралап алуымыз керек. «Сын түзелмей мін түзелмейді», – дейді халқымыз. Әуелі «сауатты адвокат кім?» – деген сұрақтан бастасақ. Ол – сот мәжілісінде жалпылама жалындап, көпіріп негізсіз сөйлейтіндер емес, керісінше, іске қажетті тиісті заңдарды, нормативтік қаулыларды, ережелерді және басқа да осыған қатысты нормаларды дұрыс түсініп, әрі дұрыс түсіндіріп, қолдана білетін, сот процесінде қорғауындағы адамның нақты мүддесіне сай ортақ позициясын дұрыс таңдап, оларға жоғары кәсіби деңгейде көмек көрсете алатын заңгер. Білгір де білімді адвокаттармен қатар, арамызда пиғылы теріс, ниеті бөтендердің де бар екендігі шындық. Осы топтың ішінде білім деңгейі төмен, бірақ «делдалдық» қатынасқа келгенде алдына жан салмайтын, оның ұңғыл-шұңғылын жақсы меңгергендер де табылады. Міне, осындайлар «ауа-райын» жасап, соттардың сыртынан тон пішіп, өтірік-шыны аралас сөз таратып, ана сот пара талап етіп отыр, ақша сұрап жатыр деп, «делдалдықпен» айналысып, сыбайлас жемқорлыққа өз үлесін қосып, осы сыңайлы заңсыз, харам іс әрекеттермен жасырын айналысатынын қайтерсіз.
Сотталушыға, олардың туыстарына «мықты адвокат», «білімді адвокат» екенін көрсеткісі келіп, өзі туралы жағымды әсер қалдыру мақсатымен дұрыс болсын, болмасын «публикаға» ойнайтындардың да бар екені жасырын емес.
Сот кезінде көбінесе ақиқат жағын біле тұра, қорғауындағы адамдардан қомақты сыйақы алу үшін жалған айтып, соларды жақтап өтірік сөйлеп, маңызы, дәлелі жоқ бос уәждер келтіріп, негізсіз арыздар мен шағымдар түсіріп, сот процесіне кедергі келтіріп, оның уақытында аяқталуына түрлі тәсілмен тосқауыл жасап, сөзбұйдаға салып, өтірікті шындай қылып, парықсыз дауласып жататын қорғаушылар да баршылық.Көпке топырақ шашудан аулақпын, алайда, құқықтық кеңес сұрап келген адам ісінің ешқандай да жеңіске жетуге немесе ұтуға мүмкіндігі жоқ екенін айқын біліп, сезіп тұрса да, оған талап арыз, шағым жазып берейін, қылмыстық іске қорғаушы болып кірісейін деп қомақты сыйақы үшін, адамгершілік пен имандылықты бір жаққа ысырып қойып, жалған айтып өтірік қолпаштап шығатындарға не дерсіз. Ал, жауапқа тартылып отырған адам кінәсіз болса, ол, әрине, бір басқа. Сол себепті, мейлі сот, мейлі адвокат пен прокурор болсын адамгершіліктің ақ жолынан ауытқымай, қызметтік әдептілік этикасын берік ұстанса құба-құп болар еді. Адвокаттардың көпшілігі өздерінің білімдеріне, біліктеріне немесе әдептеріне сай емес деп айта асмаспыз. Бірақ «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді», – дегендей өзінің қорғауындағы адамдарға заңды толық, жан-жақты, объективті түсіндіріп, көмектесудің орнына кейбір келеңсіз іс-әрекеттерге баруға ұмтылатындарды көргенде қынжыласыз. Сондайлар дүние сотын алдағанмен, Ар сотын, Алла тағаланың сотын алдау, одан қашып құтылу мүмкін еместігін білсе ғой.
– Елімізде мемлекеттік тіл туралы заң баяғыда қабылданып қойған. Ата заңымызда да мемлекеттік тілдің мәртебесі тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Алайда сол заңдық құжаттарда белгіленген ережелер әлі күнге өз дәрежесінде орындалмай келе жатқан секілді. Бұл мәселеге Сіздің пікіріңіз қандай?
– Иә, Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілген. Бұл әншейін өрнектей салған әдемі тіркес емес. Заңмен бекітілген ереже. Оны орындау әрбір Қазақстан азаматының парызы әрі міндеті. Алай да қоғамымыздағы қазақ тілінің қолданысына қарап, бұл ережені ескеріп, жүзеге асырып жүргендердің, мемлекеттік тілімізге құрметпен қарайтындардың қатары неге артпай отыр деп ойға батасың? Кінәліні іздейсің? Анығында мемлекеттік тіліміз – Қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің бірі және бірегейі.
Қазақтың тіл білімі ғалымдары мен ресейлікВ.Радлов, Александров секілді ғалымдары және т.б. шетелдік оқымыстылар мен жазушылар қазақ тілі өте бай, өте әуезді тіл екенін, қазақтың тілінде 1 млн. 500 мың түбір сөз және 500 мыңдай фразеологиялық сөз бен сөз тіркесі бар екенін анықтап жазып кеткен. Яғни, қазақ тілі сөздік қорының көптігі жағынан ағылшын, орыс тілдерінен он есе артық болып тұр емес пе?Мысалы орыстың бір ғана «свежий» деген сөзінің қазақ тілінде 80-нен астам баламасы бар екен.Халқымызда «халық өз тілінен айырылған кезде әрекетінен де айырылады» деген тәмсіл бар.Сондықтан шұрайлы тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, ұрпақ бойына ұлттық дәстүрмен бірге сіңіру жолында қолымыздан келгенше еңбектенуіміз керек. Бұл мемлекет тарапынан атқарылатын шаруа деп қол қусырып отыра бермей, әр ата-ана өз перзентіне ана тілі мен қазақы тәрбие беруді қолға алса, ертеңіміз үшін аса алаңдамас едік.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», «тәуелсіз, дербес өмірге өзінің ана тілінде сөйлейтін және төл әдебиеті бар халық қана таласа алады» десе, неміс ақыны Г.Гете: «Ұлт тілінде сөйлемеген адам жаңалық ашып, жақсылық әкелмейді» деген екен. Отарлау саясатының салдарынан тілі мен дінінен, ділінен жеріген шала қазақтар пайда болғаны жасырын емес. Олар туралы Жүсіпбек Аймауытов: «Орыс тәрбиесін алған бала ешуақытта ұлт қызметкері бола алмайды» деп о баста-ақ ашына жазса, орыс жазушысы В.Даль: «Кім қай тілде сөйлесе, ол сол ұлттың өкіліне жатады» деп кесіп айтқан екен. Бүгін сырты қазақ болғанымен, жан дүниесі орыстанып кеткен талай қандасымызды көзімізбен көріп жүрміз. Осыдан кейін Үндістан ұлт-азаттық қозғалысының қайраткеріМ.Гандидың: «Отаршылардың тәрбиесінен шыққан элита – өз халқының ең басты жауы» деген пікірінің дәл айтылғандығын мойындамасқа амалың қалмайды.
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Өз тілімізді сақтау, өз тілімізді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді, әрі ата-баба алдындағы ұлы парызымыз да. Өз тілін сүйген адам ғана Отанын шын сүйе алады. Балаларыңды қазақша оқытпасаңдар, қазақша сөйлемесеңдер, сендерді кім сыйлайды» деген Елбасының сөздері әр қазақты ойлантары хақ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, мемлекеттік қызметкер бола тұра мемлекеттік тіл – қазақ тілін білмеу, ол тілде сөйлемеу – қазақ мемлекетінің қадір-қасиетін түсінбеу, елді сыйламау, әрі қорлау деп білемін.
Әңгімелескен
Айнара АШАН.