Жалпы тәрбие мен ұлттық тәрбие
25.11.2016
2684
0

«Балам деген жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын. Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы. Мойындағы борышты білу – білім ісі,  
борышты төлеу – адамшылық ісі». Ахмет Байтұрсынұлының жүз жыл бұрын «Қазақ» газетінде жарық көрген бұл ойлары әлі де маңызын жойған жоқ. «Біз болашақ тізгін ұстар жастарымызды қалай тәрбиелеп жүрміз?» дейтін сұрақ әр кезеңде де өзекті. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта біз де қолымыздан келгенше жастар саясатын жүзеге асырып келеміз. Ол еңбегіміздің қандай нәтиже беріп жатқанын әркім әрқалай бағамдайды. Кезінде М. Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп жас буыннан үлкен үміт күтсе, Қ. Аманжолов «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» деп келер жылдарға қызыға қараған. Бүгінгі жастар шынында да үлкендер сенімін ақтай алды ма? Көңілде  бүгінгі  жеткіншектер «Саудасы – ар мен иманы, Қайрат жоқ бойын тыйғалы. Еңбекпен етті ауыртпай, Құр тілменен жиғаны» деп Абай сынайтын заман ақыр жастарына айналып кеткеннен сау емес пе деген күдік те жоқ емес. «Дөңгелек үстеліміздің» бүгінгі саны қазақ жастары тақырыбына арналады.


– Қазіргі жастардың білім-ғы­лымға ұмтылысы, көрсем-білсем деген қызығушылығы жоғары. Бәрі де жақсы, сапалы өмір сүргісі ке­леді. Алайда жақсы өмірге ұм­ты­лыс жолында рухани байлықты жолда қалдырып, материалдық игіліктерге жаппай ұмтылыс таныту көңілге алаң ұялатады. Бай­лық пен мансап бүгінгі жастардың мақсатына айналып кеткеннен сау ма деген де ой туады. Сіз қалай ой­лай­сыз?

Шәріпбек ӘмірбекШәріпбек ӘМІРБЕК,
саясаттанушы:
– Жалпы жастарға тән білім­ге, танымға деген құлшыныс біз­дің жастардың бойынан да табылады. Бірақ қоғамдағы құн­дылықтар жүйесі оларды белгілі бір қарқынды даму траекториясына бағыттай алмай отыр. Мысалы, жастарды жігерлендіретін, жетістікке бастайтын алғашқы құндылықтар баспалдағы – бі­лім. Біз осы ұғымды жастар қалай қабылдап түсінеді, соның не­гі­зін­де қандай ұстаным қалып­тас­тырады деген мәселеге зерттеу жүр­гіздік. Өкінішке қарай, ре­сей­ліктер «знание – сила» деп түсінсе, ағылшын жастары «ақыл», «ақпарат», «жетістік» деп қабылдайтын білім ұғымын біздің жастарымыз тек диплом сөзімен байланыстырады екен. Осыдан-ақ қабылдау деңгейінде қате түсінік қалыптасып отыр­ғанын көреміз. Осының өзі елі­мізде жаппай диплом алу үшін ұмтылыс көп болғанымен, шын мағынасындағы білім алу үшін талпынатындардың аздығын байқатады. Сондықтан «білім» құндылық ретінде жастарды жасампаздыққа жетелемейді. Екіншіден, жастар еліктейтіндей, өз күшімен жетістікке жетіп жатқан ұлгі тұтарлық тұлғалар да аз. «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» деген қағида жаңа құндылықтарға негіз болуда. Маған бір танысым, мынадай оқиғаны айтты. Жанжалдасып қалған мектеп оқушысы қарсыла­сына: сен менімен ұрсысу үшін үйіңде пәленбай мың ақшаң болуы керек» деп талап қойған. Бұл әлеуметтік жіктелістің мектепке де жеткенін көрсетеді. «Әлеумет­тік лифт» жұмыс істемегендіктен, жоғарыға өрлеудің тек бір ғана амалы бар – мансап қуу. Бірақ ол үшін байлық болуы керек. Формула тым қарапайым, бірақ ол қоғамдық сананы толық жаулап алған.
Дәурен БабамұратДәурен БАБАМҰРАТ,
Болашақ қозғалысының жетек­шісі, Алматы қаласы Қоғамдық Кеңесінің мүшесі, саясаттанушы:
– Біріншіден, мен сізбен толықтай келісемін. Алайда салыстырмалы түрде алып қарасақ, бұл бір жақты пікір. Жастардың барлығы тек қана ақша қуып кет­ті деп айта алмаймын. Десе де қоғамда бұның көріністері жетерлік. «Басты мақсат – еңбек ету емес, қалай да ақшалы болу» деген ұран тек қазақ арасында ғана емес, бүкіл әлемде белең алған үдеріс болып отыр. «Арың­ды сатасың ба, біреуді алдайсың ба, әлде адал кәсібіңмен табасың ба маңызды емес, ең бастысы мал тапсаң болды» деген қағида ға­лам­дану кезеңінің басты ұста­нымына айналып барады. Өкі­нішке қарай, осындай ойдың жетегімен жүрген қазақ жастары көбейіп келеді. Оның басты се­бебі – тек қана өзін сүйгіштік. Отан сүйгіштік жоқ, Алла сүй­гіш­тік жоқ, туған сүйгіштік жоқ, тек қара басының қамын ойлайтындар осы ойды өмірлік ұста­ны­мына айналдырған. Осылайша қатты эгоизмдену біз үшін қауіпті. Алайда бұл бүкіл қазақ жастарына тән құбылыс деп айта алмаймын. Тәуелсіздік алған жиыр­ма бес жыл ішінде мемле­кет­тік қызметте, бизнес саласын­да, білім беру саласында болсын елі үшін жаны ашып, жанкеш­тілік­пен жұмыс істеп жүрген жас­тарымыз жоқ емес. Біздің мақ­сат пен мүдде – осы балансты дұрыс сақтап отыру. Тек қана өзін сүйіп, өз рахаты үшін өмір сүретін жастар қатары отанын сүйетін, ұлттық рухы мықты, бі­лім-білігін еліне адал қызмет ету­ге арнайтын жастардан асып кетпеуі тиіс. Ол үшін патриоттық сезімді арттыру бағытындағы жұмыстарды тоқтаусыз жүргізе беруіміз керек.
Ермек НұрымовЕрмек НҰРЫМОВ,
Алматы қаласы физика-математека бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің психологы:
– Біз ешкімге бай болма немесе мансаптың артынан қума деп айта алмаймыз. Егер сен бай болмасаң немесе мемлекеттің бір беделді қызметінде отырмасаң сенің орныңда өзге біреу отырады. Мәселе байлық пен мансапта емес. Адамның адамшылығында. Бұл үшін ұрпақ тәрбиесіне аса мән беру маңыз­ды.
Ата-бабаларымыз ұрпағының салиқалы да білімді болғанын медет тұтты. Дұрыс жолды шын­дық пен кешірімшілдіктен, ме­йі­рі­мнен іздеді. Ақиқат пен оның қағидаларына мән бергендердің сөзі өтті, өнегесі көпке жетті. Елбасымыздың «Балабақшадан бастап мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында, әскери орындарда біз балаға тек білім беріп қана қоймай, тәрбие беруді де назардан шығармаумыз керек» деген сөзі тәрбие беру ісінің маңызды сала екенін көрсетеді.
– Аға буынның кейінгі жас буынға көбіне көңілі тола  бермей­тіні заңдылық се­кіл­ді. Алайда, бұған бүгiнгi бүлдір­шін­­дердің тәр­биесінен гөрі күн­­ба­ғыс­тың қамына көбірек алаң­дап кеткен сол үлкен­дердің өз­дері екенін кейде ескере бер­мейміз. Ұрпақ алдындағы
жа­уап­­кер­шілікке селқос болу ұлт үшін қаншалықты қауіпті?
Шәріпбек ӘМІРБЕК:
– Күйбең тіршілік пен пен­де­шілік бала тәрбиесіне әсер ететіні сөзсіз. Өкінішке қарай ата-ана­лар­дың басым бөлігі таң атпастан кетіп, кешке сүйретіліп үйлеріне зорға жетеді. Сондықтан балалар­дың басым бөлігі үшін ең басты тәр­бие орны – мектеп болып қа­ла бермек. Өкінішке қарай мек­теп­­тегі тәрбиенің олқы тұстары да жет­кілікті. Әр түр­лі ре­фор­ма­лардың кесірінен мұғалімді шаршатып ал­дық. Аймақтардың бірінде жүргізілген зерттеуде мек­теп оқушылары әдептілік туралы әңгіме мектепте емес, от­басында көбірек айтылады деп көрсетті. Бұл бір жағы­нан ата-аналардың жауап­кер­шілі­гін көрсетсе, екінші жағынан мек­тептегі жұмыстың деңгейін байқатады.
Дәурен БАБАМҰРАТ:
– Әр буынның ұлт алдында үлкен міндеті бар. Ол – өзіне дейінгі аға буынның қалыптас­ты­рып, дамытқан тәрбие негізде­рін өзінен кейінгі буынға дұрыс тапсыра білу міндеті. Алайда осы жауапкершілікті сезінбейтін аға буын өкілдері жоқ емес. Менен кейін «күл болмаса, бүл болсын, өзім асарымды асап, жасарымды жасап қалайын», дейтін ұстаным­дағы үлкендер кейінгілерге қан­дай үлгі қалдырып жатқанын, оның ұлт үшін қаншалықты қауіпті екенін сезінбейтін де секілді. Өздері осындай үлгі көрсете тұра, жастарды сынайтын ағаларға қандай уәж айтуға болады? Әр буынның ұлт алдын­дағы міндеті халқына пайдалы іс тындыру, өзінен кейін­гілерге жақсы үлгі көрсету. Осы жауап­кершілікті әркім се­зіне бермейді. «Қазір ішімдікке салынбайтын, жаман әдетке берілмейтін, білімді, еңбекқор, иманды ұрпақ өсіп келеді» дейтін оң көзқарас­тағылар да жоқ емес. Кейде «бүгінгі ер жігіттердің бойын­да еркектік мінез, батыл­дық, намыс азайған, бәрі нәзік болып бара жатыр» деген де пі­кір­лерді құлағымыз шалып қалады. Бұл пікірлердің әрқай­сы­ның жаны бар. Бұл – біздің бүгінгі қоғамның көрінісі.
Кеше ғана «ADK» сауда орта­лы­ғында 5 мың теңге үшін жартылай жалаңаштанған жастарымызды көргенде бәріміз қын­­­жыл­дық. Ешкімнің мәж­бүрлеуінсіз-ақ болмашы ақша үшін саналы түрде шешінген халықтың сол бір көрінісі қо­ғамның бүгінгі кейпін анық ашып бергендей… Тұрмыс билеген санамыздың ақшаға осынша байланғанына налыдық. Жігіт­теріміздің нәзіктеніп бара жатқаны біз үшін қауіпті. Қазақ­тың жері кең болғанымен, халық саны аз. Кең жерімізді қорғау үшін бізде ер тұлғалы, намысты, батыл да, жігерлі  азаматтар көп болуы тиіс. Арқаны  кеңге  салып, шалқып өмір сүретін уақыт қазаққа әлі  келген жоқ. Біз  әлі де тынбай еңбек етуіміз керек. Өз-өзімізді қамшылап, алды­мызға мақсат қойып, жақсы нәтижеге жетуге ұмтылуымыз қажет.
– Ұрпақ бойына ұлттық тәрбие мен заманауи білім-ғылымды қа­тар сіңіре отырып дамыту ҚР Жас­тар саясаты туралы заңна­ма­сының мақсаты ретінде көрсе­тіліпті. Біз осыны қаншалық­ты жүзеге асыра алдық? Еңсесін тіктеп келе жатқан мемлекет үшін жастар саясаты қалай жүзеге асырылуы қажет деп ойлайсыз?
Шәріпбек ӘМІРБЕК:
– Жастар саясаты туралы жиі айтамыз, құжаттар да жеткілікті бірақ көңілге қонатын, арнайы жүзеге асыру тетіктері нақтылан­ған, қаржымен қамтамасыз етіл­ген концепция әлі жасалған жоқ. Жастар саясаты ұғымы бар, маз­мұны белгісіз. Сонымен бірге барлығы қаржыға тіреледі. Мем­лекеттік тапсырыс арқылы ақ­па­рат құралдарын, спорт саласын, жоғары оқу орындары жүйесін белгілі бір концепция бойынша жұмысқа жұмылдырса, тауды қопарып тастауға болар еді. Алайда …
Дәурен БАБАМҰРАТ:
– «Алдымен тәрбие, содан кейін білім беру керек» дейтін әл-Фарабидің пікірі дәл бүгінгі күнге арнап айтылғандай кө­рінеді. Осы қағиданы біз әрдайым жадымызда ұстауымыз қажет. Бүгінде «ұлттық тәрбие деген не?» деген сауалға жарытып жауап бере алмайтындар көп. Жалпы тәрбие мен ұлттық тәрбиенің ара-жігін ажырата алатындар өте аз. Тәрбиенің бәрі ортақ, «өтірік айтпаса, ұрлық жасамаса болды,» деген секілді түсінікпен өмір сүретін азаматтар да бар қоғамда. Бұл өте өкінішті жағдай. Себебі әр ұлттың тек өзіне ғана тән жас­тарды тәрбиелеу жүйесі бар. Оны біз ойлап тапқан жоқпыз. Ол – мыңдаған жылдар бойы қалып­тас­қан халықтың ұлттық тәрбие беру формуласы. Қазір сол фор­му­ланың бұзылуы байқалады. Бізде өте білім­ді, интел­лек­туал­дық деңгейі жоғары жастар көп. Бірақ олар­дың бәрі бірдей ұлттық тәрбие бастауынан суарылған деп айта алмаймыз. Бұл тұрғыдан келгенде, бізде проблема аз емес.
Ермек НҰРЫМОВ:
– Халқымыз «ұрпағымен мың жасайтынын» жақсы білген.
Бесік тәрбиесі, балдырған тәр­биесі, өрен тәрбиесі, жасөспі­рім тәрбиесі, жастар тәрбиесі бір-бірімен жалғасып, өз ерек­шелік­­терімен жүзеге асырылады. Тәрбиенің мақсаты адам бойында ізгілік, инабаттылық қа­сиет­терін және тіршілікке қажетті дағдылар қалыптастыру болып табылады.
Кешегі ел басқарған Абылай, Жәнібек, Керей мен Қасым хандар, дау тоқтатқан Төле мен Қазы­бек, Әйтеке билеріміз, жау тойтарған Наурызбай, Қабанбай, Бөгенбай батырларымыз, бертін келе елінің рухани мұрасын еселеп өсірген Хакім Абай, Ыбырай, Шәкәрім ақындарымыз, Алаш арыстары Әлихан, Ахмет, Жүсіп­бек, Ільяс және т.б. қазақ хал­қы­ның тарихына есімі алтын әріп­пен жазылатын дара тұлғалар. Жас буынның санасына осындай қастерлі есімдер сіңіріп, олардың арда ісін насихаттап отыру біздің міндетіміз. Дәл қазір жас буынды қазақтың ұлттық ерекшелігі негізінде тәрбиелеу бізге ауадай қажет. Бесік жырымен тербетіліп, батырлар жырын тыңдап өскен бала өз елінің бар жақсы қасиетін бойына сіңіріп ержететіні анық. Біздің де ұстанып отырған мақ­сатымыз зияткер, дарынды жас­тарды бірінші кезекте ұлттық тәлім-тәрбие не­зі­зінде жетілдіріп, одан кейін барып батыстың білімінен сусындату.
– Қазақ үшін өмірдің мә­ні саналатын – шаңырақ кө­теру, бала сүю, отбасы құн­ды­лық­тары осы кү­ні екінші ке­­зектегі шаруаға айнал­ған. «Әуе­лі жағдайымды жа­сап алайын» деп бірінші мате­риал­дық құндылыққа ұмтыла­тын жастар көбейген. Қазақ жастарының құнды­лықта­ры­ның ауысуы, өмірдің мә­ніне деген көзқарасының өз­геруі заман талабы ма, әл­де, шетелге еліктеушілік пе?
Шәріпбек ӘМІРБЕК:
– Әрине құндылықтар жүйесінің өзгеруі отбасы құн­дылықтарына да әсер етті. Қазіргі кезеңде «азаматтық  не­ке»  студент жастардың бір бөлігін қамтып отыр. Олардың  арасында  ұлттық дәстүр сақталған  деп  есептелетін ауылдан шыққан жас­тар да бар. Сезім мен ма­тер­иалдық жағ­дайдың мәңгілік тартысы қазір соңғысының  нақ­ты  басым­ды­ғымен  ерекше­ленеді. Отау  құрған жастардың 50 пайызға жуығының ажырасуы отбасы құндылық­тарының дағ­дарысын көрсетеді, ал дағда­рыс­тың басты себебі – материалдық мә­селелер. Бұл шетелге еліктеу­шілік емес, нарықтық жағдайға бейімделу.
Дәурен БАБАМҰРАТ:
– Егер біз о бастан ұлттық тәр­­биені жалпы  тәрбие негізі етіп алып, жүйелі түрде жұмыс жаса­сақ, бізде  мұндай  мәселелер белең алмаған болар еді. Жаһан­дану дүрмегінде өзге­лердің жақсы қасиетін де, жаман  қа­сие­тін де талғамай сіңіріп алуға бейім­деліп алдық. Жастар­дың жақсы өмірге ұмтылысы әрине жақсы ғой. Бірақ  әр нәрсенің екі жағы болатынын естен шығар­мауы­мыз керек. Шегінен шыққан нәр­сенің зияны тиетіні шын­дық.
Ермек НҰРЫМОВ:
– «Елу жылда ел жаңа» деп бекер  айтылмаса  керек. Тәуел­сіз­дік алға­ны­мызға жиырма бес жыл толды. Осы аралықта біраз нәр­­селер, соның ішінде адам талғамы да өзгеріп шыға келді. Яғни, заманға қарай төселу қа­зір­гі жастардың бас­ты қағидасына айналды. На­рық­тық заман салдарынан адам көзқарасы да өзгеріске ұшы­рады. Әрине бұның  жақсы  жақтарымен қатар келеңсіз тұстары да жоқ емес. Қалай бол­ғанда да, қанша жерден еліктеп, солықтасақ та біз Батыс бола  алмаймыз. Сон­дық­тан өзіміздің шығысқа лайықты ұстанымымыз бен өзімізге тән табиғи танымымыздан адаспауымыз керек.
– Жас буынның солқылдақ келетіні белгілі. Сондықтан болар әр түрлі діни, идеологиялық ағымдардың жетегіне еретіндер кездеседі. Оған қоса, жаппай «бұқаралық мәдениеттің» етек жаюы тағы бар. Осы тұста бүгінгі жастар мен жас өспірімдердің мәдени талғамы қандай деген сұрақ туындайды.
Шәріпбек ӘМІРБЕК:
– Қоғамда айқын бағдар бере­тін құндылықтар жүйесі қа­лып­таспай солқылдақтықтан құ­тыла алмаймыз. Материалдық құндылықтар басым заманда бар нәрсенің өлшемі – ақша, тек ақша. Діни бағыттар да, секталар да алдына  ақшаны  салып елімізге кіріп алады да, қанатын жая бас­тайды, ал кейіннен оңдырмай шоқып  алады. Сонау көне дәур­ден келе жатқан «Алтын артқан есектің алмайтын қамалы» жоқ деген нақыл сөздің өзектілігі ар­тып тұрған заманда өмір сүріп жатырмыз. Мәдени талғамды қалыптастыратын интернет пен телевидение. Бұл  мәселеде  әрине шетелге еліктеушілік басым. Алайда мен шетелде 5 мың тең­геге бола супермаркетте шешініп тауар алған оқиғаны естіген жоқпын, шетелдердіктердің  тойларда әдепсіздік көрсеткенін де көргенім жоқ. Бірақ осындай келеңсіздіктер біздің елімізде болып жатыр. Неге?
Дәурен БАБАМҰРАТ:
– Қазіргі жастардың мәдени талғамы әр түрлі. Біз жақында Қалалық   жастар   басқармасының қолдауымен Алматы қаласында үлкен  әлеуметтік  сауалнама жүр­гіз­дік. Сонда «Сіздің мәде­ниет саласындағы бойтүзеріңіз кім?» деген сауалға жастардың көбі Қайрат Нұртас деп жауап беріпті. Екінші орында – Төреғали Тө­реәлі, үшінші орында – Роза Рым­баева, төртінші орында – Мақ­пал Жүнісованы белгілепті  жас  жеткіншектеріміз. Жауабында әртістер, мәдени қайраткерлер, өзге мәдениет саласының саңлақ­тар көрсетілгенімен, сауалнама­ның алғашқы он тізімінде жауап берушілер тек қана әншілерді белгілепті. Бұл біздегі мәдени талғамның төмендеп кеткенінің белгісі емес пе. Тіпті мәдени талғам жойылып кетті деп те айтуға болатын шығар. Бүгінгі жастар мәдениет пен әншілік өнерді шатастырып алған. Олар үшін мәдениет дегеніміз – әншілік өнер. «Сіз қиналған кез­де қайда барасыз? Кімнен медет күтесіз?» деген сұраққа көптеген мемлекеттік  структуралар  көрсе­тілгенімен, жастардың 67 пайызы «мешітке» деп жауап беріпті. Әрине, бәріміз мешітке барамыз, Құдайға сенеміз. Бірақ әлі оң-солын танып үлгермеген жас жеткіншектердің мешіттен басқа пана таба алмаймыз деуі де өте симптомды жағдай. Мем­лекеттік құзырлы органдарға, аға буынға, ағайын-туысқа емес мешітке се­не­тін жастар көбейіп келеді. Бұл да біздің жастар мәселесінің түй­т­­кілді бір бөлігі деп ойлаймын.
Мәдени талғам төмендеген тұста жастар маргиналданады. Жастар маргиналданған кезде түрлі діни, саяси, идеологиялық ағымдардың жетегінде кетуге дайын тұрады. Ондай  ағымдар­мен күресуден бұрын, біз жастармен жақсылап  жұмыс жасауымыз қажет. Олардың мәдени талғамын дұрыс қалыптастыру жағын ескергеніміз жөн.


Галым ЖусипбекҒалым ЖҮСІПБЕК, әлеуметтанушы,
АҚШ, Вашингтон, «Қайта ойлау» орталығының сарапшысы:

ЖАСТАР ӘДІЛДІКТІ
КӨБІРЕК ІЗДЕЙДІ

– Қазіргі жастардың білім-ғылымға ұмтылысы, көрсем-білсем деген қызығушылығы өте жақсы. Батыс елдерінде қарапайым фирмадан бастап үлкен корпорация мен мемлекеттік органдарға дейін жұмыс істеу мен басқару жүйелері адамдардың кәсіби біліктілігіне және адамның құқықтарын қорғауға негізделген. Жастар да сондай ортада өседі. Яғни білім-біліксіз, заң бұзғыш болса, жақсы жұмысқа бара алмайды. Бізге де неге осындай тәртіп пен жүйе орнатпасқа?
Жастар жақсы өмірге ұмтылыс жолында рухани байлықты жолда қалдырып, жаппай материалдық игіліктерге ұмтылды деп бір жақты айта алмаймын. Жастардың арасында екі жақты (рухани даму мен материялдық дамуды) да тең алып жүруге тырысатындар аз емес. Дегенмен, біздің қоғамымыздың кейбір әлеуметтік және психологиялық ерекшеліктерін назарға алсақ; жастар арасында материалдық игіліктерге ұмтылыс болуы табиғи нәрсе. Алдымен, бұған аға буынның өзі кінәлі, себебі олар ерікті- еріксіз түрде жас буынды тұрмыстық материализмге итермелейді. Бала тәрбиесінде біз басқалармен салыстыруды әдетке айналып алғанбыз. Онда да материалдық жақтарын салыстырамыз. Алайда дамыған елдерде бұл мәселеге ата-аналар өте сақ қарайды, оларда әр бала – өзінше жеке-дара тұлға. Сондықтан біздегі жастардың түйсігіне ақша табу, дүние табу деген императивтер алыстағы Батыстан емес, өзінің айналасынан сыналап еніп жатыр. Сондай-ақ кейбір зерттеушілер айтып жүргеніндей; біздің дәстүршілдігіміз (традиционализм), сырты ғана «қазақилық», мазмұны (яғни «контенті») тұрмыстық материализм болып кеткен сияқты (ақша, даңқ, мақтан дегендей). Бұл пост-кеңестік елдердің бір талайына тән құбылыс. Мәселен, қазақ тойшыл халық дейміз. Той жасау үшін барымызды саламыз. Ал осы тойларға кеткен жылдық қаражатпен бүкіл қазақ балаларына ағылшын тілін үйретуге болады. Немесе баласына шашылып той жасағаннан гөрі сол қаражатқа перзентін шетелге бір-екі жылға оқуға жіберсе қандай керемет болар еді. Шынын айтсақ; көптеген мұсылман елдері Батыс елдеріне қарағанда дүниеқұмарлыққа көбірек беріліп бара жатыр. Бұл елдердегі мансап, атақ, мақтан қуу дәрежесі Батыс қоғамындағы адамдарды шошытарлық деңгейде. Бұны америкалық мұсылман лидерлердің бірі Хамза Юсуф Хэнсон қынжылыспен айтады. Алайда Америка қоғамының өзін алып қарасақ, сырт көзге Манхэттан сияқты жабайы капитализм жайлаған жерлер еске келсе де (жалпы америкалықтар Манхэттан, Жаңа Орлеан сияқты жерлерді шынайы Америка деп санайды), негізінен өте жомарт және жәрдем сүйгіш. Америкалықтардың ең көп ақша шығындайтын саласы – қайырымдылық. Бұны бала жасынан бастап жүйелі түрде үйренеді. Сондай-ақ қайда барсаңыз да тегін ағып тұрған ауыз суы мен тап-таза тегін дәретханалар (бізде бұның бәрін кәсіпке айналдырып жіберген). Қарапайымдылық пен адамды сыйлау деңгейі де адам сүйсінерлік.
Қорыта келгенде, еліміздегі жастардың байлық пен мансапқа деген құмарлығының артуына олар өсіп-өнген ортаның әсері көбірек болатынын мойындауымыз керек.
Жастар саясаты демекші, менің ойымша жастар саясаты әділдік пен жеке тұлғаны сыйлауға негізделсе, жеткілікті болар еді. Әділдік бізде абстракциялық, тіпті қияли ұғымдардың біреуіне айланып кеткен сияқты. Ал америка қоғамында бұл өмірдің басты припциптерінің бірі. Саясаттану мен философия ғылымдарында арнайы түрде «әділдік теориясымен» айналасытын мамандар бар, арнайы салалар дамыған. Гарвард университетінің профессоры әйгілі Джон Ролздың: «сол ортада өмір сүретін ең нашар адамның жағдайын жақсартатын жағдайда болса ғана, қоғамдағы теңсіздікті қабылдауға болады» деген тұжырымы бар. Оның Америка ғылымына, қоғамы мен саясатына әсері сондай; «Ролздан бұрынғы» және «Ролздан кейінгі саяси философия» деп баға беретін болған.
Жас өспірімдердің мәдени талғамы туралы анықтама беру қиын. Ол үшін арнайы социологиялық зерттеулер жасау керек. Ал жалпылама баға беру ғылымға қайшы. Дегенмен, жастардың табиғаты сезімтал келеді. Жастар әділдікті көбірек іздейді, олардың бойынан «қате деп бағалаған» нәрселерді өзгертуге деген ұмтылыс та жиі байқалады. Сондықтан аға буын жастарды түсінетіндей, олардың тауын шақпайтындай болуы керек және әділдікке негізделген әлеуметтік, экономикалық бағдарламалар жасау керек. Жалпы, «біреуді (әсіресе жастарды деп айтар едім) түсінбей жатып, пікірін, дүние танымын, өмір салтын өзгертуге тырысу ол адамға жасалған қиянат болып саналмақ». Әрине, теріс жолға түскендерге бағыт-бағдар ұсынып, оларды қажет жағдайда психологиялық реабилитациядан өткізген абзал. Сөз соңында айтарым, қандай жағдай болмасын мәселені «адам – басты құндылық» деген припципке негіздей отырып жөнге келтіруге тырысқанымыз жөн.

Дайындаған
Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір