ӘБІШТЕН – АБЫЗҒА, АБЫЗДАН – АҢЫЗҒА
11.11.2016
4164
3

img_9207Осы қараша айының 25 жұлдызында, Астана қа­ла­сында Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, көзі тірісінде әулие, абыз атанған Әбіш Кекілбай­ұлы­ның жылдық асы беріледі. Ұлы тұлға мен мектеп қа­быр­ғасында-ақ көңілдері жарасып, елу екі жыл жұ­байлық бақытты ғұмыр кешкен Клара Кекіл­бай­келінімен сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын оқыр­ман назарына ұсынамыз.

– Клара Жұмабайқызы, Әбіш аға бір әңгімесінде: «Мен Маңғыстауда тумасам, адам ретіндегі тағдырым басқаша қалыптасар еді», – деп тебіренген еді. Сіз, елдің бір шетіндегі Астрахан жағындағы Ганюшкин жерінен аға-жеңгеңізбен бірге, «жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» Майлықияңға қоныс аударып келдіңіздер… Алланың жазуымен Сіздің тағдырыңыз аңыз жайлаған маңғаз өлкемен тығыз байланыста өрбіп келеді. Естеліктер де мол болар, әрине…

– Иә, біз Әбішпен Үштаған ауылындағы мектепте кез­дес­тік. Сегізінші сынып оқып жүргенде, дүкенге барсам, үш жі­гіт, менен жоғары сынып оқушылары сияқты, «анадағы қыз ғой, анадағы қыз», – деп сыртымнан сыбырлап тұрғанын естіп қалдым. Мұның алдында, жетінші сынып кезінде, ау­дан орталығы Таушықта оқушылар фестивалі болған еді. Анам қолы шебер кісі, ақ матадан арнайы көйлек тігіп, сыр­ты­нан қызыл кәжекейін кигізіп, әбден құлпыртып жіберген. Орысша ән салатыным бар. Сахнада көпшіліктің көзіне түскендеймін. Бұл жерде күн салқындау, өзім құралпы оқушы бозбалалардың «мына қыз тоңып қалмаса жарады» деген әзілдері құлағымда қалған.

Жиі-жиі сәті түсіп ұшыраса беретін Әбіш деген жігіт мек­тептің маңдайалды, белсенді оқушысы болып шықты. Ком­сомолдың хатшысы. Қоғамдық жұмыстардың, әр түрлі іс-шаралардың ортасында бұйра шашы желбіреп, маңдайы жар­қырап көп жүреді. Сөйлеген сөздерінен, жазғандарынан көп білетіндігі, көп оқитындығы сезіліп тұрады. Ол мені өзі­не іс-қағаздарын жазатын «писарь» етіп алды. Сөйтіп, жақ­сы танысып, араласып кеттік. Менің бойым өте кіш­кен­тай болды. Шашым тым ұзын. Екі бұрым етіп өріп жүре­мін. Басыма түйіп, орап ұстай алмаймын, мойным бір жағына қи­сайып кетеді. Әбішті де алғаш өзіне тартқан осы менің қою қара шашым болды ғой деймін. Мектеп қабырғасындағы екі жылда бір-бірімізге әбден бауыр басып, достасып кеттік. Мек­тепті бітіріп, ол Алматыға оқуға кетті. Бір жылдан кейін мен Ақтөбедегі дәрігерлер әзірлейтін жоғары оқу орнына қа­был­дандым. Арамызда үшбұрыш хаттар үзілген емес. Ауыл­ға демалысқа келгенде кездесеміз. Жастар, қатарлас дос­тарымыз мені «Әбіштің музасы» дейтін. «Әбіштің музасы» келе жатыр деген әзіл-шыны аралас сөздерді көп естіп жүрдім.

Алпыс төртінші жылы Мединститутты бітірген кезде бір күр­делі жағдайға ұшырастық. Мені алыстағы Балқаш ауданына дәрігерлік жолдамамен жіберетін болды. Танымайтын жер, көңілім қаламайды. Әбіш Алматыда, газетте жұмыс жа­сайды. Қоңырау соғып: «Ал мен керек болсам, тезірек Ақтөбеге жеткейсің», – деп хабарластым. Ол заманның заңы бойынша некеде болсаң, қалаған жағыңа қызметке орна­ласу­ға болады екен. Әбішті асықтырғаным осы.

– Ағамыз қапелімде қаржы таппай, қал­ба­лақтап қалғанын достары әзілдеп айтып жүр­уші еді. Ұлағатты ұстазы болған қайран Зекең, Зейнолла Қабдолов қол ұшын беріпті ғой.

–Әбіш өзі тумысынан біреуге алақан жайып, көмек сұрап көрмеген кісі. Алдында ғана Фурманов пен Киров көшелерінің қиылысқан жерінен екі бөлмелі пәтер алып, тойға әзірленіп жүргенін білетінмін. Коммунистический мен Кировтың қиылысында Зекең тұрады екен. Аралары таяқ тастам жер. Ақылшы ағасы, қамқор панасы болған ұстазына мән-жағдайды қысқаша ғана түсіндіргенге ұқсайды. Ақтөбеге «барарға ұшаққа бір билетке, қайтарға екі билетке» ақ­ша жетіспей тұрғанын айтады. Қашаннан аузын ашса жүрегі көрінетін, қағілез, сезім­тал, Алашқа ардақты болған Зейнолла ағамыз: «Ар жағын айтпа, айналайын, тү­сін­дім, түсіндім», – деп жедел киініп, авиа­кас­саға өзі алып келіп, ұшырып жіберген екен. Сөйтіп, бәрі сәтінен түсті. Ақтөбеде некеге тұрдық. Үшінші шілде күні арман болған Алматыға ұшып келдік.

– Осы жерде бір әңгіменің желісі ағылып тұр. «Құсқанаты» повесінде қақыра жаулықты қара кемпірдің бейнесінен Айсәуле мамамыз көз алдымызға елестейді. Шашы жалбыраған жал­ғыз баланың бойдақ кезі, келін түсірген сәттері шынайы суреттелген. Кекілбай ата шаңыра­ғындағы шаттықа толы шадыман кезеңнің айна-қатесіз ақжарма естеліктері-ай!..

– Ақтөбеден тікелей ұшатын самолет жоқ. Қостанай, Қарағанды, Балқаш арқылы ұшып таңғы сағат үште келіп түстік. Он бес шақты жігіт, араларында екі кішкентай қыз бар, біреуі – Асқар Сүлейменовтің, екіншісі – Әбіштің өз қарындасы, қазір Қызылордада тұратын Тілек бар. Бірінші болып үлкен кісі келіп маңдайымнан иіскеді. Қайрат Жұма­ға­лиев­тің мамасы Жаңыл апа. Шағын автобус жалдап келіпті. Жолшыбай аңғарғаным, барлығы бірдей бойдақ сияқты. «Әбіш бізден кетті енді, аса қуанатын жағдай емес»,– деп «Қаратаудың басынан көш келеді, көш­кен сайын бір тайлақ бос келеді», – деген зарлы әнді біреуі бастап жіберді.

Есіктің алдында екі кісі күтіп тұрды. Өз мамамыз бен Асқардың анасы. «Келін қай­сы?» – деген жігерлі дауыс айдаладағы у-шу­ды басып жіберді. Сол кезде жалаң аяқ, жа­лаң бас, өзім тым кішкентаймын,ұнадым ба, ұнамадым ба, білмедім. Қырық жыл келін болып, қас-қабағына қарадым. Айтса, тікесін айтатын, бос сөйлеген кезін көрмей, білмей кеттім. Қайратты, айбатты, омыраулы кісі еді. Біреудің сыртынан әңгіме айтқа­нын да естімедім. Көп үйрендім. Қызметіме риза болып аттанды. Соңғы сәтте «Саған ризамын, – деп қолымды қысты. –Әбішімді ренжітпеңдер», – деген ақтық аманат сөзін де қалдырды.

– Әбіш аға ең алғашқы құтты баспанасы бол­ған, Фурманов көшесіндегі 118 үй, 7 пәтерді жиі еске түсіретін, сол бір жастық шақтың дәуренді кезеңдерін сағынып жүретінін де сезуші едік. Жиырма бес жасында мұндай қонысқа ие болу, қалам ұстаған адамның екінің бірінің пешенесіне жазылмаған бақыт қой расында…

– Университет қабырғасында жүрген кезінде әдеби, мәдени ортаға сыйлы бол­ғаны, жалы биік жақсы ағалардың назарына түскендігі осындай қамқорлыққа  жалғасқан­дығын айта кетейін. Біз бұл шаңырақта он жылдан артық тұрдық. Елді елең еткізген, құнарлы шығармалары осы үйде жазылды. Қайынсіңлім Тілекті ұзаттық. Алпыс бесін­ші жылы тұңғышымыз Әулет дүниеге келді. Ол бір жасқа толғанда, екі бөлмені лық толтырып, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов бастаған әдебиет майданының ардақтыларына дас­тархан жайып, той жасап, мәре-сәре бол­дық.

Әбіштің сағынышын мен жан дүниеммен түсінемін. Бізден бұрын, достарымыздан бір ғана Қайрат Жұмағалиев пәтерлі болған екен. Қалижан Бекхожин ақсақал қамқорлық жасапты. Жазушылар одағы қол созым жер­де. Түскі үзіліс кезінде, топырлаған ақын-жазушылар қара шәйді біздің үйден ішеді. Демалыс күндері де қонақсыз болмаймыз. Мамам дәмі тілді үйіретін бәліш пісіріп, дастарханын жайнатып қояды. Жұмекен Нәжімеденов, Асқар Сүлейменов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Қадыр Мырзалиев, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин… бәрі бірге жүретін. Ол кезде, кім қайдан келген, батыстан ба, шығыстан ба, оңтүстік, солтүстіктен бе, ешқандай әңгіме болмайтын. Әдебиеттегі жаңалықтар жазылған, жарық көрген шығармалар туралы, бір бітіп болмайтын пікірталастармен таңды таңға ұрып, әңгіме соғатын. Әркім өз пікірін дәлелдеп, кейде тіпті қызылкеңірдек болса да, бір-біріне өкпелеп, сырт айналып кеткен ешкімді білмейді екенмін.

– Иә, алғашқы баспананың жарқын ес­те­лік­тері, шуақты оқиғалары туралы қанша­лық­ты айтсақ та, жалықтырмай­тындай, бір әулеттің шежіресіне айналып кетіпті. Айсәуле мамамызға жалғызының жапырағын жаятын жан жары, тұңғыш келіні ұнаған көрінеді, қа­қы­ра жаулықты кейуананың ой көзімен қа­рағанда «керме қас, қыр мұрын, жайнақ көз­дің» өзі. «Кесер басына тағар мін жоқ, қасының арасы жақын, иегі сүйір, желбезегінен күн көрі­неді. Бірақ қайқы ерін, сұйық қас емес, қабағы жазық, көзі нұрлы». «Айлап, апталап, түңіліп, көк долы, аузы-басы сүйреңдеген ұрысқақ бола қоймас, кеуде орамы күйкілеу болғанымен тік кө­кірек, қыпша бел». «Толарсағына жететін ұзын шашын желкесіне түйсе «шүйкебас», қо­быратып маңдайына түйсе «шөмелебас» болып шыға келетін Клара (повесте Роза) келіннің ая­ғы құтты, талғамы мықты болып шық­ты.

(Осы жерге келгенде Клара жеңгеміз маң­дайы­нан шып-шып тер шығып, жадырап бір күліп алды. Сыр-сұхбаттың жалғасы кең жазира даладай жайқала бастады).

– Орайы келгенде біздің шаңырақтың мазмұнын жаңғыртқан абыройы мен атағын асқақтатқан ардақты аналарымызды еске ала кетейінші. Әбіш 1963 жылы оқу бітірген соң күзді күні Маңғыстаудан мамамды кө­ші­ріп әкеледі. Бірінші болып Қайрат Жұ­ма­ғалиевтің мамасы Жаңыл апа, Жұмекеннің келіншегі Нәсіп қарсы алыпты. «Горный гигантта» көктемге дейін пәтер жалдап тұрған. Жақын маңайға Сабырхан Асанов пен Асқар Сүлейменов көшіп келіп, бір қауым елге айнала бастапты. Фурмановтағы жаңа пәтерге қоныс аударған соң, сыйласып, араласатындардың қатары да көбейе бас­та­ған, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жеңгесі Сағира, Жұмекеннің шешесі Мүслима, Асқардың анасы Қымбат қосылыпты. Біздер, Мұқағали мен Тұманбайдың аналарының қолдарынан жас кезімізден дәм таттық. Мағзұм Сүндетовтің, Әнес Сарайдың, Марал Ысқақбайдың аналары құшақтарын айқара ашып, бауырларына басатын. Ауылдарынан Оразбек, Зейнолла, Фариза, Ақ­ұш­тап, Дүкенбай, Төлендердің, Сейфолла Оспанов, Қажығали, Дүйсенбектің аналары келгенде кәдімгі той-думанға, қыран-топан әңгіме-мерекеге ұласып жатушы еді.

Жарықтықтардың мінездері де қызық еді. Қадыр мен Есенжолдың аналары қалаға ба­уыр баса алмай ауылдарына қайтқан. Жұмекен, Әнес, Төленнің аналары ұзатыла­тын қыздай ибалы кісілер еді. Асқар Сүлей­менов­тің анасын бәрі еркелетіп «Айтоты» дей­­ді. Бек Тоғысбаевтың анасы ер көңілді, ер­кек жал кісі ретінде жадымызда қалып­ты.

Жер жаннаты Алматы алтын бесігімізге айналды. Әбіш алыс, жақын шет елдерге іссапарларға жиі шығып жүрді. Қытай, Жапония, Араб, Еуропа елдері, Австралияға дейін барды. Қайда барса да мамасына сыйлық алуды ұмытпайтын. Көз жауын алатын асыл маталар әкелетін. Қаланың шебер деген тігіншілеріне көйлек тіккізіп беремін. Тұңғыш шет елдік сапары 1968 жылы Дамаскіден басталған. «Мың бір түн» деп аталатын сауда орталығынан Шам қамқасын әкеліп, оны киіп, елдің аузында жүруші еді. Сәбит Мұқановтың зайыбы Мә­риям апай: «Сәбең екеуміз театрға барғанда Әбіштің анасының киім киісіне сүйсіне қа­райтынбыз», – деп жиі-жиі айтып жүретін.

– Дәурен-ай десеңізші! Алпыс бестің 31 нау­рызында осы Фурманов көшесіндегі 118 үйдің 7 пәтерінде Клара жеңгеміздің тас көкірегін иітіп, тар құрсағын жібітіп, тұңғыш перзент­тері Әулет жарық дүние есігін ашыпты. Есімін қазақтың ақжарма ақыны, Түрікменстанның Красноводск шахарынан келген Дүйсенбек Қанатбаев қойған. Екі жылдан соң қарашада Зәузәт атты қызалақ өмірге келді. Қайран Хамаң, арқалы жыр сүлейі Хамит Ерғалиев «Сәбиге ат қоятын менен асқан кімің бар?», – деп омыраулап, қоңырау шалыпты. Жетпіс бірдің тамызында отбасының қуаныш несібесін арттырып, маңдайы жарқырап келген сәбидің есімін Сәулет деп атаған ежелгі сырлас дос Қайрат Жұмағалиевтің анасы Жаңыл апаның тілегіне тілектес қауым түгелдей жамырай құтты болсын айтты. Кенжетай ұл Дәулет – Фурманов–Пастер көшелерінің қиылысындағы мұнан гөрі зәулім, кең, 44-үйдің, 20-пәтерінде шыр етіп жерге түсіпті. Бұл – жетпіс бесінші жылдың тамыз айының 29 жұлдызы еді. Әбіш ағаның Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жауапты қызметке ауысқан жылы. Бұл жолғы сәбиге ат қою рәсімі немере аға Мұқыр атаның анасы бір ғасыр ғұмыр кешкен, қазір Айсәуле мамамен бір күмбездің астында жатқан Бибіжан шешемізге бұйырыпты. Алладан тілегі солай болар, Айсәуле мама 2001 жылдың 29 қазанында дүние салса, Бибіжан ана екі жылдан соң 29 қазан күні сағат күндізгі 11-де жүріп кеткен.

Осы бір қызығы мол, дәуренді күндер аға­мыз­дың есімі елге таныла бастаған, отызға толар шағында үзіліп қалғандай бір жағдай болыпты. Замандастарының айтуынша, егде тартқан анасы, шиеттей екі баласы бар жазушы азаматты, екі алпауыт мемлекет – Совет өкіметі мен Қытайдың арасында тұтан­ғалы жатқан ойран соғыстың ошағы Жа­лаңаш­көлге әскери қызметке жіберіледі деп кім ойлаған? Жастайынан топты жарып ерекше көзге түскен дарындарға қызғаныш пен кө­реа­лмаушылықтың құзғын қарғасы жанынан қал­май көлеңке сияқты еріп жүретіні де бар ғой…

– Ол кезде Әбіш Мәдениет министрлі­гінде бас редактор болып қызмет атқаратын. Әскери комиссариат жиі шақырады. Алысқа ұзап кетпеңіз деп ескертулер жасайды. Серік Қирабаев, Әлия апайлармен бірге Ливан, Сирия елдеріне барып келген соң, комис­са­риат­тың бақылауы күшейе бастады. Бір күні әскер қатарына кететіні белгілі болды. Ар­мия­дағы командирлері: «Сіз сияқты жазу­шы­ның бізге қажеті жоқ, инженер емессіз, тех­никаның тілін білмейсіз», – деп таң қа­латын көрінеді. Әскери қызметте де адам­гер­шілігі жоғары басшылармен қызметтес болудың сәті түскен ғой. Бұлар Қорғаныс министрі Гречкоға хат жазады. «Одаққа белгілі «Дружба народов» журналына шы­ғар­малары жарияланып жүрген, елге белгілі жазушы, кіші лейтенант офицерді бізге қызметке жіберіпті. Көптеген кітаптары жа­рыққа шыққан. Қайда орналастырарымызды білмей отырмыз» деген мағынада. Ми­нис­­трліктен «Қазіргі қалыптасқан ха­лық­а­ралық жағдайда бұл мәселені шеше алмаймыз» деген жауап келеді. Сөйтіп, армияда біржола қалып қойған. Соғыс оты тұтанып жатқан Жалаңашкөлде бір ай окопта жатады. Әскери шаруалардың бірде-біреуін ұғынбайды, мылтық ұстауды да білмейді. Күндіз окоп қазады, түнге қарай солдаттарға кино көрсетуге ма­шықтана бастайды.

– Сөзіңіз аузыңызда, армиядағы аласапыран кезеңде туған, Әбіш ағаның қойын дәптеріне түсіп қалған мынадай жыр жолдары бар:

Жоқ, болмайды олардың ойлағаны,

Тым ертерек еліріп тойлағаны.

Құрбанға айтар қошақан мен емеспін,

Төгілмесе, көрсетемін бойда қаным!.

Айтса айтқандай, екі алып держава қақ­тығысқа таяп қалған күндерде, жан алысып, жан беріскен үрейлі сәттермен аз кездеспеген. Құдіретті күштің сақ­тауы­мен ажал аузынан қалай аман қалғанын Әбіш ағамыздың өзі айтып бергені бар. Командирі бір күндік іссапармен көрші әскери бөлімге жіберіпті. Бір тәуліктен кейін оралғанда бірге қызмет атқарған бөлімше сарбаздары түгелдей жусап жатқанының үстінен шығады. Кейін белгілі болғаны, Қытай жағы жойқын күш-қуаты бар лазерлік жаңа қаруды алғаш рет қолданған екен. Қан­шама азапты сәттермен жападан-жалғыз бетпе-бет қалғандығы айтпаса да түсінікті.

– «Абиш Кекильбаевич! Вы родились в рубашке», – деп әскери басшылардың отыз шақты сарбаздан жалғыз тірі қалған қазақ­тың қара баласына көңіл білдірген кезі ғой ол. Содан, мұны ішкі әскери қызметке Алма­тыға ауыстырады. Құрылыс жұмыстарына жегеді. Бұрынғы «Нархоздың» оқу ғимара­тын тұрғызуға қатысады. Қызметі аяқталған соң әскери билетінің ішкі жағына тілдей қызыл қағаз жабыстырылады. Өзі мән бермей жүре беріпті. Орталық Комитетке қызметке ор­наласқанда кадрлар бөліміне басшылық жасайтын әйел кісі «бұл қызыл қағаз сізді тәуліктің кез келген сәтінде Ауғанстандағы соғысқа апарып тастайтын белгі» екенін қаперіне салыпты. Орталық комитеттегі жауапты қызмет бұл тауқы­мет­тен құтқарған екен.

(Әбіш университет бітірмей жатып «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке орналасқан, кітаптары шыққан. Студент кезінде Жазушылар одағының мүшесі атанған. Араға жыл аралатпай жақсы үй алған. Бақастықтар мен қастастықтардың қатар жүретіндігі қашаннан белгілі ғой. Оны Алматыдан алысқа, қырғын соғысқа жіберуге ұйымдастырып, ұйытқы бол­ғандарды бәріміз де жақсы білетінбіз. Бірақ кеңдігі мен кемелдігі тіс жарып, дұшпандары мен қарсыластары туралы бір сөз айтқызбай кетті. Кейін, жоғары билікке келген кезінде өзіне кедергі жасап, сындырғысы, мұқатқысы келгендерге сөз жәрдемін беруден, көмек қолын созып, қолтық­тарынан демеуден аянған жоқ. Ол шектен шыққан кекшілдік пен шектен шыққан қаты­гездікпен сыйыса алмайтын. Осы кертартпа сойқан күштер рухани мәңгүртікке ұрын­дыратынын жазудан да, айтудан да жалық­пайтын. Ол тар дүниеге нұр шашатын, жолын ашатын абыздық жолын ұстанды).

– Әбіш ағаның «Алматыда тұрып, Алатауға қарамау мүмкін бе?»,– деген айтулы сөздері жадымызға оралады. Алты Алашқа әйгілі болған әулеттің оңтүстік астанадағы Есентай өзеніне жақын жерде, Марков көшесінің (Бұқар жырау) қиылысы 13 үйі, 7-8 пәтерінде 16 жыл ғұмыр кешкенін білеміз. Бұл 1982-1997 жылдар аралығында құтты қоныс болған мерейлі мекен. Осы шаңырақта сексен тоғыздың желтоқ­са­нында елу жылдығы үш күн қатарынан тойлан­ған. Елден келіп қатысып, мәре-сәре болып қайтқанбыз. Бірінші күні Боқай Қожыров, Хабиболла Сыдиықұлы, Ізтұрған Сариев бастаған ағайын-туыс бас қосты. Екінші күні Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Зейнолла Қабдо­лов, Герольд Бельгер, т.б. аға буын жазушылар бір күн бойы алқаласты. Үшінші күні Дулат Исабеков, Кәрібай Ахметбеков, Нұрлан Оразалин, Әшірбек Сығай, бас аяғы «сен тұр мен атайын» дейтіндей соқтауылдай қырық шақты жігіт ентелеп жетіп, екпіндей созылып, дүбір­летіп жатты. Горбачевтің «сухой закон» болған заманы жаңғырып тұрғанымен, Алма­тының ақын-жазушылары үшін сырдың суы сирақ­тарынан келмей, дүбірі таңға дейін созыл­ған ғажап кеш болды. Алыс Маңғыстаудан ар­қы­ра­тып, ат арытып келген әнші, термеші Күріш Тасболатов біз ести қоймаған, адайдың жеті Қайқысы – Тастемір, Шолтаман, Досат, Тұрсын, Әділ, Жылкелді, Өскенбай сынды сал серілердің әндерін үш күн бойы шырқаған еді.

Әдетте Тастемірдің «Маңғыстау» әні бірінші шырқалатын:

«Тастемір – өзім атым, ағам Нұрым.

Алқада сөз сөйлемес бізден бұрын.

Адайдан шауып шыққан тұлпар едік,

Ежелгі елден қалған ескі жұрым…».

– Уа! Бәрекелді! Япырмай, мынау не деген ғажайып биік дауыс!

Сатырлап келіп, тұс-тұстан қол соғылады, қошемет сөз айтылады. Осы сәтте қаршыға құстай қомданған Фариза апаның саңқылдаған даусы естіледі:

– Күріш, «Босмойынды» ұмытып барасың ғой!

Әнші ағамыздың ақ маңдайы жарқырап, сұқ сау­сағымен қалың қабағының үстіңгі жағын­да­ғы маржан моншақтарды бір сылып тас­тап:

– Босмойынды» айтпасам Фаризадан құ­тыла алмаймын ғой, – деп, естіген жанды елең еткізбей қоймайтын сыршыл әнді әуелете бас­тайды.

«Айта бар, барсаң сілем босмойынға,

Бос болса, келіп кетсін ау, осы ойынға.

Бәтшайы белден ашық құс төсек бар,

Жатады қандай жігіт-ау, сол қойынға…»

Әсерлі ән үзіліп барып, үздігіп аяқталады.

– Айтары жоқ, Алматыдағы соңғы құтты қонысымыз, жадымызда күні бүгінгідей жанғырығып тұр. Осы үйдің табалдырығынан келіндеріміз оң аяғымен аттады. Тұңғыш немереміз Абыл дүниеге келді. Есімін бала кезден досымыз Сайын Назарбекұлы қойды. Сәулетті осы шаңырақта ұзаттық.

Тек қана қазақ елінен емес, дүниенің түкпір-түкпірінен, Америка Құрама Штаттарынан, Еуропа мемлекеттерінен – Венгриядан, Польшадан, Болгариядан, Италиядан, Эстониядан, жақын шет елдерден келген әдебиетшілер мен саясаткерлер төрімізге шығып, дастарханымыздан дәм татты. Сол игі жақсылардың қатарында Шыңғыс Айтматов, Аман Төлеев, Төлеміс Өкеев, Болат Шамшиев, Леонард Кошут, Рольф Шредер, Кредина Лихтенфельд, Владимир Проскурин, Владимир Лагутин, Евгений Сидоров, Лев Аннинский, Илеза Чертнер, тағы басқа танымал тұлғалар бар еді. Бұл, әрине, толық тізім емес. Мамамыз «орыстағы балам аман жүр ме?», – деп Аман Төлеевті сұрап қоятын.

1994 жылы Әбіш Жоғары Кеңестің төрағалығына сайланды. Екі жылдан кейін Мемлекеттік хатшы қызметіне тағайын­далды. Тоқсан жетінің қараша айында Елбасы бастаған ұлы көшпен Ақмолаға келдік. Жаңа жылды Президент отбасымен «Қараөт­кел» мейрамханасында қарсы алдық. Жаңа ордада қыруар жұмыстар басталды. Мемле­кет­тік хатшы лауазымын, тәуелсіздік тағ­ды­ры үшін, шын мәнінде күреске түсетін тарихи мүмкіндік деп шын ықылас, пейілі­мен құшырлана атқарды. Тәуелсіздігімізге қызмет етпесем, өлі жүргенім не, тірі жүр­генім не деп бұрыннан да айтудан жалық­пайтын. Ерте кетеді, кеш келеді, бірде қуанып балаша мәз-мәйрам болып оралса, кейде қуарып, қатты шаршап қайтады. Бітпейтін, не қоймайтын қызметке жегіл­генін отбасымызбен терең түсінеміз. Қас-қабағына қараймыз. Мамамыз қара бала­сының жанарына үңіле қарап, жан дүниесін айна-қатесіз түсініп отырады. Көркем дү­ниелер жазуды мүлдем қойып кетті десе болғандай. Уақыты, мұршасы жоқ. Замана мен тәуелсіздік, өткеннің сабақтары, келе­шектің міндеттері туралы ой-толғамдары біржолата қалт еткізбей көсемсөзге отыр­ғызды. Көп жазды, баспа бетіне де көбірек шықты. Ел алдында да, Елбасы алдына да көп баяндамалар жасады. Тарихи сөздерін сөйледі. Астана жарқырап, еңсесін көтерген әсем қалаға айналған сайын жаны рахаттанатын. Ел өміріндегі әрбір жақсы нышанға, жанға жайлы хабарларға сүйсіне қарап, жадырап отыратын. 2002 жылдың ақпан айында Мемлекеттік хатшы қызметінен қол үзіп, сенаторлыққа тағайындалды. Бұл – мамамыз дүниеден өткеннен соң үш айдан кейін болған оқиға еді.

– Сырт қарағанда, бәлкім, Мемлекеттік хатшы қызметі мәртебелі, биік лауазым бол­ғанымен, ішкі қайшылықтары, арпалыс-қал­тарыстары өте көп қызмет сияқты. Әбіш ағаның тоқсан сегізінші жылы қойын дәптеріне түскен мына бір жыр жолдарына үңіліп көріңізші.

Шалқыған кеше төре, бүгін ғаріп,

Жүр дей ме мына заман тілімді алып.

Сыртымнан сыпсыңдайды сыншы ағайын,

Онсыз да тұр жүрегім сығымдалып.

 

Барады сығымдалып ет-жүрегім,

Бұл құлақ, не сұмдықты естімедің?

Таңертең жазық жатса қас-қабағым,

Жабыңқы жауар бұлттай кешке реңім.

 

Күйініп күлдей болып келем үйге,

Ұғатын бір пенде жоқ мен не күйде.

Өкпені өсекке орап бұрқыратып,

Өлеуреу де өнер ме,япыр-ай, бұл не?.

– Қайсыбірін айта берейін, айтуға бола бермейтін жағдайлар да баршылық қой. Тәуелсіздігіміздің іргетасының берік болуына бүкіл ақыл-болмысымен, қайрат-жігері­мен, білім, парасатымен аянбай қызмет жасағандардың қай-қайсысына да, Елбасы мен оның серіктеріне де оңайға түспегені талас тудырмайды. Әбіш қаншама қиын­шылықтар көрсе де, қарсыластарының тасыр ниеттерін бастан кешірсе де, қабағын шытпай кетті. Ешкімге ренішісін, өкпесін білдірмеді. Барлығын да ішіне сыйдырды. Төрдегі басы төменге түсіп көрген жоқ. Ешкімнен ешнәрсе дәметкен жоқ. Ол бая­ғыда балаларының қай мектепте оқитынын білмейтін еді. Замандастары жапа-тармағай саяжай алып, қабат-қабат коттедждер тұр­ғы­зып, әйдік көліктерге құмартып жат­қан­да, бірде-біріне елең етпеді. Көпшіліктің арасында жүре берейік, көппен бірге бо­лайық. Халықпен бірдей жүрейік деген ұстаны­мынан айныған жоқ.

– Ұлы ойшыл, тұғырлы тұлға денсаулы­ғының нашарлап жүргенін, әрине, жақсы біліп жүрді. Он үшінші жылғы Әулеттің қазасы жүрегін қатты жаралап кетті. Соңғы кезде жүрек қан айналымы тым нашарлап кеткенін бір оңаша әңгімеде сыр қылып айтқаны бар еді. Жамағат ұлы тұлғадан аманатқа өсиет сөз­дер қалды ма деп сұрағыштайды. Ақтық сапарға Сіздің көз алдыңызда аттанып бара жатты-ау…

– «Жасымыз жетпістен асты, кемелімізге келдік. Қаратөбенің басы да көлбеңдеп көз алдымызда жатқандай. Ертеңгі күні олай-бұлай болып кетіп жатсақ не істейміз? Мына кітаптарды қайда қоямыз? Қайда барып жатамыз?», – деп орайы келгенде қиыла сұрап жүретінім бар еді. Ол кісі ашылып әңгіме айтпайтын. Сұрақтарым жауапсыз қалатын. «Болған кезде көрерміз»,– деп қысқа ғана қайыратын. Содан, өткен жыл­дың 10 желтоқсанында түн ортасында ләм-мим сөзге келместен, бір ауыз тілге келмей, жүріп кете берді ғой. Сол күні күндіз генерал Мұхтар Алтынбаевтың жетпіс жылдық салтанатынан көңілді келген. Біраз демалып, теледидар қарап, реңінен бір жаманаттың ұшығы да білінбей, төсегіне жата бергенде… кенеттен демі қысылып, ықылық ата бастады. «Жедел жәрдем» келгенше үзіліп кетті. Немерем Абылға хабар беріп үлгердім. Ол да жедел жетті, жарығым. Отырып алып жақын туыс, дос-жолдастарға хабар бере бастады.

– Ертеңіне сәскеде Президент көңіл айтуға келгенін білеміз. Маңғыстаудан жеткен бауырлар ағамыздың сүйегін елге алып кетеміз деп тас түйін бекініп келген. Елбасының алдында әңгіме басқаша сипат ала бастады. Оның мән-жайын білгісі келетіндер әлі күнге көп көрінеді. Бұл да тарихи шежіре ғой.

– Президент келердің алдында ақылшы ағамыз Мырзатай Жолдасбековпен кеңестім. Ұлттық Пантеонға жерлеу мәселесі сөз болса, өзімнің уәжімді айтқым келді. Әбіш Пан­теонда қалса, ертеңгі күні мені туыстарымыз Маңғыстауға алып кетіп жатса қалай болады деген мағынада. Алла тағаланың зәулім шырағы көңіліме ой салғанына осы күнге дейін қуанамын. Мырзекең сөз нәрін зерделеген шешен кісі ғой, тігісін жатқызып түсіндірді. Біз Президентпен құрдаспыз ғой, талай-талай жақсы күндерді, мерейлі мере­келерді бірге өткіздік. Сыйлас болдық. Мен Нұрсұлтан деп есімімен атайтын едім. «Нұрсұлтан-ау, алпыс жыл Әбішімнің жанында жүріп, жылы сумен аяғын жуып едім, ақырында екеуміз екі жақта қалсақ қалай болады?»,– деп назарын аудардым.

Көпті көрген, емеурінінен жаныңды түсінетін сұңғыла саясаткер емес пе? Мейір­лене тыңдап, біраз үнсіз отырды да, жымия күліп: «Клара, Сіздің әлі көрер қызығыңыз көп алда. Ол жаққа әзірге асыға қоймаңыз, менің досым да ешнәрсе бүлдіре қоймас, – деп әзілге бұра бастады.– Дегенмен, Сіз айтқан мәселе толық шешіледі», – деп кө­мекшілеріне көз тастады.

– Тірі кезінде, замандастары ұлы ой­шыл­дығын, ғұлама даналығын, қажымас қайрат­керлігін мойындаған тұғырлы тұлғаның отбасы, ошақ қасындағы бір сәтін еске тү­сірі­ңіз­ші.

– Кейде сәбидей аңғырт, жас баладай ақкөңіл мінезі сезіп қоятын. Табан астынан бұрқ-сарқ ашуланып, мінез көрсетіп, қолын сілтеп, ашуланып қалушы еді. Мұндайда үндемей орнымнан тұрамын да, басқа бөл­меге кетіп қаламын. Асханаға барып, өз шаруаммен шұғылдана бастаймын. Біраздан соң сабасына түсіп, қасыма жақындап: «Сен әлі өкпелеп жүрсің бе?», – деп маңдайымнан сүйетін.

– Қазақ қоғамы, ұлт руханияты абызсыз өткен бір жылдың жүзі болыпты. Еске алатын естеліктер де, өткеннен белгі болған оқиғалар да, ой-тілектер де жалғасын табары сөзсіз. Үлкен әулеттің шырағын сөндірмей отырған өзіңізге, ұрпағыңызға амандық-саулық ті­лейміз. Бөліскен сырларыңыз үшін алғыс айтамыз!

Сұхбатты жүргізген
Жұмабек МҰҚАНОВ.

 

 

ПІКІРЛЕР3
Әлімбай Әбдірахман 28.11.2016 | 16:27

Қазақтың ұлы перзенті !

Әлімбай Әбдірахман 28.11.2016 | 16:28

Әбіш Кекілбаев-қазақтың ұлы перзенті !

Казак кызы 10.10.2017 | 02:08

Жаксынын аты олмейди, галымнын хаты олмейди. Атак, данкы бир болек, етек-жени кен пишилген АГА еди. Кормеген кызыгы урпактарына буйырсын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір