КӨНЕ СӨЗ: ӘРІПТЕР ЖӘНЕ ДЫБЫСТАР
Орнын таппаған бір ғана әріптің, жалғыз дыбыстың кейде сөз мағынасын танымастай етіп бұзып, түсініксіз, ақылға қонымсыз әлденеге айналдырып жіберетінін көріп, біліп жүрсек те соған ой тоқтатып, мән бере қоймайтынымыз бар-ау. Мәселен, шашылықты сүйіп жемейтініміз жоқ шығар. Бірақ қай-қайсымыз болсақ та, шашылық сөзін иә орыстікі, иә болмаса қапқаз халықтарының бірінікі болар дейміз де қоя саламыз. Соңғы жылдары тіпті түрік бауырларымызға теліп, кәуап деп аударатын болып жүрміз. Ал бірақ соны өзіміздің төл сөзіміз деп ешкім ойласашы. «Шанышқылық», «шаншылған» дегеннен шығып тұрған жоқ па. Тегі, ерте замандарда бабаларымыз етті қылышқа, істікке шаншып, қақтап жеген болар-ау. Жолай, тарих көшінде «н» және «қ» дыбыстары түсіп қалып, өзіміз білетін «шашылыққа» айналғанын ойлап көрген біреу бар ма?
Серіктес ТОҚҚҰЛОВ
Базарда мейіз бен өрік қағын сатып алып тұрып, соңғысын «курага» дегеннен басқаша атаған адамды көріп пе едіңіз? Мықтағанда курага өзіндік бір термин екен деп білуіңіз мүмкін. Ал оның өзіміздің «қураған» дейтін сөзімізден шыққанын, қураған (кепкен) жеміс деген мағынаны білдіретінін ойлап жатпайсыз.
Алыс-жақын елдердегі жер-су аттары да солай. Мәселен, Сухуми дейтін курорт атауы. Бұл – біздің түркілердің тіліндегі су құмы деген сөз, қазіргіше айтсақ – жағажай. Судак – судағы.
Кейде тіпті мағынасыздыққа ұласатыны бар. Айталық, өзіміздің ең соңғы ханымыз Кенесарының атын мақтанышпен атамайтын қазақ жоқ. Ал сол жарықтықтың аты кенеден, әрі сары кенеден шығуы ақылға қона ма? Өзі қазақ, әрі асыл текті сұлтан болса… Қазір қайсымыз баламыздың атын мейлі сары болсын, мейлі қызыл болсын, әйтеуір Кене деп қойғандаймыз? Мүмкін емес.
Бұл арада да кілтипан бір әріпте, бір дыбыста. Жаңа туған ханзаданы ата-анасы – тіпті ұлы атасы Абылай хан болса да өзі білсін – Көне Сары деп атаған болуы керек дейтін ой келеді. Мұнда баланың арғы (көне) тегіне – Абылай, Шыңғысқа – тартуын ырымдау үрдісі бар ма деймін.
«Маңғұлдың құпия шежіресінде» Шыңғыс ханның тегі Бөрте Чино аталғаны, оның әйелі Көке Марал болғаны жазылады. Ал сол Бөрте Чиномыз ежелгі түрік хандарының тегі Бөрідей Ашына. Мұндағы Бөрі – түріктердің өзіміз білетін түп атасы, ал Ашына – хан руы.
Аңыздың айтуынша, бір жаугершілікте дұшпандар барлық түріктерді қырып-жойып, тек аяқ-қолы жоқ тоғалақ баланы тірі қалдырып кетсе керек. Оны бір қаншық қасқыр тауып алып, бауырына басады да, кейін содан бала көреді. Ашына – «көңілдес» дейтін сөз екенін білеміз, адам мен ұрғашы қасқырдың байланысуы заңды болмайтыны екібастан. Сол Қаншық қасқырдың балалары өзге руларды бағындырып, билік құрған, ал олардан тараған ұрпақ түріктерге хан болды. Бөрідей Ашына – солардың бірі. Көкесі (сірә, Көк дегені болар) – Аспан, содан – Көке Марал (Көк Марал).
Олардың он екінші ұрпағы Бодончар аталады, дұрысы: Бүтін Сары (Түгел Сары, Сары Алтын) болар деймін.
Бәлкім, оны бойындағы әлдебір ерекше қасиеттері үшін осылай атаған болар немесе өзінің түсі де сары алтындай болды ма екен. Сондықтан Қасым сұлтанның ұлы Көне Сары атануы соған, ежелгі бабасы Бүтін Сарыға мегзейді. Айтпақшы, Бүтін Сары руы Нұрұн деп те аталуы тегін болмаса керек. Жалпы, «Құпия шежірені» оқи отырып, ондағы адам аттары мен атаулардың бәрі қазақша екеніне еріксіз назар аударасыз. Шыңғыс ханның бабаларының бірі – Бай Сұңқар, тағы бірі – Менен Тудың. Нағашысының аты – Қырылдақ. Рулары Тайшуат (Тойшулат) аталады.
Әмір Темірдің руы әдебиетте Барулас деп аталады. Бұл – «Бауырлас» деген сөздің өңі өзгерген түрі. Шыңғыс хан мен Темірланның (Темір-ләңгінің) рулары төртінші атадан туысады. Әмір Темір өзін Гүрген (Кірген, яғни Күшік күйеу) атайтыны содан. Әмір – әмірші, бүгінгіше айтқанда, премьер-министр және қытайша екінші адам (ләңгі), яғни Екінші Темір, Шыңғыс әулетінің күйеу баласы. Темір Ләңгі Темір Игоның – Шыңғыс ханның лайықты ізбасары болды, тек бір ғана айырмашылығы – Шыңғыс хан тәңіршіл болса, ол адал мұсылман болған. Бірақ онысы Ақсақ Темірдің түрік сұлтаны Баязитті және мұсылман елі – Иранды қанға бояп, жермен-жексен етуіне кедергі бола қоймаса керек.
Исламның даму тарихы адам таңқаларлық.
Иудаизм мен христиандық секілді дүниежүзілік екі дін туып, етек жайған осынау тоқымдай жерде көзді ашып-жұмғанша жарты әлемді жайлаған тағы бір діннің пайда болуы қалай? Нақ осы мұсылман ғалымдарының антикалық ғылымды ашып, қайта жаңғыртуын немен түсіндіруге болады? Философия, математика, медицина – бәрі гүлденіп, қайтадан өркен жайды. Әбу Әли ибн Сина, Фараби сияқты ғалымдар, Омар Хайям, Рудаки,Низами сынды ақындар. Ал бұл кезде Еуропа түнек пен былапыт қыспағында болатын. Бір ғажабы, Еуропаны орта ғасырларға дейін тағылық жайлады. Ғылым мен өнерді былай қойғанда, қалыпты адами қатынастардың, қарапайым тазалық атаулының нышаны жоқ еді. Тіпті, сол еуропалықтардың қайтіп адам болғанының өзі таңданарлық. Ал мұсылман Шығысында «Мың бір түнде» айтылатын ғажайып өмір өркендеп тұрған. Тегінде, бұл – ертегілер жинағы болғанымен, онда сол кездегі аста-төк байлық, аңызға бергісіз тіршілік сипатталатын. Ал оның еуропалық теңдесі саналатын әрі одан көп берідегі «Декамероннан» Еуропаны жайлаған мерез бен адамның нәсіпқұмарлығын ғана оқисыз.
Еуропада Израильден қуылған жөйіттер мекендейтін. Еуропалықтарға Шығыстағы сәнді-салтанатты өмір жайында солар әңгімелейтін. Содан кейін еуропалықтар темірден сауыт-сайман асынып, Шығысты тонауға аттанды. Өздерінің шапқыншылығы мен тонаушылығын ақтау үшін олар: «Құддыста Құдай тағаланың (Иса Мәсіхтің) табыты сақтаулы. Соны мұсылмандардан азат ету керек» дейтін сылтауды ойлап тапты. Осындай былжырақты ұран ғып көтерген олар исламда Иисус-Иса ибн Мәриямның басқа пайғамбарлармен бір қатарда, мүмкін, тегі, олардан да артық құрметтелетінін білмейтін де еді.
Бұл жорықтан кресшілер ештеңе тапқан жоқ. Бірақ олар Шығыстың ғылымын және белгілі бір дәрежеде мәдениетін үйреніп қайтты. Атақты Ренессанс, Еуропаның жаңғыру дәуірі осыдан басталған еді.Еуропалықтар жөншемді жуынуға, жібек-торқа киінуге, арифметиканы үйренуге қадам басты.
Арабтар өз жерлерін қорғауға мамлюктерді тартты. «Мами» – «қасқыр» сөзінің синонимі, «ұлық» – «үлкен», «алып», ал «мами ұлықтар» – ислам дінін қабылдаған түрік сарбаздары немесе Франция жасақтарының шетелдік үлгісі есепті. Араб Шығысын әуелде кресшілерден қорғаған олар кейін Каирдегі бүкіл билікті басып алды.
Бірақ кресшілер беттерінен қайтқан жоқ. Олар соры қайнаған арабтарды мың жылдан бері тонаумен келеді. Әсіресе, мұнай дегеннің не екенін түсінген соң Суэц каналын тартып, бұл жерді билеп-төстеуге алаңсыз кірісті. Соңғы жылдары мұны Ирактың, Ливияның, Мысырдың, Сирияның мысалынан көрумен келеміз.
Олар мұны «ақ түсті адамның ауыртпалығы» деп атайды, яғни бірден-бір көзі ашық, көкірегі ояу ақ түсті христиандар – әлемнің билігіне жауапкер деп біледі. Сөйтіп, ХХ ғасырда күштінің өз айтқанын істететін, өмір салты мен тірлік қалпын өзгеге еріксіз таңатын Шыңғыс ханның идеясын барынша ұсқынсыз түрде қайта жаңғыртты. Ақтық мамлюктер Наполеонмен бірге кетті де, қалғандары ассимиляцияланып, дағдылы арабтарға айналды. Ал кресшілер ақылман исламның өркениетін талқан-
дауын жалғастыруда. Олардың ұстанымдары қисынсыз екенін бір-ақ нәрседен көруге болады: «Асад биліктен кетуі керек!» деген сөздеріне бола: «Мұны Сирияның халқы үшін шешуге қандай қақыларың бар?» деп қарсы сұрақ қойсаң, олар көздерін ойнақшытып, ақ сайтандары ұстай қалады. Қарап тұрып, жаның түршігеді.
Шыңғыс хан ата-бабаларының аттарын байыптап оқып көріңізші:
Бөртэ Чоно – Бөрідей Ашына.
Батачи хан – Баташы хан.
Тамача – Тамаша.
Харичар мэргэн – Қарасұр мерген.
Ужим барохул – Ұжым бәріқұл.
Сали хачачу – Салы (?).
Их нудэн (?).
Сэм сочи – Семсушы.
Харчу – Қаршы.
Боржигдай мэргэн – Боржықтай мерген.
Довун мэргэн – Табан мерген.
Табан мергеннің балалары Бугы хатачу – Бұғы ….?, Бугуту салжи – Бұғы тусашы және Боданчар мунғақ – Бүтін Сары Мұңғақ аталған.
Олардың шығу тегі жайында аналары «Маңғұлдың құпия шежіресінде» былай дейді: «Сендерге шынын айтайын: Біздің үйге күн сайын орхо (шаңырақ) арқылы, айналасына нұр шашып, Көктің елшісі келетін. Ол менің күнәһар тәнімді сипайтын, оның нұры менің бойыма даритын… Сендердің бауырларың Көктің ұлдары ғой».
Аналарының аты Алан гоо деп жазылған, ол, сірә, Алаң қой (Алаң – қай) деген сөз болар деймін. Оның айтуынша, сол балалары Нұрдан жаралған, яғни Көктің елшілері болған.
Бүтін Сары немесе Бүтіндей (түгел) Сары – Шыңғыс ханның тікелей бабасы. Содан олардың руы Нұрұн (Нұрдан) деп аталған. Бодчар Хабичидан – Менен Тудың (Менің ұлымсың), одан – Хачи (Қашу?), Хачидан – Хайду (Қайту), оның ұлы – Байшинхор – Бай Сұңқар. Менен Тудыңның тағы бір ұлынан – Хочичу (Қашық у?).
Барулас. Бұл, сірә, Бауырлас дегеннен өзгерген болар дегенді айттық. Оның бір ұрпағы – Әмір Темір. Демек, Менен Тудың – даусыз адам аты және Шыңғыс хан мен Әмір Темір – оның тікелей ұрпақтары. Бай Сұңқардан – Тумбинан сэцэн немесе Түн мен Ай Шешен, одан – Қабылхан, одан – Бартан батыр (Бартан – таң деген сөз), одан – Есухей батыр немесе Ес Әкей – Шыңғыс ханның әкесі. Егер бұл есімдердің таза түріктік екеніне кімде-кімнің күдік-күмәні болса, өз дәлелдерін айтуына, бұл сөздердің басқаша мәнін келтіруіне болады.
Бар кілтипан әріптер мен дыбыстарға тіреледі. Осы есімдердің бәрінде дерлік аудармашылар қазақ тілінде жоқ э, ч, ц әріптерін жазған, оның есесіне бізге тән қ, ң әріптері жазылмайды. Бұл әдейі жасалған деуге болмас. Бірақ осы әріптер мен дыбыстар сөздерді түсінбестей етіп өзгертіп, маңғұл сөздеріне (қазіргі түсініктегі) ұқсатып жіберген. Әшейін бірнеше аударма жасалған. Тіпті, «Құпия шежіре» түрік тілінде жазылған болуы керек. Одан пішік жазумен (иероглиф) қытайшаға (хань тіліне), содан кейін басқа тілдерге және қазақшаға да аударылған. Жеткен нәтижеміз – қазіргі. Бұл кітаптың жарыққа шығып, жүз жылдан аса уақыт бойы зерттеле бастауына Бичурин, Сафаров, Бартольд, Гумилев сынды орыс ғалымдары көп еңбек сіңірді. Қанша жерден кемшіліктері мен бұрмалаушылықтары болды дегенмен, олардың үлесі орасан.
Күні кеше дерлік, ХІХ ғасырда өмір сүрген ханымызды Кене деп жүрсек, сонау ХІІІ ғасырдағы түрік сөздерін жаңсақ жазған шетелдіктерге қандай кінә артатын жайымыз бар?
Әріп пен дыбысқа қатысты тағы бір мысал келтірейін. Марко Поло былай деп жазады: «Қайду патшаның бір қызы болды, аты татарша айтқанда Анчиарм болатын, ал французша бұл Жарық ай дегенді білдіреді». Менің кенже қызымның аты – Айгерім. Айы – Ай, Керімі – өте сұлу, ғажайып сұлу, яғни Айдай сұлу. ХІІІ ғасырда бір итальяндық түрмеде отырып, басынан кешкен оқиғаларын әңгімелеп, ал екінші итальяндық оны қағазға түсірген. Сөйтсе де сөздерді және олардың аудармасын соншама дәл бергенін көрмеймісіз.
Біздің бүкіл тарихымыз дерлік өзгелердің қолымен дәл осындай қателермен жазылған. Біздің бабаларымыз тарихты жазумен емес, жасаумен болған. Ал бүкіл дүние демін ішіне тартып отырып, олардың істегендерін қағазға түсіре берген және қазір біздің өзімізден басқаның бәрі сол тарихты зерттеп, зерделеу үстінде. Шыңғыс хан туралы, оның ата-бабалары мен ұрпақтары жайындағы күллі ақпараттың негізінде небәрі бірер ғана кітап бар. Олар:
- Маңғұлдың құпия шежіресі (МҚШ).
- Марко Поло.
- Гильон де Рубрук.
- Плано Карпини.
- Рашид ад-Дин.
- Қытай жазбалары.
Бұлардан өзгелердің бәрі, әсіресе, еуропалық кітаптар – бар болғаны осы кітаптарды мазмұндау, тәпсірлеу, түсіндіру мақсатында ХІХ және ХХ ғасырларда жазылған дүниелер.
Ал жоғарыда аталған еңбектер 1240 жылдан 1340 жылға дейін жазылған. Орыс зерттеушілері Карамзин, Бартольд және Гумилев тамаша туындылар жазды, бірақ олар да түрік тілін білген адамдар емес.
Маңғұл ғалымдарына келсек, «МҚШ-ны» заманауи маңғұл тіліне тұңғыш аударушы Қ.Дамдисүріннің соған жазған алғысөзін оқыса да жеткілікті.
Екі дәйексөз келтірейік:
- «Маңғұлшадан маңғұлшаға аудару дейтін сөз құлаққа түрпідей тиетін болар».
«Абырғы арасанның сол жақ дөңесіндегі жұртты 1969 жылы археолог Х.Перле қазып көріп, ХІІІ ғасыр кезіндегі қаланың орны, әрі Шыңғыстың Ауруг (ауыр уық) ордасының қалдығы деп дәлелденген болатын… Мүмкін бұрынғы «Ауыруық» деген сөз өзгертіліп, қазір Абырғыға айналған болар деп долбарлаймын. «Ауыруық» деген атау «абырғы» – «үлкен» деген сөз емес, қазіргі моңғол тіліндегі ағурыс, уырхай (ағуырхай), ағулық, ағуылға деген сөздермен тектес. Ағуырық сөзі тегінде зат қоятын қойма, қамба (ағулық) деген мағына білдіретін тәрізді».
«Ауыруық» деген сөз қандай мағына береді деп кез келген қазақтан сұраңызшы, бұл орасан үлкен киіз үйдің сүйегі, оны үлкен, ауыр итарқа деп аударуға болар дейді. Бәлкім, сол жерде ханның үлкен ақ ордасы тұрған болар, «ауыруық» сөзі соған мегзейді. Демек, «Құпия шежіренің» сөздері мен терминдері қандай мағына беретіні қазіргі маңғұлдардың миына кіріп те шықпайды.
Бұған осы заманғы маңғұлдардың ешқандай кінәсі жоқ, олар Шыңғыс ханды иеленген де емес. Біріншіден, сонау Польшаға дейінгі Азия мен Еуропаның өзге де халықтары сияқты, олар да оның қағанатының құрамында болған. Екіншіден, Шыңғыс хан туралы аңыздар оларда да сақталған. ХХ ғасырда оларға Маңғұлия дейтін мемлекет атауы нейбет күштеп таңылып, Шыңғыс хан да міндеттеп берілген. Біз жарты әлемді қалай жаулап алып, одан қалай айрылып жүрміз дегенде маңғұл халқы әлі күнге дейін айран-асыр болады. Мұның жауабы біреу-ақ: бұған олардың еш қатысы жоқ. Қазіргі американдарша дүниені өз білгендерімен пішіп-көктеп жүрген біздің аталарымыз – шапқыншы түріктер болатын. Түсінік берушілер бізді үзілді-кесілді шатыстырумен келеді. «Түмен» деген сөздің түбірі – ту, байрақ, жалау. Ал түмен – тумен, жалаумен. Яғни бұл өз туы, елтаңбасы бар жеке ру дегенді білдіреді. Қолдың қарамы, әскер саны – екінші мәселе.
Ұлы Сүйінбай ақынның:
Бөрілі байрақ көтерсе,
Жоқты жонып табамыз, –
дейтін сөзі жауынгерлердің рухын көтеруде тудың қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді.
Памирде Гиндукуш деп аталатын шың бар. Ол түріктің Кіндік күш деген сөзінен шыққан. Жердің кіндігі деген мағынада. Қазір, ХХІ ғасырда, Жердің кіндігі Қазақстан екені барған сайын айқындала түсуде. Біз ұлы өркениеттердің, мәдениеттердің, этностардың, діндердің, қағанаттардың тоғысқан торабында өмір сүріп отырмыз.
Шығысымыз – Қытай: социализм, атеизм, ежелгі мәдениет, айлапат халық, алапат ақша, пішік жазу, Ұлы Қытай қорғаны.
Терістігіміз – Ресей: славяндар, православ христиандар, әскери күш-қуат, ұшы-қиыры жоқ аймақ, мәңгілік ақиқат іздеген жұрт, Кремль.
Батысымыз – Иран: мұсылман-шейіттер, парсы сәулет өнері мен поэзиясы, шариғат заңдары, ымырасыз антиамериканизм, антисемитизм.
Оңтүстігіміз – түркі бауырлар: кеңестіктен кейінгі елдер, халқы – орасан зор қаржы қиындығын шегіп отырған жаппай сауатты жұрттар.
Біздің көлеміне көз жеткісіз аймағымыз, асты кенге толы жеріміз, ежелгі көшпенділерден мұра болған мәдениетіміз, ат төбеліндей ғана деуге болатын халқымыз бар. «Өркениетті елдердің» текешіктері бізге ақыл айта бастаса: «Жігіттер-ау, сендер бірінші сыныпқа енді барғанда біз университеттерде сабақ оқытып жүргенбіз» дегіміз келеді. Бұл көне тарихқа да, Шыңғыс әулеттерінің тұсына да, кеңестік өркениетке де қатысты. Біз тепе-теңдікті ұстамасақ, Дүние төңкеріліп түсуі мүмкін. Дегенмен, барлық қиыншылықтарға төтеп бере алсақ, біз гүлденген мемлекетке айналамыз. Оның мысалын араб мемлекеттерінің қоршауында қаншама соққы көрсе де тепе-теңдікті сақтап, салиқалы саясаты, білікті дипломатиясы, өнегелі де өрісті ғылымы мен серпінді армиясы арқылы өзгелерді өзімен санасуға мәжбүрлеп отырған Израильден көруге болады.
Мұны біздің Елбасымыз жақсы түсінеді. Президент Н.Назарбаевтың жақында Бейжіңге, Жиырмалықтың Саммитіне барған сапарын осының жарқын мысалы деуге болады. Саммиттің шараларына бастан-аяқ қатысқан ол Астанаға қайтысымен Ташкентке жол тартып, Құрбан айттың алғашқы күнінде жақында көз жұмған әріптесі әрі досы И.Кәрімовтің басына барып тәу етті. Тек осының өзін-ақ айнала қоршаған Дүниенің шындығы мен шарттылықтарын, Қазақстанның дүниедегі орнын нәзік сезінудің үлгісі демеске бола ма?!
Қазақстанның мемлекет ретінде және Н.Назарбаевтың жеке тұлға ретінде Ресей мен Түркия арасындағы жанжалды реттеудегі ролін Түркия Президенті Р.Ердоған шұрай топтың алдында мойындады. Менің ойымша, «Біз – Еуропамыз, ал Ресей және әсіресе Орта Азия – жабайы ордалықтар, сондықтан олар бізге ақылшы емес», – дейтін қазіргі Украина басшыларының өркөкіректігі болмаса, Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынас та әлдеқайда жақсы болар еді. Ол шараға мұрындық болуға, Астанада кездесулер өткізуге біздің ел дайын еді, Президент өз ниетін дер кезінде айтқан да болатын.
Күні кеше Елбасымыздың Жапонияға кезекті тарихи сапары өтіп, оны жапондықтар ең мәртебелі деңгейде қабылдады. Кезінде аса ірі қалалары АҚШ атом бомбасынан жермен-жексен болған ел Қазақстанның және Н.Назарбаевтың заманауи дүниенің ядролық қауіпсіздігі мен дінаралық келісім мәселелеріндегі ролін қалтқысыз танып отыр. Біз осыған марқаямыз, осыны мақтан етеміз. Қазақта көне сөз бар: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы».