ЕГЕМЕН ЕЛ ФИЛОСОФИЯСЫ
11.11.2016
2671
0

nz5mpy2d-1396389919Дүниежүзілік Философия күні қарсаңында отандық философия ғылымының Тәуелсіздіктің  жиырма бес жылындағы даму барысына назар аударған «Қазақ әдебиеті» газетіне алғысымыз ерекше. Шынын айтсақ,  «Қазақ әдебиеті» – қазіргі таңда философиялық мәселелер туралы әңгімелеп, оқырманға жеткізетін, философияның қоғам өміріндегі орнын, адамның тұлға ретінде қалыптасуындағы ролін түсіне білген республикалық өнегелі баспасөз құралы. Бұл пікірімізді Жұмабай Шаштайұлының жақында ғана берген бір сұхбатында: «…қазір көп журналисте философиялық ойлау жүйесі арқылы үлкен ауқымдағы дүниені беретін қасиет байқалмайды» деп, қаламгердің бойында философқа тән қасиеттердің ұшқындары болуы тиіс екендігін атап өтуі дәлелдейді.  Газеттің философиялық ойды көпшілікке кеңінен таратуды мақсат ретінде қоюы да оның осы ұстанымды терең түсіне білгендігімен астасып жатыр деуге негіз бар.


606982_780434691_26005

 

Гүлжиһан НҰРЫШЕВА,
философия ғылымының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Философия кафедрасының меңгерушісі

 

Отандық философия мектебі Кеңестер Одағының озық фило­со­фиялық мектептерінің қата­рын­­да болғаны белгілі. КСРО-ның ыдырауы ғылымның басқа да барлық салаларымен қатар бұл салада да уақытша дағдарыс туғызғанымен, отандық фило­соф­тардың тынысын кеңейтіп, дамудың жаңа бір жарқын жолдарын ашты десек, қателеспейміз. Ең бастысы – бұрынғы идеоло­гиялық өктемдік жойылды. Тә­у­ел­­ділік, еркін ойлауға тыйым са­лу философияны ешқашан да көр­кейт­пегені тарихтан белгілі. Сая­си бостандықпен қатар келген ойлау еркіндігінің арқасында отандық  философия жаттанды ұрандарды, партия съездерінің материалдарын насихаттаудан құтылып, таза философиялық мәселелерді зерттеуге бет бұр­ды.

Осы бағытта қолға алынған ең бірінші жұмыс – ұлттық  фило­со­фиялық ойлауды зерделеу мәсе­лесі еді. Бұл оңайға соқпады.Қазақта философия болмаған, сондықтан зерттейтін де ештеңе жоқ, «қазақ философиясы» деп бөліп айтуға болмайды деп қарсы шыққандар жеткілікті болды. Осы бағыттағы орасан зор еңбек­тің нәтижесінде қазақтың халық­тық философиялық дүниета­ны­мы жан-жақты зерттелді деп бү­гін сенімді түрде айта аламыз. Ғалымдарымыздың бұрын амалсыздан тежеліп, құрсауға салын­ған, енді еркіндік алған ойлары­ның негізінде жазылған туын­дылары бірінен соң бірі дүниеге келіп, ұлттық ойлаудың көкжиегін кеңейтті. Отандық философтар халқымызға өзінің философиясын өзіне түсіндіріп, саралап, реттеп, жинақтап берді, сонау көне заманнан бергі вер­балдық мәдениеттегі, оның қара өлең, мақал-мәтел, аңыз, ертегі, жыр және тағы басқа түрлеріндегі, ақын-жыраулар шығар­машы­лығындағы, қазақ ағартушылары мен зиялылары­ның еңбе­кте­ріндегі философия­лық ойларды айқындады. «Қазақ философиясы» деген ұғым ғылы­ми айна­лысқа толық еніп, ор­нық­ты.Кәсіби философтардың ұлттық философияны зерттеуге, не бар, не жоқ деп түгендеуге жап­пай атсалысуы олардың өз хал­қының алдындағы рухани, адам­гер­ші­ліктік және азаматтық парызын орындауға ұмтылысы деуге болады және олардың ұлан-ғайыр еңбегі болашақ ұрпақтың әділ бағасын алады деп сенеміз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туындаған тағы бір кезек күттірмейтін  міндет – әлем­дік  философияның озық үлгі­лерін қазақ тіліне аудару  еді. Фи­ло­со­фияның мазмұны әр­қашан да ұлттық және ұлттық тілдің ерек­шеліктері оған тікелей әсер етеді. Ұлттың тілі бай да көр­кем болған сайын нақты өмірді бейнелеу де соншалықты толық және дәл болмақ. Сон­дық­тан да адамзат дамуының барлық кезеңдерінің философтары өз ұлтының тілін филосо­фиялық ұғымдар мен терминдерді қол­дану арқылы да­мытуға ұмтылып отырды. Қа­зақ тіліндегі фило­софияның бо­дандық заманда қандай күйде болғаны айтпасақ та белгілі. Осы мәселенің маңыз­дылығы Ел­басы­ның бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағ­дарламасына негіз болды. Оның аясында атқарылған жұмыс ұшан-теңіз. Бір ғана философия саласы бойынша «Әлем­дік фило­софиялық мұра» серия­сының жиырма томы, «Қазақ хал­қы­ның философиялық мұ­расы» серия­сының жиырма то­мы, Әбу Нәсір әл-Фараби  шы-ғар­­мала­рының он томы  да­йын­­­­­дал­­ды. Әлемдік филосо­фия­ның көрнекті өкіл­де­рінің еңбектері алғаш рет қазақ тіліне аударылып, қалың көпші­лік­ке кітапханалар арқылы тара­тыл­ғанын ерекше атап өткен жөн. Осы айтуға ғана оңай, ал шын­дығында қиын да күрделі іске отандық философтар бір кісідей жұмылып, оны табысты атқарып шықты. Бұл қазақ фило­со­фия­сының зерттеу кеңістігін ке­ңей­тіп, данышпан­дықтың әлем­дік үлгілерін тереңдеп игеруге, қа­зақ­­ша философиялық ұғымдар мен терминдерді қалып­тастыруға да ықпал еткені сөзсіз және осы ба­ғыттағы ізденістер Философия, саясаттану және дінтану инс­титуты мен әл-Фара­би атын­дағы Қазақ Ұлттық  уни­верситеті фи­лософтарының  ғы­­лыми жоба­лары аясында қазір де жал­ғасу­да.

Философияның жоғары оқу орындарында қазақ тілінде толық­қанды оқытыла бастауы да егемендікпен тығыз байланысты. Философия пәнін оқыту үдерісіне қажетті қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу құралдары бұрын өте аз болса, қазір сапалы, сауатты, мазмұнды оқулықтардың саны көбейіп, оқыту бағдарламалары қайта жасалып, қазақ балалары «ғылымдардың ғылымы – философияны» өздерінің ана тілінде меңгеру бақытына ие болды. Бақыт деген сөзді кездейсоқ қо­сып отырғаным жоқ. Шынында да, өз тіліңде оқып, өз тіліңде сөйлеу – үлкен бақыт. Ол да тәуел­сіздіктің арқасында келген жетістік, кейде оны бағаламай жатамыз. Дәрістер оқу барысында немесе алқалы жиындарда ана тілімде сөйлеген сайын осы ой санама ылғи да оралады.

Сонымен қатар, еліміздегі жалғыз философия факуль­тетінде болашақ философтарды дайындау кеңес заманында тек орыс тілінде ғана жүргізілсе, тәуел­сіз­дікке қол жеткізгеннен бастап тағы екі университетте философтар дайындала бастады, оларда қазақ топтары ашылды. Қазақша ойлап, оны орысша жеткізуге мәж­бүр болып қинал­ған заманмен қош айтысқаны­мыздың өзі бір ғанибет. Қазіргі таңда Философия маманды­ғының студент­тері, магистранттары мен докторанттары философия ғылымын қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілінде табысты мең­геруде.Мамандар дайындау ісінің ғылым мен бі­лім­нің интеграция­сының негі­зінде жүргізіле бастауын жақсы жа­ңалық ретінде атап өткен дұрыс.

Философия тарихына көз жіберсек, даналық ғылымының дамуы қоғам мен биліктің көз­қарасына тікелей байланысты болғанын көреміз. Философия­ның адам өміріндегі маңызды орнын, оның жан-жақты көз­қарасқа ие тұлға болып қалып­тасуындағы анықтаушы ролін ҚР Білім және ғылым минис­тр­лігі жақсы түсініп отырғаны қуан­­тады. Қоғамдық ғылымдар­дың арасында «Философия» ғана («Қазіргі заманғы Қазақстан тарихын» қоспағанда)  білім беру­дің биылғы мемлекеттік стандарты бойынша міндетті пән ретінде сақталып отыр. Әрине, бұл біз үшін үлкен қолдау және зор жауапкершілік. Осындай қам­қорлықты біз әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық университе­тінің, оның ректоры, академик Ғ.М.Мұтановтың тарапынан да үнемі сезініп келеміз. Философияны жақсы білетін және жо­ғары бағалайтын ғалым универ­си­теттің ғылыми-зерттеу с­та­ту­сын ескеріп, студенттерге «Ғылыми таным философиясы» міндетті курсының және «Әл-Фараби және қазіргі заман» таңдау пәнінің жүргізілуін жүзеге асырды. Әл-Фараби бабамыздың философиялық мұрасын әлемдік деңгейде кеңінен насихаттау мақсатында қазіргідей қиын заманда биыл үшінші рет Фараби оқулары өткізіліп, оған Грекия, Иран, Түркия, Франция, Финляндия және тағы басқа елдердің фарабитанушы ғалымдары қатысты.

Қазақстан философтарының басын біріктірген Философиялық Конгресс құрылып, оның фило­соф­тардың қоғамдық Халық­а­ралық федерациясына мүше болып қабылдануы  да  ауыз тол­­ты­рып айтарлық жетістік. Жа­қында ғана өткен екінші Конгресте қазақ философиясының да­муы сараланып, жаңа мақсат­тары мен міндеттері айқын­далды.

Философ  мамандар қоғам­ның идеологтары ретінде жалпы қоғамдық сананы қалыптастыру, оны өзгерту, өзіндік санамен бай­ланысын күшейту ісіне белсе­не араласып келеді. Олар биліктің жаңа идеяларын, ұстанымдарын дайындауға қатысумен шектелмей, кеңінен талқылап, жер, тіл, дін, адам құқығы сияқты күрделі мәселелер бойынша сыни пікір­л­ерін ашық айтып отырады және оның оң нәтижесін бұқаралық сананың мазмұнынан байқауға болады. Сананы өзгерту оңай іс емес, ол  болмыстағы өзгеріс­тер­ден баяу жүретіні белгілі. Десек те, жалпы халықтың, әсіресе жас­тардың, қоғамның зиялылары мен көзі ашық топтарының философияға қызығушылығы артты. Тарихта қараңғылық жайлаған Орта ғасырдан кейінгі жарқыраған Ренессанс дәуірінде осындай құбылыс болған. Дәл сол кездегі секілді ұзақ уақыт тыйым салулар шеңберінен аса алмаған, ұрандар мен қағидалар көлеңкесінде қалған адам тәуел­сіздік заманында халқының дүниетанымы, өзі, өмірі, қорша­ған ортасы, басқа  адаммен арақа­тынасы секілді сұрақтардың жауа­бын философиядан іздей бастады. Түбінде бұл ізденістер бүкіл қоғамның өзгеруіне игі әсерін тигізері күмәнсіз.

Әрине, философия саласын­дағы жағдай керемет деуден ау­лақпыз. Жоғарыда қысқаша шо­лу жасаған жұмыстың сыр­тын­да қоғамның аз ғана тобын құрайтын, ғылыми көзқарастары мен өмірлік ұстанымдары әр түр­лі болғанымен өз істеріне адал, ұйымшыл философ ғалым­дар­дың тынымсыз еңбегі жатыр. Қор­да­ланған мәселелер де жеткі­лікті, бірақ олар біртіндеп шеші­мін тауып келеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір