МӘРИЯМ АНАМЫЗДЫҢ ӨНЕГЕСІ
Өзіне дейінгі және өзінен кейін әдебиетке қанат қаққан қыздар Мәриям Хакімжанованың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Қазақ совет ақыны Шолпан Иманбаеваның (1904-1926) өлеңдерін түгендеп, 1950 жылы жинақ қып шығарды. Шолпанға қатысты жарық көрген, көрмеген материалдың бәрін жинап, оны танитындар мен туыстарына естеліктер жазғызғаны жеке архивінде сақтаулы. 1926 жылы «Әйел теңдігі» журналының июль-октябрь, №7-10 санында шыққан Сәкен Сейфуллиннің «Шолпан өлді» деген мақаласын өз қолымен көшіріпті:

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,
«Балбұлақ», «Дертке дауа» басылымдарының бас редакторы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
«Шолпан өлді. Октябрь таңы атқаннан кейін ояна бастаған қазақ қыздарынан шыққан жаңа талап, жас ақын Шолпан 1926 жыл 18 сентябрьде жоқ болды. Аймақтық партия комитетінің әйел бөлімінің шығаратын «Әйел теңдігі» жорналының 5-6 нөмірінде Шолпанның кім екені айтылып суреті басылды. Шолпанды қазақ оқушылары біле бастаған еді. Шолпан қазақ қыздарынан шыққан бірінші ақын еді. Шолпан жыл құсы еді, жаңа гүлдеген қазақ қызы еді, өсіп жетпей тез солды. Көктей солды. Шолпанның жасы 23-те еді. Әке-шешесі Ақмола үйезінің Нұрбай болысының қазағы. Кедей нашар адамдар. Шолпанды 1918 жылы қазақ әдетімен Алдаоңғар баласы Бекей дегенге берген. Бекей сүймеген адамы болғандықтан Шолпан совет заңының арқасында босанып шыққан. Ақмолада 1923 жылы Коммуна мектебінде тәрбиелеуші болған. 1924 жылы Орынборға келіп әйелдер мектебінде болған. Шолпанның өлеңі ең бірінші рет 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде басылып шықты. Сонда-ақ ақын екені көріне қалған еді. Жыл сайын өлең кестесін әдемілеп келе жатыр еді. Не керек көк шыбық жетпей қиылды. Шолпан 1923 жылы 1926 жылы жазған өлең жинақтарын өлер алдында маған жіберіпті. Жазған хатында: «Өте нашарладым. Доктрдың «өлесің» деген күні жетіп қалды. Қош болыңыз! Шолпан батты деп есептерсіз. Өлімге берілген қарындасың Шолпан» депті. Айтқандай кешікпей Шолпан өлді. Сөзінің басында «Үлгілі сөз, Бола ма кез, оқып, біліп жазбаса. Алтын мен жез, Алынбас тез, Еңбектеніп қазбаса. Тіліңнен шығар, Басқалар ұғар көңілдің шерін қозғаса» депті. Сүйдеген Шолпан еңбек жолында өлді. Қазақтың кедей әйелдерінің көңілін шерін жырлауға аласұрып ізденген Шолпан жетпей жоқ болды. Қош, қарындас. Қош, жолдас! С.Сәкен».
«Қамаш Ярылқамышова апайдың қол жазбасы» деп сақтаған парақтардан мына үзіндіні оқиық: «Шолпан мені қасына ертіп Сәкен Сейфуллиннің үйіне бірнеше рет алып барды. Ондағы жұмысы Сәкенге қолжазбаларын көрсетіп, жазған өлеңдерін сынатбақ. Сәкен оның жазған өлеңдерін оқып шығып сөзінің бағытын дұрыс табатын және ақындығында күмән жоқ екендігін дәлелдей «жаза бер, талабың күшті ғой өсесің» деп ақылын айтатын. Былай шыққан соң Сәкеннің өлеңіне берген бағасын маған талдай түсіндіріп, ой бағдарының дұрыс екенін дәлелдей жымиып күлетін.
Қазақ әйелдерінің ішінен тұңғыш сауатын ашқан және баспасөз қоғамына араласып жүрген сол кездегі әйелдердің бірі Назипа Құлжановамен 1921 жылдары Ақмолада танысқан. Кейін Орынборға оқуға келген соң да Назипадан қол үзбей жазған өлеңдерін оған сынатып, бағалыларын газет, жорналдарға басылуына көмектесуін өтініп жүрді. 1924 жылы бірге оқып жүргенімізде мені ертіп Назипаның үйіне келді. Қолында жазған бір, екі өлеңдері бар еді, соларын Назипаға беріп «Өлеңдерімді алдымен өзіңіз оқыңыз, егер ұнамды деп тапсаңыз, баспасөз бетіне жариялауға жәрдем етерсіз» деді. Біраз уақыт өткен соң екеуміз Назекеңнің үйіне тағы келдік. Назипа Шолпанның өлеңдері «Қызыл Қазақстан» журналына басылғанын хабарлап, жорналдың сол нөмірі мен жазған қаламақысын қоса берді де, Шолпанға бұдан былай да өлеңді үзбей жазып тұр деп көп ақылын айтты. Өзіміз оқушы жолдасым Шолпанның қолына ақша тиген соң екеуміз де қуанып Назекеңнің үйінен шыққаннан кейін «Кафеге» кіріп тырнақалды қаламақыны жуып «Пирожный» және басқа да тәтті тоқаш нандар алып жегеніміз әлі есімде».
Ал машинкаға басылып сақталған Шолпанның туған сіңлісі Гүлсім Иманбаеваның естелігінен он бес жасар Шолпанды сүйгенімен қашып кеткен Ажар апасының (туа сала Жаймағамбет деген туыстары бауырына салған) орнына күштеп бергені, басқа да нақты деректерге қанығасың.
13 жасында Алматыда 1939 жылы өткен Қазақстан Жазушыларының II съезінің делегаты болып сайланып, 17 жасында Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып қабылданған Зияш Қалауова (1952 жылы 1 маусымда көз жұмды) есімінің ардақталуына Мәриям апамыз зор ықпал жасады. Өлеңдерін толықтырып жинақ етіп шығарды. Аңырап артында көзі көрмей қалған Төлеу әкесінен 1962 жылы естелік жазып алған дәптері со күйінде. Біразы жарияланды да. Сол дәптердің бұған дейін жарық көрмеді-ау деген тұстарына назар аударайық: «Әлімбекова Жамалхан (56 жаста): Немере сіңлім Төлметова Күлханс 1942 жылы Бүргем бастауыш мектебінде мұғалім болып істеді. Ол кезде ер-азаматтар майданға кетіп, теңдік қыз-қатындарға тиген жоқ па? Сол сияқты Бүргем мектебін кіл қыз-келіншек билеп бір тұрған. Күлханс бір күні келгенінде Зияш деген керемет ақын қыз бар. Бізбен бірге істейді, балалар оны өте жақсы тыңдайды. Сабақ бергенде оның арқасы бар. Аяғыңды қия бассаң өлең етеді. Сол қызды бір күні ертіп келейін деді. Мен ертең ертіп кел, ақын деген қандай болады екен, көрейін деп тілек білдірдім. Келесі күні Зияш, Сара, Күлханс үшеуі келді. Тамақ ішіп, шай ішіп, кешке дейін болып кетті. Үш қыз өлең айтып, біраз көңілімізді көтерген болатын. Содан былайғы жерде олар анда-санда келіп жүрді. Алматыдағы жазушылардың қызық-қызық өлеңдерін айтып күлдіретін еді (Мейірлі Әлімбеков Жамалханның жолдасы. Алпыстың ар жағына кеткен кісі. 30/Х-1962 жыл. Түркістан қаласы, Жуковский, 17).
«Зияштың нағашылары бар. Қуандық Нарымбетов, Сүйіндік Нарымбетов. Осының екеуі де Зияштың шешесі Рақимаман бірге туған. Зияштың нағашы шешесі 1954 жылы қайтыс болды. Зияшты естіп бата қыла келіп қайтқан еді. «Абай» колхозында болар кәзірде. Олардың қонысын «Ашылған» дейтін тоғай еді. Рулары Қоңырат ішінде «Божбан» дейді. Сондай-ақ, «Ырысқұлов Айнақұл деген Сарыағаш ауданы, Шымкент облысы, Жылға станциясындағы №28 мектептің бастауыш кластарына сабақ беретін мұғалім. Қазақ университетінің филология факультетінің Ү курс оқушысы. Диплом жұмысы Зияш туралы. 1/ІV. 1965 ж.» деп белгілепті, осының бәрі Зияшқа қатысты толық білуге құмартқанын ағартады. Дерек жинай жүріп, жүздескен жандардың бет пішініне де көңіл бөлгендей: «Айзада. Жиен қарындасының аты. Бетінде аздаған шешек дағы бар, екі көзі көкпеңбек кісі екен. Кеудесі қайқаң, орта бойлы әйел. Үстінде жасыл, жапырақты жібек көйлегі бар. Масы калош киіпті аяғына». Түркістан ауданы халқының санын білгісі келіп, 10 орта мектебі, өзбек орта мектебі бар дейді. «Түркістанның сәл түстік жағындағы «Коммунизм» колхозын аралағанда Шой төбе деген жерді көрдік. «Гауһар ана» деген жерде жолда қалды. «Чапаев» колхозына барғанда 30 жылдық Қазақстан колхозы жолда қалды. Кентау өзі шағын, өзі сұлу қала. Байтасов – горкомның ІІ секретары. Руы Қоңырат, Саңғыл. Жүнісов горсоветтің бастығы. Кентаудың сол жағында бірнеше таудың сілемі жатыр. Оларды жергілікті жердің халқы: «Мың жылқы», «Қалмақ қамалған», «Қатын қамалған», «Келіншек», «Домбыра, Сырнай», «Шоқ тас» деп атайды екен. Түркістаннан Кентауға дейін «Құш ата», «Бүргем», «Қарашақ» өзені су диірмені сияқты жерлер бар. Ащысайға баратын темір жолды кесіп өтудеміз» деп, төңірегіне журналистік елгезектікпен қарайды.
Қалам ұстаған әр қазақ қызының жолы ашылуын қалады. Соның бір мысалын 1963 жылы Ғылым академиясында бүкіл дүниежүзі әйелдерінің Москвада өткен конгресіне қатысқан Моңғол әйелдерінің делегаттары мен Қазақстан әйелдерінің өкілдері алдында сөйлеген сөзінен көреміз. Қазақ совет әдебиетінде әйелдердің алатын орны мен қосқан үлесіне қатысты айтқанын ғана келтіремін: «Соңғы бес-алты жылдың ішінде шарықтап өсіп, шабытты жыр жазып, көзге түсіп жүрген ақынымыз Тұрсынхан Әбдірахманова. Тұрсынханның кәзірде екі өлеңдер жинағы кітап болып баспадан шығып, оқушыларынан жақсы баға, жылы орын тапты. Тұрсынханның келешегі зор үміт күттіреді. Оның өлеңдері тартымды, лирикаға толы. Алған тақырыбын еркін меңгере алатын ақын. Тұрсынхан жұртшылығымызға әншілігімен танылған қызымыз. Ол қазақтың халық әндерін сазды үнімен шебер орындайтын болса, өлең өнерінде шебер қиыстыратын ақын. Тұрсынхан сонымен қатар, әдебиет зерттеушісі. Қазақ совет әдебиетінің классиктері туралы жазылған мақалалары көңілге қонымды. Ол аспирантурада оқиды. Оның диссертациясының тақырыбы Жансүгіровтің лирикалары туралы. Ол еңбегін кәзірде аяқтауға жақындап қалды. Жас прозаик қызымыз Шәрбану Құмарова өз творчествосын қысқа әңгімеден бастады. Оның әңгіме, очерктері оқушы жұртшылығына өте ұнауда, өз авторын тез таныды. Құмарованың кітап болып шыққан әңгімелер жинағы «Қыз сыры» деп аталады. Құмарованың тілі жатық,көркем, сюжеті тартымды болып келеді. Соңғы кезде Құмарова қысқа-қысқа балладалар мен телекомедия жазып жүр. Бұл да жас автордың жан-жақты іздену үстінде еңбектеніп жүргенін аңғартады, сонымен қатар, қуантады. Жазушы болам деген адам оқудан, ізденуден жалықбауға міндетті. Жас ақындарымыз Бұғыбаева, Айтқожина, Байтанаева, Қунақова, Шалабаева, Сейілжанова, тағы басқалары тұңғыш жинақтарын оқушы жұртшылыққа ұсынды. Бұлардың бәрі де оқу, іздену үстінде еңбектенуде. Кәзіргі қадамдары жаман емес. Ал бір-бір жинақ жазушының шығар биігі емес, бірінші қадамы ғана екенін ескерткім келеді». Тұрсынхан шығармашылығы жайлы дүркін-дүркін көлемді мақалалар жариялады, архивінде Тұрсынхан жазған хаттар да баршылық. Осы әріптес сіңлісінің бір (50 жылдығы болса керек) мерейтойының дастарқан шығынын билік басындағыларға қайта-қайта барып, тегін өткізіп бергенін айтқаны есімде. Ұмытпасам, Бижамал Рамазанова көмектесті деген тәрізді.
Қaзақ семьясында 1917 жылы туған қарақалпақ совет ақыны Қасымова Марияммен алпысыншы жылдары жиі хат алысыпты. «Гүлжаһан», «Құрылысшы», «Науаи» атты поэмалардың авторы М.Қасымова орыс, өзбек тiлiнде жазылған шығармалармен қоса қазақ тiлiнен С. Сейфуллин, С. Мұқанов, М. Хакімжанованың өлеңдерiн қарақалпақ тiлiне аударған. Шығармалары 1934 жылдан бастап жариялана бастаған Мариям Қасымованың қазақ ақындарын жақсы танитынын Жұбан, Ізтай, Ғафу, Сағи, Қуандыққа хаттарында айрықша сәлем жолдайтыны аңғартады. Әмина Жәкетова, Тұрсынхан Әбдірахманованы сұрап сәлем айтады. Хаттарынан өмір жолын дұрыс таңдай алмағандықтан 1952 жылдан бері үш баласын жалғыз тәрбиелеп жатқанын, «Аму дарья» журналында бөлім меңгеруші екенін білеміз. «Біз де қазақ боламыз, қазақтың байұлы – алаш деген руымыз. Жалғыз інім бар. Ол осында областной газеттің отв.секретары болып істейді. Ата-ана ертерек өліп қалған…» деп жазыпты бір хатында. Апалы-сіңлідей хабарласып тұрған екі ақынның хаттары небір сырларға тұнып, толық жариялауға сұранып-ақ тұр.
Еліміздегі түрлі баспалардың өтінішімен жазған жабық рецензиялары да жетерлік. Мәселен, 1978 жылдың 15 қазанында «Жаңа талап, жас ақын қызымыз Жадыра Дәрібаеваның «Гүлжайна» атты тұңғыш өлеңдер жинағын сүйсіне, қуана оқып шыққанын жазыпты. – Жадыра білім бұлағынан мейірі қанғанша сусындаған, топшысын бекіткен, білімді ақын. Орыс-қазақ тілдерін меңгерген, екі арнадан қуат алған қуатты ақын. Өзінің туған халқы қазақтың әдет-ғұрпын, салт-санасын жете білуге, жетіспегенін жетілдіруге талпынатын қасиеттерін өлеңдерінен көреміз. Қазақ дәстүрін біршама білгеніне қанағаттанбайды. Мұндай қылықтары шолушыларын қуантады. Талапты да талантты ақын қызымыз іздену, зерттеу жолына енді ғана бетін бұрған десек, артық айтқандық болмас. Өмірдің астарын, өткеннің қатпарын, шындықтың шырақтарын енді өз көзімен көріп, өз ой елегінен өткізуде. Жадыра өзін сүйсіндірген құбылыстарды өзінше жырлайды… Жадыра әр түрлі тақырыпқа лайықты өлең жазады. Жазған өлеңдерінің ырғағы да әр түрлі. Оны игеруі де әрқалай. Отан, туған жер, табиғат көрінісі, махаббат сазы, жастық жалаулары, қуаныш құдіреті, мұңды наз, ана мейірін аңсау, тағы, тағылар». Осы ойларына нақты мысалдар келтіріп, жас ақынның кемшін тұстарына да тоқталады, талдайды. Тілі де маржандай төгіліп, келісті тіркестері автордың жыр шумақтарымен үндесе кетеді. «Өлең деген қасиетті ұғымда ұйқастан басқа да көптеген белестер, асулы қырлар, тереңнен тебірентер сырлар барын» ескертіп, «Осы бет алысынан танбаса болашақта өз орнын табатын ақын деп ойлаймын…қанатыңды еркін самғай бер, Жадыра!» дейді сеніммен.
Архивін ақтарғанда, Шолпан Иманбаевадан бастап Гүлнәр Шәмшиеваға дейінгі толқын өкілдерінің Мәриям апамыздың жылы лебізін иемденгеніне көз жеткізесің. Гүлнәр туралы жазғанын қуана оқыдым, үзіндіге ден қояйық:
«Қазақ әдебиеті» газетінің поэзия бөліміне. Сіздердің маған жолдаған жас ақын қызымыз, Қазгу-дың журналистика факультетінің 3 курс студенті Гүлнәр Шәмшиеваның бір топ жаңа өлеңдерін оқып шықтым. Білімді жастардың өлең жазуға талпынып талаптанғаны мен үшін зор қуаныш. Қанаты жетілмеген, қауырсыны қатпаған, қаламы төселмеген балғын ақын қызымыздың кейбір өлеңдерін оқығанда, кәдімгідей оты ойнап, ұшқыны жайнап тұрғандай әсер қалдырады, қуантады. Жаңа ой, жаңа тақырып, жаңа кесте, жаңа ұйқас, жаңа буын өлшемі әр өлеңнің шағын бойында жеткілікті екені байқалады. Гүлнәр өлеңді қысқа жазуды тәуір көреді. Неғұрлым өлең қысқа болса соғұрлым қиындығы да, жақсылығы да қатар жүретіні анық. Сондықтан да қысқа өлеңдердің кемшілігі мен кетігі тез көзге түсетіні шындық. Ақын қызымыз көп ойланып, толғанып жазады. Өзінше бағыт-бағдар іздейді. Ешкімге ұқсамаймын, ешкімді қайталамаймын деп тырысады. Мысалы, «Өлең» деген жырында: «От жырлардың домнасында балқығам, Өлең деген Есенин ғой шалқыған. Өлең деген буырқанған дария, Жағасына жетемін деп алқынам…». Гүлнәрдің бұл өлеңі не бары он алты-ақ жол, төрт шумақ. Осы төрт шумақ өлеңге ақын айтайын деген ойын, өлеңді қалай бағалайтынын, қалай жақсы көретінін сыйғыза білген». Одан әрі автордың сәтті өлеңдерінен мысал келтіріп, ойын түйіндейді: «Гүлнәр Шәмшиеваның келешегі бар ақын. Оның осы өлеңдерінің кейбірін топтап, «Жалын» журналына, «Лениншіл жас» газетіне ұсына отырып, кейбір лайықты деп тапқанын «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған жөн. Жазып жүрген ақындар мен ақын қыздарымыздан олқы түспейтініне сенемін». Жас ақынға кеңесін айтып, батасын беріпті соңында. Пікір 1977 жылдың 7 желтоқсанында жазылған.
Сара Мыңжасарова, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Мәрия Қарақонақовамен жақын араласты. Ханбибі Есенқараеваның Жазушылар одағына өтуін ерекше қадағалады. Рза Қунақова, Бәтима Батырбекова, Күләш Ахметова, Шырын Мамасерікова, Шәрбану Бейсенова, Сара Латиева… тізімді ұзақ жалғастыруға болады, бәріне көзқарасы жақсы еді. Орыс тілінде жазатын Ардақ Еженовамен сырласқан сәттеріне шейін көз алдымда.
– Менің қағаздарымды түптің түбінде сен ақтарасың. Мен туралы кітапты сен жазасың, ал ұмытып кетсең, аяғыңнан тартып, анда-санда есіңе салып отырамын, – дейтін, «сен» деген сөзге ерекше екпін беріп. Сол айтқан сөзі есімнен кетпейді. Қайтыс болғаннан кейін белгілі қоғам қайраткері Оразалы Қозыбаевтың көмегімен шағын екі кітап арнап шығардық. 100 жылдығына орай үш томдық шығармалар жинағын құрастырдым, жарық көрді. «Қазақстан» телеарнасында «Жарқын бейнесінің» түсірілуіне атсалыстым. Архивіндегі материалдардың толықтай кітап боп шығуы үшін жүгіргенімнен нәтиже жоқ. Бұлардың бәрін жүйелеп дайындауға шамам жетер емес. Мәриям апам туралы жазғандарымнан бір том шығар еді, егер қолдайтындар болса, оған арналған өлеңдердің өзі қаншама десеңізші!
Міне, апамның сол бір ауыз сөзінің де әсері шығар, шаң басқан қағаздарының арасынан қажет-ау дегенін іздеп, тақырыптарға бөліп дайындап, басылымдарға жанталаса ұсына бастағаным. Өйткені буылған, оралған қай папкасын ашып қалсаң да, ішінен құнды бір дерек, мәлімет, қызықты сыр, оқиға шыға келеді.
«Бір жапырағым менің, ел қамын ойлаған Едігем» деп, құшағына қысатынын қалай ұмытайын… Дәл қазір мен де архивімді ақтарып, 1995 жылғы күнделік беттеріне үңілдім: «5 февраль, жексенбі. Түнгі 11-де Зоя телефон соқты, жүрегім су етті. Мәриям апам инсульт алып, ес-түссіз көрінеді.
6 февраль, дүйсенбі. Таңертең Мәриям апама келдім. Қасында жалғыз өзім біраз отырдым. Маңдайынан, бетінен, иегінен сипап сүйіп, апа, апа деймін. Бет-жүзі оттай ыстық, қыр-қыр етіп жатыр. Қайран өмір, тұтас бір ғасыр ауып барады Мәриям апаммен, өзімен бәрі кетейін деп тұр-ау, қатты жыладым. Әмина тәте мен Шолпан деген сіңлісі отыр үйде. Екі тілегі бар еді апамның: (сүйегіне түскендер) таза жуса екен тәнімді, жоқтау айтса… соны айттым. Сара апама хабарластым, о кісіні апам жақсы көретін шынайы…
7 февраль, сейсенбі. Қайран апам, өтті өмірден. Дүние қаңырап бос қалғандай, жүрегім езіліп, көзден жас парлағаны-ай… Апама арналған сөздер еріксіз қағазға түсті. Түстен кейін соны «Егемен Қазақ-
станға» Жанатқа апарып бердім. Фариза апаймен кіріп шықтық, біраз кісілер жиналыпты. Орны толар ма жан апамның…Мәриям апамның құшақтап, еміренгені, сүйгені… анам еді ғой менің…
«Бар қазаққа ана еді ғой!» – Фариза апа жазғандай.