ӘН МЕН ӘНШІ
2-3 қараша күндері Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық академиясы, «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстанның халық әртісі, жезтаңдай әнші, ұлағатты ұстаз Мәдениет Ешекеевтің туғанына 80 жыл толуына арнап, «Бүлкілдер әнге салсам көмекейім» тақырыбында республикалық «Дөңгелек үстел» мен шеберлік дәрістер өткізілді.
Күміс көмей әншінің өмірі мен шығармашылығына арналған аталмыш шараның алғашқы күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының мұражайында өткен «Дөңгелек үстелден» бастау алды. «Дөңгелек үстелге» Мәдениет Ешекеевтің көзін көрген үзеңгілес достары, сабақ алған шәкірттері, музыка зерттеушілері мен дәстүрлі ән өнерінің орындаушылары қатысты. Модераторлық тізгінді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Стамғазиев қолға алып, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жарқын Шәкәрім, Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева, Пернебек Момын және ҚР мәдениет қайраткерлері Толғанбай Сембаев, Берік Омаров, Мұрат Әбуғазы, Талғат Мұқышев сынды өнер зерттеушілері мерейтой иесі туралы естеліктерімен бөлісті. Белгілі жазушы, журналист Жұмабек Табын:
– Провинцияда өмір сүріп, облыстың орталығында жүріп, астанадағы Жүсекеңдердің (Жүсіпбек Елебеков), Ғарекеңдердің (Ғарифолла Құрманғалиев), Манарбектердің (Манарбек Ержанов) деңгейіне жеткен екі-ақ әнші бар. Біреуі – Дәнеш Рақышев болса, екіншісі – Мәдениет Ешекеев. Бұл кісілер сонау облыс орталығында жүріп-ақ халықтың қалаулы әншісі, даңқты дүлділі бола білді, – деп атап өтті. Біртуар әншінің мерейтойы тұсаукесерсіз болмады. Қара шаңыраққа айналған өнер ордасының ректоры Б.Н.Нүсіпжанова Мәдениет Ешекеевтің «Сұржекей» атты жеке әндер (СD үнтаспа) жинағы мен «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының доценттері Рамазан Стамғазиев пен Мұрат Әбуғазының «Назқоңыр» атты халық әндері, халық композиторлары мен кейінгі композиторлардың әндерінің ноталық жинағының тұсауын кесіп, жүрекжарды тілегін айтты. Шараның жалғасы білікті ұстаз шәкірттерінің шеберлік дәрістері мен гала-концертке ұласты. Халық әншісінің 80 жылдық мерейтойы мұнымен шектеліп қалмайтынын ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман былай жеткізді:
– Мәдениет Ешекеев ағамыздың мерейтойына арнап «Сұржекей» деген кітап құрастырып жатырмыз. Оның ішіне ағамыз жәйлі 60-70 жылдардан бері қарай жазылған бүкіл материалдар мен естелік эсселер кіргізіліп отыр. 1994 жылы Мәдениет ағамыз Ғалымдар үйіне келіп, үлкен концерт берген. Сонда 28 ән айтқан екен. Соның менде он бірінің-ақ минусы бар еді. Енді толық табылды. Онан соң Мәкеңнің Абайдың әндерін айтқаны бар, біз білмейтін әндері бар. Міне, осының бәрін кітапқа жинақтап жатырмыз. Сонымен бірге, Мәкеңнің үнтаспа жинағын да қосып шығару ойда бар. Бұл үнтаспаға әндердің әрі аудиосы, әрі видеосы енгізілмек. Бұл енді алдағы уақыттың еншісінде. Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасы қызу дайындық үстінде.
Қазақ әнінің бір биігіне шыққан Мәдениет Ешекеевтің келер ұрпаққа қалдырған өнері өшпек емес. Десек те, осындай өнер айдынында жүзіп өткен асыл тұлғаларымызды қаншалықты бағалап жатырмыз? Осы уақытқа дейін қандай ауқымды шаралар ұйымдастырылды? Алдағы уақытта не ұйымдастырылмақ? Аталмыш сұрақтарды алға тартып, бүгінгі шараның басы-қасында жүрген өнердегі ағамыз Рамазан Стамғазиевті сөзге тартып едік:
– Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – Дәнеш Рақышев, Жүсіпбек Елебеков сынды арда азаматтарымыздың ізін жалғаған Мәдениет Ешекеевті халыққа насихаттау. Өнерін өшірмеу. Мәдениет ағамыздың өмірден өткеніне 20 жылдай уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында айтарлықтай не істелді деп ойлаймын. Өз туған жерінде (Семей қаласында) көше атауы берілген болатын. Ендігі ойымыз ағамыздың атына оқу орны немесе мәдениет үйлерін берсе деген тілектеміз.
Итальяндықтар әлемді операсымен таңқалдырған. Орыстарға ән айт десең, баянымен атып шығады. Кәрістер отыра қалып, самульнуриін қолға алады. Қазақтар ше? Қазақтың әншілігі өз алдына, күйшілігі өз алдына бөлек өнер. Сонау Біржан, Ақан, Әміренің айтқан әндері Алатаудың арғы бетіне де жеткен. Ән өнерінен кенде халық емеспіз. Бұл тұжырымды алтын дауысты Мәдениет Ешекеевтің 80 жылдық мерейтойы тағы бір дәлелдеді.
Маржан ӘБІШ.