ЭКСПО АЯСЫНДАҒЫ ТУРИЗМ
28.10.2016
2027
0

polsha2_584_438_95ЭКСПО – жаңалықтар алаңы ғана емес, сонымен бірге, жаңашылдық, инновация саласында сұхбаттасумен қатар, жалпыадамзаттық мәселелер бойынша ғаламдық диалогтарды дамыту мәселелерін де қозғап келеді. Міне, осылайша Халықаралық көрме – мемлекеттердің өзара түсіністігін орнатуға күш салып келеді.

Астана ЭКСПО-2017 көрмесі біздің денсаулығымыз бен қор­шаған орта қауіпсіздігін қамтиды. Экономикалық және әлеуметтік дамуды жылдам­да­туға қатысты адамзат алдын­дағы міндеттер мен мәселелерді ескере отырып, қуат тасымалдаушыларына жалпы, жаһандық көз­қа­рас­пен қарауға көмектеседі. Осы міндеттер мен мәселелердің сәтті шешімін табуы көптеген фактор­ларға байланысты болмақ.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының бұл айтулы көрмеде Қазақстанның мәдениетін, тарихы мен дәстүрін көрсетудің маңыздылығына ерекше мән беретіні де сондық­тан. «Отандық мәдениет қайрат­кер­­лері­нің өнер көрсетуіне басым­­дық беру керек. Мәдени-ду­манды шаралар көрме ау­ма­ғында ғана емес, бүкіл қалада өтуі қажет. Музей­лер, көрмелер мен театрлар қонақтарды ең жо­ғары деңгейде қарсы алуға дайын болуы тиіс. Мәдени-думанды шаралар жос­пары әлі күнге дейін келісілген жоқ. Барлық мемле­кеттік орган­дардың үйлесімді қызмет еткені керек, осы жұмыс­ты жеделдетуді тапсырамын», – деген еді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Расында, халықаралық аренада салмағы басым мұндай ме­рей­лі шараны өткізу жұмысы біз­дің елге сеніп тапсырылған екен, ендеше меймандардың бұл көрмемен таныстығы – қазақ елімен, оның мәдениетімен, дәс­тү­р-салтымен, рухани құнды­лықтарымен, таби­ғатымен таныстығы емес пе!..

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің біз үшін тағы бір ұтым­ды тұсы – отандық туризмді насихаттау десек, бұл шара аясында да бірқатар қадам жасалып жатқанын айта кету парыз.

Мәселен,  жуырда  ғана «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық ком­пания­сы және Қазақстанның Польша­дағы елшілігі Еуропаның аса ірі туристік көрмелерінің бірі – «World Travel Show» Халы­қа­ра­лық туристік көрмесіне қатыс­ты.

Аталмыш туристік көрмеге Қа­зақстаннан өзге 30 мем­ле­­кет қатысқанын айта кету керек. Көрмеге 50 мыңнан аса ықтимал туристер келді. Бұл шара – Президент Н­.­Ә.­Назарбаев­тың тамыз айындағы Польшаға мем­ле­кет­тік сапары барысында қол қойылған «Астана ЭКСПО-2017» АҚ және Польша туристік палатасы ара­сындағы Ынтымақ­тас­тық туралы меморандумды іске асыру шең­бе­рінде Польша турис­тері мен қонақ­тары арасында қазақ­стан­дық ту­рис­тік бағыттар­ды танымал ету бо­йынша Польша тарапымен бір­лесіп жасалған алғашқы қадам.

Польша жұртшылығы мен Вар­шава қонақтарына қазақстан­дық павильон Астана ЭКСПО-2017 жобасын, қазақтың туристік інжу-маржандарын, сонымен қатар, Қазақстанның қазіргі за­манғы туристік бағыттарын таныстырды. Көрме барысында «Астана ЭКСПО-2017» өкілдері мен қазақстандық туроператорлар польшалық ірі туроператорлармен бірлескен ынтымақтастық туралы ұсыныстарды талқылады, Қазақстанға туристерді көп тарту мақсаттарында Поль­ша­ның туристік бизнесінің өкілде­рімен байланыстар орнатты. Польша  туристік палата­сы­ның Вице-Президенті Дариюш Войталмен «Астана ЭКСПО-2017» АҚ қолдауымен Польшаның жетек­ші туроператорлары үшін Варшавада арнайы роуд-шоу және Қазақстанға ақпараттық тур ұйым­дастыру туралы келі­сім­ге қол жеткізілді.

Польша мен ЕО азаматтары үшін анағұрлым қолайлы турис­тік жағдайлар жасау үшін 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақ­стан Үкіметі Польша азаматтары үшін 30 күнтізбелік уақытқа визасыз қабылдау тәртібін енгізе­ті­нін айтуға тиіспіз. Қа­зақс­тан­ның және Польшаның әуе жол­­дарын басқарушылар, сонымен қатар, Польшаның LOT ұлт­тық әуе желілері келесі жыл­дың бірінші жартыжылды­ғын­да Варшава мен Астана арасында тіке­лей тұрақты әуе рейсін ашу үшін келіссөздер жүргізіп жатқа­нын атап өту керек.

Жалпы, ғаламдық жаңалық­тар­дың, технологиялық мүмкін­дік­тердің, заман ағымына сай өнер­табыстардың бары мен жо­ғын паш ететін басты алаңына айналған Халықаралық көрме – ЭКСПО-ға тек қана өнертап­қыш­тар, ғалымдар, осы сала ма­ман­дары ғана қатысады деп жеңіл ойлаудың өзі дұрыс емес. Осы күнге дейін өткізіліп келген Бүкіл­әлемдік көрмелер тарихына көз жіберсеңіз, дарынды ақын­дар, жезтаңдай әншілер, қаламы сиқыр сурет­ші­лер, мүсіншілер, заманауи фотографтар – көптеген өнер адамы ЭКСПО көрмесіне қалмай қатыс­қанын байқауға болады. Мәсе­лен, көрменің арғы-бергі тарихында Вагнер, Штраус, Верди сияқты таңғажайып композиторлар мұндай көрмелерге арнап арнайы музыкалық шы­ғармалар да жазыпты. Мане 1867 жылы Париждегі Бүкіл­әлем­дік көрме­нің суреттерін сал­са, Дали 1939 жылы Нью-Йоркте сюрреализм павильонын рәсімдепті, ал Пикассо 1937 жылы Париждегі көр­меде XX ғасырдың символына айналған «Герниканы» ұсын­ған екен. Бұ­лардың қатарына әсем даусымен көрме қатысушы­ла­рын баурап алған әнші Әміре­нің әнін қосыңыз.

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы да халықаралық көрменің әлемдік өнер үшін жасалуы тиіс жолдарын да қарас­тыру­да. Мәселен, «Астана ЭКС­ПО-2017» Ұлттық компаниясы National Geographic-пен бірге арнайы жоба жүзеге асыруда. Ол жоба туралы компанияның Іл­ге­рі­лету және туризм департа­мен­тінің директор орынбасары Роза Асанбаева, «National Geographic Traveler» бас редакторы Ольга Яковина және Ілгерілету және туризм департаментінің бас менеджері Даниел Сержан­ұлы­ның қатысуымен болған баспасөз мәслихатында белгілі болды.

– «Халықаралық National Geographic Travel Awards» жүлдесі туризм саласының өзіндік Оскар сыйлығымен пара-пар. Биыл жүлде серіктесі Қазақстан, ЭКСПО-2017 атанды. Бұл қазір Қазақстандағы әлеуеті мейлінше зор бағыт. Оған деген қызығу­шы­лық күн санап арта өсуде. Сондықтан біз Халықаралық, ре­сейлік туризм мен саяхат туралы жетекші басылым ретінде оған назар аудармай тұра алма­дық», – дейді баспасөз мәсли­ха­тында Ольга Яковина.

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы National Geographic-пен бірлескен арнайы жоба аясында екі байқау өтеді. Бірі – «Қазақстан – жаңа ашылым уақыты», екіншісі – «Қазақстан – болашақ энергиясы».

«Қазақстан – жаңа ашылым уақыты» маршруттар байқауы 8 қыркүйек пен 6 қараша аралы­ғында өткізілуде. Бұл байқауға қатысқысы келетіндер nat-geo.ru порталына Қазақстанның көрікті жерлері туралы өз оқиғаларын жолдауларына болады. Қазіргі күннің өзінде байқауға 26 өтінім келіп түскен. Бас жүлде иегері ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­­дандырылған көрмесіне жол­дама алады. Сонымен қоса, бас жүлде 17 қараша күні Мәскеу қала­сында өткізілетін National Geographic Traveler Awards 2016 салтанатты шарасында табыс етіледі.

«Қазақстан – болашақ энергиясы» фотобайқауы 28 қыр­кү­йек­те басталып, 28 қазанға дейін өткізілді. Оған қаты­самын деу­ші­лер де nat-geo.ru сайтына Қазақ­станның суреттерін жол­даған болатын. Байқау әділ­қа­зылары ең үздік жұмыс иелерін 1 қараша күні атайтын болады. Жеңімпаздың еңбегі National Geographic-тің әлеуметтік желі­лерінде жарияланады. Сон­дай-ақ, жеңімпаз National Geograp­hic командасы және шеф-фотограф Андрей Каменевпен бірге 2017 жылдың мамыр айында Қазақ­стан­ға фото­экспедиция­ға бара алады.

Халықаралық көрмені өт­кізу – болашаққа қадам жасау­дың жаңа бір белесі. Прогресс пен өндірістік дамудың көрінісі болып табылатын көрмелер өзін қабылдайтын елдердің болашақта табысты дамуының кепіліне айналатынын ескеріп, 2017 жылы Астанада өтетін Халықаралық көрменің де өз ерекшелігі, айтулы жаңалығы, өшпес естелігі бола­тынына сенеміз…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір