МУЗЕЙДЕГІ ҚОС КӨРМЕ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде 26 қазан күні 1916 жылғы көтерілістің 100 жылдығына арналған «Қазақ көтерілістері. Азаттық мұраты» атты көрме ашылды.
Бұл осы мұражайдағы 1916 жылғы көтерілістің 100 жылдығына арналған тұңғыш көрме. Қазақ халқы тәуелсіздікке оңай жеткен жоқ. Тәуелсіздік алғанға дейін қазақ халқы сан түрлі тарихи кезеңді басынан өткерді. Соның бірі осыдан 100 жыл бұрын болған «1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс». Аталмыш қозғалыс Қазақстан мен Орта Азияның барлық аймақтарына таралды.
Көрменің мақсаты – көрмеге келушілерді 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің Жетісу мен Торғайдағы негізгі ірі орталықтарымен таныстыру.
Көрме Жетісу мен Торғай көтерілісінің жетекшілері мен қатысушыларының қызметін жан-жақты ашуға бағытталған үш бөлімнен тұрады.
«Жетісу көтерілісі» деп аталатын бірінші бөлімде патша әскерін жазалау операцияларына қатысты мұрағаттық материалдар мен Қазақстан Орталық мемлекеттік музейі қорынан алынған көтеріліс қатысушысы – Тоқаш Бокиннің жеке кешенінен алынған фотоқұжаттық материалдар ұсынылады.
«Торғай көтерілісі» атты көрменің екінші бөлімінде көтеріліс жетекшілері мен оның қатысушыларының тарихи ролін айғақтайтын фотоматериалдар қойылмақ. Аталмыш бөлімдегі ерекше орынды Торғай көтерілісінің жетекшілері – А.Иманов пен Ә.Жангелдиннің жеке кешендерінен алынған фотоқұжаттық материалдар алып отыр. Көтеріліс жетекшісі А.Имановтың ұстанған жеке заттары (атыс қарулары мен суық қарулары, ұсталық инструменттері); Ә.Жангелдиннің «Книги путешественника вокруг света Н.Степнова он же Али-Бей Джангильдин» еңбегінің түпнұсқасы көрмеге келушілердің қызығушылын тудырары анық.
«Ұлт-азаттық көтеріліс кино өнері әлемінде» атты үшінші бөлімде «Амангелді» кинофильмі мен Қазақ академиялық театрының спектакльдерінен алынған эпизодтарының фотоматериалдары ұсынылады.
Көрмеде алғаш рет Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің материалдары, Торғай музейі мен А.Иманов мемориалды музейі кешендері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі, Орталық ғылыми кітапхана қорының кітап басылымдары көрермендер назарына ұсынылады.
Ал 3 қарашада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Ермахан Бегеновтың «Ұлы дала елі» атты жеке көрмесі ашылады.
Е.Бегенов шығармашылығының өзгешелігі – өзін халқының поэтикалық мәдениетінің мұрагері ретінде сезініп, мифологиялық бейнелерді көрнекі етіп, ұлттық тұрғыда сипаттама беретіндігінде. Бегенов өз туындыларында қазақтың кең байтақ жерін, аңызға айналған қастерлі өлкелері мен қасиетті мекендерін бйнелейді. Соңғы жиырма жыл ішінде суретші Бурабай, Қаратау, Үстірт сияқты ұлттық қорықтардың сегізінде болып, нәтижесінде туған жердің тарихи көркемдігін суреттейтін туындылар топтамасын жасады.
«Ұлы дала елі» көрмесінде суретшінің 80-нен астам картинасы халық назарына ұсынылады. Экспозиция мазмұны автордың еліміздің тарихындағы ерекше мекендерді терең зерттегендігін көрсетеді. Көрмеге қойылатын жұмыстарда автор тек туған жердің әсемдігі мен өзгешелігін сипаттап қана қоймай, кескіндік-пластикалық пішіндерде еліміздің қасиетті жерлерін ұтымды көрсеткен.
Көрмеге келушілер автордың «Сары-Арқа – шалғын дала», «Қорғалжын көлдері», «Баянауылдың қасиетті әулие тастары», Түркістан сериясынан: «Қаратау күнгейі», «Хан тағы», «Мыңжылқы» және «Ақсу-Жабағылы» құздары сынды т.б. жаңа жұмыстарымен таныса алады. Суретшінің «Абылай хан алаңы», «Балуан Шолақ үңгірі», «Ақ-Бота», «Оқжетпес» тәріздес 50-ден астам туындысы Бурабайдың көрікті орындарына арналған.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.