ПЕТР I ПАТШАНЫҢ ІЗІМЕН…
немесе
«ЖІГІТІМ, БҰЛ САТҚЫННЫҢ СҮЙІСІ ЕМЕС!»
Әңгіме
Ол – Париж бұрын көрмеген, шетелдік ең үлкен,
аса зор, мәртебелі қонақ болып саналады.
А.Рамбо.
Жанар ӘБДІШОВА
Корольдардың сарайы (резиденциясы) − жер жүзіндегі ең сұлу, ең салтанатты, ең еңселі ғимарат Версальдың елу жылға созылған құрылысы аяқталып, Франция королі Людовик XIV-нің король резиденциясын, бүкіл үрім-бұтағын, айналасындағы ақсүйектерімен көшіріп апарып, орналастырып, атағы жер жарып, мейманасы асып тұрған кезі.
Бес жасында таққа отырған жас король кәмелетке толысымен, барлық көмекшілерінен бас тартып, билікті өз қолына алады. Міне, сол кезден бастап, Франциядағы өмір мүлдем жаңа, жарқын бағытқа бет бұрады.
Ол сауда-саттық жұмыстары дұрыс жолға қойылған, экономика, флот, өндіріс орындарының жұмыстары дамыған, бірлігі мықты, өркениетті, атағына көркі сай, күшті мемлекет құруды алдына мақсат етіп қояды.
Айналасына талантты, білімді, дарынды, іскер адамдарды жинап, бала кезінен «Құдай Берген» (Луи-Дьедонне), «Күн–Патша» (Луис) деп аталған король жетпіс екі жыл патшалық құрған кезінде, сол алдына қойған мақсатын орындап, арманын толық іске асырады.
Тарихшылар Луис XIV басқарған уақытты «Ұлы ғасыр» деп атайды.
Ол тақта отырған кезінде өнер, ғылым, білімнің барлық түрі ерекше гүлденіп өркендеп, өнеркәсіп, сауда-саттық дамыды. Францияның әскери күш-қуаты артып, елдің бірлігі нығайып, саясаты тұрақтап, флот жұмысы жанданды. Қорғанысы нашар елдерге басып кіріп, жерінің аумағын кеңейтті.
Әрине, осының бәріне қаражат керек еді… Салық көлемі көбейді, қарапайым халықтың тұрмыс-жағдайы төмендеп, жоқшылық, қайыршылық көрді. Наразылықтар, бас көтерілулер көп болды. Бірақ бәрі ұшықпай тұрғанда, дер кезінде басылып отырды.
Сол кезде онымен қатар дебейлесіп, тайталасып, бақталасып, дамып келе жатқан басқа мемлекеттердің патшаларының және корольдарының құлағына Луис XIV-нің армияға жасаған реформалары, кішкентай аңшы үйінің орнына аты аңызға айналған сұлу Версальды салуы, ақсүйектердің сарайда тұруы, әрі атқаратын қызметтерінің болуы – үлкен жетістік, әрі жоғары құрмет екені, олардың өздерін ақсүйекше ұстау, сөйлеу, киіну, тамақ ішу, қарым-қатынас мәнерлерінің (этикет) қалыптасуы, орта буын өкілдерінің тұрмыстарының жақсаруы – бәрі, бәрі жетіп, іштерін күйдірсе, оның жаман қылықтары да, осал жақтары да көп сөз болатын.
Екі қасиетіне де тұстастары еліктейтін…
…Осылардың біреусі – Ресейдің соңғы патшасы, әрі бірінші императоры – Петр I еді. Оның жасы сол кезде қырық төртте болатын. «Қайтсем, Ресейді өркениетті, мықты, ықпалды, бай, әрі күшті «Ұлы Россия» жасаймын!?» деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, қар жастанып, мұз шайнап, екі иығын жұлып жеп жүрген кезі…
Ол Луистың елін өркениетке сүйреген ерлік істерімен қатар, қоғамға өз ықпалдарын жүргізген, тіпті залалы да тиген, көптеген ашыналарынан, яғни фавориткаларынан (сүйіктілерінен)… әрі олардан туған некесіз балаларына да үлкен қамқорлық жасалынып, білім алып, Жоғары мәртебелі ақсүйектерше тәрбиеленіп жатқанынан хабардар еді… тіпті оның жуынғанды жек көріп, өмірінде екі-ақ рет суға түскенін, бірақ күніне он шақты рет мұрнын жуатынын жақсы білетін.
Әсіресе, оны Луис XIV-нің ең соңғы фавориткасы Франсуаза д-е Обинье маркиза Ментенонның өмірі қатты қызықтырған…
Жиырма бес жасында күйеуі ақын Скаррон қайтыс болып, жесір қалған Ментенон бетегеден биік, жусаннан аласа болып, елеусіз ғана өмір сүріп жатқан. Күн-Патшаға некесіз, он шақты бала туып берген, осы жерге жету үшін жолындағы талай әйелді зар қақсатып, улап өлтіріп, жала жауып, қара дуамен айналысып, жеңіске жеткенінде, Антенанс д-е Монтеспанның жасаған қылмыстары ашылып, сарайдан аластатылады.
Сол кезде олқалып бара жатқан балаларын тәрбиелеу үшін, осы қарапайым ғана, діндар, қатал, ақырын сөйлейтін, жасы қырық сегізге келіп қалған, көп білетін, сыпайы, «оқымысты» әйелді Версальға алып келеді.
Балалар оны бірден жақсы көріп, кейін «мама» деп атап кетеді.
Айналасындағы тышқанның жорғалағанына шейін біліп отыратын король некесіз балаларын тәрбиелеп жатқан, сарайдағылар «қара жамылған әйел» деп атап кеткен бұл адам туралы естиді. Оларды көру үшін келген сайын мадам Ментенонмен сөйлесіп жүреді.
Сөйлескен сайын талай әйелдердің жүрегін жандырып, махаббат «торында» талай аунақшыған, талай гүлдің иісін иіскеп, шырынын армансыз жұтып, аздап саябыр тапқан, тояттаған көбелектей болған Күн-Патша жасы қырық беске келгенде балаларын бағып жүрген маркиза Ментенонның ақылды, мағыналы, ойлы сөздерін естіген сайын естігісі келіп, қасына жіпсіз байланып, айналшықтап шыға алмай қалады, жанына майдай жағады.
Жапырағы мәуелеген, көлеңкелі, үлкен ағаштың түбінен сая тапқан, шөлдеп қаталаған, ұзақ жолдан шаршаған, қажыған жолаушыдай оның қасында тыншығып, жаны жай табады…
Ментенон Күн-Патшаның бұрынғы барлық «қызық-шыжығы» төсектің айналасында ғана болатын фавориткаларына мүлдем ұқсамайтын.
Оның кез келген сарай сұлуларынан, тіпті көптеген өзінің шашбауын көтеріп жүрген ақ сүйектерден, замандастарынан ақыл-ойы, өмірлік ұстанымы, білімі, көзқарасы жағынан көш ілгері екенін бірден байқайды.
Ол кейде күні бойы Ментенонмен сарай төңірегіндегі мәселелермен, мемлекеттің ішкі, сыртқы істері, әдебиет, мәдениет, ғылым, білім, өнер, дін, шіркеу, отбасы, бала тәрбиесі… – барлық салада әңгіме-дүкен құратын.
Бірден іске асып, осы әңгімеге арқау болған жұмыстардың оң бағыт алып, Францияда ғылым, білімнің, әдебиеттің, өнердің, мәдениеттің, сәулет өнерінің гүлденуіне, өнеркәсіп, сауда-саттық істерінің дамуына, Версальдың залдарының көздің жауын алатындай жоғары талғаммен жабдықталуына, Париждың аббаттануына маркиза Ментенонның көп ықпалы болыпты.
Ол Версальға келгелі араласпаған жұмысы қалмайды. Мемлекеттік жұмыстар туралы құжаттар келгенде, оны мүлдем қызықтырмайтындай, немқұрайды түрмен қарап, қателерін түзеп, толықтырып, үн-үнсіз жазып беретін. Франсуаза Ментенонға риясыз сенетін король ол қараған қағаздарға тексермей-ақ, бірден қолын қойып береді екен.
Версальдағы өткен күндерінде корольдың ең сенімді фавориткасы, кейін жұбайы болған бұл әйел сексен томдай құжаттар жазған. Соның осы күнге жартысы-ақ жетіпті.
Ол кезде Күн-Патшаның әйелі Мария-Тереза тірі болатын.
Көп жылдан бері дін қызметкері корольді отбасылық парызын, жұбайлық міндетін орындауы керек екенін айтып, қанша иліктіргісі келсе де, Луис XIV оның сөзін маса шаққандай көрмеген… Ментенонның сөздерінен кейін ол әйеліне көңіл бөліп, жанашырлықпен қарай бастайды.
Бірақ көп ұзамай Мария-Тереза қырық бес жасында қайтыс болады.
Өмір бойы ішін күйдіріп, қан жылатқан көз жасын да, қызғанышын да, өкпесін де ішіне жұтып, күйеуінің қорлығына да, мазағына да шыдап, үнсіз бағынатын, қарсылықсыз көнетін, қасында осылай өмір бойы жүре беретіндей көрінген Құдай қосқан қосағы өлгенде Луис қатты қайғырады.
Өзімшіл король бәрін күтсе де, одан осыны күтпеп еді… Біраз уақыт есін жинай алмай қалады.Күш-қуаты тасып тұрғанда, жар төсегінен жерігенімен, ол да әйелін «өзінше» «сүйетін». Оны өзінің ең бір қымбаты, ең бір қажет, өте керекті атрибутындай қабылдайтын.
Король маркиза Ментенонға «үйленейік!» деп ұсыныс жасайды.
Араларында махаббат деуден гөрі үлкен сыйластық, жан үндестігі, ақыл-ой үндестігі, бір-біріне көңілі толған сезім үндестігі, іскерлік үндестігі пайда болып, бірін-бірі толықтырған екі ұлы тұлға – бөлек тұрудың еш мәні жоқ екенін сезіп, әйелінің жылы өткен соң, жасырын некелерін қидырады.
Людовик XIV-ші қара киінгенді ұнатпайтын, енді мадам Ментенон көбіне көкшіл, тағы басқа ашық түсті киімдер киетін болған.
Өзінен үш жас үлкен Ментенон екеуі жұптары жазылмай, ақсүйектердің ырду-дырду өмірлерінен оқшауланып, оңашаланып, отыз екі жыл бойы Сен-Сиреде тату-тәтті, бақытты, тыныш өмір сүреді.
Петр I корольдің көзі тірісінде онымен кездескісі келген.
Көптеген тарихшылардың айтуынша, Петр I-нің қолы тимеді ме, жоқ әлде Күн-Патшаның өзі кәрілігін, болмаса экономикалық қиыншылықтарды алдыға тартып, қабылдамады ма… ол жағы белгісіз. Әйтеуір оның құйысқаны Людовик XIV-і жетпіс жеті жасқа келіп, өмірден озғанына екі жыл өткенде ғана (1717 жылы) көтеріледі. Бұл кезде оның шөбересі, бес жасар Людовик XV немере ағасы регент (басқарушы) Филип Орлеонскийдің қамқорлығына алынып, таққа отырып еді.
Айналаны көріп отыру үшін (сәуір-маусым айларының аралығында) өзі жасаған кішкентай «үйін» каретаның орнына «бекітіп», «ерекше экипажбен» қасына үш жүздей салт атты әскерін (гренадерлер), аудармашыларын, тағы басқа қызметшілерін, азық-түлігін, арағына шейін алып, Европаны көру үшін көктем шығысымен жолға шығады.
Жол-жөнекей Копенгагенді, Голландияны аралайды. Олардың көпірлерінің қалай салынғанына, жолдарының қалай жасалғанына, үйлерінің құрылысына, қойылған ескерткіштеріне көп көңіл бөледі.
Осы сапарында Петр европалықтардың «Ресей – өркениеттен мақұрым қалған, қараңғы ел» деген пікірін жоққа шығарады.
Францияға келмей тұрып, Петр I орыс тыңшылары алып келген кітаптардан, гравюлардан французша дұрыс білімі болмағандықтан оқып толық түсіне алмаса да, суреттерін әбден көріп, олардың аспанмен таласқан, аллегориялық мүсіндерімен, ғимараттарымен, шіркеулерімен, таспен өрілген көшелерімен танысып, инструменттерін көріп, зерттеп, бәрін біліп барады.
Күн-Патша қайтыс болған соң, Франция мен Ресей арасында бұрынғы тоң-торыс қабақтың мұзы еріп, жылымық қарым-қатынас пайда болады.
Бұл кезде Ресей өзін Ұлы держава екенін танытқан кезі еді.
Петр I Францияға барған сапарында өркендеген осы ел Швецияға қарсы соғыста өздерімен одақтас болғанын қалаған, әрі қаржылай көмек дәметкен… сосын Прибалтика жерін иемденсе, Франция қолдау көрсетсе… деген дипломатиялық мақсаттарымен келген… Әрі қызы Елизаветаны король Луис XV-ке беріп, Версальдың иесі болса деген арманы да бар еді…
Сонымен мамырдың жетісі күні күн батып бара жатқанда, Петр Парижге келеді. Оның өзі жасаған «қызық» экипажына күдікпен қарап, қарсы алған француздар «қинала-қинала» сенімсіздікпен, әрең қасына ереді.
Герцог Орлеанскийдің бұйрығымен астанада ресми қабылдау болады.
Кешкі сағат тоғыздарда Луврға алып келеді.
Петр I-нің құрметіне осы ғимаратта орналасқан, корольдің шешесінің апартементінде мадам Ментенонның Күн-Патшаға арнап жасатқан, «дүниежүзіндегі байлықтың эталонындай ең әдемі төсекті» қойып, орын даярлайды. Тағы бір қанатында, алтынмен апталған, күміспен күптелген аспалы шамдары мен жиранделяларында мыңдаған балауыз шамдары елбіреп жанып, күн шыққандай жарқыраған, ең әдемі залдарының бірінде алпыс адамға арналып жасалған алтын ыдыстар қойылған, ең үздік шеберлердің, аспаздардың қолынан шыққан неше түрлі тамақтарға, сусындарға толып, қайысып тұрған бай дастархан жайылады.
Петр I патша кіріп, әр тамақтан бір ауыз тигенсиді. Виноның бес түрінен ішіп көреді, екі стақан пиво ішеді. Сосын қара нан мен шалқан сұрап жейді де, орнынан тұрады.
Мына байлық, көзді қарықтырған мына жарқыл, ертегі еліндегідей еліктіретін мына сұлулық оны таңқалдырмайды…
Жататын орынды көріп, «өте үлкен, жайсыз!» деп, Луврда жатқысы келмей, екінші даярланған, маршал де Вильруаның жекеменшік үйіне келеді.
Ол – Ледигьер қонақ үйі еді. Бұл үйдің қасында өзен ағып жататын, әрі алдында «Арсенал» деп аталатын бақ бар еді. Бұл жердегі ұйықтайтын бөлме де ұнамайды… «үлкен!» деп жорыққа шыққанда алып жүретін төсегін алдырып, киім шешетін бөлмеге кіріп, сол жерге қойдырып, жатады.
Петр I «Король өзі келсін!» деген шарт қойып, Ледигьер қонақ үйінен шықпай жатады. Екі күннен кейін оның айтқаны қабылданып, оныншы мамыр күні Франция королі Людовик XV марш ойнаған оркестрдің қолпаштауымен, уәзірлерін (регент) ертіп, салтантты шерумен келеді.
Петр I аулаға шығып, жеті жасар корольді өзі қарсы алып, өзі сол жағында жүріп, екі кресло даярланып қойған бөлмеге кіреді. Петр I оң жақтағы арқалығы биік креслоға отырады. Ол корольға арналған кресло еді… амалсыздан екіншісіне Людовик XV-i отырады.
Петр I корольдің оң жағында жүру және отыру этикетін сақтамайды.
Таққа бес жасында отырған, бұл кездесуге әбден даярланған, сөйлейтін сөзі үйретілген, өзіне жүктелген барлық жауапкершілікті сезінген, жіп-жіңішке қастарын түйіңкіреп, аузын бұртитпауға тырысып, корольға лайық сән-салтанатын сақтап, тым байсалды көрінгісі келген, опаланған, боянған, жасанды шашы бұйраланған, ақсүйектерше тәрбиеленген, қуыршақтай болып киінген кішкентай король және… «жабайы дәу» сияқты болып көрінген, бойы екі метрден асатын, шашы жал сияқты иығына түскен, маңлайы ашық, қасы қалың, аласы аз, үлкен көздері аздап қызарыңқыраған, осы аз уақыттың ішінде париждіктердің арасында «орыстың аюы» деген «атақ» алған патша Петр I екеуі бір сағатқа жуық әңгімелеседі.
Петр I корольді баласынбай, терезесі тең дәрежеде, аса бір сыйластықпен, көтеріңкі, ашық-жарқын, қуанышты дауыспен сөйлеседі.
Қоштасып шығып бара жатқанда (Сен-Симон да солай жазады), өте жақын тұрған Дюбуаның сөзіне сенсек, Петр I-i король Людовик XV каретасына жақындағанда, баланы жерден көтеріп алып, аспанға лақтырып, құшағына алады да, жоғары көтеріп, бетінен сүйіп: «Сир, это не поцелуй Иуды!», («Сир, бұл сатқынның, екіжүздінің сүйісі емес!»), – дейді.
Кішкентай король бұндай «қабылдауға» даяр болмаса да, түк те қорықпайды да, ештемеден шошымайды да.
Бірақ Петр I этикетті сақтамай, бүкіл Франция үмітін артып, бетіне қарап отырған, жалғыз мұрагері – «Сүйіктілерін» «допша лақтырып», қағып алып, бетінен сүйгені − оның өміріне жауапты адамдардың есін екеу, түсін төртеу қылып, наразылықтарын тудырады. Алдындағы этикет бойынша өзіне арналған креслоға отырмай, корольдің орнына отырып алғанына «мырыңдап-ғырыңдап», қитығып тұрғандары оның мына «қылығының» қасында түк болмай қалады.
Бірақ Петр I патшаға бәрі жарасатын, себебі, ол бір Құдайға және өзінің қолынан бәрі келетініне Құдайдай сенетін… күші тасып тұрған кезі еді.
«Ұлы ғасырдың», Людовик XIV-нің тірі қалған жалғыз «көзіндей» болған мадам Ментенонды көру үшін Сен-Сир монастырына барады. Ол сол жерде ақсүйектердің қыздарын оқытатын мектеп ашқан еді.
Бұл ақылды әйел туралы көп естіген Петр I (пиетет испытал) оны қатты сыйлайтын. Бірақ Ментенон сырқаттанып тұрғанын алдыға тартып, кездесуден бас тартады… кәрілік «айғыздаған» түрін патшаның көргенін қаламайды. Бұл Петр I патшаны тоқтата алмайды. Ол мадамның бөлмесіне кіріп, амандық-саулықтан (дискурс) соң: «Ауырып жатырсыз ба?» − дейді. «Иә», – деген жауап естіген соң. – «Қай жеріңіз ауырып жатыр?», – деп сұрайды. «Дәрменсіз кәрілік…», – деп жауап береді сексенге келген Ментенон. Петр қоштасып шығып кетеді.
Ұлы корольді діндар, адам баласына мейіріммен қарайтын, отбасына адал адам етіп, өмірін түп тамырымен өзгерткен мадам Ментенон сексеннің сеңгірінен асып, кәріліктен 1719 жылы қайтыс болады.
Сонымен Францияның «Ұлы ғасыры» да аяқталады…
…. …. …. …. …..
Ертесінде әйелі Екатеринаға «Өткен дүйсенбі күні корольдың қабылдауында болдым. Оның бойы біздің сарайдағы ергежейлі Лукадан екі-ақ елі биік. Бірақ өз жасына лайық емес өте ақылдылығымен, ұстамдылығымен, сүйкімділігімен мені таңқалдырды», – деп хат жазады.
Сол күні Петр I-ді Париждің атақты он екі магистраты қабылдайды. Король кешке оның құрметіне сағат бестерде Тюильриде салтанатты қабылдау ұйымдастырып, гвардия жасағын, әскери оркестрді шақырады.
Ауызекі әңгімелесіп, баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда, Петр Людовик XV-i қолына көтеріп алады да: «Барлық Францияны көтеріп келе жатырмын!» («Всю Францию на себе несу!») − деген екен.
Кейін Петергофтың салынғанына үш жүз толғанда, (Санкт Петербург. 2005 ж.) Петр I патшаның құрметіне Нижний паркінде скульптор Н.Карлыхановтың жасауымен, Людовик XV-і қолына көтеріп тұрған «В моих руках вся Франция!» деген жазуы бар мүсіні қойылады.
Негізінде Н.Карлыхановтың бұл монументі соғыстан кейін жоғалып кеткен скульптор Р.Л.Бернштам жасаған «Петр I кішкентай Людовик XV-i көтеріп тұрған кезі» деген ескерткішінің көшірмесі болып саналады.
Петр I патша Парижды өз бетінше аралап, бәрін өз көзімен көреді, көңіліне өзіне керектіні мықтап «тоқиды». Мата тоқитын, бояйтын мануфактуралардың бәрін аралайды. Крестьяндардың кедей өмірлерін көреді. Корольдердің атты мүсіндерін, үйлердің, көпірлердің қалай салынғанын көргенде, қолынан қағазы мен қарындашы түспейді.
Әсіресе, сәулет өнерінің кереметтері, орталық алаңдардағы король Людовик XIV-нің атты мүсіндері қатты қызықтырады. Осы сапарға шығардың алдында, орыс әскерінің шведтерді жеңгенінің құрметіне өзінің атты мүсінін скульптур Растреллиге жасатып жатыр еді. Сондықтан олардың қалай жасалатынын Луврдың астындағы қару-жарақ қоятын қойма ғана емес, мыстан ескерткіштер, аттың мүсіндері құйылатын үлкен шеберханалар бар болатын, соған арнайы барып көреді.
Көргендерінің бәрі көкірегіне түйіліп, санасында жатталып, Нева өзенінің жағалауындағы құрылысы 1703 жылы мамыр айында басталған «Санкт-Петербургті осы қаладан артық қылып сәулеттендірсем, аббаттандырсам, гүлдендірсем, ерекше ескерткіштер қойдырсам, көшелеріне осылай тас төсеттірсем» деген ойға жетелейді.
Ағаш ұсталарының шеберханаларын көріп, сөйлесіп, оларға өз өнерін көрсетеді. Мүгедектер үйінің сызбасын көреді, салынып жатқан ол жерге де кіріп, асханасынан дәм татады, бәрімен терезесі тең адамша сөйлеседі.
Француз армиясының парадын көрсеткенде, біткенін күтпей кетіп қалады. Көңілі толмай қасындағыларға: «Солдаттар емес қуыршақтар, сап түзеп жүрудің орнына билейді!» − дегендей сөздер айтады.
Сегізінші маусым күні Париждегі Ғылым академиясына барады. Ғалымдардың әңгімесі оны қатты қызықтырады. Көп сұрақтар қояды, олардың берген жауаптары көңілінен шығып, риза болады.
Әділет сарайына барады. Патша кедендік кітапханада тұрған глобустан Каспий теңізінің дұрыс түспегенін байқап, өз қолымен түзетеді. Осы көрегендігі үшін кейінірек, ресми түрде, желтоқсанның 22-і күні, 1717 жылы Петр I Франция Ғылым академиясының мүшелігіне қабылданады.
Нотр-Дам шіркеуін аралап көреді, ол жерде өткен діни рәсімге қатысады. Корольдардың, әскери қолбасшылардың бейіттерін көреді.
Версальға келгенде Петр I барлық қосшыларымен бірге мадам Ментенонның апартементі Трианонға орналастырылады.
Парижде болған қырық үш күнде Петр I басқалардың жылдап жүрсе де түсіне алмайтын өнер, білімнің құпияларын көңіліне тоқып, біліп алады. Ал осы жаққа келгенде екі елдің саяси қарым-қатынастары туралы ойластырған жоспарларының көзге көрінетіндей нәтижесі болмайды.
1725 жылы Санкт-Петербургтың барлық көшелеріне тас төселеді.
Осы жылы өзі салдырған қалада (Санкт-Петербургте) ақпанның сегізі күні жан дауысы жаһанамды күңірентіп, қатты қиналып, елу екі жасар алып патша мерез ауруынан қуық, несеп жүретін жолдары зақымданып, зәр жүрмей қалғандықтан гангрена болып, көз жұмады.
«Көзі жұмылардың алдында, дауысын қатты шығаруға шамасы келмей, қара терге малшынып, ыңқылдап жатты…», – деп жазады көзкөргендер.
«Елім! Отаным!» деп соққан алып Жүрек әзәзіл нәпсінің «сатқындығынан» ерте келген Ажалмен арыстандай арпалысып, дүрсілі алысқа… тым-тым алысқа естіліп, Өмірді қимай-қимай… қиналып, ірің араласқан қанға «қақалып», ақыры жеңіліп, әрең-әрең тоқтады…» дер едім.
29.01.2016 жыл.
Париж.
ПІКІРЛЕР1