ҚАЛЖЫҢҚАЛТА
Шоңайна
Қазақ музыкасының ән өнерінде өзіндік орны бар талантты әнші, композитор Тұрсынғазы Рахимовтың ортамыздан кеткеніне де жыл толыпты. Тұрсынғазы бала кезінде Мұқағали Мақатаевтың қолына су құйып, батасын алса, ержетіп, өнер жолына түскен соң ақиық ақынның өлеңдеріне талай тамаша ән шығарып, халықтың батасын алды. Сол әндерімен ол қазақ музыкасының тарихына өз атын өшпестей етіп жазып кетті. Тұрсынғазы «аузын ашса, жүрегі көрінетін» ақ көңілді, бала мінезді, аңқау жан еді. Оның «малтүгелдік» аңқаулығы туралы талай қызық әңгімелер дос-жарандарының арасында жиі айтылады. Тұрсынғазының сондай «қожанәсірлігі» туралы мен өзімнің «Бірі қалжың, бірі шын» атты кітабымда ертеректе жазып едім. Тұрсынғазыны еске алып, сол «езутартарларын» бірнешеуін еске түсірейін.
Я НА БАБЕ СИЖУ…
Менің бір байқағаным, кейбір алдыңғы ағаларым мен кейінгі інілерімнің, жолдас-жораларымның «ашшы судан» ішкен кезде өзінің масайғанын білдіретін бір әдеттері болады екен. Мысалы, Теміржан аға (Базарбаев) «ашшы су» басына қатты «шыққанда» шешенше сөйлей бастайды. Ағамыз «шешеншеге ауысқанда» ол кісіні «демалдыруға» тырысатынбыз.
Ал композитор Жолан ағамыз (Дәстенов) «ашшы суға» қызған кезде, міндетті түрде «Қотырбай мен Аманбай» деген «сүйікті» анекдотын бастайтын. Ағамыз «Қотырбай мен Аманбайға» көшкен кезде, оны тездетіп жеңгейдің қолына «өткізуге» асығатынбыз.
Ал Қапан деген көрші ағамыз: «Құралай, жатырсың жайды сұрамай, Мәнісін айтшы, қалқам, бұл қалай?..» – деп әнге салатын. Қапанның «қатты қызғанынан» «Құралай» әні хабар беретін. Қапан аға «Құралайға» басқанда, көрші-қолаң тым-тырақай үйлеріне қашатын. Себебі, Қапан аға мас болса, алдымен қатынын сабайды, одан кейін, көршілеріне «концерттің» көкесін көрсететін!
Ал Болат деген досым, «ашшы судан» «ауырлаған» кезде, міндетті түрде белбеуін ағытып, биге кіріседі.
Енді Тұрсынғазы деген әнші, композитор інім «ашшы суға» қызған кезде өзі жарытып білмейтін орыс тілінде «керемет» сөйлеп кететін. Тұрсынғазының «орысша әңгімелері» Семей өңіріне кең тараған. Соның бірі мынау.
Бір басқосудан көңілді шыққан Тұрсынғазы фойеде креслода шалқайып дем алып отырса, бір құрдасы:
– Түке! Бұл не отырыс? – депті сөзге тартып.
– Я на бабе сижу, не мешай, пожалуста! – депті Тұрсынғазы онымен сөйлескісі келмей.
– А где баба? – депті, құрдасы да орысша сөйлеп.
– Какой баба? Мен бабымда отырмын! Не видиш штоли, вот колхоз! – депті, Тұрсынғазы құрдасына ашуланып.
ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ
Семей облыстық филармониясында әнші болып жүргенде Тұрсынғазы өзінің басқаруындағы концерттік тобымен Аягөз ауданындағы ауылына гастролдік сапармен барады. Ол әріптестерін ауылдағы үйіне апарып, анасының қолынан дәм татырады. Қасындағы әртістердің біразы ансамбльде музыкалық аспапта ойнайтын орыс жігіттері екен.
Тұрсынғазының анасы ет асып, қонақтар дастархан басына отырады. Қарындары ашып, жолдан шаршап келген олар тамаққа құлшына кіріседі. Үй иесі қонақтарға:
– Қарақтарым! Ұялмай ішіп, жеңдер. Тамаққа ұят жоқ. Алыңдар! Алыңдар! – дейді. Сонда Тұрсынғазы жолдастарына түсінікті болсын деп, орысшылап:
– Дети, кушайте, кушайте, если вам не стыдно! Бешбармақа совест нет. Берите. Берите! – деген екен, анасының айтқанын сөзбе-сөз қазақшаға аударып, қонақтарға құрмет көрсетіп.
Е, БӘСЕ…
Бұл уақиғаны мен Құрманғазы мен Тұрсынғазының өз ауыздарынан естіп, күлкіден «өліп» едім.
1980 жылдардың бас кезінде, жазғы демалысты пайдаланып ақша табу үшін Семейдің Абай атындағы драма театрының бір топ әртіс жігіттері бір совхоздың қой қорасын жөндеуге жұмысқа барыпты. Олардың ішінде жүрген жері әзіл-күлкі Құрманғазы Байжұманов (жүректен ерте қайтыс болды), баладай аңқау, не айтсаң соған сенетін «малтүгел» атанған әнші Тұрсынғазы Рахимовта бар екен. Ол кезде әртістер аз жалақысы ештеңеге жетпеген соң, кезекті еңбек демалыстарында ауылға барып, совхозға қара жұмысқа жалданып жыл сайын қосымша ақша табатын еді. Өз тамақтарын өздері жасап ішіп, күнде таң атпай тұрып, қараңғы түскенше бел жазбай қора жөндейтін…
Бір күні түскі тамаққа отырар кезде Тұрсынғазының іші ауырып, қораның артына оңаша кетеді. Бір қулық ойлаған Құрманғазы үлкен күректі алып Тұрсынғазының артынан көрінбей, аңдып бірге барады. Тұрсынғазы бір ыңғайлы жер тауып, ішін босатуға отырады. Осыны аңдып тұрған Құрманғазы, мысықша басып білдіртпей барып, Тұрсынғазының астына күректі қояды. Тұрсынғазы ойында түк жоқ, «рахатқа» батып «шаруасына» кіріседі. Үлкендердің сөзі бар: «Қазақтықтың бір белгісі – үлкен дәретіне қарау» деген.
Сол әдетпен Тұрсынғазы «шаруасын» бітірген соң, астына қарайды ғой баяғы. Қараса, жерде ештеңе жоқ. Құрманғазы Тұрсынғазы болды-ау деген кезде күректі алып, білдіртпей тайып тұрады. Тұрсынғазы аң-таң болып біраз отырады.
– Япырау, қайда кетті, біраз «дүние» түскен сияқты еді. Бұл қалай, – деп өзінен-өзі сұрайды.
Содан ақырын тұрып, шалбардың ауын тексереді. Онда да түк жоқ. Сол аң-таң күйі шалбарын киіп, қолын жуып, дастархан басына келеді. Отырып қасықты енді макаронға сала бергенде:
– Түу, немене сасып кетті? – дейді Құрманғазы түк білмегендей Тұрсынғазыға қарап. «Ұрының арты қуыс» дегендей, Тұрсынғазы үн- түнсіз қасықты тастап, далаға кетеді. Жүгіріп қораның артына келіп, шалбарды төмен түсіріп, ауын қайта қарайды, балақтарына қолын жүгіртеді. Етіктің қонышына қолын тығады, онда да ештеңе жоқ. Содан алдыңғы отырған жеріне барып айнала қарайды. Ештеңе жоқ. Содан аң-таң болып дастархан басына қайта отырады. Жігіттер үнсіз. Қуырдаққа құлшына кіріскен. Тұрсынғазы да қасығын алып енді сала бергенде:
– Жігіттер, жаңағы жаман иіс тағы да сасып кетті, қайсың «бүлдіріп» отырсыңдар, – деп, Құрманғазы Тұрсынғазыға тесіле қарайды. Тұрсынғазы қайта қасығын тастап, үндемеген күйі далаға қайта кетеді. Бұл жолы Құрманғазы жігіттерін ертіп, Тұрсынғазы не істер екен деп, аңдып артынан шығады. Тұрсынғазы жүгіріп қораның артына қайта келеді. Келе сала оң жақ етігін шешіп, шылғауын сілкиді, етігін төмен қаратып, табанын қағып көреді. Ештеңе жоқ, содан сол жақ етігін төмен қаратып, табанын қағып көреді. Ештеңе жоқ. Апыр-топыр, шалбарды шешіп, теріс айналдырып сілкіп көреді. Ештеңе жоқ. Ақыр болды, бәрін қарайын деп, іш киімін шешеді. Онда да ештеңе жоқ. Содан түрсиін ұстаған күйі сілейіп тұрып қалады. Терең ойға батады.
«Мүмкін ештеңе болмаған шығар?». «Жоқ, болды», – дейді өзіне-өзі. – «Болса қайда? Мүмкін артымнан кеп қара төбет жеп кетті ме? Оны қалай мен білмеймін?!». Бір кезде ішектері қата күлген жігіттердің дауысын естиді. Артына жалт қараса;
– Іздегенің мынау ма? – деп Құрманғазы үлкен күректі көтеріп, қарқ-қарқ күліп келе жатыр.
Сонда Тұрсынғазы қуанғанынан:
– Е, бәсе, бар болатын. Сен мұны қайдан таптың?! – деп, аң-таң болыпты.
Аймұханбет БЕЙСЕМБЕКОВ.