Қалжыңқалта
26.12.2023
193
0

Батыр таңдау 

– Біздің қазақ кілең батыр,
Әлі де шығып жатыр, шығып жатыр!..
Ананың атасы қалмақты олай қуған,
Мынаның атасы жоңғарды былай қырған.
Жекпе-жекте найзаны былай түйреген,
Аттың құйрығына байлап, былай сүйреген –
деген әңгіме бүгін көп.
Қарап тұрсаң, бәрінде бір-бір батыр,
Тек бізде ғана жоқ.
Бұлай ағайын, болмайды,
Арамыздан біз де біреуін шығарайық,
Кәне, айтыңдаршы,
Ата-бабаларымыздан кім бар соған лайық?..
Тек бір ескерту, соны руымыз түгел,
Ту етіп төбесіне көтереді.
О, Алла, сәтін салса,
Бүкіл үрім-бұтағымызға марқаюға жетер еді…
– Е, әлгі біздің Дарабай деген
Атамыз болған, атының өзі дүр,
Сол кісі дәл келіп тұр.
– Жоқ, ол кейін өмір сүрген,
Қалмайық аты-жөні, түр-тұлғасына сеніп құр…
– Жә, өздерің енді байқаңдар,
Әйтпесе, сегізінші атадан қосылатын,
Бабамыз Батпан бар.
–Бойы да, паны да келуін келіп тұр,
Бірақ батырға тарта алмайтынын
Жүрегім біртүрлі сезіп тұр.
Одан да мына Қосайдың атасы Мырзан…
– Жоқ, қаңтарда қасқыр соққан Гүржан…
– Әлгі Құрыш!
«Жүрген жері ырыс» деген сөз қалған,
Осы атамыз дұрыс!
– Қой, оларды қоя ғой, үлкен ата бізден,
Жарап тұр ғой Жүзген.
– Иә, осы Серкеш бір нәрсені білген,
Жүзген болса, Жүзген!..
– Өзін кешегі шалдарымыз өжет болған дейтін.
Осы Жүзгенге батырлықты қияйық ендеше,
Кенесарының жасағында болды деп бертін.
– Жүзекем лайық, лайық!
– Қияйық, қияйық!..
– Өткен өткен, кеткен кеткен.
Сол атам заманғыны ешкім біліп жатпас,
Ақырын жағалатып,
Атамыз он басы болған деп,
Сен газетке мақала жаз, Аппас!
Бізге әзірше кішігірім батыр да жарайды,
Аты біртіндеп төңірекке өзі-ақ сосын тарайды.
Әлі жатқан орнын да іздерміз,
Кім біледі, тың деректер қосып,
Биограпиясын түзерміз.
Енді батырдың жоқтаушысы біздерміз! –
деп осы атаның бүгінгі ақылманы,
Мәкім сөзін аяқтады.
***
Иә, іске сәт,
Жүкеме «батырлыққа» аз-ақ қалды!..

Шекісу

Теңге мен рубль
Шекісіп қалды.
Әлгі былай ғой…
Тым әріге кетісіп қалды.
– Сен менің жолымды,
Бөгейсің, –
деп теңге сөкті.
Анау да қоқаң етіп,
Бір рубльге әлі,
Жеті теңгеден төлейсің, –
деп зәрін төкті.
Бірақ теңге
Шіркін, қайтсін,
Басылып тұрды.
Анау болса,
Өктемсіп, тасынып тұрды.
Мұндайда теңге алмай ма,
Бірінші болып ударды.
Көрмей жүр дейсің бе,
Доллар, евро, рубль дейтін,
Бізге мығым қуларды.
Жә, әлгі жерде,
Теңгеме көмектескім келді.
Қалай қарап тұрармын,
Өзгелер өктемсісе енді.
Бірақ аналар мықты еді,
Бірден бойларын тіктеді.
Қолдап, сөйлей бастап ем,
Жеңіспенен бітпеді.

***
Теңге ғой бір тірегім,
Содан ауырып жүрегім,
Әлгілер ертең күндейтін,
50 мың теңге банкнот,
Шықпаса екен деп тіледім…

Жұмыртқа

Тауықтың осы жұмыртқасы
Алтын ба?
Қашан табады өзі,
Жылыда, әлде салқында.
Түнде, күндіз?..
Әйтеуір, он данасын,
Жеті жүз теңгеден алып жүрміз.
Оның есебі енді былай ғой,
Тауық баяғы бізді сыйлайтын,
Тауық емес пе,
Оған да жұмыртқасының,
Қымбат екені ауыр емес пе?!
Тілі жоқ,
Соны айта алмайды.
Ал біздің қулар,
Жем қымбат деп айқайлайды.
Сөйтіп, үсті-үстіне қоса береді.
Халыққа алсаң да аласың,
Алмасаң да аласың деп,
Тоса береді.
Шіркін, сол тауыққа,
Тіл бітсе ғой,
– Жемсауыма менің кішкентай,
Қанша азық сияр деп,
Әй, жарандар, ұял деп, –
Тежер ме еді бағаны.
Әттең, әттең, сөйлейтін,
Ондай тауық жоқ әлі…

Пара

Неге осы бізде парадан,
Қауып қалғысы келіп тұрады?
Кем дегенде бірер миллион,
Тауып қалғысы келіп тұрады.
Сол жегіштердің,
Откат дегіштердің,
Сонда қазаққа шыр бітірмеу ғой мұраты?!
Ұсталғандары қаншама,
Ұсталмағандары қаншама,
Бұл бір қиын есеп.
Мына Тотай да, Патай да,
Қателеспеспіз, параменен жүр десек.
Оны зәулім үйі айтады,
Алшаңдаған күйі айтады.
Жалғыз ғана, зарплаттың,
Сондай-сондай «сыйы» айтады.
Өз-өзіне риза қалпы,
Тауып кеткен миы айтады.
– Ал ендеше, мұны қалай қойғызамыз?
– Ар-ұятқа сойғызамыз.
– Ой-бүй, тыңдамайды,
Тәубесіне қарай шындамайды.
– Е, онда түрмеге көзін жойғызамыз,
– Екі-ақ жыл отырады,
Құтылады, сытылады.
Жеңілдікпен үйіне,
Зытылады.
***
Міне, міне, көрдің бе,
Сосын дағы бізде
Пара мен пара алушы құтырады…

Басқаның баласы

– Әй, ананың баласы,
Анадай екен.
Мынаның баласы,
Мынадай екен, –
деп өзінің баласын,
Өзгемен,
Салыстырып отыр көкең…
Сөзіне қарағанда,
Басқаның баласы,
Жақын да,
Өзінің баласы бөтен…
– Ой, керемет қой,
От қой,
Үйінің қамын,
Ойлағанда,
Ондай бала жоқ қой.
Бірді екі етеді,
Қай жерде қандай пайда бар,
Бірінші боп жетеді.
Қолыңдағыны пірәмі,
Жұлып алады,
Жаяу жетпесе,
Қуып алады.
Осы сөзіме сенбесең,
Анау Жақашты,
Мынау Бақашты,
Қарашы.
Солай міне,
Бұл қазақтың баласы…
Ал, біздің бала – сопақ,
Болбыр, солбыр,
Құр серейген бой,
Азын-аулақ ой, –
Деп іске алғысыз,
Етіп жатыр еді,
Әлгі жерде жиені,
(Әрине, жүйкеге тиеді),
– Оу, нағашы!
Осы ма,
Алла берген ұлдың бағасы?
Кімдерден кем,
Қарашы.
Үй-күйі бар ма?
Бар.
Жұмысы бар ма?
Бар.
Біреуден ілгері,
Біреуден кейін.
Тұрмысы бар ма?
Бар.
Енді неге,
Кемітесің балаңды?
Басқалар мейлі.
Солай болсын.
Өз-өзіңе тәубең жоқ,
Қалай осың?!–
Деп сөзін өткізіп,
Батырмаса,
Шүкіршілікке шақырмаса,
«Іріген ауыздан,
Шіріген сөз шығады»,–
деп арасында,
Ойнаған болып,
Мақалдап қатырмаса,
Мына көкең тақырыпты,
Әлі де төндірер ме еді,
Байбаламға жеңдірер ме еді.
Бірақ, құдай сақтады.
Дегенмен, сонда да,
Үйренген әдет қалар ма,
Ішінен,
«Өй, мынаның,
мән айтуын» деп,
Оңдырмай бір боқтады…

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір