Қалжыңқалта
Сырын білмегеннің…
Бұл күнде өмірде жоқ ағаның атын да, қай жерлік екенін де қазір қылжақ әңгімеме қоспай-ақ қояйын. 1982 жылдың күзі болатын. Бірер кітабы жарық көрген қаламгер көрікті келіншегімен «Сарыағаштың» жаңадан салынып біткен жетінші корпусында демалып жатты. Бір жылпос жігіт жазушыны айналшықтап, шығармаларын сүйіп, сүйсініп оқитынын қайта-қайта ескертіп, иліге береді екен. Жұрттың бәрін өзіндей көретін ақ жүрек қаламгер соған иланып қалып, өзіне жақын тұтып жүреді. Содан Шымкенттегі туыстары дәм әкеліп, кеш түсе әлгі жігіт қонаққа шақырылады. Тоқ етеріне көшсек, шөлмек ашылып, жігіт қызып қалады.
– Менің қай шығармамды сүйіп оқыған едің? – дейді «оқырманынан» күдер үзе бастаған ағамыз.
– Ағасы-ау, қайсы бірін айтайын… пай-пай-па-а-ай… тұнып тұрған шедевр ғой… – деп, арақ ішуін жалғастыра түседі. Әбден масайған жігіт ұйықтар бөлмеге еніп, төсекке жатуға шешіне бастапты. Бұл қылығын түсінбей, жанына сұрақты кескінде жақындаған қаламгерге:
– Сіз, еш алаң болмай, беймарал шығармашылықпен айналыса беріңіз… Тек жеңгейді жаныма жіберсеңіз болғаны… – дейді де, төсектегі көрпенің астына көсіле кетеді. Мен сол күні кезекші дәрігер едім. «Шақырып жатыр» деген соң, жеттім. Анау былқ етер емес, шолжиып жатыр. Көмекке кезекші медбикені әрі сантехникті қоса шақырып, төсектегі жалаңаш «фанатты» жабылып жүріп киіндіріп, сүйрелеп жүріп бірінші корпустағы өз орнына апарып жатқызғанымызда, сағат тілі түнгі бірден өтіп қалған еді. Ертеңінде кездескенімізде аңғал ағамыздың: «Сырын білмегеннің сыртынан жүрмеуді» ұмытып кете беретінім жаман», – деп өкініш білдіргені есте қалыпты.
Тырнадан әкім қойсаң…
– Қайбір аузыма берік адам дейсің… Осы өзіңе айтып отырғандай, өздері сеніп айтқан «направо, налево» жүргендерді жайып жіберетінмін. Кейде әйелдерінің құлағына да жеткіземін. «Сен – ит, саған сеніп, әңгіме айтып жүрген мен – ит», – деп еркінсітіп, бетіммен жіберген, бұл күндері о дүниелік болған ағаларымды аңсаймын, – деген еді арқалықтық, кезінде басшылық қызметтер атқарған Орекен Алмат.
– Менен тоғыз жас үлкен Сәмен Жаңабергенов деген ағамыз болды. Өзі ақындыққа бейім, өнерді сүйетін, қатар құрбы, ел азаматтары арасында көшелі қалпымен, орынды айтылатын сөздері үшін қатты құрметтелетін азамат еді. Бір-екі кеңшарда директорлық қызметті абыроймен атқарды. Парткабинетті басқарды. Бірақ марқұм киімді олпы-солпы кие салатын. Мәдениет бөлімін басқарып жүрген кезінде аудандық сессияға кешігіп келді. Мен жиынға төрағалық етіп отырғанмын. Үстінде түймесі салынбаған шолақ тон. Ішіндегі көйлектің жағасы жайлауда. Толық кісі еді. Терлеп-тепшіп келіп, алдыңғы қатардағы орындардың біріне жайғаса бергені сол еді, мен қатқыл үнмен:
– Сессияның мәдениетті өтуі үшін, мәдениет бөлімін басқаратын Жаңабергенов үстіндегі тонын шешіп келсін, – дедім. Ағамыз орнынан тұрып:
– «Тырнадан әкім қойсаң, басыңнан қиқу кетпейді» деген осы да… – деп менің сыбағамды беріп, шығып бара жатты.
Мал ашуы…
1990 жыл. Кербұлақтық Нүрилә апай әңгіме айтып отыр. «Соғыстың қайнап тұрған кезі. Ауыл шетіне бұршақ егілетін. Сұраусыз бір уыс бұршақ алсаң, соттап жіберіп жататын. Малың түсіп кетсе де оңдырмайды. Бұршақты алқапты қоритын Шымшықбайды директор тауып қойған. Мәмілеге келмейтін, екіленіп тұратын есерлеу неме еді. «Шаш ал десе, бас алатын», нағыз қызылкөз пәлеқор, белсендісымақ. Жұрттың бәрі соның бұршағына көз тігіп жүргендей, ат үстінен одырая қарап, күні бойы шаңдатып, шапқылайтын да жүретін. Үйіміз көрші. Ауылдастарға: «Мен сияқты «шестный» болыңдар!» – деп өз кеудесін нұқи айтып, жиі ежірейетінін қайтерсің.
«Шестныйдың» түнделетіп бұршақ ұрлайтынын білетінмін. Кейде ол тірлігі туралы бірер сөз әйелінің аузынан да аңдаусызда шығып кететін. Менің күйеуім соғысқа кеткен. Төрт баланы асырау оңай ма?.. Күн көрісімізге жарап тұрған бұзаулы сиырымыз болды. Бірде байлаулы бұзауым босанып, бұршақ егілген жаққа өтіп кетеді. Оны көрген Шымшықбай өлімші етіп, таяқтап тастапты. Әйтеуір пышаққа ілінді. «Мал ашуы – жан ашуы». Басқадан адалдық талап етіп, өзі беті бүлк етпей ұрлық жасайтынның сазайын берейін деп бекіндім. Шымшықбай бұршақ ұрлауға ел жата шығатын. Баратын жері де белгілі. Аруақтарға ұқсайын дедім бе, үстіме ақ көйлек киіп, ақ орамал тартып, межелі жерге ертерек жетіп, жасырынып отырдым. Айлы түн. Төңірек анық болмаса да, көрінеді. Күткенімдей, алыстан бақандай сорайып, атты адам көрінді. Бірте-бірте жақындап келеді. Маған таяу келгенде аттан түсіп, шекпенінің етегін белбеуіне қыстырып алған соң бұршақтарды опыра жиыстыра бастады. Он метр жерде мені біреу аңдып отыр-ау деген қаперіне келер түрі жоқ. Әбден дәндеп, еркінсіп алған. Төрт-бес минуттай уақыт өтті-ау дегенде, қолымды аспанға қарата жая орнымнан көтеріліп, даусымды жуандата өзгерте созып:
– Әй, жаның шыққыр иттің баласы!.. Осы ма сенің «шестныйлығың?..». Құдай көріп тұр деп неге ойламайсың?! – деп айқай салдым. Шымшықбай бір сәт қалшиып қатты да қалды. Жағдай санасына жетті ме:
– «Аа – аа – аа – а…», – деп үрейлене дауыстаған күйі, атына қарай безіп ала жөнелді. Онысы далбаңдап, жан ұшыра жүгіріп келе жатқан иесінен үрке қашып, ұстатпай біраз әуреледі. Әзер дегенде атын ұстап мініп, ауылға қарай тасырлата шауып бара жатты. Ертесіне сәскеде Шымшықбайдың үйінің алдындағы кір жаятын жіпте бір ақ дамбал ілулі тұрды. Әйелінен:
– Мынауың не? – деп білмегенсіп сұрап едім:
– Күйеуімдікі ғой… Түнде бірнәрседен қатты шошып қалған ба, өң-түссіз үйге кірді де:
– Құман мен шылапшын әкелші… дәрет алуым керек, – деді тілі күрмеле сөйлеп. Сөйтсем, бұтын дымдап қойыпты. Бүгін жұмысқа да шықпады, – деді. Байқап жүрдім, содан кейін Шымшықбай бұршақ ұрлауын доғарып, момақандау кейіпке түсіп, көп ұзамай жұмысын да ауыстырып, арба айдауға көшті…
Айтбай ТӘСІЛОВ
ПІКІРЛЕР6