ТОЛҒАН МАҚСАТ, ТОЛҒАН ТАҢДАУ
Еліміздің игілігіне қызмет ететін ұлттық идеологиямызды қалыптастырып, құлдық санадан арылып, өзімізді дербес халық ретінде сезінуіміз үшін жиырма бес жыл аздық та, көптік те етпейді. Біз осы ұлы жолда неден ұтып, неден ұтылғанымызды бағамдау мақсатында төмендегі сауалдарды бірқатар мамандарға жолдаған едік…
Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда ұлт ретінде танылып, ұлттық көзқарас қалыптастыру үдерісі жолында басқалардан қандай өзгешелік байқаттық? Әлемге қазақ болып танылудың жолы мен жөні қандай? Біз өзімізді қалай ұстап, қалай жол табуымыз керек?
Құбығұл ЖАРЫҚБАЕВ,
педагогика және психология ғылымының докторы,
Қазақстанның еңбек сіңірген «Ғылым және техника» қайраткері
БІР МӘҢГҮРТКЕ ЕКІНШІ МӘҢГҮРТ ҚОСЫЛСА…
Ұлттық мемлекет болып қалыптасу жолында әлі де кемшіліктер бар. Оларды түзеу үшін баяғы заманнан қанымызға сіңген жақсы қасиеттерді жандандырып, өзге ұлттардан ерек, жасампаз дағдымызды көрсете білуіміз қажет. Соғыс жылдарында жер ауып келген көптеген халықтарға қысылтаяң кезде төрімізден орын беріп, бүтінімізді бөліп, жартымызды жарып жеген едік. Бұл біздің басқа ұлттарға деген көзқарасымыздың жақсылығын айғақтайды. Біз өте бауырмал, балажан халықпыз. «Балажан» деген сөзде үлкен мән жатыр. Басқалардан бізді ерекшелеп тұратын осындай қасиеттерімізді дамытқанымыз дұрыс. Басқа этностар мен диаспоралар бізден осы қасиеттерді үйреніп, үлгі тұтуы қажет. Бір таңқаларлығы – Қазақстандағы орыс баласы миллиондаған ақша жұмсап, мектепте он бір жыл оқып, бітіргенде қазақ тілін білмейтін болып шығады. Орыс мектептерінде қазақ тілінің сағаттарын көбейту керек. Біздің елде өмір сүретін барлық ұлт өкілдері қазақ тілін білуге міндетті. Орыстар бір тілді халық. Қазақ екі тілді. Енді ағылшын тілін үйренгеннен кейін орыстар екі тілді болады. Қазақтар үш тілді болады. Осы арада тепе-теңдік болмай тұр. Орыс ағайындардың қазақ тілін үйренуге толық мүмкіндігі бар. Ауылда да, қалада да қазақпен бірге өмір сүреді. Бірақ олардың көпшілігі қазақша сөйлеуге құлықсыздық танытады. Бұл – үлкен психологиялық жағдай. Біз қазақ ұлттық мемлекеті болуы үшін өте мықты болуды үйренгеніміз жөн. Өзіміздегі басқа ұлттық этностарға ғана емес, дүниежүзіндегі халытарға өнеге көрсете білуіміз керек. Өзімізді «Қазақ елі» десек, оған айналамыздағы жұрттар ешқандай қарсылық көрсетпейді. Екі жүз мемлекеттің ішінде жеріміз жөнінен тоғызыншы орынды иеленіп тұрған елміз. Сондықтан біз ешкімнен жасқанбай, қасқайып өмір сүруге толық хақымыз бар. Германияның өте білімді бір азаматынан Қазақстан қайда десе, «Африканың қай жерінде?»,– депті. Осының себебі неде? Қазір басқа ел тұрмақ, арамыздағы мәңгүрттер өзінің арғы тегін білмейді. Бір мәңгүртпен екіншісі қосылса, үшіншісі дүниеге келеді. Осылай өз тілімізді, дінімізді құрметтемейтін болсақ, ақыры жақсы болмайды. Қазақтар бірлікте болуды үйренуге тиіс. Бұрын қазақтардан өзбектер жүз мың есе кем еді. Ал қазір қазақ 12 млн., өзбек 32 млн. Осының бәрі қазақ болып туғанын бағаламайтындардың көбеюінен туындаған мәселелер. Біздің елде туған халықтардың барлығы да қазақ елін, қазақ халқын, қазақ тілін сыйлауы үшін өте жоғары талап қоюымыз керек. Қазіргі үш тілділік деген мәселеде қазақ тілі соңында, ортасында орыс тілі, жоғарыда ағылшын орналасады. Ағылшын тілін жақсы меңгеру үшін біздің ортамызда ағылшындар көптеп өмір сүруі қажет. Кеше туған бала мен еңкейген қартқа дейін орыс тілін жақсы білеміз. Өйткені, біз төрт миллиондай орыспен бірге жүрміз. Жаңа мазмұнды реформа деген бізге сай келмейді. Себебі, тек кітап оқу арқылы ағылшын тілін үйрену мүмкін емес. Бізде қазақ мектептерінде оқитын балалар қазақтың қарапайым (байтал мен бие, құнан мен дөнен, құлын мен құлыншақ) сөздерінің мәнін білмейді. Ол қалайша басқа тілді үйренеді? Бұл шешімі қиын сұрақ. Ағылшын үйренеміз деп миллиондаған ағылшындарды көшіріп келу, әсте мүмкін емес жағдай. Біз бір кездегі Үндістан секілді күй кеше алмаймыз. Сондықтан осы мәселелер төңірегінде билік басындағылар жақсылап ойланғандары жөн. Біреулер қырықтан асқан орыстарға қазақ тілін білудің қажеті жоқ деп жүр. Ол дұрыс емес. Біздің жетпіс-сексенге келген қарттарымыз орысшаға судай ғой, сондықтан олар да үйренсін. Ұлттың басты бір белгісі – басқа ұлттарды сыйлай жүріп, оларға талап қоя білу. Қазақ мемлекетін, Қазақ ұлтын қалыптастыруда осы жағдайларды мықтап ескергеніміз жөн.

Ілияс ӘЙТІМБЕТОВ,
әлеуметтанушы
ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ СЕНІМІ
Бұл жалғыз біздің ғана басымызда емес, барлық ұлттардың алдында тұрған мәселе. Өйткені, өмір өзгеруіне байланысты қоғам өзгереді. Кешегі құндылықтардың орнын басқа құндылықтар басады. Осы себептен бұл жағдайды тек қазаққа ғана тән екен деп қараудың керегі жоқ. Бұл табиғи жағдай. Ал енді осы өзгерістерді дұрыс қорытып, әрі қарай дамыту біздің өз қолымызда. Жақында ғана еліміздегі ғылымның дамуына үлес қосып жүрген көрнекті бір азамат мінберде тұрып, Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлерін мақтап, жастардың адам болып қалыптасуы үшін мектептің орны ерекше екенін айта келе осындай лицейлерді Қазақстанның әрбір аумағынан ашса, білім жүйесінде үлкен өзгеріс болар еді деп сөзін қорытты. Ол азамат әдетте өзінің ешкімге ұқсамайтын құнды пікірімен басқалардан ерекшеленіп тұратын. Бұл жолы ол кісінің басқа елдерге жалтақтап, солардан көмек күткені мені қатты таңғалдырды. Біз неге өзімізге сенбейміз. Неге біреу келіп, бізге жақсы өмір жасап беруі керек? Басқалар жасаған жетістікті жасауға неге талпынбаймыз? Қашанғы біреуге тәуелді болып, өзімізді-өзіміз төменшіктете береміз? Біз ештеңе жасай алмаймыз, біздің қолдан келмейді деген теріс пікір санамызға әбден сіңіп кеткен. Осы мінезден арылғанымыз жөн. Сол қазақ-түрік лицейлерінде дәріс беретін мұғалімдердің тоқсан пайызы қазақтар. Тек басында отырған азаматтар ғана түріктер. Солардың әдістерін неге өзіміз үйренбеске? Бұрын ылғи орыстар болмаса қазақтар өндіріс жасай алмайды деп айтылатын. Әлі де осындай көзқарастар санамызды меңдеп тұр. Егемендік алғанымызға қанша жыл өтсе де, өзгеге иек артумен келеміз. Адам өзіне-өзі сенбейінше еш ілгерілемейді. Әрқашан жасампаз болғанымыз жөн. Қазір адамдар тек әкім-қаралардың, биліктің басындағы адамдардың ғана аузына қарап өмір сүруде. Бізде адамдардың өзін-өзі басқару қабілеті қалыптаспаған секілді. Ал шетелдерде адамдардың осы қасиеті жақсы дамыған. Олар барлық жағдайда шешімді өздері қабылдайды. Азаматтық қоғамда өмір сүреді. Біз өзімізге деген сенімді қалыптастырмақ түгілі, бұрынғыдан да төмендеп кеттік. Білім, ғылым, спорт және басқа да салаларда біз шетел мамандарының көмегіне жүгінеміз. Спорт саласында да өзіміздің қазақтарға емес, өзге ұлт өкілдеріне сенім артамыз. Солардың жеткен жетістіктеріне қазақ жастары неге жетпейді? Өйткені, біз еріншек халықпыз. Мәселен, біздегі жоғары оқу орындарының бәрінде жемқорлар қаптап жүр. Оларға шектеу қойып жатқан ешкім жоқ. Ал Қаскелеңдегі Сүлеймен Демирел атындағы түрік ағайындардың ашқан оқу орнында барлық адамдар бір тәртіпке бағынады. Студенттер мен мұғалімдерге өте жақсы жағдайлар жасалған. Сырттан көрген адам риза болып, таңғалып, тамсанып жатады. Біздің министрлік осындай мәселелерге неге көңіл бөлмейді? Шенеуніктер бірінен соң бірі ауысуда. Бірақ елімізге тиімді іс атқаратындары шамалы. Қарапайым халық пен биліктің арасында тығыз қарым-қатынас пен сенім орнамайынша, бұл айтқан олқылықтардың орны ешқашан да толмайды. Қазақтардың өз-өзіне сеніп, аяғынан нық тұруы үшін билік жүйесінен заңды түрде жағдай жасалуы қажет. Шағын бизнеспен айналысатын адамдар бізде өте аз. Ал шетелдерде өзінің жеке кәсібімен шұғылданатын адамдар 80-90 пайыз көп. Біздің елде адамдар үй салу мәселесіне келгенде мемлекетке қол жайып отыратын. Ал қазір жеке кәсіпкерлер зәулім үйлерді көптеп тұрғызуда. Бизнесті алпауыттар емес, кішігірім кәсіпкерлер жасайды. Сондықтан адамдардың тұрмысын түзеп, өз бетінше тіршілік кешуі үшін мемлекет тарапынан қамқорлық керек. Ел басқарған әкімдер елдің жайын ойлаудың орнына халықтың қазынасын жеп, бірінен соң бірі айыпқа тартылуда. Осы жағдайлардың салдары қазаққа зиян шектіруде. Кез келген адам өзінің әр ісіне жауапкершілікпен қараса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қалас ЖАМАЛОВ,
философия ғылымының докторы,
Халықаралық Білім беру Корпорациясының профессоры
ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯМЫЗ БОЛМАСА…
Қазіргі кезде тек біз ғана емес, әлемдегі көптеген елдер экономикалық үлкен қиындықтарға кезігіп отыр. Дегенмен, осы дағдарыс қазақ қоғамының болашағы туралы аңыздардан арылып, даму бастауларына бет бұрудың алғы шарты болады деген пікірдемін.
ХХ ғасыр ойшылдарының көзқарасы бойынша, бір мәдениеттен екіншісіне өту дағдарыс – қирату – тазарту – құндылықтарды қайта бағалау, қайта өрлеу сатылары арқылы өтеді деген болжамға иек артқан еді. Зерттеушілер қазір әлемнің бифуркация нүктесі алдында тұрғанын, онда тәртіп пен ретсіз ұйқы-тұйқы қатынастардың тез ауысатынын және алдын алуға болмайтын жағдайлардың күшейіп тұрғанын қисындайды. Ф. Фукуяма мықты идеология және оған сүйенетін мемлекеттердің тарих сахнасынан кетуінің салдары есебінде «тарихтың соңы» түсінігін алға тартады. Осыған байланысты біздің планетамызда өмір сүріп отырған өркениеттердің арасындағы жер байлықтары, қуат, ақпарат, т.б. үшін қақтығыстардың болу себептерін анықтайды.
Бүгінгі ғылым кез келген елдің дамып, қатарға қосылуына 25-30 жыл керек екенін көрсетеді. Баспасөз беттерінде: «біздің Қазақстан жас мемлекет қой, тәуелсіздік алғанымызға енді ғана жиырма жылдан асты» деген жұбату сөздер жиі кездеседі. Иә, отарлық езгіден құтылғанымызға жиырма бес жыл болды, алайда біздің төл тарихымыздың тамыры тереңге кетеді. Сондықтан дұрыс, объективті жолмен құрылған қоғамның жиырма-отыз жылда жас та болса бас елдер қатарына қосыла алатынын естен шығаруға болмайды. Ол үшін қоғамдық өмір салаларына объективті зерттеулер жүргізіп, соның негізінде ғана батыл шешімдер қабылдануы керек.
ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында Дэн Сяопин қытайлық ерекше социализм саясатын ұстанып, кедейлікке душар болған, экономикасы артта қалған, саяси-әлеуметтік дағдарыстардан титықтаған елді дамудың жаңа жолына салды. Сөйтіп, ол елдің экономикалық дамуының саяси жүйе жаңаруына тәуелді болатынын бар әлемге паш етті. Экономикалық реформа халықтың басым бөлігінің мүддесіне сай жүргізіліп, халық одан пайда тапты. «Қытай ғажайыбы» сияқты серпінді реформалар бізде де жүрсе, әлемге өз ерекшелігімізбен танылар едік.
Өз елінде, өз жерінде жүрсе де қазақ ұлтының өгей бала құсап, өзге ұлттардың қас-қабағына көбірек жаутаңдайтыны ащы да болса, ақиқат. Әрине, 300 жылға жуық Ресей боданында болған халықтың қанына сіңген құлдық психологиядан айналдырған ширек ғасыр ішінде арыла кетуі де оңай емес шығар. Дегенмен, қазіргі кездегі рухани өмір құндылықтарын қалыптастырушы тұлғалар психологиясы Ф.Ницше айтқан құлдардың моралін көбірек елестетеді. Ницшенің ұғымы бойынша, құлдардың моралі – пайданың, рахаттың моралі. Ол былай деп жазды: «Ешқашан қорғанғысы келмейтін, көлденең жұрттың кекесінін басынан асыра салатын, аса шыдамды, бәрін кешіретін, бәріне риза адам жеккөрінішті: себебі бұның барлығы құлдың мінезі».
Бұндай мораль иелерін Ницше «кішкентай адамдар», «бейшара адамдар» деген. «Кішкентай», «бейшара» адамдардың қоғамның соңғы сатысында тұруы, жоқ-жітік, кедей пенде болуы шарт емес. Ғалым да, жазушы да, жұмысшы да, әмірші де құлдық моралдің иесі болуы мүмкін. Бұндай адамдар барлығын да біледі, бәріне риза. «Біз бақытымызды тапқанбыз!» дейді олар көздері жыпылықтап. Ницшенің айтуынша, әмірші «кішкентай» адамнан болған халық бақытсыз. «Кішкентай адам» билеген елді өтірік, жалған сөз, жалған іс жайлайды.
Менің ойымша, ең алдымен, мемлекет құраушы қазақ деген негізгі ұлттың игілігіне қызмет ететін ұлттық төл идеологиямыз болмаса, осы құлдық қамытынан ешқашан құтыла алмаймыз.
Әзірлеген Гүлім СЫДЫҚОВА.
ПІКІРЛЕР1