СВЕТҚАЛИ ДӘУРЕНІН ТҮСІНУ
«…Мұны өйткені,
Ел оқиды – әуелі,
Елден алып Жел оқиды – өлген соң…».
Светқали.
«Аттаған сайын амалсыз кідіріп, бас киіміңді қалай жұлып алғаныңды білмейсің. Өйткені, қарсы алдыңнан ол кезде исі қазақтың бәрі де: «Шіркін-ай,бір көрсем-ау?», – деп жүретін аты әйгілілердің біреуімен қалайда ұшырасып қаласың» деген Әбіштің Алматы жайлы сөзі бізге бұйырмаған – сұлу көрініс. Бүгін шайырлардың мағыналы ордасы болған шәрді күні бойы жаяу кезіп жүріп, бір аты әйгіліні кездестіре алмауыңыз мүмкін. Сонау алпысыншы жылдан бері алапасы бір кемімеген, күн озған сайын заман көшімен өзгеріп бара жатқан шаһардың рухани дидарын кімдермен өлшейміз деген сұрақ пайда бола бастағандай. Ақыны азаймағанымен, ақынының даңқы мен дақпырты саябыр тартқан Алматының бір көркі ұлардай шулаған ақындары еді.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ
Кімнің мықты ақын екенін дәлелдеу үшін сеңдей соғылысып көше кезген Жұматай қағанатының нояндарына албырт шақтарында кездескен жоқпыз. Және Бауыржан Момышұлы: «Жарқынғали» деп айдар таққан кезде де біз ақынның жанында болмаппыз. Толқыннан толқынға көшкен аты мен өлеңіне кездестік. Тамсанғанмен, өлеңінің ар жағында не тұрғанын аңдай алмай, «мықты ғой» деуге ғана шамамыз жетті. Егер ақынның өлеңдеріндегі көркемдік айшықтарды теріп жазсаң, өлең туралы жазудан оңай нәрсе болмас еді. «Оның азаматтық көзқарасы, тарихи танымы, эстетикалық талғамы, өмір жайлы толғамы» деп шумақ-шумақ мысалдарды оңай келтіре берсек, ондаған беттік мақаланы бірінен соң бірін шұбырту да қиын емес. Және ондай мақалалар бүгін жаттанды сөзбен айтқанда, «жаңбырдан кейінгі саңыраулақтай» қаулап кетті. Айтқан ойыңды дәлелдеу тек мысал келтірумен шектелмейді. Жалпыға аян, жаппай танылған ақынның өзіндік ерекшелігі – ен салынған өрнек. Оны біреуге тели алмайсың, ені бар. Ал ақынның жан дүниесін, шығармасының ар жағында не айтпақ болғанын, жалпы қаламгерлік болмысын танудан қиын нәрсе жоқ. Шығармашылық портретіне үңілген сайын жан-жақтан андыздаған ойлар есіңді шығарады. Әлімсақтан бері адамзаттың басы қатып келе жатқан сауалдардың жауабын табуға ақынмен бірге құлшынасың. Сол жауаптың ішінде ақынның өзі туралы да ақпар жүреді. «Ақын ба, ақын емес пе?» деген ойың сені сан мәрте мазалайды. Бір кітаптың аяғына шыққанша мына дүние сияқты сен де мың құбыласың. Сонда дүние мен адам арасы бір-ақ тұтам екен ғой деп ойлайсың. Біздің одан еш айырмашылығымыз жоқ екен. «Қу дүние, опасыз жалған» деп біз өзімізді айтып жатқандаймыз. Біреулер жолымызды кеседі, біреулер сатқындық жасайды. Соның бәрін «Өмір ғой» деп тұжырымдағанымызбен, ар жағында адам факторы тұрғанын көп естен шығара береміз. Өмір – өмір қалпында. Адам – пенде қалпында. Ақынның әлеміне кіргенде осы бір ойға шомасың. Ой үстінде отырып, оқисың. Не оқып жатқаның, қандай сөз қолданып, қалай ұйқастырып жатқанын байқаймайсың. Өйткені, ақын сені ойға жетелейді.
Светқали Нұржанның поэзиясында бүгінгі заманнан гөрі өткен уақыттың табы қалың. «Жазушы өзінің тарихын айтқан уақытта шынайы» деген Маркестің сөзі рас болу үшін қаламгер өтірік айтпауы керек. Егер жасанды болса, бұл сөз де – жалған. Ақын өз болмысын, өзі жүріп өткен жолын жырлай отырып, сол бір шынайылығынан, адалдығынан айнымайды. Мейлі ол жүрген жол, таңдаған таным, ұстаным көпке ортақ болмай-ақ қойсын. Ақын оған да қапаланбайды. Өзі айтқан «…Құдай берген айбат, көрікті» өлеңіне шақтайды. Светқали жырларының көркемдігін оның қаламынан туған барлық шығармаларынан таба алмас едіңіз. Бірақ айбатын жоғалтпаған қазақ жыры – оның шығармашылығының өзегі. Маңғыстау даласы жырауларының тегеурінді күшін сақтап қалған ақын өткен күннің есесін бүгінгі жырларымен қайтарып алмақ болады. Қазақ баласының көкірегінде шамдай жануы тиіс сезімдерді мынау-мынау деп қадап көрсететін ақын өзі де сол күйдің ырқында отырады. Осындайда: «Оқымай-ақ отқа салма мені сен» деген ақын тілегін жерге қалдыруға әсте болмайды. Қазақ атаулы әр рудың баласынан құрылғанымен, әрқайсының жеке тағдыры, өмір жолы болғаныменен, бәрінің ортақ шаңырығы – Алаш даласында бақытты болса да, бақытсыз болса да – тағдырлас. Әр қазақты бауырым деп тұтатын ақын – бәрінің алдында айбатты әрі кішіпейіл. Елінің басынан өткен ауыр күнді, тарамыс тағдырды өзінің басынан өткергендей құса. Сондықтан да оның: «Көктемнің күлте сағымы сынды, Жалап барады жалын ішімді. Хош! Фәни-Дәурен! Иеме жетіп, Басармын кәусар сағынышымды…»
деген озалы қазақтың арман сөзі сияқты естіледі. Бұл өмірмен бақұлдасу емес. Тіршілікте есесі кеткен, біреуге жамандық тілемесе де, жауының кесірінен жақсылығынан айырылған, шуақты күндеріне қарағанда алысып-жұлысып өткен майданы мол болған жанның сөзі. «Әлсіздің жалғыз жұбанышы – Әділ Алласы» деген. Қазақ қанша мықты десек те – Дәуренінде мықты болған. Ақын сол Дәуренді көп аңсайды. Және оның оралуын күтеді. Ол өзін осы уақыттың тұтқыны сияқты сезінеді. «Мыналар таптырар ма моламда жай? – Шұбырып келед тағы маған қарай. …Шаншыла құлап барад құлпытасқа, басына жүрегімнің құлаған Ай…». Осы күйді ақын басына қандай істің «сыйлағанын» ойлаудың өзі қиын. Жеке бастың мұңы, дерті көрінгенімен, соған ортақтасқың кеп, ақынмен бірге тұтқынға айналасың. Ол темір тордың ар жағындағы мүсәпір емес. Өкшелеген қалың даудың, өршелеген өшпенділіктің, ашу мен ызаның тұтқыны. Бұл ашу-ызасы қазақ қалай ел болады, қазақ Дәуренінен неге адасып қалды деген ұлттық бояудағы ашуға ұласады. Тарихи жадының қалғып кетуі, өткенге немқұрайлы қараудың кесірі ақын жанын толғандырады. Ол қазақ даласының әр пұшпағын жырға қосып, бүгінгі шекарамызға кірмесе де бір кездері баба тұлпарының тұяғы тиген қасиетті мекендердің барлығын өз туған топырағындай жырлайды. Ақынмен бірге ғұмыр кешкендей, жасын сүртіп, бірге сағынасың. Тұтас бір психологиялық күйге еніп, сол Дәурен аяқталмағандай, Светқали сол бағзының жалғасындай әсер қалдырады. Бәлкім, ол – сондықтан көнеге құмар. Бәлкім, сондықтан қастерлі Маңғыстау даласының жазирасын кезіп, мазарлардың кімдерден қалғанын анықтауға құштар.
«Көкірегім – көне кітап. Сұр тысты. Қырық қазына, мың мағына – қыртысты. Қиялым бар жетпіс түрге құбылған – Көздеріңмен қарамашы бір түсті», – деп қиылуының өзі – «өткенге көз салшы, біз кім едік?» деп сұраулы жүзбен қарап тұрғандай. Және осы сұраққа ақынның өзі де жауап іздейді. Маңғыстау қазақтарының басына төнген қауіпті жылдардан қазақ баласының рухын аман алып шыққан батырлар мен билердің өмірін, ерлігін жырлау арқылы сол рухты қайтарғысы келеді. Қазақ поэзиясына жаңа үн қатуды ғана мақсат етпеген ақын «қайым заманның қамырықты гөй-гөйін» дастандары арқылы жеткізді. Нақты құжатқа негізделген дастандары мен өлеңдеріне ортақ сарын сол – қазақ рухы.
Светқали Нұржанның дастандары арқылы біз бұрыннан білуге тиіс, білмегенімізге ұят тарихи оқиғалар баяндалады. Бұл өткеннен бұрын болашаққа алаңдаудан жасалған қадам деп ойлаймын. Біз білмеген шындықтарды келер ұрпақ біліп өсуі үшін, біз жіберген қателіктерді келер ұрпақ қайталамауы үшін – түгенделген тарих. Ақын шығармашылығын тұтас қазақ болмысы деп қарауға да болады.
Қолына қалам алып, ақын болуға талпынған әр жан өзінше тақырып қозғайды. Тақырыпты, жанрды алаламай бәріне өзіндік көркемдігімен келе алатын ақын ғана – шебер. Тарихи дастандарына үңілгенге ақын өзіне соны жазуды міндет етіп алғанын аңғарасың. Егер адам бір салаға тереңдеп кетсе, басқа тұсы ойсырап қалатынын да сездіргендей болады. Ақынның тұтас ғұмыры уақыт өткен сайын сағынышпен бітісіп, шығармашылығында сонымен ғана ғұмыр кешетіндей. ҚазҰУ қалашығына араға жылдар салып қайта соққанда, жастық кездегі сезімдердің қайта жаңғырып, енді оған ақылы тоқтаған адамның көзқарасымен ой жүгіртуінің өзі – сабақ. «Тәжірибе қателіктерден тұратынын» аңғартқандай, кейінгі із басып келе жатқан ақындарға енді бөлекше жолмен жүруді нұсқайды. Өзі де бұрынғы қылықтарының сол кезде дұрыс көрінгенімен, уақыт безбеніне салғанда қателік боп шыққанын мойындайды. «Сөзім есте… жұртқа жаққан аздаған, Сезім есте сөнген, кейін маздаған. Кезім есте ағаларға еліктеп, Ақын емес, қоқым бола жаздаған». Бұл мойындаумен қатар өзін сынау һәм кейінгіге айтқан ақыл. Еліктеуді бастан өткермей және содан шықпай ақын болу қиын. Еліктеу керек, содан кейін өз жолыңды табу ләзім.
Біз ақынның жанын толық түсіне аламыз ба, жоқ па? Кейде басқа дүниеге жаны ауырып жазған өлеңің мүлде басқа аспектіде қабылдап, өзгеше шешім шығарып жатамыз. Кейде бір ақындар туралы жазғанда оны мүлде ғұлама етіп, дүниенің бар білімін жинаған, әр қимылын мүлт жібермеген, данышпандық сипат беріп жатамыз. Оның кәдімгі пенде екенін біле тұра, ақын деген тек ізгілікті жан екен деп ұғамыз, пенделігін естен шығарамыз. Ал Светқали сізге олай ойлауға мүмкіндік бермейді. Бұл бір жағы авторға ғана емес, сол туралы жазған адамның ұстанымына да байланысты болса керек.
Өз заманыңда тұрып, өткен күннің тарихына тап сол арада болғандай әсерлене алу, сол әсермен өмір сүру сезімтал жандарға ғана тиесілі қасиет шығар. Светқали поэзиясы сізді сұлу сазды, нәзік ғаламға жетелемейді. Оның сұлу ханшасының өзі сіздің көз алдыңызға қол бастаған жауынгердей елестейді. Тұманбай лирикасындағыдай мөлдір сезімге Светқали жырларында кенеттен батылдық біткендей.
Жарасқанның «Шөлдегі бұлт» деген этюді бар еді. Табиғат көрініс ақын жазғандай елестетіп отырып, маған қазіргі қазақ поэзиясы шөл сияқты көрінген. Сол шөлде қаталап келе жатқаныңда алдыңнан кезіккен әр ақын бұлт сияқты жаныңа рахат сыйлайды. Светқали Нұржан поэзиясы қазақ әдебиетінде шиыршық атқан өлеңдерімен, өткенді жоқтанған дастандарымен, адам жанының арманға деген ұмтылысымен құнды. Кейінгі жазғандарын оқып отырып, ерте қартайған кісі келбеті көз алдыңа келеді. Оның жүріп өткен жолы, кешкен тағдыры өзінше – «соқтықпалы, соқпақты». Әлі де жазары мол деп сенетін ақын кейде бар айтарын тауысқан адамша саған сыр айтады. Өмірінің ылдиы басталған, қазақ өмірімен қатарласа ақын боп ғұмыр кешкен шайыр кейінгіге қарап, сақтықпен мүлгіп отырғандай.
Сан түсіп көрдім мен әбес жолға,
Әрайна, інім, әрайна! –
Мен ішкен уға сен әуес болма,
Сен әуес болма – жарай ма?!