БІР ХАТТЫҢ ІЗІМЕН
21.10.2016
1990
0

rollan-sejsebaev-andrej-bitovМосквадан Роллан ағадан маған хат келді. Семейдегі Бұршақбай ағам мен Ырысқайша тәтемнің пәтеріне жолдапты. Пошта жәшігінен көкейімді тескен таңдаулы оқудың алтын кілтін, өмірлік асыл мұратымның ұшығын құдай берген екен. Сол сәт игілік нышан сәулесін айқын ұқпадым. Көңіл күпті, уайым күшті, беймаза күй болатын.

(Суретте: Қос жазушы. Андрей Георгиевич Битов пен Роллан Сейсенбаев.)


Конвертте тасқа басылған даяр адрес, мекеме көрсетілген: «121825, Москва, ГСП-2, ул.Воровского, 52. Союз Писателей СССР. Правление 291-63-07». Қолмен жазылған жазушының есімі: «От Ролл. Сейсенбаев».

«12.04.89 ж. Мәскеу қаласы.

Қадырлы Айгүл-жан!

Бүгін сенің еңбегіңді Литинститут маған берген еді, соларды жылдам оқып шығып, өздеріне өте жо­ғары баға беріп қайтардым.

Сенің қайда екеніңді білмей жүру­ші едім, енді білетін болдым. Ли­тинститутқа былтыр мені мұ­ғалім қылып шақырған (аударма бө­ліміне, мен Тува студенттерінің ше­берімін. Биыл қарақалпақ группасын аламын), сонда сені іздетіп таба алмадым. Өз курсыма немесе проза бөліміне алдыруды ойлаған едім.

Мен, май-июнь-июль айларында Мәс­кеуде болмаймын. ФРГ, Финлян­дия­ға сапар шегемін. Августке келе­мін.

Сені приемный комиссияға тапсырдым. Онда Панов Вадим деген жі­гіт бар. Барлық іс қағаздар соның қо­лында. Оған Роллан ағаның қа­рын­дасымын деп айтасың. Әйелі қа­зақ қызы – Алма. Оған да айт. Ұял­ма! Хатымды алысымен, «Қоңыр­қаз» әңгімесінің қазақшасын менің адресіме салып жібер. Емтиханға мұ­қият дайындал. Әңгімелерді де көбейт.

Ағалық сәлеммен – Ролл. Сейсен­баев», деп қол қойып, келесі бетті сы­зық арқылы нұсқапты: 107076 Мос­ква, Богородский вал д 6 корп 2 кв 243».

rollan-a-a-hat-1-beti2001 жылы «Қоңырқаз» атты тыр­нақалды әңгімемді қайта ау­дару­ға ниетім ауды. Аударма жан­рындағы авторлық алғашқы тә­жірибем болған соң әсте оңайға соқ­пады. Роллан аға орысша нұс­қасын «АМАNАТ» журналының 2002 жылғы №3 нөміріне жариялады. 2016 жылы ұлттық нақышы қанық суретші-график, әдеби жазу стилі айқын Жеңіс Кәкен­ұлы «Қоңырқаз» атты әңгімеме бірнеше иллюстрация салды.

Бұршан ағам мен Ырысқайша тә­тем екеуі хатты оқи сала, а, құ­дай­лап қуанышы қойнына сыймай кетті. Біздің Роллан Мәскеуде үлкен тұлға, құдай берді десіп, де­реу Бағдаш ағаны қонаққа ша­қырды, тәтем қазы, жал-жая асып, армян коньягін ашып, бір рюм­кадан асырмай, үшеулеп ке­ре­мет тойлап жіберді. Бағдаш аға туыс, бір елден, оқуға қабылдау ко­миссиясы тексеретін повесть-әң­гімеме аудармашы тауып берген. Орыс тіліне семейлік ақын, ға­лым Мұрат Сұлтанбеков аударды. Байжанов Сапар ағам Мәс­кеу­ге телефон соғып: «Роллан, қа­рағым, Айгүл күрделі оқуға бар­ғалы жатыр, онда біздің бағы­мызға өзің барсың, өзіңе сенемін, қол ұшын бер, көмектес!», – деп тап­сырса керек. Бұл сырды Ырыс­қайша тәтемнің айтуымен бі­лемін. Бауырмалдық қасиет бұрын қазақта ерекше тұнық еді. Ак­сиома, халықтың өзін-өзі сақ­тау түйсігінен туған көрегендік. Қан­шылдықты мықтап ұстанған эт­ностар берекесі сүттей ұйып, не­сібесі артып, жарық әлемді би­леп-төстеп, меңгеріп отыр.

Мәскеуге ұшып барғанда таң елең-алаң, айырма 4 сағат, уақыт­тан жаңылғандай дағдарған күй ке­шу. Бөтен планета сияқты жү­рек­сіну. Ауылдан мегаполиске келу­дің психологиялық қысымы зор. Кең жерде еркін өскен соң жиі­лікті, тарлықты жатсынасың. Мет­рода зу-зу вагондар мен зы­ры­лдауық эскалатордан жүрек шай­лықты. Жер астына үңги сыр­ғисың, зындандағы тұтқынша қа­малып, алып бөшкеден лықсып шығардай жер бетіне асығасың. Метро картасы қолда. Чемоданда көп кітап.Тілім шорқақ, орысша екі сөздің басын қосуға қарадай ұя­ламын. «Б» әрпін «в», «ф» әрпін «п» деймін. (Қазір орыс тілінде жиі­рек эссе жазуға көштім, бірақ ана тілімде жоқ әріптерді дәл ды­быстау үшін недәуір күш салу ке­рек). Әдебиеттен мығыммын, та­рих пәні қиын.

Роллан аға қарсы жолықты, ал­ғашқы көруім, жүзі жылы, жы­миып, «Келіп қалдың ба?», – деп жү­гімді көтерісті. Есікті Клара тә­те ашты. Көз жанары нұрлы, мейі­рімді, әдемі. Кіреберістен ко­ридордың ұзын бойы кітап сөре­лері, құдды кітап патшалығы. Ка­бинет толы бөлек кітап қоры. Рол­лан аға М.Горький атындағы Әде­биет институтына қабылдауда ең маңызды сынақ шығарма­шы­лық конкурс екенін, маған «5» қой­ғанын, конкурстан өтпесе, ем­тиханға жібермейтін қатаң заңын айтты. Проза бөлімінің бір тобын аса беделді орыс жазушысы Андрей Георгиевич Битов қа­был­дап аларын, оның досы еке­нін, мені өз тобына алуға ке­ліс­кенін Рол­лан ағадан естідім. Елден жырақта Роллан аға болғаны мұн­дай жақсы болар ма! А.Г.Би­тов­тың семинарына сырттан бөг­де жас авторлар келгіштеп, өза­ра мэтр атап, көзіне көрінуге ұм­ты­латынына артынан куә болдым.

Клара тәте: «Бұл үйге дәм тар­тып, қазақтың талай қаракөз ба­ласы келген, баршасы тегіс Мәс­кеудің небір таңдаулы оқуы­на түсті. Елге нәумез қайтқан бірі жоқ. Құдайға шүкір, абитуриенттер үшін біздің үй құтты шаңырақ. Бұйырса, жаның сүйген оқуға сен де түсесің!», – деп қадай айтты. Алғашқы төрт күн осы үйде болдым.

Роллан Сейсенбаевтың прозасы шет тілдерге аударылған, абырой, мәртебесі биік. Алматыдан «Жазушы», «Жалын», Мос­квадан «Молодая гвардия», «Со­ветский писатель» сияқты бе­делі зор ірі баспалардан кітап­тары 50-100 мың данамен жарық көрген әйгілі жазушы. Шығар­ма­шылық адамдары мемлекет тө­лейтін қаламақыға дән риза, ешкімнің алдында рухы жасып, кішіреймейтін. Жазушы қауымы әлеуметтік тұрмысы еркін, еңсесі тік, жүзі жарқын қуатты елдер көр­кейген үстіне гүлдене бермек. Шығармашылық элита туған елі мен жерінің бағын өсіретін құпия бағбан, баталы сөз иесі, дуалы жандар екенін білген соң ұлттық идеология ежелден берік қалып­тас­қан. Кіші проза шебері, философия ғ.к. Әсел Омарова,
Москвада тұрады.

Қазақстаннан келген жастар­ға Роллан аға көмегін аямасын өзім екінші курсқа көшкен жылы башқұрт-татар аударма бөліміне қазақ қызы түскенде білдім. Әсел Сыдықова Алматыдан келді, екеу­міз достасып кеттік. Жазушы жас буынға қамқорлығын бас пайдасы үшін жасаудан аулақ, болайын деп талпынған исі қазақ баласын рухани желеп-жебеп жіберуге жаны асық. Жоғары оқу орнына бала түсірудің сатымсақ, саудагер, ашкөз, ардан безген кү­мәнді түрін бұл кісі ырымға біл­ген емес, көмегін ешқашан бұл­даған емес. Шетте аттай 20 жыл тұр­ған қазақ жазушысы ұлт­шыл­дықтың жасампаз күшін әбден біл­се керек. Абай өсиетіне адал­дық қанда бар, тек арқылы әкеден берілген кие.

Әр сейсенбіде біздің институт бойынша жаппай творчестволық семинар өтеді. Поэзия, проза, әде­би сын, аударма, әр жанр жеке дара талданады, өз ішінде топ-топқа бөлінеді. Андрей Битовтың «Пушкинский дом» атты әйгілі романын іздеп жүріп сатып алдым. Ол кісі маған ерекше ықы­лас танытып тұратын. Курста жал­ғыз қазақпын. Роллан аға кейін елге оралған соң Андрей Георгиевич оқта-текте өзімен кездесе қалса: «Как сестренка?», – деп ме­нің мұнда не бітіріп жүргенімді сұрайтынын айтып қояды. Кітап мұ­қабасына автор: «Дорогой Ай­гуль – от учителя с пожеланием счастья. А.Битов. 29.9.92», – деп қол­таңба берді. Семинарда кілең орыс, еврей, кубалық, украин, беларусь, латыш ұлты өкілдеріне 10 бет әңгімемді Андрей Боченкин есімді төменгі курс студенті дауыстап оқып берді. Сыни талдауда Битов не дер екен, қалай қабылдайды деп іштей алаңмын. Андрей Георгиевич «Қоңырқаз» атты әңгімеме «Магический реализм», – деп кесіп баға берді. Про­­зада «сиқырлы шындық» атал­­­ған әдеби таңба латы­наме­ри­калық жазушыларға лайық са­нал­ған уақыт. Битов көркем сөй­лейді, нөсерлі ой қуатын, күр­делі лексикасы сарқырамадай та­биғи тіліне қайран қаламын. Рол­лан аға екеуінде бір ғажап үндестік бар. Бірі қазақ, бірі орыс қос жазушы көсіле сөйлесе, көне дәуірде бұқараға уағыз айтқан әулиелер әуезіндей аудиторияны интеллектуальдық танымымен баурап алатын. Роллан Шакенұлы қос тілге бірдей жүйрік билин­гвист жазушы екенін көзіқарақты жұрт біледі. Үйіне бір барғанымда Роллан аға  Андрей Битовпен бір­­ге түскен суретін маған есте­лікке бер­ді. Үлкен қос жазушыны әде­би жолымда тегін кездеспеген тұл­ғасы, тұғыры биік жандар, қам­қор ағаларым деп танимын.

Тверь бульварында оқитын, клас­сикалық әдебиеттің өзіне мін таққыш біздің студенттер ше­тінен көсем, білгіш, сөз тап­қыш, айдар тағып, ат қойғыш қауым­ға жатады. Білім қоры анық, қиядан сүрінбес, тіл мен жақ­тан мүдірмес кесек тұлға көр­се: «Ішіне кассета қойып алған сияқ­ты», – дейтін. Бұл таңдаулы институт адасып келгендер мен халтураны менсінбейтін. Құдай бер­ген қабілетіме сенім, тілді ер­кін игеру, ішкі комплекстен аты­мен арылу оқудың екінші жылы бас­талды. 5 курста мемлекеттік ем­ти­хан – телегей теңіз XIX-XX ға­сыр орыс әдебиеті пәнінен білі­мі даусыз, сауаты мол орыс жі­гіттері сүрініп, «4» алды, жалқы қа­зақ, менің «5» – үздік баға алуым бұйырған абырой еді.

Роллан Шакенұлының Бүкі­л­о­дақтық Ленин комсомолы сый­лығынан бастап тәуелсіз «Тар­лан» сыйлығына дейін ірі масштабта алған сыйлықтары мол. Жазушы-драматург творчес­твосынан докторлық диссертация қорғалды. Халықаралық «AMANAT» журналы кітапхана­сын шығарудағы басты мақсат – дүниежүзілік руханият қазы­на­сын қазақ халқына молынан уағыздау, бұл іс, әлбетте, алғаш са­лынған түрен емес, алаштың оқы­ған азаматтары бастап берген биік елдік мұраттың заңды жал­ғасы. Қоғам  өзгеріп, құн­дылық­тар ауы­сып жатқан өліарада әде­биет мүд­десін қорғау өте-мөте маңыз­ды болды. «Аманат» журналы кітапханасы 200 томды құрайды, түгел жарық көрді. Ол Орхон-Ени­сей ескерткіштерімен ашылды. Әлем мәдениетіне үлес қосу арзан атақ үшін жасалмайды, ұлтын сүйіп, қастерлеуден туады. Жазушы жұбайы Клара Серік­баева екеуі Абайдың «Қара сөз» атты кітабын аударып, 1993 жылы 50 000 данамен жарыққа шығар­ды. Роллан Сейсенбаев Абайдың асыл мұрасын 15 тілге аудартты.

Клара тәтенің мейірбан міне­зін суреттеп, «Майя» атты пове­сім­­де эпизод етіп жаздым  (А.Ке­мел­­баева. «Майя». Повесть. «Жалын», №1-2. 1994./ «Жібек жолы»  баспасы, 1997). Мәскеудегі бес жылда бұл шаңыраққа жиі барып тұрдым, елден жырақта жаныма жақын тарттым; өзімді таңдаулы оқуға түсірген, адам ба­ла­сын жатыр­қа­майтын, кі­ші­пейіл, жерлес жан­дардың дархан жү­регін, шапағатын көп көрдім. Клара тәте адамшылық қалыбы та­за, өте білімді зиялы, қазақ әйе­ліне тән көркем мінезі, тек­ті­лік қасиеті айқын. Дін мен әде­биет туралы түсінігі зор ғибратты әң­гімелерін талай сүйсіне тың­да­дым. Ол бөлек әңгіме. Кейде Рол­лан аға маған: «Сен менен гөрі Клара тәтеңді көбірек жақсы кө­ресің!» деп қалжыңдап күлетіні бар.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір