ФИЛОСОФИЯ ДАРАБОЗЫ
С.Д.Довлатовтың: «Толстойдың ақылына басымызды иеміз. Пушкиннің нәзік сыршылдығы сүйсіндіреді. Достоевскийдің адамгершіліктік ізденістері жоғары бағаға лайық. Гогольдің мысқылы керемет. Осылайша жалғастыра беруге болады. Бірақ Чеховқа ғана ұқсағымыз келеді» дейтін сөзі бар. А.П.Чеховтың өмір мен адамды, оның ішкі жан иірімдерін соншалықты шынайы бейнелеп, сырт көзге көрінбейтін ішкі трагедияны аз сөзбен бере білетін хас шеберлігі, адам бойынан дарын көрсе қолдап, жақсыға жанашыр бола білгендігі, жаны жабырқап, қабырғасы қайыса отырып надандығын, тоғышарлығын өлтіре сынаған халқына отқа қанатымен су сепкен қарлығаштай көмек жасаудан талмай, ақшалай қаржы бөліп отырған жомарттығы, адамгершілігі, өмірдегі кірпияз дегдарлығы үшін де болар, бәлкім.
Осындай біртуар тұлғалар өзімізде де жетерлік. Мысалы, Қазақстан философиясында ешкімге ұқсамайтын, ешқашан ұсақталмайтын тектілігімен баршаның құрметіне бөленіп жүрген ұстазымыз, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымының докторы, белгілі ғалым, азамат, ғылым қайраткері Марат Шамұратұлы Хасанов есімді дана бар. Біз бүгін сол Ұстазымыз туралы айтқымыз келеді.
Қытай философы Конфуцийдің демі таусылып, жаны шығып бара жатқанда оны қоршаған шәкірттерінің бірі: «Адам өмірінің мәнін бір-ақ сөзбен қалай айтар едіңіз? Қандай сөз?» деп сұрағанда, Ұстаз сыбырлап жауап беріп үлгеріпті. Ол сөздің аудармасы «кеңпейілділік, кешірімшілдік» деген мағына береді екен.
Профессор Марат Шамұратұлының бейнесін осы сөзбен сипаттауға болады. Өмірдің ауыртпалығын көрген ұрпақтың өкіліне тән сабырлылықпен, табиғат берген қоңыр мінезбен, әрдайым бір қалыптан шықпай, айналасына жан шуағын таратудан танбайтын оның маңызды қызметтер иеленіп, мақтаулар мен қолпаштаулар естіген күндерінде де арнасынан асып-тасқанын, дауыс көтере сөйлеп, өзгелерді тұқыртуға тырысқанын көргеніміз жоқ. Көмекке мұқтажды панасына алып, бауырына тартып, алдынан көрген жақсылығын артындағы рухани бауырластарына аямай, молынан төгетін жан.Мұң-мұқтажын білдіргенде аялдамай, мойны жар бермей өте шығатын үлкендердей емес, екі жақтың да пікірін тыңдауға ұмтылатын, әділін айтып қана қоймай, тығырықтан шығудың жолын сілтейтін парасат иесі. Қандай адамның болмасын мысқалдай жақсылығын, игі істерін жария қылуға асығып, рухын көтеріп, өмірге құлшынысын үстемелеп отырғаны. Адами, азаматтық қыры – асқан білімділігімен өрнектеліп тұтасып жататын, көп біле тұра ешқашан тәкаппарланбайтын, соншалықты қарапайым да кішіпейіл дананың өз ортамызда болуы – біз үшін таптырмас үлгі, теңдессіз рухани қазына. Жиын бола қалса, талданып жатқан мәселенің нәзік тұсын тап басып, кемшінін көрсететіні өз алдына, сол үшін кешірім сұрап, кішірейіп бастап, қарастырылып отырған мәселені шебер ықшамдауы жанды сүйсіндіреді. Сондықтан кафедра мәжілістерінде профессор Хасанов тамағын кенеп, әдеттегі бәсең даусымен: «Я прошу прощения» немесе «Друзья мои» деген сәтте қызу талдау күрт тоқтап, тыныштық орнайды. Жиналыс барысында ол кісі пікірталасқа бірнеше рет араласуы мүмкін. Алайда, солардың ешқайсысы бос әңгіме, орынсыз долбар, өзімшілдік мүддеге арналған емес. Әр жолы өмірлік тәжірибе, терең қисынға негізделген дұрыс шешім ұсыны-лады.
Марат Шамұратұлының өмір жолына көз жіберсек, ол 1941 жылдың 29 қазанында Орал облысында, мектеп оқытушысының отбасында дүниеге келген. Жеті баланың үлкені, балалық шағы соғыс жылдарында өткен ол сол кездегі ұрпақ басынан кешкен қиындықтың ащы дәмін татып өсті. «Алаш Орда қайраткерлерінің басым көпшілігінің туған өлкесі Жымпитыдағы мектепке екі жеңі екі түрлі күртеше, жалаң аяқ баратын едім» деп еске алады ғалым. Ол жазу-сызудан гөрі кітап оқуға көбірек құмар болып, тіпті есепті де ауызша шығаратын. Бәлкім, осындай еске сақтау, елестету қабілеттерінің мықты дамуы оның кейінірек философ ретінде қалыптасуына ықпалын тигізген де болар. Мектеп бітірген соң сол кездегі тың көтеру ұранымен тракторшы мамандығын игерген Марат көп ұзамай әскер қатарына шақырылды. Теңіз, кеме туралы кітаптарды бала кезінен қызыға оқыған ол флотта қызмет етуді таңдап, Балтийск қаласынан бір-ақ шықты. Марат Шамұратұлының философияға қызығушылығы өзі қызмет еткен кемені жөндеуден өткізуге жиі баратын, әлемдік философияның көрнекті ғұламасы Канттың отаны Калининград (бұрынғы Кенисберг) қаласында басталды. Алғашқыда қолына кездейсоқ түскен «Эстетика» оқулығымен танысқан ол кемедегі кітапханадан философия тақырыбына жазылған кітаптарды тауып алып, қолы қалт етсе, соларды оқыды. Сөйтіп, философ боламын деген шешімге келіп, әскерден Мәскеуге жол тартып, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетіне оқуға түсті. Оны 1971 жылы үздік бітірді, ал 1974 жылы осы оқу орнының аспирантурасын тәмамдап, философия ғылымдарының кандидаты атанды. Докторлық диссертациясын Қазақстанда,1988 жылы қорғады.
Осылайша, философтың қиын да қызықты тағдырын таңдаған Марат Шамұратұлы 1975 жылдан бүгінге дейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ұстаздық және ғалымдық парызын мінсіз атқарып келеді. Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес. Оның субъект, объект, диалектика, таным теориясы және тағы басқа философиялық мәселелер бойынша алғашқы дәрістерін тыңдағандардың қатарында біз де болғанбыз.Марат Шамұратұлы өзін бірден терең білімді, еңбекқор, мейірімді ұстаз ретінде көрсетті. Толқынданып иығына түскен бұйра шашын сілкіп тастап, әрбір тақырыпты студенттің санасына жеткізгенше қолынан боры түспестен ерінбей түсіндіретін оның дәрістерінен жастар қалмайтын. Табиғатынан демократ ол сабаққа қатысушыларды тексеру, ұрсу, қорқыту дегендермен басын қатырмай, бөлінген уақытты мүмкіндігінше пайдалы қолдануға ұмтылып, біздің алғашқы философиялық пайымдауларымызды асықпай талдайтын.
Міне, осы қалпынан ол зулап өте шыққан қырық бір жыл ішінде бір ауытқыған емес. Марат Шамұратұлы университетіміздің студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына философияның жалпы курсы, ғылыми таным философиясы, философияның гносеология, онтология, философиялық антропология, әлеуметтік философия, ғылыми ізденістің философиясы мен әдістемесі және тағы басқа салалары бойынша дәріс жүргізіп, олардың ғылым ізденістеріне жетекшілік етіп келеді.
Оның білімінің тереңдігі соншалық, философияның кез келген саласы бойынша арнайы курстар дайындау оған еш қиындық туғызбайды. Көп шаруаны шәкірттеріне ысыра салатын кейбір жасы үлкен ағаларымыз сияқты емес, компьютердің құлағында ойнайтын ол бұл іске қызыға кірісіп, қазіргі заман талап етіп отырған оқу-әдістемелік кешендерді уақытында және сапалы жасайды. Өзі айтқандай, жаңа пәндер оның маман ретінде тоқырауына жол бермейді, үнемі ізденіп, еңбектенуге жетелейді.
Соңғы уақытта кафедра пәндерін оқулықтармен қамтамасыз ету ісіне баса назар аударылып отыр. Осы істе де Марат Шамұратұлы біздің бірінші көмекшіміз. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің грифін алған, қазақ және орыс тілдеріне жазылған «Философия» оқулығын, «Қазақ мәдениетінің ғарышы», «Қазақ өркениетінің генезисі және дамуы», «Демократияның трансформациясы: тарих, теория, практика» монографияларын айтпағанның өзінде, «Ғылыми таным философиясы», «Ғылымның тарихы және философиясы», «Философияға кіріспе» және тағы басқа толып жатқан оқу құралдарын бар-жоғы 3-4 жылдың ішінде дайындады. Университет ректоры, академик Ғ.М.Мұтановтың басшылығымен жазылған «Әл-Фараби және қазіргі заман» оқулығының мазмұнды болып шығуына да Марат Шамұратұлы елеулі үлес қосты.
Ғалымның республика деңгейіндегі қызметі ерекше. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары ол Алматы қаласында «Шығыс-Батыс: мәдениеттер сұқбаты» атты үш халықаралық симпозиум өткізуге себепші болды. Нәтижесінде оның басшылығымен ұлттық мәдениетті теориялық негіздеуде және өзге мәдениеттермен өзара ықпалдасуда маңызды роль атқарған 7 томдық ғылыми еңбектер жинағы жарық көрді.
Сол жылдары ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Оклахома университеттерінің арасындағы ынтымақтастық шарты бойынша іске асқан, USAID грантын иеленген «Әлеуметтік және гуманитарлық пәндерді оқыту барысында демократиялық құндылықтарды дамыту мәселелері» білім беру жобасына қатысты.
1994 жылы мемлекеттік саясат бойынша ұлттық кеңес бекіткен «Қазақстан Республикасының гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы» жобасын дайындаған шығармашылық ұжымға жетекшілік жасады. Соның негізінде Республикадағы ұлттық білім жүйесін реформалаудың 1995-2000 жылдардағы басымдықтары белгіленді.
1995 жылдан 2000 жылға дейін ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Аттестациялық Кеңесінің Төрағасының орынбасары қызметін атқарып, жоғары білікті ғалымдарды дайындауға үлес қосты. 2003-2005 жылдарда «Адамды үйлесімді дамыту» институтының директоры, ҚР БҒМ «Бөбек» Ғылыми Орталығының Бас директорының орынбасары ретінде жастар тәрбиесі, оларды адамгершілікке баулу саласындағы ізденістерін жүргізді. Марат Шамұратұлы 2 ғылым докторын, 13 ғылым кандидатын дайындап, алыс және жақын шетелдің көптеген мемлекеттерінде өткен ғылыми жиындарда баяндамалар жасады. Ол 2001 жылдан бері «Еуразия» қоғамдық-саяси журналын шығарып келеді және бұл басылымда теориялық деңгейі өте жоғары мақалалар ғана жарық көретінін ғалымдар қауымдастығы жақсы біледі.
Марат Шамұратұлының «Өзгермелі әлемдегі Қазақстан: әлеуметтік-мәдени импульстер және еуразиялық өркениеттік бағдарлар» ғылыми жобасы Білім беру министрлігінің грантына ие болғанын да ерекше атап өту керек.
200-ден аса ғылыми туындының авторы өзінің тынымсыз қызметін 75 жылдық мерейтойы қарсаңында да жалғастыруда. Күні кеше ғана оның мақаласы кез келген ғалымның қолы жете бермейтін Скопус базасына кіретін шетелдік журналда жарық көргені туралы қуанышты хабар келді.
Біздің Ұстазымыз үшін ең бастысы – өзі тәрбиелеп отырған жастардың рухани келбеті. Ол Абайдың жанның құмарын, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен дегенді арттыру туралы, неміс философы Артур Шопенгауэрдің «Адамды пәле-жаладан сақтайтын құрал – оның ішкі қазынасы, ақылының байлығы, рухтың беріктігі. Рух асқақ болған сайын іш пысуға орын қалмайды. Ақылды адам қайғыны болдырмауға, тыныш және қарапайым өмірге ұмтылады, өйткені, адамның өз бойындағысы көп болған сайын, сыртқыны қажет етпейді» деген ойларын үнемі қайталап отырады. Сонымен қатар, ұстазымыздың пікірінше адам бақытының оннан тоғыз бөлігін денсаулық құрайды. Тек саулық қана ақылдың анықтығына, мінездің жарқындығына, қайраттың ұстамдылығына, ардың тазалығына негіз болады. Денсаулық – ешбір атақ-даңқ, ақша, шен орнын толтыра алмайтын игілік. Анарыстың сөзімен айтқанда: «Тілге, ділге және 12 мүшеңізге ие болыңыздар!». Салауатты өмір салтын ұстанатын ғалым жастарды денені шынықтыруға шақырады, себебі, спортпен айналысу, ең болмағанда қарапайым жаттығулар жасау адамға қуаныш пен рахат сыйлайды. Ұстазымыздың бұл ойлары бәрімізге де пайдалы екендігі күмәнсіз.
Әңгімеміміздің соңында айтарымыз: Мерекеңіз құтты болсын, антика ғұламалары Сократ, Платон, Аристотельдің ісін лайықты жалғастырған құрметті Ұстаз, данышпан, Дарабоз! Жарыңыз Вера Филипповнаның, қызыңыз Әсия мен ұлыңыз Ілиястың, немереңіз Жәңгірдің қызығына, әріптестеріңіз бен шәкірттеріңіздің құрметіне бөленіп, ұзақ өмір сүріңіз! Біз Сізбен мақтанамыз!
Гүлжиһан НҰРЫШЕВА,
философия ғылымының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Философия кафедрасының меңгерушісі.
Гауһар ӘБДІРАСЫЛОВА,
философия ғылымының кандидаты,
кафедра доценті.