ҚАЛЖЫҢҚАЛТА
21.10.2016
1568
0

ТОТИЯЙЫН

МЕНДЕЙ АҚЫМАҚ ЖОҚ ШЫҒАР

Өмірде мендей ақымақ  жоқ шығар. Осы ақымақ­тығымнан талай таяқ жедім, талай пәлеге ұрындым. Сонда да ақыл кірмей-ақ қойды.

Бүгін де жеңіл көлігіммен зырлатып келе жатыр едім, алдымнан алатаяқ селтең ете қалды.

– Сіз неге машинаңыздың шамын жақпай келе жатырсыз? – деді қызыл жағалы.

– Ә, оны түнде жағам ғой, – деймін мен ақымақ.

– Сіз немене, күндіз жағу керек екенін білмейсіз бе, – деді қызыл жаға.

– Күндіз мен үйімнің де шамын жақпаймын, қайтем артық ақша төлеп, немене, сіз жағасыз ба? – деймін сол ақы­мақтығымнан  әлі де арыла алмай.

– Үйіңізде шаруам жоқ, бірақ машинаңыздың шамын жағуға тиіссіз, – дейді қызыл жаға.

– Айналайын-ау, Құдайдың күнімен таласып қайтем, қараңызшы. Күн шақырайып тұр ғой, тіпті ас­панда бір шөкім бұлт жоқ. Сонда не үшін жағуым керек? Құдайдан ұят емес пе? Бәрін тамаша көріп келе жатырмын.

– Өй, сіз өзіңіз ақымақ екенсіз ғой, – дейді қызыл жаға күйгелектеніп.

– Сондай заң бар, сондай тәртіп бар, күндіз жақсын деген. Мұны мен ойлап тапқан жоқпын ғой. Жоғарыдағы ақылды бастар ойлап тапқан. Солардан сұраңыз. Тиісті министрліктен, Үкіметтен сұраңыз.

– Ақымақ екенімді білем ғой, – деймін мен оған аса ризашылықпен, – бірақ  қанша ақымақ болсам да ақылды адамдардың бұл ісіне ақылым жетпей-ақ тұр. Күн тұман болса бір сәрі, онда шамды жағамын, нөсер қатты құйып тұрса бір сәрі, онда шамды жағамын, қараңғы түссе бір сәрі, онда шамды жағамын. Қазір айналайын-ау, талтүс қой, тал­түс. Күн шақырайып тұр. Талтүсте шам жаққаным Күннен де, астымдағы машинамнан да ұят емес пе?

– Өй, сіз немене, быды-быды деп  басымды қатыр­дыңыз ғой. – Немене, ақылыңыздың жетпегеніне мен кінәлімін бе, жоқ әлде Үкімет кінәлі ме? Давай, 9 мың теңге айыппұлыңызды төлеңіз, сосын ақылыңыз кірер.

– Әнеки, ақымақпын ғой, ақымақпын. Сол ақымақ­ты­ғымнан тағы да таяқ жедім. «Ішпей-жемей», бақандай 9 мың теңгемнен айрылдым. «Кешіріңіз, шамды жағуды ұмытып кетіппін, кінәлімін, бұдан былай машинаның шамын ғана емес, тіпті ұйықтағанда үйдің де шамын жағып қойып ұйықтаймын» дегенімде ғой, кім білсін, пенде ғой, кешіре салар ма еді? Әй, ақымақ басым-ай!..

 

АСА ҚҰРМЕТТІ ИТЕКЕ!

Көкірек құрдасы Қисыққа телефон соқты.

– Ассалаумағалейкүм, аса құрметті Итеке…

– Әй, сен немене-ей, ел-жұртқа белгілі дардай адамды Итеке деп, итсің деп. Ой, оңбаған, ой, көргенсіз, ой, жете­сіз, ой, санасыз…

– Қисеке, таусылма, тоқтай тұр. Өзің емес пе, мені оңашада, ешкім жоқта «Итеке» деп ит екенімді есіме салып қой деген.

– Қашан, қай жерде айтыппын мен оны.

– Осыдан тура бір жеті бұрын үйіңде мас болып отырғанда айтқан жоқсың ба? Үйіңе іздеп барсам, өзіңнен басқа ешкім жоқ. Жападан-жалғыз  сілтеп отырсың. Сосын қосыла іштік. Үш рюмкадан кейін сенің көзің кіртиді, мұрның тыржиды, ернің дүрдиді, аузың ырбиды. Сәл мүлгіп отырдың  да «Мен дорақпын» деп айқай салдың жын ұрғандай.

Содан сәлден кейін «Мен итпін» деп қышқырдың бір жаңалық ашқандай. Қой, Қисеке десем болмайсың, «Мен итпін, мен нағыз итпін, төбетпін» деп. Сосын ит екеніңді дәлелдей бастадың.

– Қалай?

– Былай. «Мен қатыныммен отыз жыл бойы тұрып келем», – деп бастадың  «хикаяңды». Осы жылдардың ішін­де ол менің кім екенімді, мінез-құлқымды «түп-тамырына» дейін әбден «зерттеп», танып-білді.

Сондықтан сәл ұрыса бастасақ болды, сол сволоч қаты­ным маған бірден «үрме» дейді. Бұл – менің ит екендігімнің бірінші дәлелі».

– Апыр-ай, осының бәрін мен айттым ба?

– Сен айтпай менің жыным айтты дейсің бе?

– Сосын не дедім?

– Мен өзі бетпақпын, бетпақтың да бетпағымын, – деп бақырдың. Сосын болмаған нәрсені болды деп өтірік өсек айтып, ағайын-туыстардың, адамдардың арасына от салып жүретініңді, басқа да иттік қылықтарыңды ақтарып,
жайып салдың.

– Астапыралла, не дейт!  Мен өзі саған бар сырымды, бар шынымды айтып қойыппын ғой.

– Рахмет!

– Не үшін?

– Бар сырыңды, бар шыныңды айтқаның үшін.

– Ойбай-ау, оны мен емес қой айтып тұрған.

– Енді кім?

– Анау ит қой, арақ ит қой айтқызып тұрған.

– Сен олай сөйлей алмайды екен деп араққа жала жаппа, жазғырма.

– Ал сен «оны» неге қорғап тұрсың? Немене, арақ сенің «ғашығың ба», «махаббатың ба»?

– Әй, ақымақ, текке сандалма. Арақ деген «әулие» ғой. «Ол» біздің кейбір соттар сияқты дұрысты бұрыс қылып жібермейді. Әділін «айтады». Арақ та айна сияқты. Айна сенің сырт бейнеңді өзгертпей тап сол қалпында көрсетсе, арақ та сенің ішкі бет-бейнеңді, яғни иттік бет-бейнеңді тап сол қалпында сүмірейтіп сыртқа алып шығады, яғни аузыңа салады. Әйтпесе, «итпін» деп өзіңнен өзің айқайл­айсың ба?

– Апыр-ай, солай ма?

– Әрине, солай. Сен жұрттың айтқаны жөн болса да, өзімдікі теріс болса да, өзімдікін дәлелдеп сағат бойы бет бақтырмаймын. Мұндайда Көбік деген қыршаңқы құрда­сым: «Қисық қазір сағат бойы үреді», – деп жұртқа жар са­лады. Яғни бұл менің ит екендігімнің екінші дәлелі де­дің.

– Масқара, өзінің ит екендігін дәлелдеген деген не сұмдық! Немене, үшіншісі де бар ма?

– Мен өзі өте мақтаншақпын, өте жағымпазбын, – деп бастадың үшіншісін. Көзге түсу үшін байлаудағы иттей жұлқынып тұрам. Дауысым келмесе де қонақта отырғанда көзге түсу үшін барқырап әнге басам. Мұндайда әлгі Көбік: «Мырзалар, кешіріңіздер, біздің Қисық ұлып жатыр» деп жар салады. Бұл – менің ит екендігімнің үшінші дәлелі. Тағы дәлелдейін бе, – дедің.

– Қой, құрысын, аржағын айтпай-ақ қой. Расында да ит екем ғой. Бірақ сен мұны ешкімге айтушы болма.

– Ендеше, сен де «Итеке» дегенге тұлданба, бұлданба, жынданба. Мен жәй Итеке деп тұрған жоқпын ғой, аса құрметті Итеке деп мерейіңді, мәртебеңді өсіріп тұрған жоқпын ба? Дегенмен, сен азамат екенсің.

– Неге?

– Мас болсаң да «ит» екеніңді мойындап тұрсың ғой. Ал мойындамай жүрген «иттер» қаншама.

Дамир ӘБІШ.
Қостанай қаласы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір