«КҮЙДІ ДЕ БІРЕУ КҮЙ ДЕЙДІ-АУ»
Ерболат МҰСТАФАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші
Соңғы кездері күй өнерінің беделі түсе бастағандай. Теледидардан сахнаға шығып, былқылдатып күй тартып отырған өнерпазды көрмейсің. Қасиетті қара домбыраның дауысы эстрада әндерінің арасында ғана тыңқылдайды да қояды. Радиоқабылдағышты қоссаң, диктор: «Бүгін сіздер күмбірлеген күй мен қалықтаған ән тыңдайсыздар», – дейді, бірақ таңертеңнен кешке дейін бір күй тыңдауға зар болып қала бересің.
2006 жылы Алматыда өткен «Күй керуені» атты күйшілер фестивалінен бері 8 жыл өтіпті, содан бері күй өнеріне мемлекет тарапынан ойдағыдай көңіл бөлінбей келеді. Ол фестивальді де ұйымдастырып, әр өңір күйшілерін бір сахнаға топтастырып, қазақтың күй өнерін әспеттеп, төрге шығарған ел азаматы Иманғали Тасмағамбетов пен сол жылдары Қазақстан телерадиокорпорациясына басшылық еткен Ғалым Доскен мырза еді. Ізінше «Мәңгілік сарын», «Қазақтың 1000 күйі» атты антологиялар жарық көрді.
Күй мүлдем ойналмай кетті деп отырғаным жоқ. Республикалық конкурстар өтіп тұрады, жабылудан аман қалған музыка мектептері мен музыка колледждерінде, жаңа Астана мен оңтүстік астанадағы жоғары оқу орындарында күй бөліміне түсіп, оқып жүргендер, құдайға шүкір, бар. Бірақ көңіл толмайды да тұрады. Құдды тыңдарман мен көрермен күй өнеріне қарсы жорыққа шыққандай әсер қалдырады.
Рухани кедей адам елі үшін қызмет жасайды дегенге, сабаса да сене алмаймын. Жапония елінде екі адам жұмыс сұрап келсе, соның қайсысы музыка мектебін бітірген, бірінші соны жұмысқа алады екен. Мінеки, өнер мен мәдениетке деген құрметтің шынайы белгісі. Ал Жапонияның дамыған мемлекеттердің алдыңғы қатарында екені баршаға аян.
Ел ішінде «Скрипка» немесе «Пианино» аспаптары бойынша конкурс өтті делік. Бас жүлде 4-5 мың долларды құрайды. Ал енді «Домбыра» аспабы бойынша Республикалық конкурс өтеді, Бас жүлде 50-100 мың теңге. Айырмашылығына ден қойыңыз. Шетелге шығатын Қазақстан Республикасының мәдени күндерінің концерттік бағдарламаларына зер салып қараңыздар. Басқа, ұлттық емес аспаптар шығармаларын түгел ойнайды, ал кезек домбыраға келгенде, 5-6 күйшіні қосып, күйлерден попурри жасап, әйтеуір 2 минутке жетер-жетпес бір номер құрастырады.
ХХ ғасырдың 70-80 жылдары консерваторияда оқып жүргенде, әр күйші барлық өңірдің күйлерін талғамай орындаушы едік. Консерваторияның мақсаты да жан-жақты етіп тәрбиелеу болатын. Ал қазір «сен батыстансың, батыстан ойна, сен Қаратаудансың, Сүгірден тарт, сен Ақтаудансың, Маңғыстау өңірінің күйлерін орындауың қажет» деген, т.б. және т.с.с. сөздер көбейіп кеткен. Сыр бойынан келсең, «Құрманғазыны тартуға болмайды», батыстан келген күйшіге «сен Тәттімбет пен Сүгірден тартпа, ойнай алмайсың» деген сияқты таяз әңгімелер мәдени ортада кезіп жүр. Міне, біз осылай біртұтас күй өнерін бөлшектеп, өңір-өңірге бөліп тастадық, күйші аталарымызды да жер-жерге, облыс-облысқа, ру-руға бөліп алдық. 30 тілге аударылған атақты «Қыз Жібек» фильмінде Төлеген батырдың айтқан бір сөзі көкейіме қонады: «Болмашыға өзді-өзіміз қырқысып жатқанда, бөтен ел бізді бақпай ма екен, жерімізге қызықпай ма екен?», – дейді. Домбырашы-күйшілер өзді-өзіміз қырқысып, қазақ халқына ортақ күй өнерін бөлшектеп жатқанда, домбырамыз скрипкаға, пианиноға, саксофонға, гитараға, трубаға, эстрадалық жеңіл әндерге жем болды, сахнадан шеттеп қалды. Сөйтіп, қазір жетім баланың күйін кешіп жүр.
Кейінгі кездері бір байқайтынымыз – күйлердің ескі нұсқаларының (варианттарының) ұмытыла бастауы, сирек орындалуы. Күйшілер сайысында, Республикалық түрлі конкурстарда күй орындаушылар барлығы бір адамнан үйренгендей, құдды бір-бірімен келісіп алғандай әсер қалдырады. Егер қазіргі жас буын домбырашыларды бір сахнаға жинасаң, жеке орындалатын күйлерді бәрі бірдей, бірге ойнайды-ау, шамасы. Әрине, қазақ халық аспаптар оркестріне түсірілген күйлерді барлық күйші бірдей орындағаны дұрыс, ал жеке орындалатын күйлер де сол оркестрлік күйлердің кейпін кигені көңілге қонымсыз. Олай дейтін себебіміз, күй өнерінің байлығы оның көп нұсқалылығында, орындаушылық ерекшелігінде, дыбыс шығару байлығында, мәнерлеп ойналуында емес пе еді…
Сол уақыттардағы тартылатын күй нұсқалары неліктен қазір ұмытылып барады? Бірізділік неге басым? Көпнұсқалылық қайда жоғалды деген сұрақтар туады.
ХХ ғасырдың 70 жылдары жарық көрген 8 күйтабақтан құралған антологияның (1 күйтабақ қобыз күйлерінен тұрады) ішіндегі күйлердің көбісін орындағандар Қали Жантілеуов және Шәміл Әбілтаев екені баршаға мәлім. Ойымызды түсінікті жеткізер болсақ, қазіргі кезде сол ескі нұсқалар бір-бірімен араласып кеткен. Мысалы, Әбікен Хасенов және Мағауия Хамзин орындаған Тәттімбеттің «Бес төресі» екеуі екі түрлі әдемі күй еді, қазір екі нұсқа бір күй болып кеткен. Құлағы тесік тыңдаушы нұсқалардың араласып кеткенін тез аңғара алады. Сол сияқты, Төлеген Момбеков орындаған және Генерал Асқаров тартқан Сүгірдің «Шалқымасы» да солай «винегрет» болған. Мұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Мысалы, Құрманғазының «Қайран шешем» күйін Дина әжеміздің орындаған дара нұсқасымен араластырып ойнар ма едіңіз?
Түрлі конкурстарда, күй сайыстарында қазылық еткен өнер адамдары ескі күй нұсқаларын дұрыс емес деп, жаңа нұсқаларды тықпалады. Сөйтіп, көне нұсқалар орындалмай қала берді. Бір сөзбен айтқанда, ғасырлар асып жеткен күй тарихын өшіріп, жаңа күй тарихын жасау үрдісі қанат жайды. Және бұл тірлік Қ.Жантілеуов, Н.Тілендиев, Р. Омаров, Р. Ғабдиев және т.б. майталмандардың көздері кеткен соң басталды.
Тағы да қайталап айтайын, мұндай тірлік қазақ өнерін байытпайды, керісінше инкубатордан шыққан жұмыртқалардай барлық күйшілерді бірізділікке итермелейді, жан-жақты зерттеуді тұсайды, көпнұсқалылықты жояды.
Батыс Еуропаның өзінде нота жазуы арқылы тайға таңба басқандай етіп, жазып тастап кеткен дегеннің өзінде, әлемге әйгілі болған композиторлардың шығармаларының орындалуы, трактовкалары, басқа нұсқалары баршылық. Қазір, құдайға шүкір, ғаламтор бар, таспалар бар, аңғаруға болады. Ал қазақ күйлері осыдан 50-60 жыл бұрын ғана нотаға түсіріле бастады. Құйма құлақ қазақ ата-бабаларымыздан мұра боп қалған төл өнерді саф алтындай сақтап келмеп пе еді, жазу-сызу болғанға дейін ес-жад арқылы ұрпаққа жетіп еді ғой. Әрине, мына күйші былай орындаған деп нотаға түсіріп, кітап етіп шығаруды, солай орындалуды талап етуді қолдамасқа шара жоқ. Бірақ екі немесе үш нұсқаның бір нұсқаға айналғанына немесе бірінің ұмытылып қалуына жол беруге болмайды. Көз алдыңызға тек сары гүлдерден топталған даланы елестетіңізші. Енді сол сары гүлдердің арасында қызыл, көк, ақ гүлдер аралас болса, дала тоқылған кілемдей әдемі көрініс бермей ме? Сол секілді, күй өнерінің байлығын толық көрсете білген жөн. Күй нұсқаларының сан алуан болғаны ұлттың мақтанышы. Бар қазаққа ортақ Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дина, Сүгір аталарымыз бен әжелеріміз күй өнерінің осындай халге түсерін ойлады ма екен. Оқап, Қали, Рүстембек, Рысбай аталарымыз тіріліп келсе не дер еді?..
Динаның «Бұлбұл» күйінің қай нұсқасы дұрыс? Ол күйді Дина шешеміз 40 жасында басқа, 60 жасында тіпті бөлек, 80 жасында тағы басқа нұсқамен тартты дейік, сол әр кезде ойнағанын тыңдағандар хал-қадірінше, жад арқылы жаттап алды да, солай орындап кетті. Жаппас Қаламбаевтың тартқаны ма, Қали Жантілеуовтің нұсқасы ма, Рүстембек Омаровтың орындағаны ма, әлде Сағын Жалмышевтың нұсқасы ма, әлде Қаршыға Ахмедияровтың нұсқасы ма? Кім дөп басып айта алады? Бұл сұраққа жауап іздеудің өзі әбестік. Өйткені, әр нұсқа өзінше бір шедевр.
Тағы бір айта кететін жайт – қазіргі күй орындаушылардың домбыраны қырғызша тартуы (домбыраны иыққа салу, аударып-төңкеру, тарсылдату, ұруды және т.б. солай атадық. – Е.М.). Олар тыңдарманның емес, көрерменнің көңілін ғана аулаушылар деп есептеймін. Салыстырыңыз: қырғыз күйлері ән тақылеттес болса, қазақ күйлері – мазмұны бай, толық аяқталған формасы бар күрделі шығарма. Ал қазір орындаушы тыңдаушыға сай әрекет ететін заман туды, сахнада рахаттанып былқылдатып күй тарта алмайсың, домбыраны аударып-төңкеріп, ұрғылап, иыққа салмасаң, сені көрермен қабылдамайды. Техникалық прогресс заманында өмір сүріп жатырмыз, тез тарту қажет деушілер көбейді. Әрине, көрерменнің көңілінен шығу, ыстық ықылас пен қошемет көру дұрыс, тек күйдің барлығына соны телу бұрыс. «Ойбай, башпайымен күй тартқандар болған» деп айды аспанға шығаратындар да жетерлік. Бірақ данышпан ақсақалдар айтқандай, біздің жеті атамыздан да үлкен қасиетті домбыраға аяқ тигізу әбестік емес пе!?
«Үй сыртында кісі бар» дегенді әжем жиі айтушы еді. Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада болып, мезгілінде үлкендердің айтқанына жете мән бере қоймадық. Алпауыт мемлекеттердің жасырын түрде жасап отырған қитұрқы саясатынан бейхабар жандар өте көп. Ол саясаттың көксейтіні – қазақ сияқты азғантай ұлттардың жеріндегі байлығы. Ол байлықты у-шусыз қалай ала алады? Тек қана, біздің рухымызды төмендетіп, ұлттық құндылықтарымыздан ажыратқан уақытта, бізді сауатсыз, білімсіз еткенде, ұлты үшін жаны күймейтін қаныпезер қылып тәрбиелегенде ғана мақсаттарына жетеді. Алкоголь мен темекіден уланған, дінсізденген, ар-ұяттан жұрдай болған, рухани жаны кедей халықты жеңу оп-оңай. Ондай халық өзара қырықпышақ болып, өз ана тілінен безіп, ұлттық мәдениет пен өнерді ту-талапайға салып, көкпар етіп тартып жүргенде қалай әлсіреп қалғанын сезбей де қалады. Қазір радио, теледидар, газет-журналдар, жалпы барлық ақпарат құралдары осы айтылған ашкөз саясатқа бағытталған демеске шара қалмады. Олай дейтін себебіміз бар: теледидарда қазақ тілінде берілетін арналардың жабылуы, ұлттық өнер мен музыканы дәріптейтін хабарлардың тоқтатылуы, қазақ тіліндегі хабарлардың жұрт ұйқыға кеткенде, түнде берілуі, оқу бағдарламаларындағы музыкалық аспап пәндеріндегі сағаттардың қысқартылуы, жастардың өз ана тілін меңгермей жатып, өзге тілде сөйлеуі, ұлттық менталитеттің бұзылуы, дініміздің талапайға түскені, кітап оқымайтыны, ақыл-кеңес сұрап алдына баратын ақсақалдардың азайып кеткені, қыз балаларымыздың ашық-шашық киініп, баланы туып, көшеге тастап кетіп жатқандары және т.б. бәрі-бәрі сондай жымысқы саясаттың барына күмән келтірмейді. Біздің ұлттық музыкамыздың өспей жатқанын, ұлттық аспаптарымыздың өгей аспаптардың көлеңкесінде қалып қойғанын да осыдан іздейміз.
«Домбыраны тарта алмаған – сабалаған, өлеңді айта алмаған – абалаған» деген ауырлау тиетін сөз бар қазақта. Көрерменнің көңіліне жол таба отырып көрген уақытша арзан марапат пен атақ-даңқты қуып жүріп, болашақтың барын да ұмытпағанымыз абзал. Келешек ұрпаққа жеріміздің байлығын ғана емес, өнеріміздің де бай мұрасын таза, адал күйінде табыстағанымыз жөн.Талғампаз тыңдарман мен көрермен ұлттық музыкаға, оның ішінде күй өнеріне көңілін бұрар деген үмітіміз әлі жоғала қойған жоқ.