ЖЫР-КЕРУЕННІҢ ЖАМПОЗЫ
Қай кезде де қазақ өлеңінің қара қазаны ырыздықсыз болмаған. Оның ішінде Сыр өңірінің құдай берген сыбағасы бөлек. Арқа мен Атыраудағы, Алтай мен Жетісу жеріндегі еркін көшкен жыр керуенінің ұлар ізі Сыр топырағында да сайрап жатыр. Кешегі сүлейлер сонарындағы салқар көштің бүгінгі шұбыра түскен шұрайлы ұзын шұбары да көз қуантады. Ал енді тоқтап, тоқырап қалмай, үдере қозғалып келе жатқан осынау әдебиет, өнер көшіміздің көркін қазіргі орта буын да өзінше көркемдеп, оған өз өрнегіндегі бояуы мен болмысын әспеттеп келе жатқан жыр жампозының бірегей тұлғасы Шаһизада Әбдікәрімов десек, артық айтқандық болмас. Қазақ жерінің әр пұшпағындағы қазіргі тұстағы белгілі-белгілі деген ақындарды саралап келіп қалғанда, Сыр топырағында алдағы ағалар соқпағын сәтімен жалғастырып келе жатқан Шаһизада ақынның сонары сүбелі көрінетіні ақиқат.
Бізді кешегі Кеңес кезінде-ақ «қоғамда өмір сүре отырып, сол қоғамнан тыс қала алмайсың» деп үйретті ғой және бұнысы дұрыс та болған. Бірақ мұндағы мәселе – ақ пен қара болып бөлінуде ғана емес шығар, сірә, қоғамда өмір сүріп отырып, сол қоғамның қаттысы мен тәттісінен аулақ тұра алмайсың дегені де. Ал оны кім қалай сезінді, қалай күйінді, қайтіп сүйінді деген тұрғыдан қарағанда, бұл санатта ақыннан мықты барометрді таппасыңыз және анық. Бірден-ақ айтайық, осындайда Шаһизада ақынның жан айқайы озандап шығып, «ақырып теңдік сұраған» атан жілік аталарына тартқан асау арыны айқын сезіледі. «Құландай ащы дауысын» жер түбіне жеткізген, «құлжадай айбар мүйізін» айға бұлғап кеткізген Исатайдай көсемін жырлаған ақын атасының үні – Шаһизада шығармашылығында заманымыздың алыбы Әбіш Кекілбаевтай абыз аға алдында ашына айтқан арзу сөздерінен атойлап көрінеді.
…Қол тигенде қапылдан,
Қаны қызған мәрттік керек, мақұлы.
«Атасы бір, атқа мін!» – деп ақырған,
Ағаларды іздеп шықтым, ақыры…
Жаныма, арым, құтпан бол,
Жаза бассам, кіреукемді оқ бұзсын!
Бесігімнен шыққан жол,
Бейітіме аман-есен жеткізсін!..
…Керім сөзім болғаннан соң езге азық,
Кейіпкерім қаңғып кетті, тозды азып.
Бар еді, аға, біз билеген бір Әлем
Сол Әлемнен қалдық қалай көз жазып?! –
деп, Исатайдай ағасына жүгінген ер Махамбеттей қоғамдық өмірдегі рухани салғырттыққа, «сандығындағысын малданған» құр кеуделерге зығырданы қайнай ашынса, бұны ақынның қара басының күйкі үні емес, қоғамның жан дауысы деп қабылдайсың. Ақын лексиконына зер сала қараған жан әу дегеннен-ақ оның тілдегі кез келген қарапайым сөзге көңілі көншіп, қалыбы тола бермейтінін айқын аңғарады. Кесек айтуға, кесіп, көсіп сөйлеуге дағдыланған, кескекті ердің сойындай ішкі тыныстың кеңдігі ақынның өзіндік бір қыры көрінеді. Мұны адуындылық, арындылық десеңіз, тіпті жарасады, азаматтық, асқақтық десеңіз,құйып қойғандай қона кетер еді. Образды қолданыстары сезім пернелерін дөп басып, көркем ойнап тұратыны бір бөлек, тыңдаушысының айызын қандырып, санаңды сан тарапқа салып, ішкі қыбыңды қандырып, діттеген ойыңды қыран бүркіттей дәл басады. «Інің ірі кетті деп, інге тығып жібермек пе мені, аға» деп базына айтса да, «Байтөбеттер тірсегімнен тартқанда, Балағымды қағып тұрдым жай ғана» деп, маңғаздана мәрттік ұстанса да… ішкі серпінінен де, сыртқы екпінінен де ерекше бір ақындық сұрапыл соғатыны сезіледі. Бірақ қалайда ол өзінің имандылық, адамдық кредосынан айнымауға жан-тәнімен берік: «Кірпігімнен Айды ұзатып түнімен, Бұрылсын деп оңға ісім, Оңашада өз кеудеме үңілем, Бүтін бе деп бесіктегі болмысым…». Ұлттық, азаматтық, адамдық қайнардың түп-тамырынан өзгермес өз жүлгесін табуға деген ішкі ұмтылыс емес пе бұл!
«Тағдыр деген бар біреу…» демекші, адам-пенденің жер бетіндегі артқа тастаған ізі үнемі оқтай түзу болып түскен бе? Әсіресе, ақын жанының сана соқпағына тартылған іздерін түсініп, танып көр.Ақынның Дархан Мыңбаймен наздасатын «Элегия» өлеңіндегі «Қанатымды қолтығыма қыстырып, Қоңыз теріп кеткеніме өкіндім…» немесе: «Ақымақ құс Дронттай қайдағы, Аспан барын ұмытыппын, әй, әттең! Сілкіп-сілкіп сауырына байлады, Тағдыр мені соғып алып таяқпен…» деп келетін, тағы да «Қысыр сөзін қаза қылмай, Дос табалап, қас күндеп, Ақындардың ажалындай Алматыдан қаштым кеп» дейтін «Болмыс» өлеңі болсын, «…Жылдарым-ай, жасырынған түз-белде, Енді мені сұрау салып іздер ме? Үрпиеді ұл-қызым мен жұлдызым, Қалай аман жеткенсің деп біздерге?» деген «Жылдарым» өлеңі болсын – ақындық тағдырдың осынау өмір соқпақтарындағы сансырай түскен сұлба-сүлдесін көрсетсе керек. Мұнда өткен-кеткен қателіктерге құр өкіну ғана емес, ақын тағдыры, азамат тағдыры дейтін ұлы сүрлеудің сан тарау бұралаңдарындағы азаматтық болмыстың ішкі шиыршық ата ширыққан тұстары да қоса өріліп жатқаны аңғарылады.
«Күйреген соң нар қамысы, Ырылдайды ыңыранып, Сырдың соңғы жолбарысы, Көкірегіме кіріп алып. Мен де отырмын ыңыранып, Өшкен үміт… өлі маңай. Қусам ба екен құрық алып, «Көксарайды» бері қарай» деген, «Тұқымымыз таза болсын дегенді, Тарау етіп толғауына ел өрді. Тән сызылса, жазылады жарасы, Қан бұзылса… Төгу керек оны енді» деп қасарысқан «Біздің інілер» өлеңі, «…Не керек Сізге? Бәрін де бергем жоқ па осы?..» деп шамырқана шамданатын «Алаңдағы әңгіме», т.б. өлеңдерінде де ақынның әлеуметтік жан айқайын естисің. Ал енді осы жан айқайы ақынның көптеген жырларында ерекше асқынған сипат алып, саяси памфлет түріндегі деңгейге көтеріледі. «Жоғарғы сот», «Алаңдағы әңгіме», «Пираттар мен дельфиндер», «Пиндар ақын», «Иттер көрмесінде», «Байқоңыр», т.б. жырлары – осындай дүниелер. «Аяқталмаған жыр» өлеңіндегі жер мұңы, тіл мұңы, азаматтық пен ар үні өзінің айқындығымен, үкім сипатты қаһарымен естіледі. Атқан оқтың дауысындай тарс ете қалған бір ауыз сөз бүкіл айтылар ойдың да, іштегі кек пен ызаның да мылтық-дауысы болып гүрс ете түседі, тіпті сіз оның лап етіп шыққан жалынын да көзбен көріп қалғандай боласыз: «Аңырып қарап халқым тұр, Нұсқаулар көп те, нұсқа кем. Абақтыдағы алтын тіл, Аузымды бұзып шықса екен!.. Жүргенде тойда «кісі» боп, Жыртылды қанша… – Жағам жоқ! Өзі өзін атып үш рет, Іздеусіз кеткен ағам көп…». Ақынның осынау ашынған алқынысының бастау көздері қайда жатыр деген де бір ой қылтия қалса, әрине, оның жауабын осы жырлардан табасың.
«Кішкентай ауыл» атты шығармасы белгілі ақын Ғали Ормановтың ерте кезде оқылған осы тақылеттес бір өлеңін есіме түсірді. Екі кезең, екі ақын, екі түрлі жағдай, екі басқа характер… бірақ тақырып ұқсас, оны жырлаудың стилі бөлек болғанымен, өлеңнің өн бойындағы тулап жатқан ыстық қан – бір қан – қалың қазақтың асау да ыстық қаны… Туған жерге деген бала жанының асыл сағыныш сезімі. Ғали ақында ол: «Аттанып ауыл-анадан, Оқуға кеттім қалаға. Жабыла маған қараған, Жаутаңдай кеттім далаға… Жарбиған жаман тон-тымақ, жалпылдап кетті үстімде, Жанайын деген бір шырақ, жалтылдап кетті ішімде…» деп, ауылынан үлкен қалаға оқуға алғаш аттанған жас балаң жігіттің өзі күні кеше ғана қой бағып өскен қырларының тұсынан пойызбен өтіп бара жатқандағы қимастық сезімдері әдемі де нәзік сыршылдықпен өрілсе, Шаһизада да ол жаңа, еркін заманның өршіл жасының характеріне сай батыл да асау сезім бұлқынысымен беріледі және мұның өзі өлең характерін де, ақын характерін де ерекше ашып тұрады: «Қозғалды пойыз… Түкпірден, Қол бұлғап құйттай мекенім. Қызық-ау, сонда ұқтым мен, Сонша оның ыстық екенін! Келеді пойыз зымырап, Санамды салып сарсаңға. «Стоп-кранды» жұлып ап, Секіріп түсіп қалсам ба?..». Осындай балалық қимастықтың астарында онан да үлкен арман жатыр: «Барам да үлкен қалаға, Биікке тартам жыр көшін. Бас-көз бол сонда балаңа, Бұзылып кетіп жүрмесін. Даңқтың дертін білгем бе, Даурыққан кезім бар шығар. Деміме пісіп жүргенде, Дақпырттан мені аршып ал…». Көріп отырғанымыздай, мұндағы ақындық кредо – туған жердің киесін жырлау – Отан-Ана құдіретін бала жүрегінің дүрсілі арқылы әсерлі сездіру: «Қызыққа сонда малтықпай, Жаныма жақпай жат ұран, Өлімнен қашқан Қорқыттай, Өзіңе тартып отырам! Келеді пойыз зымырап, Құшағын ашып далам кең – «Стоп-кранды» жұлып ап, Бәрібір… түсіп қалам мен!». Өлең киесі ме, тағдыр соқпағы ма, Шаһизада ақын ақыры сол сапарынан өзінің қимас топырағына шылбырын үзген асаудай біраз мәрте қайта қашып келді де…
«Соғыс ойыны» өлеңінде «Қарсы беттің бекінісін туралап, Ұмтыламыз ұран салып, «уралап». Неміс қызын өрт ішінен құтқарып, Бранденбург қақпасына ту қадап…» деп, сонау балалық шақта, әлі де жалын табы ұмытыла қоймаған ұлы соғыс өртінің өзі ойынға айналса да, ойраны естен кетпеген тұсында: «…Тың түлетіп, қала салып түздерге, Барымызды берсек екен ізгі елге… Сол оқтарды кеудемізде суытып, Майдандасып жүрміз бүгін біздер де!» дейтін «майдангер» ақынның оқшантайында жауыздыққа атар бір оғы әрқашан да сақтаулы жүреді. «Ей, тұстасым, бағытыңды бағамда, Күмілжімей даусыңды қос заманға.Сын сағатта кейін қалсаң қатардан, Сақтап жүрген бірдеңем бар… Саған да!»(«Пиндар ақын»)дейді ол опасыздыққа қарсы.Бейбіт күндегі миналар туралы: «Дүниенің демі қайта тарылып, Демігеді қаралы ару пішінде. Қопарғыштар жатыр бүгін жарылып, Саясаттық сарайлардың ішінде» десе, бұл қазіргі күннің айдай ақиқаты, күрделі де күрмеулі шындығы екені сөзсіз. «Жетімхана», «Үш жүз», «Ұлылық», т.б. өлеңдердің әрқайсысы бір-бір маңызды заманауи мәселенің ұстынын ұстап тұрған дүниелер.
Шаһизада қазақ поэзиясындағы эротикалық өлеңдердің өрісіне де біраз табан-таңбасын басып, «Шаһ-маран патшалығының» ақ шаңқан шаһарларындағы тұншыққан түнгі сырлардың куәсі болады: «Лыпасын түре, асыға, Қомданды ол бүркіт болып. Үр қыздың ұмасына, Ұрығын іркіп төгіп… Ару қыз көп жылады, Бір сезім баурап күшті. Аңсардың әбжыланы, Ауынан аунап түсті…».
Ақынның бұл ауылға «ұрын баруы» әдемі өрнектер, құпия сезімдер болып, ал лирикалық кейіпкері бірде «Алыпсоқты» алып ұрып, жәукемдеп кеткен азуы алтын көкжалдай, енді бір сәтте айдаһар-қыздың құшағында от құшып, «тілі тізесіне жетіп…» арпалысқан арлан-аңсардай көрінеді… Анау қазақ фольклорында, қадам бассаң алдыңнан жарқырап шығатын «аршын төстерді» қоя салғанда, сан алуан дастандар мен ғашықтық ғазалдарындағы керімсал сезімдердің бір сонары – «Құлғаныс» жырындағы: «Жасырайын несіне, Бұрынғының жолы еді. Соларды айтқан сүйген деп, Сағынып ойнап-күлген деп… Бір мезгілдер болғанда, Құлғаныс жатыр күлмеңдеп. Жиек алған сұңқардай Зеберше жатыр имеңдеп. Құлғаныс айтты Зеберге, Ар жағына тиме деп. Оған Зебер болмады, Жіберді бәрін түйрелеп. Ышқынып сұлу ыршыпты, Өлдім! – деп дауысы бір шықты. Ашықтығы құрысын, Жолықтым қандай күйге деп!..» деп келетін эротикалық экзотиканың заңды жалғасын танығандай боласың. Ал әлгі эротика деп отырғанымыздың өзі жалаң тән қызығушылығы ғана емес, астарлы ойдың, табиғи шындықтың ақжарма ақиқаты болып шығады: «Омырауыңда жұпар атып бүршік-гүл, Қара тимей… қара орманың сыңсып тұр. Сол орманға көзін сатып ұлиды, Қасқыр пиғыл – күнәсіне тұншыққыр!» деп, қыстыға басталған жыр жолдары «Сап-сап, батыр… бас көңілдің өкпегін, Батпақсың ба бал қызыққа теп-тегін? Атилланы алып ұрған бұл қаншық, Мені аман-сау қалдырады деп пе едің…» деп, көңілдің көк дөненін сарабдал сабыр аясына қарай бұрады. Яғни шайырдың эротикасы да өзіне тән ұтқыр образдар мен ойнақы оралымдарға толы болуымен қатар, ессіз, есер эротика емес, ұлттық ұлылықтардан асып аттап кетпейтін астарлы сезімнің ағыны түрінде беріледі.
Оның жастармен кездесуіндегі бір сөзінде «ақын әр өлеңді тасқа қашағандай етіп жазуы керек, онда артық-ауыс нәрсе болмауы тиіс» деген сыңайдағы өлеңге қояр өз кредосын айтқаны есімде. Шынында да, Шаһизада Әбдікәрімовтің өлеңдерінің әрқайсысы-ақ осы талаптардың үдесінен көрінетін, шашау шыққан шөп-шаламы жоқ, сүңгіттей сұлу дүниелер. Біз ақынның сұлу да сиқырлы, сезімтал да сергек жыр әлемі қалың қазағының көңілін арбап, жүрегін жаулай бергей деген игі тілектеміз.
Шанжархан БЕКМАҒАМБЕТОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университетінің доценті,
филология ғылымының кандидаты.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.