ЖАЛҒАННЫҢ ЖЫРЫ
Хамит ЕСАМАН
Белгісіз мұң жыртып алып жанымды,
Қапияда өртеп тынды бағымды.
Қос қанаты бар болса да,
Япыр-ау
Ұша алмайтын құсты көрдім кәдімгі.
Қобыз қосып қайғылы ән салатын,
Көздерінен бір жұмбақ күй таматын.
Ауырсынып шығады жер түнімен,
Көтере алмай жазған құстың қанатын.
Жазған құс-ай,
Жер сабалап күрсінді,
Қанатымен тіліп өтіп тылсымды.
Хақ Иеге мінәжат қып түнімен,
Таңға қарай құсжолына ұмсынды.
Көкте құстар легін түзді қаралы,
Түссіз жұпар кеңістікке тарады.
Қауырсынын ақындарға қалдырып,
Әлгі жазған тылсымға еніп барады.
Тарпаң мінез тағдыр үшін шын құрбан,
Ақ қанатын құзға соғып сындырған.
Аспан оны қарсы алады қапысыз,
Жұлдыздарымен жауһарлы мыңғырған.
* * *
Тағдырым маңдайыма сызған өлең,
Сол үшін бағытымды бұзған емен.
Өмірім ерек болды сондықтан да,
Көңілім бөлек болды қызға деген.
Жүрдім көп шиырланған ізбен мен де,
Көңілсіз өлең жаздым күз келгенде.
Сыршыл бақ ішінде жыр оқып тұрып,
Қылшылдап қалушы едім қыз көргенде.
Тұра ма олар ақынның еркін алмай,
Көктемде күлімдеген көркі қандай?!
Бір өлең оқымасаң осы күні,
Шабытыңа мәңгілік шер тұнардай.
Аулына қара өлеңнің жақын қонып,
Кеттім мен арман қуып, ақын болып.
Жырыма жәй жымиып қала берген,
Келбетінде тең дарып ақыл, көрік.
Кім оның бойлап көрген себебіне,
Сезімі мен сырына сенеді де.
Енді бүгін отырмын сыйдыра алмай,
Қыз біткенді бір шумақ өлеңіме.
Жеткізбес жүйрік екен көңіл деген,
Жарысып бара жатыр өмірменен.
Жанымның ақша бұлты тебіреніп,
Жүрегімнен жұпарлы төгілді өлең…
ӨЛІАРА
Таулар түтіліп, аспан ауған жоқ төбемнен,
Ай омырылып, жұлдыз ақпады дегенмен –
Қабырғам бітеу суырылғандай, алайда,
Қан жылап тұрып қоштастым бүгін өлеңмен.
Сұмдық суреттің сипаты өліп санамда,
Жан білмейтұғын жалғыздық кештім ғаламда.
Өлең өліпті, қайырлы болсын айтайық,
Біз ғұмыр кешкен өліара мына қоғамда.
Өліара шақта өлеңге дейін өліп тұр,
Өлген күнінен амалсыз ақын көніп тұр.
Ей, дүние, өлтіргің келсе ақынды,
Әуелі оны өліара шақпен жолықтыр.