ҚАЛЖЫҢҚАЛТА
07.10.2016
2309
1

589382_1143180285_________________Жатыпатар

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ

МАҚТАНШАҚ ӨЛЕҢ

Зар жылатып өр намысты таптаған,

Шұбырынды заман өтті ақтабан.

Арытса да, қағытса да ғасырлар

Қазақ болып туғаныма мақтанам!

 

Қазақ тілін, қанын, жанын сатпаған,

Ұлы болсын ұлтының деп тапты анам!

Тас та жарған, бас та жарған сол тілдің

Ана тілім болғанына мақтанам!

 

Заман-тағдыр қосқанымен мұңға мұң,

Тұншықпайды қазақ үні – қырдағы үн!

Тұншықпайтын үн де берген, тіл берген,

Аллама да, анама да ырзамын!

 

Ежелден-ақ бермей келген жатқа күш,

Төсі – думан, көкпар. Бәйге, ат шабыс,

Ұлы Жібек жолындағы Таразда

Кіндік қаным тамғаны да мақтаныш!

 

Ауа, суы аулақ, таза қоспадан,

Азаматы ешкімге арқа тоспаған.

Жуалыда – жер еркесі төсінде

Кіндік қаным тамғаны да мақтаныш!

 

Сол Жуалы жаялыққа ораған,

Бұл қазақта талай жайсаң бар адам.

Сөзі жалын, өзі асыл жазғаны

Сезімдері шежірелі Шер-ағаң!

 

Жуалыдан, ақ бораннан, дауылдан,

Жаратылған ала, қара тауыңнан.

Қаламы да, талабы да қайтпаған,

Қаһарман ер, атанған өр Бауыржан!

 

Тарихқа сай, алыпқа бай бұл маң көп,

Аймалайды Шақпақ жақтан ұрған леп!

Шақпақ желі, шегір елі шыңдаған.

Айбын сөздің айбаттысы Құрманбек:

 

Алашым да, даласын да ұрандай,

Өз қамына өзі мойын бұра алмай.

Кеткен алғыр арыстандай азулы

Арысымыз шын мақтаныш Тұрардай!

 

Жуалыдан неге көп деп батырың,

Жауап іздеп шарқ ұрады ақылым.

Сөйтсек мұнда сонау заман тұсында

Шыңғысхан да тіккен екен шатырын.

 

Алатаудан нұрын төксе күн құлап,

Жуалының сұлулығы сұмдық-ақ!

Айналаны сан мың күйге бөлейді,

Сушырақтай бұлқып аққан Мыңбұлақ!

 

Тік мінезі мөлдір, таза, кіл тұма,

Табиғаттан айнымайды жұрты да,

Теріс ағып «Теріс» жатыр тепсініп,

Бағына алмай заңдылықтың ырқына.

 

Жуалыдай бар осындай сый-үлгі,

Бай үлгімен атақ-даңқы жайылды.

Үш Даңқ орденін қатар таққан кеудеге

Мақтан тұту абыройлы Тайырды!

 

Әлі талай шуақ болып атар таң,

Қалмайтұғын реттен де қатардан.

Мақтанамыз, шаттанамыз әрдайым

Бақытжандай туған ерге қаһарман.

 

Сілкіп-шайып алатұғын сананы,

Ыңырсыған арыстандай жаралы.

Жаныңды да, арыңды да тазартар

Жуалының алай-түлей бораны.

 

Алатауы, Қаратауы, Құланы,

Асау Күйік басын иіп тұрады.

Мейіріңді, пейіліңді қандырған,

Көлбастаудай көлкіп аққан бұлағы.

 

Байлап қойған бар ма дейсің дуасы,

Бәрі шекер, шөп-шаламы, суы, асы.

Өзің де мас, көзіңе жас үйірген

Жуалының тіс қайраған жуасы.

 

Шетте талай табалдырық аттағам,

Бірақ елдің ызғары да от маған!

Еске түссе бал дәуреннің бесігі –

Амансайым одан сайын мақтанам!

 

Бір перзенті мен де осы өлкенің,

Сондықтан да Жуалыдай еркемін.

Еркелеп кеп, ертелеп кеп еліме

Жыр – сыйымды, үн – күйімді шертемін.

Сұлу сөзбен кестелеп те дестелеп,

Жуалының бүгіні мен ертеңін.

 

Мыңбұлақтан бұлқып аққан шабытты

әлі талай жыр-шумақты ертемін.

Бүгін, ұғын, туған жерім, осылай

өзегімді өлеңіммен өртедім.

 

CҰЛУЛЫҚ, ИІС ЖӘНЕ ҰШЫҚ

Бұрын-соң жолықпаған қызды көрдім,

Шомылған ай нұрына жүзді көрдім.

Көз салып талшыбықтай мүсініне

Сүңгідей, оқтай түзу мұзды көрдім.

 

Ақша жүз, ашық маңдай ару көрдім,

Сол маңда сұлулардың бәрін көрдім.

Бірі де ұқсамайды бұл ғажапқа,

Жаныңды өртке орайтын жалын көрдім.

 

Менімен, мейлі, сезім бөліспеңіз,

Қалықтап келе жатыр періште-қыз.

Армансыз ақ білектен ұстап, байқап,

Шіркін-ай, жетеміз бе жеңіске біз?!

 

Тауыспай айта берсең тілің жетпес,

Суреттеп, таңдануға білім жетпес.

Ажары ашылмаған тылсым дүние

Жасырған құпиясын ғылым тектес.

 

Тақылдап қаға бердім таңдайымды,

Сезіну қиын сол бір жағдайымды.

Сұлуға сылтау іздеп жақындадым,

Естігім келді-ау, сірә, балдай үнді!

 

Өзімді бара жатқан жолдан бұрдым,

Малынып сәулесіне толған нұрдың.

Кенеттен келді-ау, сірә, сұлулықтың

Жұп-жұпар иісіне шөл қандырғым…

 

Шалбарды қағып-қағып балағы лас,

Қыз жаққа мен сұқтана қарадым аш.

Періште шырт дегізіп сіріңкесін

Темекі салды аузына сала құлаш.

 

Ойлаған от-жалынды сүйістерді,

Ойыма мына қимыл қиыс келді.

Сұлудан жұпар аңқып, духи емес,

Ыс басқан, түтін басқан иіс келді.

 

Басыма секірді кеп ыршып қаным,

Күтіп ем күлім қағып күн шыққанын.

Иістен қолқаны атқан қыздан келген

Жөтеліп, ауа жетпей тұншыққаным.

 

Дүние төңкеріліп ай құлады-ай!

Бетінде бояуы да майлы қалай!?

Кездейсоқ сұлулықтан алдан шыққан

Жүректің қайта-қайта айнығаны-ай!

 

ӨЗІМ ТУРАЛЫ, КӨЗІМ ТУРАЛЫ, СӨЗІМ ТУРАЛЫ…

Беттің астанасы Көз десек,

Бұйыра бермейтін басқаға –

Бетімнің жартысы астана.

Яғни бадырайған Көз.

Көрмейтінді көріп жүреді.

Соңынан сөз еріп жүреді,

Жәй жүрсе мейлі ғой,

өрмекшідей өріп жүреді.

Көлемі су тоқтаған шала көл секілді емес,

Ауқымы кең Алакөл секілді.

Еске түсер болса бала кез:

Жеңгелеріміз «Алакөз»

деп жөргекте жатқанда-ақ ат қойған –

дөп қойған.

Одан төмендеу Мұрын –

Бөтен иіс атаулыны зерттейтін ғылым.

Ең үлкен жауы – шылым.

Барлығын сезіп отырады тез.

Сәл ылдиласа – Ауыз,

Іші толы сөз.

Сөз ататын мылтығым – тілім бар.

Оны атқылап жүрмесем,

«ұстап қалатын жыным» бар.

Қасым бар, шашым бар.

Қабағым қату болса – қашыңдар!

Кірпігім бар.

Тың игерген жылы туылғандықтан шығар

Түрен салғандай бетімде

Үш-төрт тыртығым бар.

Жібере салса өсіп кететін

Сақал-мұрт деген «егінім» бар.

Екі жапырақ ет беретін

Етектей ерінім бар.

Салмақты көлемім бар.

Шымшитын өлеңім бар.

Жас болса мені тыңдамай,

Кәрілікке қарай ақырын аяңдап барады.

Оны білетін бір ғана Құдай

Қай тұста барып аялдап қалады?..

Өлеңдерім қыз жайлы, еркек жайлы,

Оқта-текте «әйел» деп қалады.

Осыдан он жыл бұрын

Қыздар туралы жазып жүрдім.

Енді әйел тақырыбын қазып жүрмін.

Мұны да тауысатын шығармын.

Құдай жеткізсе, тағы он жылдан соң

Кемпірлерге қарай ауысатын шығармын.

Бойым бар, ойым бар.

Шақыра қалса –

бара қоятын тойым бар.

Қол-аяғым балғадай.

Жүрісім, тұрысым –

Ата-бабам дөңгелегін ойлап тапқан арбадай.

Қыз көрсе шын алақтар,

Жүректе сәл «кінәрат» бар.

Бұл мендегі «барлар».

Табынарым – Оспанхан,

Арырақ кетсек, Тазша, Қожа, Алдар.

Айтқандай, бұлардың ішінде

Қалтай Мұхамеджанов деген «шал» бар.

«Бар» бар жерде «жоқ» бар.

Өмір сондай көкпар.

Құдайға шүкір, барларым көп.

Ал мендегі жоқ:

Не пәлесі барын –

Мықтыларға жағына алмаймын.

Дегендеріне бағына алмаймын.

Жағынбаған соң,

Бағынбаған соң

Шекпендерін киіп,

Оқа түйме тағына алмаймын.

Кеше «Бүгін түзелем» деймін.

Бүгін өзгермей,

Өзімді өзім тағы да алдаймын.

Ең бастысы

Бетімнің тыртығын,

Тілімнің бүртігін,

Мінездің қырсығын жасыру үшін

Ештеңе жағып алмаймын.

Өзімнің атым Толымбек –

Толып жүргім келеді.

Қисық кедір-бұдырды

Жонып жүргім келеді.

Әкемнің аты Әлімбек –

Әліме қарап, желіп жүргім келеді.

Шешемнің аты – Жансая,

Сол секілді сөз мәйегі –

Мақал-мәтелді теріп жүргім келеді.

Жақсыны көріп жүргім келеді.

Жаманды

тұмсығынан «періп» жүргім келеді.

ПІКІРЛЕР1
Ержан Арзықұлов 15.12.2016 | 18:22

Толымбек аға, нағыз щалқар шабыт биігіндесіз! Онсыз да талдайлардың «тұмсығынан періп жүрсіз» ғой. Алла басыңызға амандық берсін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір