ТАҒДЫРЫН СӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРҒАН…
Бекен ЫБЫРАЙЫМ,
әдебиеттанушы
Мұхтар Әуезовті еске алғанда, алып тұлғаның уақыт контексіндегі қайталанбас еңбегін қайта бір ой елегінен өткізуге ыңғайланасың…
Әлем әдебиетінің тарихында алып тұлғалар аз ба? Солардың шеруіне көз жіберсеңіз, Сөзді өзінің Тағдырына, Тағдырын Сөзіне айналдырған, өз заманына ықпал жасауға ұмтылған Тұлғалардың қай-қайсысы да ең алдымен Ойшыл. Әлмисақтан бермен қарайғы артына мұра қалдырған қайғылы қайсарлардың барлығы да өз заманының тығырығынан шығудың жолдарын іздеген. Солардың талабы дәуір салмағын сездірумен қатар, түнерген кезеңді ғайыптан құйылған сәуледей аралап өтеді. Орта ғасырлардың ойшылы Рудаки:
Мир – это море, плыть желаешь,
Построй корабль из добрых дел, –деп, өз байламын айтқанда, ХХ ғасырдың ғажайыбы Қасым ақын:
Екі көз – екі жұлдыз маңдайдағы,
Көруші ең құбылысты қай-қайдағы…
…Тулады толқын, шайқалды шың-құз… –деп дәуірдің зілмауырынан тітіреп жанұшырғанда, сағынғаны, басқа.Баршаның да іздегені жалғыз шамшырақ – Әділет! Тарихтың, қоғамның, мемлекеттің Әділеті!
Әуезовтің өмір жолы, шығармашылығы – куә болған, көзі көрген өмірден әділетті іздеу жолындағы арпалысы. Жазушы туындыларының көркемдік әлеміне, шеберлік ерекшелігіне айрықша, шешуші әсер еткен ықпал – осы. Оның мұрасын бүгінгі күні сараптағанда, осы шындық мұқият ескерілмейінше өз асылымызды өзіміз әділ, әрі біліп бағалай алмаймыз.
Әуезов шығармашылығын негізінен екі тұрғыдан таразылауға қисын да, себеп те бар. Біріншісіне – қазақ әдебиетіне, рухани мәдени өмірімізге не әкелді, қаншалық үлес қосты деген сауалға берілген жауап қыруар. Соларды қорыта айтқанда, Мұхаң қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған жаңа әлем ашты, қазақтың көркемдік ойын биік белеске көтерді, өзіндік шеберлік мектебін дүниеге әкелді. Онымен замандас және кейінгі буын өкілдері Әуезов мектебінен өнер өнегесін, рухани нәр алғанына ешқандай талас болмаса керек.
Көлемді шығармалар қазір оқылмайды, бүгінгі уақыт талабы өзгеше деген пікірлер өткен ғасырдың екінші жартысынан асқанда-ақ айтыла бастағаны есімізде. Сол сөз нығайып, айқын естіліп келеді. Бұл тарапта ойласатын шаралар мен шаруалар аз емес.
Осы орайда жазушы шығармашылығына екінші тұрғыдан қарау мәселесі айқындалады. Кезінде бұған мүмкіндік те, еркіндік те болған жоқ. Сондықтан енді жаңаша қарау – жалпы барлық әдеби мұраларға көркемдік шеберлік, сын тұрғысынан қажеттігі айрықша. Бір қызығы, М.Әуезов шығармашылығы туралы көп жазылғанына қарамастан, нақты мысалдар арқылы жазушы шеберлігін, көркемдік жаңалықтарын әлем әдебиетінің үздік үлгілерімен сабақтастыра, салыстыра байыптау талабы әлі күнге көңілдегідей жүзеге аспай келеді. Айталық, көп томды романдар жазу тәжірибесі, қоғам өмірін көрсету, образдар галереясын, дәуір паноромасын жасау, жеке адамның тағдыры, қоғам мен адамның қарым-қатынасы, дәуірлер мен мемлекеттер, әлеуметтік немесе саяси т.б. топтар арасындағы сабақтастық пен қарама-қарсылық, мінез, уақыт қайшылықтары жан-жануарлар әлемінің «қызықтары», өзіндік құпиялары, басқа да көптеген проблемаларды табу және бейнелеу жолындағы айтулы көркемдік ізденістерге дәлел-мысалдар әлем әдебиетінде шаш-етектен.
Шығыс пен Батысты шарлап шығандамай-ақ, жанымыздағы Ресейдің ұлылары – Толстой мен Достоевский, сонымен бірге, Чеховтың мектебінен қаншама құбылыс – суреткерлер өркендеді. Кітаптардың таралуы арқылы осындай суреткерлер орыс халқының рухани дамуына, ғылымы мен әлеуметтік-қоғамдық өміріне баға жеткісіз, қайталанбас зор ықпал жасады.
Бір-біріне ұқсамайтын осы үш алыптың шығармаларын Мұқаңның терең білгені сөзсіз. Сол сияқты, Тургенев шығармаларының тілі Әуезов стилистикасына қалай әсер еткенін автордың өзі ғана біледі.
М.Шолохов өзінің бір сөзінде жазушылар шынжырдың шығыршықтары секілді өзара байланысты екенін айтқаны бар.
Немесе кезінде жап-жас Д.Лондонның шығармалары Ресейде алғаш жеке кітап болып жариялануы, іле-шала көп томдықтарының шығуы, басқа да шетел қаламгерлерінің туындылары орыс тілінде жарық көруі белгілі бір дәрежеде Әуезов шығармашылығына да әсер етпей қалмаса керек.
Олай болса, суреткер шығармашылығын жеке-дара, оқшау, тұйық құбылыс секілді қазақ әдебиетінің ғана контексінде қарау оның тұлғасын толық объективті таныта алмайды. Жазушының үздік үлгілері арқылы ұлттық-рухани әлеуметімізді сезінсек, олқы тұстарын анықтау, айту арқылы заманның зілі мен зомбылығына нақты дәлел мысалдар арқылы көз жеткіземіз.
Жазушының таңдаулы шығармалары қалай да оқырманды қызықтыруға жанталасып тәнті етуге талғажау тәсіл іздеп әуреленбейді, сарсаңмен сансырамайды, басқадан ерекшеленудің амалдарын іздеп, кіжініп күшенбейді, шаршап таусылмайды. Қарасөз әлемінде бірде айқын айшыққа, бірде жарасымды табиғи, астар-ағысқа айналып үнемі үзілмейтін поэзия қуатының сиқырымен түзілген поэтика Әуезовтің өзіндік ерекше көркемдік әлемін қалыптастырды.
Бірақ… Әуезов прозасындағы поэзияның ерекшелігін көбіміз көрмейміз. Осы поэзия Әуезов туындылары басқа тілдерге, мәселен орыс тіліне аударылғанда, жаңғырығы ғана талып әзер жетеді, еміс-еміс естіледі…
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.