ҚАЛЖЫҢҚАЛТА
30.09.2016
994
0

kajyrbaj-agaj1Тотияйын

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Шапанның шалқуы

– Уа, халайық,

Демеңдер мені жаңылып тұрмын.

Бүгін иықтан-иыққа,

Оныншы рет жабылып тұрмын.

Яғни сандықтың түбінде жатып қалмай,

Жаңа қожайынымның,

Үстінен табылып тұрмын!

Ал егер той иесі көңілі түсіп,

Осы кеште ата-баба салтыменен,

Тағы бір мейманына байлай қалса,

Ол шешімге де қуана бағынып тұрмын.

Өйткені, өрісім осылай кеңейеді,

Менімен мерейі өсетіндер көбейеді!..

Шүкір,

Ине-жіптен шыққан осы жасымда,

Қалпағым мен белбеуім де қасымда,

Талай жайсаңдарға жараса кеттік,

Ең жақсы деген атаққа таласа кеттік.

Мені иығына ілген,

Әлгі ақын Атақ та,

Қызуқандылау Шатақ та,

Өй, аты кім еді…

Е, өздеріңіз білетін Мадақ та,

Біраз шалқып, толқып еді,

Ал сіздердей қонақтар болса,

–Міне, нағыз Абылай хан,

Айнымайды-ау, айнымайды,

Жарайсың! – деп ду қол шапалақтап,

Шалқып еді.

Бүгін де солай болып жатыр,

Әрине, айта берсе,

Ойда арман толып жатыр.

Мәселен, жуыр маңда ескірмей,

Тым болмаса, отыз рет,

Халқым, мына мені тойларда кисең деймін.

Қазағыма содан соң,

Жақсылап бір басымды исем деймін!

Жалпы, бұл жағынан,

Қазір біз оң жолдамыз,

ТМД-да алдамыз!

Шеттен қулықпен келгеннің де,

Көңілін табар қолдамыз.

Ал енді осы кеште,

Маған бар өнерін аянбаған,

Шеберімді де ұмытпайын,

Оның да еңбегін ескеріп,

Осы табысымен құттықтайын!

Тәуір матадан мені дұрыстап тікпесе,

Жібек жіптерін жайнатып,

Етегімді түзу бүкпесе,

Осындай жерлерде жүре алар ма едім,

Мына сіздерді ай түгілі, апта сайын,

Бұлай жиі көре алар ма едім.

Сондықтан

Бүгін менің де шағын юбилейім,

Ал мұндайда ағайын, не тілейін?! –

деп бір тойда шыдай алмай,

Желпіне түскен шапан,

Бәріне амандық, сосын той тіледі.

                                               

***

Өйткені, қазекем аман болып,

Тойсыз күні өтпесе,

Оборотта осы жүргені,

Жүрген екенін біледі!..

 

 

Иілу мен күйіну

– Аға, жұмыс біле келіп едім,

Сіздерде бос орын жоқ па? –

деп жазған бала қысылып,

Біресе түймесін ұстады,

Біресе желкесін қасыды.

Ал бұған басекеңнің бірден,

Іші қылп етіп, көңілі тасыды.

Өйткені, кеңседе бір орын бос еді,

Сол орынға кісі қарастырған,

Бұл болса,

Аздап жемқорлықпен «дос» еді.

Қойшы, ойына содан,

Қыстың жақын қалғаны түсті ме,

Жоқ, әлде, құлқын деген күшті ме?!

Аты-жөнін сұрай келіп,

Алыстан орағытты,

Болса екен деп ішінен бала «құтты».

– М-м-м, әке-шешең аман ба?

Қолдары өздерінің ашық па,

Әлде, сараң ба?..

Осы күні Үкімет беттен қақпайды,

Әркім малымен жанын сақтайды.

Айтшы,

Үйіңде қанша жылқы менен сиыр бар,

Жұмысқа алсам егер де,

Ағаңа не бұйырар?!

Осы сәтте бала ақырын,

Бір қағазды,

Үстелдің үстіменен итерді,

Сол-ақ екен,

Бастықтың дәмесі тіпті қозып,

Көпе-көрнеу жөтелді…

– Аға, мынау,

Пәштен Пәштекеевтен,

Сізге берген хат еді,

Табыс етпесем, қалтамда құр кетеді.

– Пәштекеевтен бе?!

Ойбай, манадан бері айтпайсың ба,

Маған кірмей-ақ, хатты тастап,

Қабылдау бөлмесінен қайтпайсың ба?!

Өзім тауып алам ғой,

Пәштекең, рас, ағаң ғой?!

Бастық көзәйнегін киіп,

Қағазға ұза-а-қ үңілді.

Бала байқап отыр,

Ептеп бетіне қызыл жүгірді.

– Қап, жаңа аздап ойнағаным,

Ауылды да қайтейін, ойлағаным…

Тәк, Пәштекең мұны білмесін,

Басқаша ұғып жүрмесін.

Общым, бала, жұмыс табылады,

Ертең бұйрық жазылады.

Бір «ензым» бар, үндеме,

Боларсың сан үйде де!..

– Қандай жұмыс ол аға,

Білуіме бола ма?..

– Т-с-с, қиналмайсың,

Оның үстіне Пәштекем айтса,

Үлкен басын қалай сыйламайсың?! –

деп қуанған баланы есікке дейін,

Қолтықтап шығарып салған бастық,

Кабинетінде енді түнеріп отыр,

Қайта-қайта, «әкеңді» жіберіп отыр.

Сондағы ойы:

Қайдан ғана килікті әлгі біреу,

Бос орын тамақ сұрамай,

Өз «иесін» күтер еді.

Одан кейін белгілі,

Қалтасына бірдеңе түсер еді!..

 

Сенген қойым…

Қалбақ түнде қалбалақтап,

Үйіне асығып,

Келе жатқаны сол еді.

Бұрыштан шыға келіп,

Бір-екі көк жағалы,

Кес-кестеп жолын бөгеді:

– Ағасы, не, ішіп алғансың ба,

Мына біз байқамайды деп,

Тас жолға түсіп алғансың ба?..

– Қарашы, суық қару,

Жоқ па қалтасында,

Көкисіз-ау,

Жұмсақ заңның арқасында.

– ?!

– Кәне үрле,

Сыртқа қарай у-у-де!..

Дүкіментің?..

(Өй, сендейге билік берген Үкіметім).

Қалбақ сау еді,

Ал әлгілердің ізденіп,

Бірдеңе түсе ме деп,

Тұрғаны дау еді.

– Әй, балалар,

Мен оны алып жүрмеуші едім.

Сендер тоқтататындарыңды,

Білмеуші едім…

– Ендігәрі білетін бол,

Жарай ма?

Мастығың таңертеңге дейін,

Тарай ма?..

Кәне, отырып-тұрып көрші,

Мойыныңды бұрып көрші!..

Жә, әкеміздей екен, өзі барсын,

Ал мына азырақ,

Тиын-тебені қалсын…

 

***

Кейде тәртіп сақшыларымен де,

Осындай болып тұрады.

Қалбақтарды қысып,

«Темекіге» алып тұрады!..

Көкшетау.

 

ПІКІР ҚОСУ