ДОСТАР ҮШЕУ ЕДІ…
23.09.2016
1311
0

alibek-askarov(әңгіме)

Әлібек АСҚАРОВ

 

– Жалғанда күйеуі бар келін­шек­ке жұғыспау керектігін бы­лайғы жұрттан талай естігем. «Ол дегенің баяу жарылатын мина секілді, түбінде бір бұрқ етіп, күліңді көкке ұшырады» де­се­тін. Сол ғибрат рас боп шық­ты… Менің өмірімде де осыған ұқсас, әлі күнге жүрегімді біздей піскілеп, шаяндай шағатын бір қидалы жағдай өткен. Ол туралы ойласам болды, әлі күнге өзегімді өрт шалғандай болам…

Бүгінде аты дардай қаламгер бір танысым сонарлата созып, мы­на бір әңгімені бастап кеткен.

***

Дәл осылай болады деп ол әсте ойлаған жоқ еді… Құдай бас­қа салған соң, лаж бар ма, көруге де, көнуге де тура келген.

Алғашында ол үшеуі бірін-бірі іздеп тұрар қимас достар болатын. Достық үшін өліскен, жарты малта бөліскен өр мінезді, өрімдей айбоз жігіттер еді.

Сейсен, Сәрсен және Бейсен.

Сейсен мен Бейсен қазақ, ал Сәрсеннің ұлты кәріс-ті. Оны «Сәрсен» деп атап жүрген ана ек­еуі. Әйтпесе кәріс баланың «аз­ан шақырып» қойған шын аты Сергей-ді. Толығымен айтсақ – Сергей Викторович Мун.

***

Сегізінші сыныпқа дейін олар бір-бірінің бұл өмірде бар-жоғынан хабарсыз еді. Өйткені, үшеуі де ит арқасы қияндағы ауылдарда туып, сол жақта өсті, ержетті. Үшеуінің  де ауылындағы мектептері орталау болып, еріксіз аудан орталығына ауысқан. Осындағы орысша орта мектепте шүйіркелесіп табысып, интернатта бір бөлмеде тұрысты. Сөй­тіп, тоғыз бен оныншыны ауданнан бітірісті.

Жалпы, интернаттың балалары ұялас бөрідей бауырмал, ұйым­шыл келеді. Бозбала жас қашанғы интернаттың төрт қабырғасында қамала бермек? Кешкісін киноға барады, көше қыдырады, ойын-сауық құрады дегендей… Ондай кезде жалғыз-жарым жүргендер жергілікті со­қарлардың қолына жиі түсіп қалатын. Ауылдан келген балалар бұл жерде өздерін жетім күшіктей сезінеді, олар үшін мы­нау дөкей поселок қаламен тең. Жергілікті жастар оларды келе­меж­дейді, келеке етіседі, тілдеп жатады. Әйтеуір екі жақ ит пен мы­сықтай. Әрине, көпке күл ша­шу жөнсіз шығар, бәлені бастайтын түні бойы көше қаңғырып, бос сандалған жұлымырлар. Иіскеп сезе ме, белгісіз, әлгі сұ­мы­рай­лар интернаттың баласын күншіліктен танып қояды. Сосын қуып жүріп ұстап алып, кө­кала қойдай, көк торғайдай етіп сабап жібереді. Бейсеннің өзі де бірнеше рет беті талақтай көгеріп, аузы шие жегендей боп келгені есінде. Жан керек, ауылдықтар да амалға көшіп, төрт-бестен топтасып жүретін болды. Соның өзінде төбелессіз, жанжалсыз қай­тқан кештер сирек. Еруліге қарулы дегендей, жалғыз-жарым қаңғыған қалалықты көрсе бұлар да тырқыратып қуып беруді шығарды.

Бөтен қалада қалыптасқан бұл төтенше ахуал үш достың жа­растығын одан бетер бекіте түс­кен. Үшеуі бір үйдің баласындай тату, қайда барса да бірге, жұп-тарын жазған емес. Бір ғажабы, Сергей сарт та сұрт тәуір төбелесе­тін еді. Өзі де қайыстай қатқан шымыр, қолмен де ұрады, аяқпен де тебеді. Әйтеуір, қарсы келгенді жұлындай түсіреді. Қимылы шап­шаң, шалт береннің нағыз өзі. Тө­белесіне қарап тұрып риза бо­ласың. Ана екеуі де құралақан емес еді. Күржиген қаскөйді Сергей секілді аяқпен айналып сіл­теп, керіліп кеудеден тебе алмас. Әйтсе де ыңқ еткізіп іштен періп, қолдың қырымен желкелей ұрып жалп еткізер жөнтек әдістері бар-ды.

Солай бола тұра Сергей ай­ғай-шу шыққан маңнан маңа қа­шатын еді. Шу шықса болды, екі досын жатақханаға қарай жетелей жөнелетін. Онысы дұрыс та бопты… Бұлар оныншыны бітірер жылы би алаңында жой­қын жанжал шығып, бір жі­гіт пы­шақталып қалды. Ауылдың ал­шаңдаған содырының екеуі, мектептің бір тентегі сотталып кетті.

***

Оныншы сыныпты бітірген бойда тағдырдың жазуымен үшеуі үш жаққа кете барған. Бейсен Алматыдағы құрылыс техникумына оқуға түсті. Сергейдің де жолы болып, Ақтөбедегі медицина институтына қабылданды. Сейсен әлдебір жамағайын бі­реуді жағалап Қызылордаға кетіп еді, оқуға түсе алмапты. Содан ауылға қайтудан ұялып, сол қа­лада жұмысқа қалып қойған.

Екі жылдан соң күректей диплом алған Бейсенді Қызы­лорда қаласындағы бір құрылыс тресіне прораб етіп жіберген еді.

Сейсенмен ол осы қалада бір тойда кездесті. Құдай атып, ал­ғашында оны танымай қалсын… Аңқылдаған ақжарма досы арсалаңдап келіп өзі құшақтаған. Сейсен расында да кісі танымас­тай өзгеріп кетіпті. Кілбік көз, қа­лақ бет бөтен біреу. Мұрт жі­бе­ріп дөңгеленіп, талтаңдап қа­лыпты. Бөбежігі бүлкілдеп, ыржақтай береді.

– Ау, саған не болған? Толып кетіпсің ғой? – деп тиісті Бейсен. Сейсен бөгелеңдеп желкесін қасыды.

– Енді былай… – деді балауыздай балпиған беті қисаңдап. – Оқуға түсе алмадық. Содан тен­тіреп бос жүргенше деп үй­ле­ніп алдым. Шүкір, қазір бір баламыз бар. Той жасағамыз жоқ, сондықтан да сендерге хабар бермедік…

Мұны естігенде Бейсен қуа­ныштың баршасына шын ниетпен құтты болсын айтып, бақыт­та­рына баян тіледі.

Сейсен құрылыста күзетші ек­ен. «Жап-жас басыңмен ұял­саң­шы, күзетшісі несі? – деп Бей­сен тағы аң-таң. – Тым болмаса техникалық бір училищеге түсіп, кәсіби мамандық алмадың ба?» – деп қынжылды. Қимыл-қозғалыс жоқ, қалғып-шұлғумен күн батырып, қалқиып түн өткіз­ген қарауыл семірмегенде кім се­мірмек? Жат болса жатып кеп күлер еді, жолдасың болғасын Бейсен жылағандай болған. «Ай, осын­дай бозкүйік борбас болар­мысың» деп іштей өкінді. Өкіне отырып, осыдан былайғы уақта құрылыста бірге істейтін боламыз деп кесіп айтты. «Кірпіш қа­лаушы боласың, сол кәсіпке өзім үйретемін» деп, досының ке­лешек тірлігін жоспарлап та тастады.

Суыртпақтап сұрап еді, Сейсен біраздан бері Сәрсеннен хабарсыз екен. Медицина институтында кемінде жеті жыл оқиды. Бай­ланыс бірде бар, бірде жоқ, ар­найылап іздеп бармасаң оны табу қиын дегендей сылтау айтты.

***

Күзге қарай Бейсен журналис­тика факультетіне сырттай оқуға түсіп, қайтып келген бойда Сей­сенді өз бригадасына жұмыс­қа алды. Үйлерінде қонақ болып, келіншегімен танысты, баласы­ның бетінен сүйді. Әйелі сіріңке­дей қушиған қатпыш қара қыз екен, шынын айтса досының тал­ғамына қарны ашқандай бол­ған. Мейлі ғой, өзгеге жаққан кө­ріктіден, өзіңе жаққан ерікті ар­тық дегендей, өзіне ұнаса бопты да, деп көңілін жұбатқан бол­ды.

Демалыс күндері, қолдары босай қалған сәттерде екеуі уа­қыттарын бірге өткізіп жүрді. Се­руендеп Сыр бойына барады, сыраханада  күнұзақ  жалық­пас­тан әңгіме соғып отырысады. Сырласумен кейде ұзақ таңды да бірге атырысатын. Сондай күн­дердің бірінде Сейсен өз үйінде Бейсенді бір қызбен таныстырған. Келін­шегінің сыныптасы екен. Құнай көз, қынай бел мөлдіреген біреу. Тоқ балтыр томпиған торының ажарлысы. Қысқасы, қыз Бейсенге бірден ұнаған. Алға­шында орысшада тайпалған жорғадай тақылдап, қазақшаға келгенде еріні бұралып, тілі тұ­ты­ғатын қа­ланың көп шүй­ке­басының бірі ме деп еді. Наталья есімді кәріс қызы боп шықты.

Содан не керек, екеуі қол ұс­тасып ала қыстай қыдырды. Жұ­бын жазбай бозбала шақтың баз қуанышын ұрттап ішіп, шайқап төгісті. Жастықтың жалындаған жақсы күндерін, қызыққа толы қымыздай тәтті түндерін бірге өт­кізді. Бақыт атты байтақтың ке­меліне жетіп, кемерінде шал­қыды.

***

Көктем шыға Бейсенді атақты бір ағасы Алматыдағы ақпарат агенттігіне қызметке  шақырсын… Әрине, сырттай болса да журналистикада оқып жатыр, «тіл­шілік» шаруа түбі бір баратын төр­­кіні ғой. Жолы түсіп тұрған соң Бейсен көп ойланған жоқ. Құрылысты да, Қызылорданы да тастай бере, қуана-қуана Ал­ма­тыға тартып отырды.

Натальямен қаншалықты тез табысса, соншалықты тез айрылысты. Екеуінің махаббаты лап етіп жанып, жалп етіп сөнген кепкен аршаның алауындай болды. Бір жабысса мол жабысатын қазақ қыздарындай емес, айры­лыс­­қандарын Наталья түсініс­тікпен қабылдады. Жүректе қимастық болғанымен, қиналыс бола қойған жоқ.

Арада бірер жыл өткен соң бұл да Гүлназ атты қызбен қол ұс­та­сып бас құрап, ел қатарлы шаңырақ көтерген.

Бейсеннің үйлену тойына Ақтөбеден Сәрсен келіп, күйеу жолдас болды. Жолды ауырсынды ма, әлде жағдайы келмеді ме, Сейсен хабарсыз қалған.

Осылайша өмір өз ағысымен дөңгеленіп өтіп жатты.

Сәрсен жылына кемінде екі рет Алматыға келіп, қонақ боп кетіп жүрді. Келген сайын үйіп-төгіп базарлық арқалап жетеді. Таныстың да, алыстың да аман­дығын әңгіме етіп, екі дос талай таңды бірге атырды. Бейсеннің жыл сайынғы қыстық соғымы да Сәрсеннің мойнында еді.

Бірде журналистік сапармен Бейсен Ақтөбеге барып, Сәрсенде апталап меймандағаны бар. Күз уағы еді, Сәрсен мұны қаз атуға құлан түзге алып кетсін… Екеуі қа­қыраны баспана етіп, үш тәу­лік бойы қаңғырысқан. Қаз ату да қызығы таусылмайтын, қызуы басылмайтын естен кетпес сейіл екен. Сол жолғы «шүлөм» дейтін қаз көжесінің дәмі әлі күнге таң­дайын­да тұр. Ол сапарды есі­не алса қазір де көзі ойнап, көңілі жайнап салады.

Келесі жылы қарашаның басында Сәрсен «үйленгелі жатырмын, тойыма келіңдер!» деп жеделхат жіберіпті. Достар үшін бұл расында да жақсы жаңалық еді. Жетіжылдық жоғары оқуын бі­тір­­ген соң да Сәрсен талай жыл сенделіп сүрбойдақ  жүріп қал­ған. Отыздан асты, кеш болса да оның үйленгені шын қуаныш болатын. Гүлназ екеуі де «барамыз» деп білек сыбанып дайындалып жүргенде, Бейсенді аяқ астынан Мәскеуге іссапарға жіберсін… Амалсыздың күнінен, жан досының қуа­ны­шына ортақ­таса алмағанына өкіне-өкіне кете барған.

 

***

Доссыз өмір – шоқсыз көмір де­ген, Бейсен Мәскеуден келген бойда аялсыз Ақтөбеге жиналды. Шама-шарқынша сый-сияпат да­йындап, базарлығын арқалап Гүлназ екеуі асығыс жолға шық­ты.

Сәрсен бұларды құшақ жа­йып әуежайдан өзі күтіп алған. Мін­гені жұтынып тұрған мөлт­тей қара машина екен. Өзінің үстінде де талғаммен киінген сұр костюм, сәнді көйлек. Бизнеспен айналысқан бекзат жігіттер со­йынан екені көрініп тұрды.

– Келіншегім сендерді үйде күтіп… тамақ әзірлеп жатыр! – дейді жүзі балбұл жанып.

Қара машина ә дегенше зымырап оның үйіне де алып келген. Анау жылғы досының мекен-жайы томашадай қараша там еді. Ендігісі қала шетіндегі қос қабат самаладай ғимараттың ауласынан бір-ақ шығысты. Дым сезбес біреу емес, Бейсеннің «құрылыс­шы» деген аты бар емес пе? Иншалла, сәулет өнерінен бір кісі­дей хабардар. Сәрсеннің табиғи ортаны ескере отырып, айналасын бақпен абаттандыра түлеткен үйі бірден ұнаған. Адам өмір сү­рер ортаны пейзаждық ерек­ше­лік­терін сақтауға тырысып, көр­кем­дік-эстетикалық ортақ ше­­­шім­ге келтіруге ұмтылған. Ланд­шафты архитектура дегенің, мінеки, осы. Жарайсың, Сәрсен! Ал үйдің өзі шағын болса да вил­ла үлгісінде бой көтеріпті, қас беті төрт колоннамен бекемделген аркадалар. Колонналар кор­инф­тік ордермен кепештеліп, антаблементтегі фриз ежелгі скиф стилінде өрнектелген. Тіп­ті, төбені ұстаған тимпан рәуішті үшбұрыш фронтонның өзінде сол  скифтік  өрнекті жалғас­тыр­ған горельеф көз арбайды. Айтары жоқ, іші-сырты тап-тұйнақ­тай, жайнап-ақ тұр. Айтуынша, үй­дің құрылысына, сыртқы дизай­ны мен интерьеріне өзі бас-көз бол­ған екен. Соған қарағанда  дәрігер Сәрсеннің талғамы кәсі­би сәу­лет­шіден кем соқпаған тәрізді.

Турасын айтса, досының тұр­мысы өзінен көш ілгері кеткенін, дәулетіне сәулеті сай сабаздығын мойындауға тура келді.

Сәрсен осыншалық қаспақты болады деп кім ойлапты! Сейсен мен Бейсеннен де өткен қысық көз, тырыли қара бала еді ғой. Бақыт дегеннің балақтан басқа қонғаны осы да! Көңілді нөпір қуанышпен қатар қызғаныштың да ала мысығы тырналап өткен­дей ме, қалай?

Сәрсеннің өзі де айтулы хирург қой, жеке емхана ашыпты да, ол жерге қаланың мынау деген мамандарын шақырыпты. Сөйтіп, емхананың абыройын асырып, атағын жайып, бұрқыра­тып жұмысқа кірісіп жатқан сыңай­да. Қалай болғанда да Сәрсен досы істің ыңғайын біл­ген, жөнін тапқан. Өзге жұрттың көзін бақырайтып қойып, кәріс­тің пысықтығы мен ширақтығын іс жүзінде дәлелдеп берген.

– Менің жұбайым осы болады! – деп, сәмбі талдай майысқан, жүзінен сүйкімді шұғыла ескен әйелмен таныстырды.

Бейсен әдеппен иіліп қол беріп, жылы жымиып амандасып еді… Әйелдің нәзік қолын ұстаған бетте өн бойын ыстық жалын шарпып өткендей күй кешті. Үкідей үрпие қалды. Құдай-ау, деп аң-таң, бұл келін­шекті бір жерден көрген сияқты ғой? Соншалықты таныс, аяулы бейне. О тоба, мынау баяғы өзінің Натальясы емес пе! Ойпырмай, ұят-ай, енді қайтты? Соның дәп өзі! Аздап есейген, аздап етейген, әйтпесе бәз баяғы сымбатты қалпы.

Масқара-а-а! Қарабет бол­ғаны осы шығар!

Бейсен әйелге тура қарай алмай, көзі мөлтеңдеп тайғақтай берді. Наталья да қолын қымсына ұсынып, сәл иілді де, одан арғысы Гүлзатпен шүйіркелескен болып бұрылып кетті.

Бұлар қонақ бөлмесіндегі кресло мен диванға жайғасып, кәкір-шүкір әңгімеге кірісті. Ин­тернаттың ескірген естелігін айтып, бір-бірінің бастан кешкен қызықтарын сөз етіп, көрген-білгендерін ортаға салысты.

– Сейсенмен хабарласып тұрам, – деді Сәрсен. – Мен үйленгенде ол арнайы келіп, тойы­ма қатысып қайтты. Кеше тағы звондады. «Осы жұмада Ақтөбеге келіп кетем» дейді. – Менен сәлем айтарсың! – деді Бейсен басын изеп.

– Сейсенді күтіп бір апта жатпайсың ба?

– Қайдан! Жұмыстың реті солай… Бітіп болмас газеттің шаруасы ғой. Ертең қайтуым керек.

Сәрсен алматылық досын ер­теңін­де емес, бүрсігүні қайтарды. Алыстағы көл жағасындағы қо­нақүйге жайғастырып, балық аулатып, екі күн бойы бабымен дем алдырды. Үшінші күні бизнес кластан орын алып, бұларды әуежайға дейін шығарып сал­ған.

 

***

Арада апта өтпей жатып, дүйсенбі туа түс әлетінде Сәрсен Алматыға қарғыстай сап ете қалсын. Жұмысқа келіп тұр. Түрі өрттен шыққандай күреңітіп, түтігіп кеткен. Мәссаған-н-н! Көңі­лін күпті қылған ауыр сәт шындап жеткен екен? Бейсен соны сезді. Сезді де, ернін жым­қырып, тілін тістей берді.

– Не болды, Сәрсен? – деді таңдайы кеуіп. Қақас жандай үні қақалып шықты.

– Сен үшін келдім! Самолетпен әдейі ұшып жеттім. Кешкі рейспен қайта қайтам! – деді Сәрсен.

– Иә… жөн екен! – деді Бейсен тұтығып.

– Егер сен шын дос болсаң жасырмай шындықты айт! Сен Натальямен болдың ба? – деді Сәрсен салған беттен.

Сол-ақ екен, Бейсеннің ысты­ғы көтеріліп, қаны басына шапшыды.

– «Болғаны» қалай? – деп міңгірледім.

– Мен не туралы сұрап тұрға­нымды сен жақсы білесің!

Аспан асты қусырылып, Бей­сеннің астындағы жер көшіп жүре берді. Құрыған жері осы шығар! Ұсталды, түсті қармаққа. Мықтап түсті… Тайраңдаған тәтті күндердің сұрауы жетті дей бер! Енді қайтті? Не деп жал­тармақ? Нендей сылтау айтпақ?

Бейсеннің аузы кеуіп, тілі таңдайына жабысты. Көзі бұл­дырап, басы айналды. Сәрсен оған қадала бір қарады да:

– Мен сені асықтырмаймын, – деді барынша байсалды. – Бірақ жаңағы сұраққа мен шын­дық жауапты алуға тиіспін. Ме­нің ертеңгі тағдырымды сенің берген жауабың шешпек. «Болмадым» десең – онда бір сауса­ғың­ды кесіп, маған бересің… Кеш­кі рейс сағат тоғыз жарымда. Ақтөбеге ұшатын тіркеу үстелінің маңында күтем. Сөз бітті!

Солай деді де, Бейсенге ауыз аштырмай шапшаң бұрылып бөлмеден шыға жөнелді.

Біреу төбесінен Толағайдың тауын тастап жібергендей шө­ке­леп, Бейсен мөлиіп қала берді.

 

***

Есін жиған соң алақанын жайып саусақтарын түгендеді. Қайсысын кес деп кетті сонда? Ондай садизмді қайдан ойлап тауып жүр бұл Сәрсен? Сертінің сиқын! Қарабодын кәріс емес, сұрапыл самурай болып, «харакири жаса» демегеніне шүкір…

Натальямен «болмадым» деп жалтарса – саусақты кесу керек. «Болып едім деп» шындықты жайса – онда саусақ аман қалады, бірақ айрандай ұйыған жас от­ба­сының ойраны шығуы мүмкін.

Сенбейін десе, досының жа­ңағы шаптыққан сөздері ызыңдап әлі құлағында тұр. Қызық-ау, сонда, қай саусақты кесу керек? Ондай таңдауды Бейсеннің өз еркіне қалдырғаны ма? Қалам ұстамайтын, күнделікті тірлікте ролі шамалы біреуін кескен жөн шығар. Мысалы, сол қолдың шынашағын… Өзгесіне қарағанда осы шынашақтың қадірі кемдеу сияқты. Бірақ құдай жаратқасын пайдасыз саусақ болушы ма еді? Бұл шынашақ та адамға керек те! Олай болса қандай тоқтамға келгені жөн?

Әділетке жүгінсе, жас отбасы­ның шырқын бұзбас үшін, шаңы­рағын шайқалтпас үшін шына­шақ­тың бірін садақалаған әбден дұрыс. Айрылмастай досыңа қай­рылмастай сөз айтуға болмайды. Әйелдің намысынан бұ­рын, арадағы достығы қым­бат.

Сәрсен секілді хирург таныс­тар бұл Алматыда да баршылық қой. Ауырмастай укол салып, ем-домын жасап, залалсыз операция жасап беретіндер табылады. Соның бәрін кешке дейін үлгеру керек болады-ау? Содан кейін сусағын орап-шымқап әуежайға жеткізуі тиіс. Әйтпесе Сәрсеннің беталысы жаман, бәтшағарың қаңырығы қаталап, абадандай ашынып алған. Масқара болғанда кеше ғана үйленген әйелін жазым етіп жүрмесе жарар еді.

Бейсен қайта-қайта алақа­нына қарағыштай берді. Айдың күннің аманында бір саусақтан айрылып, шұнтиып жүрген тіпті жараспайтын сияқты. Әрине, шынашақсыз да өмір сүруге болар. Бірақ шұнтиған саусағы кө­зіне түскен кезде, Гүлназға не деп сылтау айтпақ?

Уақыт болса зымырап өтіп барады. Не істеу керек?

«Ау, осы мен не жаздым?» – деп іштей ақталды тағы. Жамандарша осыншалық кек тұтып, Сәрсен-достың ақ қырау боп аталақтап жеткеніне болайын. Натальямен жүрген екен, балаң­дық­пен бәрі болған екен… Бірақ ол қай заман? Ит жылғы даудың қоламтасын енді қоздатқаны несі? Бұлықсыған жастық қуат кімге бой берген… Одан кейін де біршама қыз-қырқын алдынан өтті ғой мұның? Соның бәріне кесумен жауап берер болса қолда саусақ, аяқта башпай қала ма? Бұл Сәрсеннің Натальяға үйлене­ті­нін Бейсен бейбақ қайдан біліп­ті. Басқа қыз құрып қалған­дай, оған неге үйленді ендеше? «Мен жүрген қызға үйлен» деп арандатқан Бейсен бе екен? Осыншалық шабынатындай тіп­ті де негіз жоқ, соншалықты бүліне­тіндей айғақ және жоқ.                Айтпақшы, Наталья екеуін бұл Сәрсен қайдан біліп жүр? Сыр ғылып қыздың өзі айтты ма? Әй, қайдам. Әйел заты өз тағдырын талқыға салып, ақылсыз қисынға бара қоймас. Анау жолы Ақтөбеде шалқып жүріп, мұның өзі сыр алдырып, бірдеңені бүлдірді ме? Жо-жоқ, шалқып жүрсе де, балқып жүрсе де ақыл түзу, сана сергек, жағдайдың бәрін жіті бақылауда ұстады ғой. Тіпті оның келіншегіне тіктеп қараған кезі болған жоқ. Наталья да мұны алғаш көргендей кердең кейіпте жүрді. Сонда бұл Сәрсенді қағынан жерітіп, шат-шәлекейін шығарып жүрген кім?

Наталья екеуінің құпиясын білетін жалғыз ғана жан бар. Ол – Сейсен!

Бірақ Сейсен серт ұстасқан жан досы емес пе. Сүйінші сұра­ғандай Сәрсен екеуінің арасына от жағып несі бар оның?

Әрине, Сейсен екеуі әнеу күні Ақтөбеде кездесті. Оның алдында ғана келіншегімен Бейсеннің де келіп-кеткенін, көл жағасында дем алғандарын еске алып, аңыздай әңгіме еткендері даусыз. Бірақ мынадай тұңғиық құпия ол жерде қалайша сөз болмақ? Бұл жағдайды сөз ету – қып-қызыл шағыстыру, достарды араздастыру, отбасын бүлдіру, шаңырақты шайқалту! Жүз жерден жан дос­тар болса да, отбасын бүлдірмей, шаңырақты шайқалтпас үшін мәңгі айтылмас әңгіме, іште бүккен сыр болады… Бетін аулақ қылсын, Сейсенді ондай опасыз­дыққа қимайды.

Сейсен емес, Наталья да емес де­лік, сонда бұл әңгімені кім қоқ­сытып жүр? Сәрсен құмалақ салып, бал ашып өзі біліп қойды ма? Бәрі жұмбақ. Ойпырмай, адам деген айдың-күннің аманында осындай да бейдауа бәлеге ұрынады екен-ау!

Не істерін білмей Бейсеннің басы қатты.

«Ай, осы дәу де болса Сейсеннен бір кінәрат келген шығар» деген күдігі сәт сайын қоюлана түсті. Қырқылжың досын қан­шалықты қорғаштағанымен, басқадай баламаны бұл мәністе көре алмай қиналды.

Бір досы ақырған журналист, атақты қаламгер. Енді бірі елінің сый-құрметіне бөленген қалаулы кәсіпкер. Өзі болса оқымай шетте қалған тәлейсіз пенде. Бала-шағасынан шыға алмай шырматылып жүрген шарқайлы шаруа. Ұят болғанда, прораб кезінде Бейсен орналастырған құрылыс­тан да шығып кетіпті. Қазіргі тап­қан-таянғаны тақыл-тұқыл, бір басынан аспай жатады деп естіген. Анда-санда Ақтөбеге ба­рып-қайтқан жолын да Сәр­сенге төлетеді екен. Олай болса, Алматыда алшаң басып жүрген Бейсенді мұқатқысы келмеді дейсің бе? Немесе Ақтөбедегі Сәрсеннің сәулетті сарайы, дәу­лет­ті тірлігі күншілдік тудырмайды дейсің бе? Пенделік іш­тар­лық деген қиын-ау шіркін… Ә­жік-күжік әңгіменің арасында епсек ауыз емеурінмен сездіруі әбден-ау! Олай дейтіні – Сей­сен­нің өзі ылғи да ішті бола алмаға­нына, бұлдыр болса да өзінің мақсатты жолында табанды бола алмағанына опынатын. Жасына жетпей қанатының қайрыл­ға­нына ернін тістеп қынжылатын. «Әлі жассың, өмір алда, бәріне үл­гересің» деген бәтуа сөзге аузы-басын қисаңдатып, қолын бір сілтеуші еді. «Бәрі бекер, бәрі жұбату, ештеңеге сенбеймін, менің үмітім мені шаң қаптырып тастап кетті» дейтін өкінішпен. Өксіткен ондай өкініш кейде ала мысықтай жүректі тырналап, пенденің қызғанышын тудыруы мүмкін-ау? Қызғаныш дегенің де адамның ырқынан тыс құбылыс, қылдан нәзік болжалсыз сезім ғой. Бұл жерде не деп байлам жасарсың. Қандай табанды тоқ­тамға келерсің? Күрмеуі қиын ахуал, күрделі жағдай. Өз басы әлгіндей сәттік осалдығы үшін Сейсенді жазғырудан аулақ.

 

***

Кешке телпең қағып такси­летіп әуежайға жетті.

Айтқан жерінде жақтауға сүйеніп Сәрсен тұр екен. Қабағы қар жауғандай, түнере түксиіп терең ойға батқан. Бейсенді май­паң­дап қасына келгенде бір-ақ көрді.

–Сәрсен, сен тыңда! – деп Бейсен салған бетте қоңқылдай тіл қатты. – Біздің арамызда ештеңе болған жоқ! Сен ондай фантазияңды қой, білдің бе!

Сәрсен мұрынын тыжырып, жаңа көргендей досының бетіне таңырқай қарап қалды. Көзінде қаңтардың ызғары. Бәтшағардың қарасы темірді тескендей өткір. Бейсен шыдай алмай шиыршық атты. Ителгідей жұтынды, күйі­ніш­тен күрсініп жіберді.

– Енді сен мені ұмыт! – деп, Сәрсен шаптыға саңқ ете қалды. Солай деді де, Бейсеннің бозар­ған жүзіне соңғы рет қайғыра көз салып, шалт бұрылып ішке қарай өтіп кетті.

Осы оқиғадан соң үш дос бір-бірімен қайтып кездескен жоқ.

 

***

Мінеки, журналист  танысым­ның асау бермес жастық шағында басынан өткен бір хикаяның жай-жапсары осы екен.

Әңгімеге арқау болған азамат­тардың намысына қамшы басып, шамына тимес үшін мен олардың үшеуінің де аты-жөндерін өзгер-тіп алуға мәжбүр болдым. Өзге оқиғаның бәр-бәрі – қалалар да, бітірген оқу орындары да, жасаған жұмыстары мен қызметтері де қаз-қалпында қағазға түсірілді.

Бұл баянның да оқырманға ой салар тағлымы бар шығар деген ниетпен ұсынып отырмын.

 

ПІКІР ҚОСУ