«ТОБЫЛ ТОРҒАЙ ӘУЕНДЕРІ»
Алматыдағы Студенттер сарайында 24 қыркүйек күні сағат 16.00-де қостанайлық сазгер Қалибек Деріпсалдиннің «Тобыл Торғай әуендері» атты концерті өтеді. Осы орайда сазгердің замандасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсеновті аз-кем әңгімеге тартқан едік…
– Әңгімені Қалибек ағаның шығармашылығы төңірегінде өрбітсек…
– Қалибек Деріпсалдинді сонау 1971-72 жылдан бері білемін. Консерваторияда бірге оқығанбыз. Екі-үш жыл оқығаннан соң отбасылық жағдайына байланысты Торғай қаласына ауысып кеткен болатын. Бірақ шалғайда жүрсе де шығармашылығын тастаған жоқ. Қазақ өнеріне, оның ішінде ән жанрына үлкен үлес қосқан азамат. Ол өзі туып-өскен Қостанай өңірінің мәдениеті мен өнерін дамыту, насихаттау жолында аянбай тер төгіп келеді. Осы уақытқа дейін 150-ден аса ән жазып, бірнеше күйдің авторы атанды. Оның әндерін Қазақстанның халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов, ҚР еңбек сіңірген әртістері Б.Жүсіпбеков, Ж.Махамбетов,
Ұ.Айнақұлова, Ғ.Жұмекенова, М.Беспаев, Д.Таңатаров, «Нұр-Мұқасан» тобы және басқалар орындап жүр.
1980 жылдары Торғай облысының Қима аудандық мәдениет бөлімін басқарып, «Гүлдәурен» халық аспаптар ансамблін құрды. Ансамбль қысқа мерзім аралығында облыстық фестивальдің лауреаты атанды. Ансамбль республикаға ғана емес, шетелдерде де танымал болды. Қазақ ұлт аспаптар оркестріне арналған «Қимадым ғой» атты партитуралық әндер жинағы жарыққа шықты. Аталмыш жинаққа Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қойшығара Салғарин және Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы, композитор Балнұр Қыдырбек, сонымен қатар, Қазақ Ұлттық музыка академиясының доценті, дирижер Қарасай Сайжанов пікір берген болатын. Оның осындай көптеген еңбектерін ескеріп, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы беріліп, Қазақстан Композиторлар одағына мүшелікке қабылданды.
– Бұл концертті өткізу туралы идея қайдан келді?
Қалибек өнер жолында жүргендіктен, халыққа есеп беруді жөн санап, Қазақстанның біраз облыстарында шығармашылық концерт өткізген болатын. Сол сапарлардың қорытындысы Алматыдағы Студенттер сарайында өтетін «Тобыл Торғай әуендері» атты концерті деуге болады. Бұл концерт, негізінен, шалғайдағы Торғай, Қостанай облыстарынан шыққан композиторлардың әуендерін Алматы жұртшылығына таныстыру, халыққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Г.СЫДЫҚОВА.