«БИЛЕНБЕГЕН ВАЛЬСТІҢ» ӘУЕНДЕРІ

Кейінгі жылдары, әсіресе прозада табиғатты суреттеуге жете көңіл бөлінбейтін секілді. Әсіресе әдебиетке бертінде қосылғандардың шығармаларында табиғат суреттері жетімсіреп тұратыны бар. Бұған, бәлкім, табиғатымыздың төлежіп бара жатқаны да белгілі бір дәрежеде әсер ететін шығар. Сөйтіп, әуелі бірыңғай диалогтар мен кейіпкерлердің қимыл-қозғалыстары алға шығып кетіп жатады. Бұны да бұрысқа шығаруға батпайсың. Өйткені шығармаңды ілгері сүйреп отыратын негізгі күш сол диалогтар мен қимыл-қозғалыстар ғой. Дегенмен табиғатты, жануарлар, жалпы, аң-құстар тіршілігіне қатысты сыр-сипаттарды білгірлікпен қағазға түсірген жазушыларымыз баршылық. Мұхтар Әуезовтің анау заманда араб әліпбиімен шыққан «Қыр әңгімелері» немесе «Қыр суреттері» әңгімелер топтамаларын былай қойғанда, «Көксеректің» өзі қандай дүние!
Әңгімемізді бұлай ұзатып бара жатқан себебіміз, кейінгі әңгімелерде табиғат суреттерінің жетімсіреп тұратынын сөз арасы айта салу еді ғой. Ол да Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Биленбеген вальс» кітабын оқып, парақтай бастағанымызда өзінен-өзі ойға орала кетті. Біздің байбаламымызды жоққа шығарғысы келгендей Бауыржан кітаптағы туындыларының ең басына «Қысқы орман» әңгімесін орналастырған екен.
* * *
«Қысқы орман» көңіліңді әр тарапқа сүйрейтіндей, шешімі табылмайтындай ызы-қиқы оқиғаларға құрылмаған. Әрі кетсе, жарты сағатқа жетер-жетпес, бәлкім, одан да аздау уақытыңды ғана «жейтіндей» шап-шағын дүние. Бауыржан бұл шағын әңгімесін баяндауға үшінші жақты қолайлы көрген. Біздіңше бұл дұрыс та болған. Өйткені қысқы орманға бармаған (әйтпесе баруға қолы тимей жүрген) адам мына әңгімені оқыған соң әлгі бір саф тазалықтың ордасына ұқсайтын орманды аралауға аңсары ауа бастауы бек мүмкін.
«Мен қысқы орманға жетсем болды, шеткерек өскен көктерекке арқамды сүйеп, көзімді жұмып, ойға шомып ұза-а-а-ақ тұрамын. Неге тек қана көктерекке арқа сүйегенді ұнатамын, оны тап басып айта алмаймын» дейді автор. Аса бір шешімсіз жұмбақ болмағанымен осы деталь оқырманның ойын түртеді. Расында да, ақтерек, мойыл, итмұрын, үйеңкі, шегіршін, тораңғы тәрізді сан алуан тал-шыбықтар өсіп тұрған ну орманда әркімнің де жанына жақын, әлде биік, әлде жатаған, әйтеуір бір өсімдік болатыны даусыз ғой. Тұтастай орманға құштарлық бәлкім, сол бір өсімдіктен басталатын шығар.
* * *
«Бір түнгі жалғыздық» деп аталатын бұл әңгіме оқырманды бірден қос соқпаққа салады. Әуелгісі – алапат қаруды сынау үшін сүттей ұйып отырған ауылдың аумағын полигонға айналдыру. Ең жоғарғы жақтың бұйрығымен жасалып жатқандықтан бұл іске ешкім қарсы шыға алмайды, тіпті қарсы шыққан күнде де әскерилердің айтқанынан қайтпайтыны мәлім. Сөйтіп, жабулы қазан жабулы күйінде қалады да, енді екінші соқпақ басталады. «Көш те, көштің» астында қалған ауыл бұдан әрі туған ұяда бұрынғысынша мамыражай күн кешудің мүмкін еместігін ұғып, басқа мекенге бет түзей бастайды. Солардың бірі осы әңгіменің басты кейіпкері Әбілдің үйі еді. Ол кезде Әбіл әскерден келген жас жігіт. Мына бөрі тиген қойдай дүрліктірудің түбі жақсылыққа апармайтынын сезген әкесі баласына қолқа салады. «Бір өзен-көлі, орман-тоғайы бар, адам баласы қиянатқа қимайтын жерге бет түзе», – дейді әкесі. «Нартәуекел, мен ердім соңыңнан! Бізге ілесетін болса, осындағы жақын-жуық, көрші-көлемге жеткіз менің сөзімді», – дейді әңгімесінің соңында. Сөйтіп, Әбіл көшпек болады. Қайда? Сол кезде әскерде бірге болған жолдасының өз ауылының табиғатының сұлулығын тілге жиі тиек ететіні есіне түсіп, облыс орталығынан асып, Көкорай ауылына келеді. Ол кез – соғыс жылдарында жер ауып келуге мәжбүр болған талайларды паналатқан қазақтың бас көтерер үлкендерінің тірі кезі. Солардың бірі осы ауылдың ферма меңгерушісі тапа-тал түсте жер аударуға ұшыраған бір топ жұртты қабылдап алуға шешім қабылдайды. Одан бері де қанша уақыт өтті. Көшіп келгендер осы ауылға әбден бекініп болған, келгендеріне және өкінген кездері жоқ. Ерке сылқым Ақ Жайықтың жағасы, көкорайлы мекен, түгін тартсаң, майы шығатын жерұйық. Ел тыныш, бала-шаға аман, әркім әр кәсіптің басын ұстаған. Сондай алаңсыз тірлікке риза боп жүрген кешегі бригадир, бүгінгі зейнеткер Әбілдің аяқ астынан жаңа қызметке орналасуына тура келді. Қызметінің аты – орманшы. Сөйтсе, бұл жақта да ертеңді ойлайтын азаматтар бар екен. Аудандық орман шаруашылығының басшысы әдейі ат басын тіреп келіп, орманшылық бір штатты облыс басшысының соңынан қалмай жүріп зорға аштырғанын, соған осы Әбілді лайық көріп отырғанын әңгімелейді. Әңгіменің соңы қолқаға ұласты. Әбілдің келіспеске амалы қалмады. Әсіресе ауыл тұсындағы тал-теректің оталып, бітуге айналғанын өзі де көріп жүрген. Жасыл желектің ел аман, жұрт тынышта азайып бар жатқанын өз көзімен көріп жүріп, іші күйетін. Әңгіменің ұзын-ырғасы осы. Таныс емес кәсіпті — орманшылықты Әбілдің қалай атқарғанын автор қазбалап айтпайды. Оның қажеті де жоқ. Әңгіменің астарында айтылмаған нәрселерді оқырман ішпен сезеді. Автордың мақсаты — болған оқиғаларды түгел қамту емес. Оқырманға ой салу. Мынау табиғаттың жанашыры қолында куәлігі бар, кеудесінде төсбелгісі бар орманшы мен қорықшы ғана емес, осы жүрген әрқайсымыз екенін ұқтыра кету. Бір айта кетер жайт, бұл әңгіменің бастауы мен жалғасуы ұзын оқиғаның қысқаша желісі ғана. Әрине, әңгіме болғандықтан кейіпкерлер там-тұм, тіпті көпшілігінің есімдері де аталмайды. Сөйтсе де, автор бір ауылдың бүліне жаздаған кешегісі мен байыпты өмірге бет қойған бүгінгісін жан-жақты талдауға талпынған. Әлбетте әкелер балаларына риза болмайтыны бар. Алдыңнан көбіне-көп әкелер мен балалар проблемасы көлденеңдеп шыға келетін. Бауыржан осы бір схематизмге ұрындырмайтын өзгеше бір жол тапқан. Баласының қолына екі тізгін, бір шылбырды ұстатқанына Әбілдің әкесі өкінбейді, ауылдастары да жер тоқпақтамайды. Туған жер қанша ыстық болғанымен, басқаша жол қалмағанын олар да ұғады. Тіпті өлген соң сүйегімді ата-бабамыз жатқан жерге апарыңдар деген өтініштер де айтылмайды. Біріншіден, ауыл алыс, жер шалғай, екіншіден, полигонға айналған аймақта сүйектері де тыныш жата алмайтынын бұл кісілер біледі. Бұл ретте Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы Қазанғаптың сүйегін өзі өсиет еткен Ана-бейітке тапсыра алмаған кейіпкерлерді де еске алу жөн. Рухани құлдырау мен мәңгүрттік тақырыбын қаузаған бұл романдағы тоғышарлық әрекеттерді Бауыржан, бәлкім, өзінше тағы да қайталауды құп көрмеген шығар. Құп көрмегенде де, он параққа жетер-жетпес әңгімеде оның бәрін қамту мүмкін еместей ғой. Не болғанда да, әңгімеде автор өз діттегеніне жеткен. Шағымы жоқ шағын ауылдың болашағы қалай болады, оны уақыт көрсетер, ал осы Әбіл қарт тәрізді елдің де, жердің де қамын қатар ойлап жүретін тұрғындары бар мекеннің келешегі кемшіндікке тап болмайтынына сенгің келеді.
Дегенмен әңгіме неліктен «Бір түнгі жалғыздық» деп аталғанын әуелгіде түсінбегендей де болдық. Өйткені бұл әңгіме кейіпкерлерінің жалғыздықпен өткізген түні біреу ғана ма екен? Көп шығар. Әлдеқайда көп шығар. Сөйтсек, бұл түн немерелеріне кеткен кемпірінің тілеуін тілеп қалған Әбіл қарттың жалғыз өзі өткізген, өткен-кеткенді еріксіз есіне түсірген ұйқысыз түні екен.
«…Асылы, ой адамның миына аспандағы бұлттар сықылды келіп-кетіп жүре беретін болса керек. Таң сыз бере қарттың санасына (неге екені белгісіз) өлім туралы ой келді. Іле-шала ол, «Ертең мен өлген күні ағайын-туыс, дос-жаран, әйел-бала-шағама қоса, осы төңіректің бүкіл аң-құс, орман-тоғайы жетімсіреп, ұлардай шулап қалады-ау» деп ойлады. Негізі, ажал туралы ой адам баласы үшін қашан да үрейлі. Алайда өзі өмірден озып, дүние салғасын соңында соншама жоқтаушысының қалатыны Әбіл қарияға өлімнің өзін бейшара, дәрменсіз етіп көрсетті. Осы жарқын ойдың жетегімен ол таңғы тәтті ұйқының құшағына енді…» деген жолдармен аяқталады әңгіме. Осы бір оптимистік сарын үдере көшумен басталған өмірдің баянды бекеттегі байыпты қорытындысы тәрізді.
* * *
Жоғарыда айттық, қазіргі прозада табиғат суреттері онша көп емес дедік. Соның ішіне, аң-құстардың тіршілігі де жеткілікті жазылмайтыны кіреді. Бауыржанның кітабына көбірек үңілген себебіміз, осы олқылықтың орнын толтыруға деген ықыласының оң екені.
Мынау «Шортан» дейтін әңгіме. Өзен жағасында өскендерге, жалпы, ауылы сулы-нулы жерлерде орналасқандардың барлығына да шортан таныс. Қармаққа шорағайлар іліккенімен де нағыз шортандарды ұстау қиын. Балыққа ұқсайтын жалтырауыққа алдана қоюы қиын. Рас, алданып қалатын сәттері де жоқ емес. Бір рет «…қара баланың жалтырауығына табанның шабағы екен деп ілініп, жағалауға шығар-шықпастан жан-дәрмен бұлқынып, езуін жырғызып, әрең аман қалғаны және бар. Сондағы жанының көзіне көрінгені-ай!..». Дегенмен шортан осындай оқта-тектегі аңқаулығына қоса өжет те бірбеткей. Бауыржанның әңгімесінде кейіпкер ретінде суреттелген шортан әуелден шымыр болып өседі де, сол пысықтығымен көлдің құрақ-қоғасы, балдыр-тұңғиығы баршылық миуалы тұсын иемденеді. Дегенмен мұны менсінгісі келмейтін де тұрғыластары бар болып шығады. Ол — ұзындығы сала құлаш, жуандығы бұқаның мойынындай бір нән һәм кәрі жайын. Оқиға негізінен, осы шортан мен осы жайынның арасында өрбиді. Тұқымдастарынан артық туған шортанға мына жайынның өзін осы көлдің қожасы ретінде тәкаппар ұстауы тіпті де ұнамайды. Қарап тұрсаңыз, судың астында да билік үшін күрес жүріп жатады екен. Алғашқы қақтығыста итсілікпесі шыққан шортан бірақ мойымайды. Содан соң араға екі-үш күннен салып, бірнеше рет шайқасқа шыққан шортан ақыры үстемдікке ие болады. Жас перінің өліспей беріспейтініне көзі жеткен жайын мұның аймағын алыстан айналып өтетін болады. Автордың әңгімеде ортаға салған түйіні — қай шайқаста да күші мықтылардың емес, рухы мықтылардың жеңіп шығатыны. Тіпті жаңа қарсыласынан қай әлдімін дегендер де тайқып жүре беретіні.
Осындай мысалды Бауыржан «Аман бол, Арлан!» деп аталатын әңгімесінде де баян етеді. Дүниеге күшік боп келген қасқырдың өсіп, өну жолындағы жай пенделер біле бермейтін жағдаяттар оқырманнан бұл дүниені мұқият оқуды талап ететіндей.
Жас қозының өлексесіне таласқан бөлтіріктердің қимылын бағып жатқан үлкен арлан бұлардың ешқайсысына да болыспайды. «Табиғи сұрапталудың қатал заңы бойынша қасқыр үйірінде өз жемін тек өзі табуға қарашадайынан қабілетті ғана тірі қалуы тиіс» деген ұстанымын қабағымен ұқтырады. Содан соң… Содан соң жас бөрі тіршіліктің талай сынын басынан өткерді. Мысалы, екі аяқты иесінің қолпаштауына еріп мұны жайратып тастамақ болған апайтөс төбетті жеңеді. «…Тілі салақтап, тыныс алуы ауырлап, әл-дәрмені құрып, қалжырай бастағанын пайдаланып жас бөрі ақ азуын алқымға салып, кеудесімен итере қарсыласын шалқалата жығып, алдыңғы сол аяғымен иттің көкірегін басып, ілгері оң аяғының қайқы қылыштай қайқиған сояудай тырнақтарын төбеттің терісінің ең жұқа жері — шабына қадап, тайыншадай неменің аталық енін саулата орып түсті. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірі бар, ал бәлем!». Бәлкім, бұл ауыр жарадан мынау итің әупіріммен тірі қалар, бірақ еркек ретінде енді мұның шаруасы біржола бітті».
Осылайша, үй төбетін жеңіп шыққан қасқыр, кейін кездейсоқ кездестірген аюды да ықтырады. Бұл – өз алдына бір әңгіме. Сөйтіп, жалғыз қасқыр суы мол, өзіне жем болар момын жануарлары жеткілікті жұмақ аймақты мекен етіп қала береді. Қашанға дейін?! Өйткені қашан да бір мықтыны жеңетін тағы бір мықты, біреуге біткен ырыс-несібені тартып алатын тағы бір түз тағысы пайда болмайды деймісің. Осыны білетін автор: «Әйтеуір, аман бол, Арлан! Сен барда ар ояу, намыс тірі, рух асқақ!» деп аяқтайды әңгімесін.
* * *
Біз Бауыржан Ғұбайдуллиннің кітабы туралы сөз еткенде, байқап отырсыздар, тікелей табиғатқа қатысы бар тұстарға тоқталдық. Себебі осы тақырыптың кенжелеп қалып жатқанын ілгеріде ескертіп те өткенбіз. Бірақ кітап осы мәселелермен түгесілмейді. Адам мен адамның, пенде мен қоғамның арасындағы алуан түрлі қарым-қатынастар, кейіпкерлердің мынау заулаған уақыттан өз еншісін алып қалуға тырысқан қилы әрекеттері жазушының қай әңгімесінен да табыла береді.
Айталық, автордың «Кие» әңгімесі осы замандағы ең қатігез жайды баян етеді. Қызмет қуып, өзіне қолайлы карьера жасамақ болған жас келіншек бойына біткен нәрестеден алдын ала жерініп, жасанды түсік жасатады. Әрине, бұдан шошынған күйеуі отбасынан безіп шығады. Кейін қайтара екі рет күйеуге шыққанымен, келіншектің жолы болмайды. Енді қайтып бойына бала бітпейді. Ақыры, не қызметте өспеген, не карьера жасап қарық қылмаған келіншектің өмірі жындыхананың төсегіне байланады. Бұл ретте, әрине, басты кінә келіншектің өзінде екені даусыз. Дегенмен оның әлгідей қайырымсыз әрекетке барарын білсе де, тоқтау салмаған, қайта қолдап қолпаштаған жандар жөнінде не деуге болады? Олардың одан арғы тірліктері қалай жалғасты? Бұл туралы автор ештеңе айтпайды. Расында да, олардың одан кейінгі тірлігінің оқырман үшін еш қызығы да жоқ. Тек бір адамның бақытты болуы да, бақытсыздыққа ұшырауы да көбіне-көп қасындағы пенделердің ықпалымен көрініс тауып жататынын осы әңгіме тағы бір еске салады.
* * *
Рас, Бауыржанның әңгімелерінің барлығы көңіліңді әлем-жәлем ететін оқиғаларға құрылмайды. Мысалы, «Ұялшақ махаббаттың ғұмыры ұзақ» деп аталатын әңгіме студенттік алаңсыз өмірдің әдемі сәттерімен әсерлі әдіптеледі. Мұнда таңғаларлықтай ерекше оқиға да жоқ, студенттер бастан кешіп көрмеген өзгеше сезім де жоқ. Оқып отырып, бір кезде өзің де осындай студент болғаныңды күлімсіреп еске аласың. Сондай-ақ кітаптың атына айналған «Биленбеген вальс» әңгімесі де әркім бастан кешетін бір сәттік мұңның тарихын тартымды баяндайды. Ал «Ортақ ерлік» адамның өз басына сын түскен уақытта қалай тосын шешімге келетіні хақындағы реквием секілді.
Жалпы, Бауыржан Ғұбайдуллиннің мынау кітабы еңбекқор қаламгердің кәдімгі қалыптасып қалған қолтаңбасын аңғартады. Автордың өзі газет редакторы болған соң ба екен, әңгімелеріне ұйқасымсыз тіркестер, сылдыр да сұрықсыз сөздер кірікпейді. Әр жол өзінің міндетін адал атқарып тұрғаны көрінеді. Әдетте кітаптар қазір баспа редакторынсыз шығып жататындықтан әр-әр беттерде оқырманның көзін шаршататын кемшіліктер (кейде көп, кейде аз) байқалып қалатын. Бұл кітап ондай олқылықтардан ада.
Кез келген кітап әлдебір танысыңның (кейде бейтанысыңның) өзіңе жазған хаты секілді болып көрінеді. Автор өзіңмен жүзбе-жүз кездескенде айта алмайтын сырын сол кітап арқылы ақтарады. Хат көңіліңнен шықса сыртта жүріп-ақ ырза боласың. Тағы да хаттар күтесің. «Биленбеген вальстің» соңғы бетін жапқан соң біз де оның жалғасы болатындай әлденеге дәмеленіп қалдық. Сол дәмеміз алдамағай!
Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысы бойынша өкілі