«АЛМАТЫДАН СӨЙЛЕП ТҰРМЫЗ…»
16.09.2016
1895
0

841640_604890801_18(Атақты диктор Әнуарбек БАЙЖАНБАЕВ туралы толғаныс)

***

Журналистік жол қайда апармайды. Шал­ғайдағы шопан қыстағына бара жатырмыз. Ауа-райы ашық еді, аяқ астынан өз­ге­ріп шыға келді. Жапалақтап қар жауып, онан соң жел көтеріліп, алай-дүлей боран соқ­ты да кетті. Машинамыз қарға батып бір тұ­рып, бір жүріп, әрең дегенде қыстаққа жет­тік-ау!

– Мына алай-дүлей боранда қайдан жүр­сіңдер. Жылы үйлеріңнен кім мұнда сүй­реп әкелді, – деп үй иесі бәйек болды. Сол арада дастархан жайылып буы бұр­қы­ра­ған шай да келді.

Ең әуелі құлаққа жағымды әуен ойнап, онан соң малшы қауым туралы:

– Елемейді еш уақытта суықты,

Білесің бе бәрінен де кім мықты.

Білесің бе боранды бас идіріп,

Күні-түні аязда кім шынықты.

 

Бұлт астынан сығаласа жұлдыздар,

Мұзға оранған бұлдырайды шың-құздар.

Сол мықты адам қой күзетіп шығады,

Сыр бермейді тоңдырса да түнгі ызғар, –

өлеңді кезектесіп оқып отырған радиодағы әріптестеріміз Әнуарбек Байжанбаев пен Сауық Жақанова.

Бұлақтай мөлдір, әуезді ашық дауыстары еріксіз баурап, магниттей тартып барады. Хабар аяқталған шақта: «Бәрекелді, на­қышына келтіріп қалай оқиды, көп-көп рах­мет, біз сияқты малшылар қауымына ар­налған екен, – деп шопан ағамыз кәдім­гі­дей риза болып қалды.

­– Жапан далада мал баққан соң сенімді серігіміз радиоқабылдағыш үйде-түзде де жа­нымызда. Соның ішінде көбірек тың­дай­тынымыз – әсем әндер мен Әнуар мен Сауық­тың жүргізетін хабарлары.

«Өркендерің өсіп, көп жасаңдар», – деп ал­ғыс-рахметімізді айтып, қолдарын қыс­қымыз келеді. Әттең, алыста . Ал сіздер бір­ге қыз­мет істейді екенсіздер, өздері қан­дай кісі­лер. Арнайы оқу оқыған ба? Әлде, бойла­рына туабіткен қасиет пе екен? – деді үй ие­сі бізге.

Тосын сұрақ. Тау баурайында өскен адам­ға асқар шыңның биіктігі сезіле бер­мейді. Бірге жүрген адамның арқа басының биік­тігі сезіле бермейді. Тастай батып, судай сіңіп кетесің. «Әнуарбек Байжанбаев сон­дай қарапайым, кішіге аға, үлкенге іні, ке­регінде әрқашан қасыңнан табылатын қарапайым ақ жарқын азамат» деп жауап қаттық.

Иә, өмір Әнуарбекті ерте есейтті. Отба­сы­ның жағдайына байланысты мектепте оқып жүрген кезінде еңбекке араласыпты, үйінің жанындағы баспа мекемесінде хат тасу­шы болып орналасып, жақсы ортаға тап бо­лады. Баспа жұмысы қызық екен. Сан қи­лы кітаптар үсті-үстіне шығып жатады. Арасында өлең, әңгіме жинақтары да бар,  кітап беттерін ақтарып оқи қалсаң еріксіз тартып, баурап алады.

Бірге жүрген жолдастары арасында жат­таған өлеңдерін айтып жүруді әдетке айналдырды.

Атқаратын қызметі де қиын емес. Тап­сы­рылған істі зыр жүгіріп дер кезінде орындайды. Кітап авторларының қолжазбалары теріліп болғаннан кейін, үйлеріне апарып, тексертіп оқытады. Кеткен қателері болса, түзетілгеннен кейін, қайтадан баспаға әкеп тапсырады.

Осындай күнделікті жұмыс барысында халқымыздың сүйікті азаматы Сәкен Сейфуллинмен танысқан сәтін Әнағаң үнемі айтып жүретін:

– Бірде, – деп еске алды Ән-ағаң баспа­хана­дағы терілген қолжазбаны жазушының үйі­не алып келдім. Сәкен ағаның орны бө­лек қой. «Қалай болар екен» деп, іштен қатты қо­балжыдым. Жазушы үйінде екен бала­сын­бай мені жылы қарсы алды. Әкелген дү­ниелеріме көз жүгіртіп қарап отырып, ме­ні әңгімеге тартты.

– Сені ақындардың өлең-жырларын ба­бына келтіріп, көсіле келістіріп оқиды деп естідім. Солай ма?

– Қайдан білейін аға, шамам келгенше ба­рымды салып оқуға тырысамын. Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыса­мын.

– Талпынған  тауға  шығады. Мұның дұ­рыс екен. Көп естігеннен бір көрген ар­тық. Ме­нің де өлеңімді оқып көрші тыңдап көре­йін.

Күтпеген өтініш «шынымен-ақ сұрап тұр ма?» деп ағаның жүзіне жалтақ-жалтақ қа­рай бердім.

– Қысылма қарағым, оқи ғой, – деді та­ғы да.

Алып ұшқан көңілім орнына түскендей бол­ды. Тереңірек дем алып, дауысымды кө­те­ріңкіреп, өлеңінің бірін оқи жөнелдім.

«Қалай қабылдар екен? – деп Сәкен аға­ға қарап қоямын. Ден қойып, тыңдап отыр­ған тәрізді.

– Жарайсың, інішегім, дауысың әуезді екен. Өлеңді мен емес, бейне өзің жазғандай шын беріле еркін оқыдың. Туабіткен талан­тың бар сияқты. Адам өз өмірінің суретшісі. Соның көзін ашуға талпынғаны жөн. Ерін­бей еңбектен.

Әнуарбек абзал ағаның кеңесін көңіліне түйіп, алдына мақсат етіп қояды. Амал не, аяқ астынан Отан соғысы басталып, май­дан­ға аттанады. Қанды қырғын соғыстың дәм­ін татады. Маңдайға жазса, не шара, ауыр жараланып, балдаққа сүйеніп, елге ора­лады.

Соғыс уақыты ғой. Қандай қиыншылық кез­дессе де жеңіп, ата-анасына көмектесіп қол ұшын беруге тырысады. Осылай іштей қиналып көше кезіп жүргенінде баспада бірге жұмыс істеп, ағасындай болып кеткен Омарғазы Оспановты жолықтырады.

– Әнуар-ау, соғыстан қашан оралдың, не­ге көрінбей жүрсің, – деп сұрақтың астына алады.

– Баспаға барып едім. Сізді көре алмадым. Басқа қызметке ауысып кетіпсіз.

– Иә, мен қазір республикалық радио ко­митетінің бастығымын. Өзің емделіп жүр­сің бе?

– Емделіп болдық қой. Табылса жұмыс іс­тегім, үй ішіне көмектескім келеді.

– Солай ма, жұмыс табылады, бізге кел.

– Не істеймін сонда?

– Дикторлыққа қабылдаймын.

– Диктор дейсіз бе? Ол қандай қызмет? Қо­лымнан келе қоя ма?

– Келгенде қандай! Ұмытып қалғаннан сау­мысың. Соғыстың алдында баспада жүр­генде өлең оқып, тақпақ айтуға, ән са­луға әуес едің ғой. Тыңдаушының көңі­лінен шы­ғатыныңа сенемін. Үнің де құлаққа жа­ғымды, әуезді. Диктор болатын адамға ке­ре­гі осы. Шын ден қойсаң, жаттығып, мең­геріп кетесің.

Шынында солай болады. Алғашқы сын­нан сүрінбей өткен жас жігітті ұжым жылы қарсы алды.

Дикторлық мамандық сиқырлы, сезім­тал өнердің адамына тән. Негізгі құралы әуезді үн, мәнді де терең мағыналы лебізді жеткізе оқи білу екендігіне көзін жеткізді. Олардың іші­нен Әнекең әсіресе, халық артисі Шәкен Ай­мановтың, Әмина Сейітова­ның есімдерін ерекше атайтын.

Шәкен Айманов соғыс жылдарында театр­дағы негізгі қызметіне қосымша радио­да қызмет атқарған екен. Әнуарды өзіне көм­екші етіп алады. Қолы босамай радиоға келе алмай қалған жағдайда хабарларды Әнуарға оқытады. Жас өсіп, қанат қатаяды. Әнуарбек те жүре келе жаңа маман­дықтың биігіне көтеріліп, тыңдау­шылардың жүре­гіне жол тапты.

Жазушы Сәбит Мұқанов: «Әнуар оқыса сол­ғын шығармалардың өзі торғын жібектей құл­пырады», – десе, жас ақын Тайыр Жароков: «Әнуарбек ініме өте ризамын, өлең оқы­ғанда айызыңды қандырып, елді сілті­дей тындырады», – деп шын ықыласпен қошемет көрсетіп жүріпті.

– Бірде, – деп еске алады Әнаға – Бауыр­жан Момышұлы бір мақаласын ма­ған оқуды ұсынды. Баукеңнің өзі де әдеби дүниені құлпыртып оқитынын білетін едім. Сонда да өзінің орнына мені қалағаны қатты тебірентіп, көңілімді өсіріп жіберді. Батыр ағаның сенімін ақтап шықсам екен деп мұқият дайындалдым. Еңбегім еш кет­педі. Шығарма оқылысымен-ақ, Баукең те­лефон соғып:

– Жарайсың, Әнуарбек! Өз дүниеме өзімнің сай-сүйегім сырқырап кетті. Қа­зақтың Левитаны деуге болады сені. Көп рахмет, – деді.

Жақсы адам шынында да аспандағы жар­қыраған жұлдыз секілді ғой, оның нұр сәу­лесі тек өзі ғана емес, өзгелерді де нұр­ландырып тұрады. Осылай қалтқысыз қыз­мет  атқара жүріп, соңына ерген шәкірттеріне де өнегелі ұстаздық көрсетті. Олардың іші­нен Мәмбет Сержановты, Сауық Жа­қа­нова­ны, Мырзабек Қуатбековты ерекше атап көрсетуге болады. Қазақстанның ең­бек сіңірген Мәдениет қайраткері Сауық Жа­қанованың да Ән ағамен қоян-қолтық жұ­мыс істеп жүріп біте қайнасқаны да күні бү­гінгідей есімде. Дыбыс режиссері: «Бір са­ғаттық әдеби-музыкалық хабарды Әнуар­бек ағамен бірге қосылып оқисың, алдын ала дайындал» деп мәтінін әкеп бергенде жүрегі дүрсілдеп қоя беріпті. Қызмет істей бас­тағанына онша көп болған жоқ еді. Жүй­ріктің желісіне ілесе алам ба деп қатты қы­сылып, өзін әрең тоқтатып берген мәтін­ді дауыстап қайталап оқи беріпті. Жас дик­тордың іштей тебіренісін сезген Әнуарбек:

– Сауық, қобалжыма. Біздің оқыға­ны­мыз бір­ден эфирге кетпейді. Әуелі үнтаспаға жазы­лады, қателесіп жаза бассаң дауысымызды қалпына келтіріп қайтадан түзейміз. Неғұрлым еркін отырсаң, даусың ширақ шығады, – деп мән-жайды түсіндірді.

Ән-ағаның мына сөзі жазатайым құлап бара жатқанды қолтығынан ұстап демегендей әсер етеді. Әдеби шығарманы ұстазымен бірге ойдағыдай оқып шығады.

«Тұлпар болар жүйрікті тай күнінде танисың» дегендей, Сауық та ұстазының үздік шәкірттерінің бірі болды. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атанды.

 

Ертемен төсегімнен тұрам асық,

Құлағын радионың бұрап ашып.

Себесің Алматыдан жанға жылу,

Адам бар көп үніне болған ғашық.

 

Атың ғажап сенің Сауық деген,

Өзіңе шабыт берер дауыс дер ем.

Эфирге алдын ала шықпай қалсам,

Ауырып қалды ма деп қауіптенем, –

деп радио тыңдаушылардың жолдаған өлең жолдары да келіп жатты.

Бүгінде қазақ радиосының алтын қо­рын­да қайталанбас қос диктордың мың­да­ған сағаттық үн таспалары сақтаулы. Ол үн­­таспаларда әдебиетіміз бен мәдение­тіміз­дің өкілдері, еңбек ардагерлері жайлы сыр­лы да сазды хабарлар жазылған. Алтын қор­дағы бұл хабарларды дайындауда Әнуар­бек Байжанбаев пен Сауық Жақанованың қосқан үлесі көп.

Қасымхан ЕРСАРИН,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,
Құрметті журналист.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір