КҮЙ ТЫҢДАЙ БІЛЕМІЗ БЕ?
16.09.2016
1341
0

32431vbe4bcc12Осы жазбамызды жазуға итермелеген бірнеше жылдар бұрынғы бір жәй еске түседі.

Жақын араласып жүретін жолдас жігіттің қоныс тойында отырғанбыз. Кең дастархан басындағы қонақтардың алды қы­за бастаған шақ. Бір кезде сөз кезегі келіп, үй иелеріне тіле­гі­мізді айтқаннан соң, жұртшылыққа бір күй орындап бе­рейін деп, домбыраны қолыма алғаным сол еді, қарсы ал­дымдағы бет-аузының сау-тамтығы қалмай боялған қа­рындастың: «Ой, агай, зачем кюй, сол мамбетская музыканы кто будет слушать? Лучше спойте» дегені. Сілейдім де қал­дым. Өзіңнен шыққан шұбар жылан өзіңді шақты деген осы болса керек.

Сол сәт көз алдымда қара қобызын аңыратып жерұйық із­деп, төрткүл дүниені кезіп кеткен Қорқыт баба, қазақтың қай­ғы-мұңы мен қуанышын қос шекті домбыраның шанағына сыйғызған ұлы күйші Құрманғазы бейнелері тізбектеліп өте берді.

«Қайран, біздің бабалар, егер тіріліп келіп, тілі шұбар­ланған, музыкалық талғамы қарабайырланып, дүниетанымы дү­бәраланған мына маргинал ұрпағын көрсе, қандай күйге түскен болар еді» деген ой мазасыз бір халге түсіргендей еді. Той тарқап, үйге келгеннен соң да әлгі көрініс көпке дейін көз алдымнан кетпей қойды.

Осы жерде өзбектің етікшісінен бастап, министріне дейін тек қана өздерінің ұлттық музыкасын тыңдайтынын еске алып, «неге біз осылардай емеспіз» деп сансыз сауалдардың шырмауында қалғандай болдым.

Бір жағы әлгі қарындасты іштей мүсіркедім де. Неге де­сеңіз, оның және сондай сипаттағылардың осыншалықты ру­хани мүгедек болуына себепкер болған ұлттық мүдделерді ая­қасты еткен кешегі тоталитарлық жүйе емес пе? Себебі, адам қоғамнан тыс өмір сүрмейді. Қоғам қандай болса адамы да сондай. Жарайды, мұның бәріне кінәлі кеңестік дәуір дей қояйық.

Ал енді, мына тәуелсіздік алып отырған қазіргі кездегі ұлт­тық сана-сезіміміз қандай дәрежеде? Жетісіп тұрған же­рі­міз шамалы сияқты. Бұрын орысшыл болсақ, қазір батысшыл, Европашыл, Америкашыл болып алдық. Батыстың елірме әуеніне еліккен жастарымыз жат мәдениетті тұтыну арқылы өздерін алдыңғы қатарлы жетілген адам ретінде сезінетін сияқ­ты.

Бұрынғы алқа-қотан отырыста таңды-таңға ұрып жыр тың­дап, күй тартысатын халқымыздың қайран дәурені көзден бұл-бұл ұшып бара ма, қалай?

Қалай дегенде, біздің болмысымыз осындай. Өйткені, біз бә­ріне де еліккіш, қазақ деген халықпыз. Бұл дерттен қашан айы­ғарымызды бір құдайдың өзі біледі.

Әңгімеміздің басы, кезінде бабаларымыз тілмен айтып жет­кізе алмаған жағдаятты жеткізе білген киелі өнер – күй ту­ралы еді ғой.

Иә, сонымен, күйге бір сәт құлақ түріп көрейікші. Онда «мың өліп, мың тірілген» ұлтымыздың сан ғасырлық тари­хы­ның симфониясы жазулы тұрған жоқ па?! Тек мұқият тың­дар құлақ болсын деңіз.

Қалмахан ОМАР,
ұстаз-домбырашы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Шымкент.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір