ЖАРЫҚТЫҚ, АБАЙ АТА
(әңгіме)
Дәнеш АХМЕТҰЛЫ
Өзінің бір қалыпты жүрісінен жаңылмаған жүрдек пойыз жиек- жиегін быдырқай, ұсақ қырқа көмкерген, ұзынынан шұбалып, көлбей жатқан биік таудың құшағына келіп кіріп еді. Екпіндеп, тау қойнауына енген сайын купе іші қараңғылана түскен. Осы қараңғылық өзгеге емес, Тоғжанға бір түрлі ұнады, жанына майдай жақты. Ешкімге қарамай, өзімен-өзі ғана болып, терезе алдында күйзелісті күй кешті. Өзіне салса, тегі жан баласын көргісі жоқ. Біреу бірдеме айтпаса екен, қисыны жоқ нәрсені сұрап, мазамды май ішкендей етпесе екен деп тіледі. Пойыздың қараңғылық жамылған тау арасындағы бұралаң жолының бітпеуін қалады. Жарықтан қашқан тарақандай күй кешкен әйел жан азабынан құтылудың төте жолы осы деп білді. Бірақ әр нәрсенің де шегі бар емес пе. Әйел ұнатқан қараңғылық та ақ айранданып, бозаң тартып, өңін бұза берген.
Пойыз қарауытқан тау сілемдерін артқа тастап, кең жазыққа шығып еді. Елді мекендер қара көрсете бастаған. Пойыз қара жердің құйқасын шымырлатып, ақырып жіберіп, өршелене алға ұмтылған.
Жалғыз кісілік төсекте жалаң, көне тоз, қоңыр жамылғыны жамылып, не ұйықтап жатқаны, не ояу екені белгісіз уақыт өткізген Тоғжан жалғыз отырып, ертеңгілік шай ырымын жасады.
Мезгіл жаздың соңы, қыркүйектің басы еді. Әйтсе де көз жетер жердің бәрі көп жуылған жаялықтай сарғайып, аламыштанып кеткен. Пойыз жолына тақау әр- әр жерде ербейіп өскен тырбық ағаштар күні ілгері жапырағын қағыпты. Сидиып-сидиып, онсызда жүдеу төңіректің мүсәпір кейпін молайта түседі.
– Апай, – деді әлдекім қасына таяу келіп.
Тоғжан есін жиғандай болып, жалт қараса, жасы өзі шамалас, жастау әйел күлімдей қарап, қиылып тұр екен.
– Иә, айта беріңіз, – деді бұл.
Әйел бастапқы сөзін тағы қайталады.
– Апай, айтып жібермес пе екенсіз, уақыт неше болды?
Апасы уақыт айтты.
– Сағат оннан он минут кетті
– Рахмет.
Тоғжан басын көтеріп, тіксінгендей болып, тұнжырай қалған. Уақыт сұраған әйел тым сергек, сезімтал екен. Көршісінің көңіліндегі алакөлеңкені сезе қойса керек.
– Апай, кешіріңіз, бір жеріңіз ауырып отыр ма, жоқ әлде менің апа дегенім көңіліңізге жақпай қалды ма? Менің жасым дәл жиырма бесте. Ойлаймын, сіз менен кем дегенде бір мүшел үлкен шығарсыз.
Тоғжанның да жасы жиырма бесте еді. Түйдей құрдасы екен. Жас жағынан тең, ал сырт бітім, бет-әлпет, түр-тұрпат жағынан екеуі екі басқа дүниедей еді.
– Иә, солай, әрине үлкенмін ғой, – дей салды әйел сыр білдірмегенсіп.
Уақыт сұраған әйел шығып кеткен. Өзімен жасты әйелдің үлкен санағаны оның жан жарасын сыздатты. Онсыз да қисыны кеткен, жарықшақ көңілдің саңлауынан өкініш желі уілдеп қоя берді. Көкірегі қобыздың өксікті, жылауық үніне толғандай болып, көңілі алабұртты. Сорлы әйел қыстыға келе өзіне-өзі ие бола алмай, еңіреп көз жасына ерік берді. «Біз сондай сорлымыз, – деді іштей бордай босап, біз жаратылысында сорлы болып жаралған пенделерміз. Сол үшін де біздің бетімізге қайғы табы ерте түсті, сол үшін де біз өз қатарымыздан көп үлкенбіз, сол үшін де біздің үлкен өмір жолында отымыз жанбай жатып сөніп, шаңырағымыз шашылып, керегеміз қирап ортаға түсті. Біз мәңгілік жылап қалған жандармыз, бізді ешкім де жұбата алмайды. Біздің жан жарамыз, қатпарлы қасіретіміз ешуақытта жазылмайды. Сол үшін де бізді бұл азаптан құтқаратын бір ғана нәрсе бар. Ол – өлім. Сол үшін де біздің жан сарайымызды ұлы Мағжанның «Өлім жыры» өбектеген. «Әлдиле өлім, әлдиле, әлдиле мені әлдиле, әлдиле өлім әлдиле…».
…Шіркін-ай, кеше қандай еді. Әйел азаптың ащы дәмін айқын сезіне отырып, кешегі құс базарлы, қимас күндерін есіне алған…
***
Не айтары бар. Ол бір қайта оралмас, қызығы мол, қиқуы көп сайранды күндер еді ғой. Амал нешік, сол шақтардың ғұмыры қысқа болды, тым келте қайырылды да үзіліп кетті. Шуақты шақтар жарқ етіп көрінді де, жалп етіп сөнді.
Аталмыш тірлік жас жұбайлар ойлағандай бәрі де орын-орнымен сәтті басталған. Университеттің соңғы курсын тәмамдар шақта Тоғжан өзінің көңілі сүйген жары Айсерікпен шаңырақ көтерді. Мамыр айының беймарал күндерінің бірінде дүркіреп той да өте шықты. Тойдан кейін екеуі көп ұзамай пәтер жалдап, жеке бөлініп шықты. Өздерінше үй болып, отау тіккеннің белгісі еді бұл. Жалғыз бөлмелі үй келушілерден арылмайтын. Жас жұбайлар кей кездерде сол шағын бөлменің шетінде бір-біріне иықтаса ықтап, көз шырымын алып, түн күзетіп шығатын. Ол күндер де көрген тәтті түстей болып, сағымдай сусып өте шықты.
Екеуара отырып, өз ойларын ортаға салады. Айсеріктің көксегені ауыл. Қалай да ауылға кетудің жағын қарастырады.
– Ауыл деген – алтын бесік, – дейді әлеміштей сөйлеп, сол ауылдан шықтық, өстік, есейдік, оқу бітірдік, азамат санатына қосылдық. Енді сол ауыл үшін маңдай терімізді төгіп еңбек етуіміз қажет.
– Айсерік, – дейді Тоғжан мөлдір қара көздерін төңкере қарап, сол ауылға неге асығасың. Асықпасаң да күндердің күні болғанда барасың. Енді сәті түсіп тұрғанда кішкене жер көріп, ел таныған да жақсы ғой. Оның үстіне оқу бітіргеннен кейін өз қалауыңша кете беруге тағы болмайды. Бес жыл тосын бір өлкеде еңбек етуге тиіссің.
– Жаным, мені түсінші, – деп жалынады Айсерік,мені сен түсінбегенде кім түсінеді. Ауыл – атаң, ауыл – әжең. Одан алыстап қайда барасың?
– Дұрыс қой жаным, меніңше сол ауылдан алыстаған да жақсы. Сағынып, сағынтып барсақ, бізден қадірлі ешкім болмайды.
Сонымен, менің айтқаным бойынша, Абай ата ауылына кетелік. Бес жыл ма, әлде одан көп пе, тірлік етелік те, одан кейін ауыл қайталық.
– Бір шетінен сенікі де жөн. Ел аралап, су кешкен деген жақсы ғой. Әйткенмен ауыл бәрінен де артық. Шіркін, «…Тамаша еді жазғы орман, құстар сайрап мәз болған. Қайран Қарасазым-ай, үйрек ұшып, қаз қонған» деп ұлы Мұқаң жырға қосқан Қарасаздың ауасы қандай кәусар!
– Сонда, Шыңғыстаудың ауасы одан кем қалып па?
– Кем де қалмаған шығар, дегенмен туған жердің ауасы тұнық қой.
– Сол тұнық ауамен сәл кейінірек демалалық.
Екеуінің арасындағы көкезу болған әңгіменің ауаны осындай еді.
Диплом алар шақ та келіп жеткен еді. Алғашқы болып Айсерік, бұдан кейінгі кезек Тоғжанға тиген. Шашын арт жағына төгілте бұйралап, үстіне ұзын етек жауқазын гүлді, қынама бел, жібек көйлек киген Тоғжан бұрала басып, мінбеге шыққанда жиылғандар басқа емес, қазақ қызының табиғи, таза мінсіз сұлулығына сүйсініп қол шапалақтағандай еді. Тоғжан алтын орда білім ұясына, ұстаздар қауымына алғысын айта келіп, өз ойын да ашып айтқан.
– Біз жарықтық Абай ата ауылына, Шыңғыстауға барғымыз келеді. Сонда жұмыс істесек дейміз. Бұл менің де, Айсеріктің де көптен бергі ойлап жүрген асыл мұратымыз. Енді сол ауылға барсақ дейміз, – дегенде сахна төріндегі үлкен мінбер қозғалып, лықсып кеткендей болған.
– Тоғжан, – деді қарт профессор жөткірініп алып, саған тек алғыстан өзге айтарымыз жоқ. Неге дейтін шығарсың, оны да айтайын. Осы оқу бітіргендердің ішінде сол араға, Семейге сұранып отырғандар тек екеуің ғана. Сен екеуіңнен басқа Семейге жолдама сұранғандарды естісем, құлағым керең болсын. Басқалары сұрамақ былай тұрсын, Семей аты аталса, ат-тонын ала қашады. Азар да безер болады. Ауасы жаман дейді. Суы бұзылған дейді. Табиғаты бүлінген дейді. Барғандар сау қайтпайды дейді. Тіпті солай болсын. Сонда Шыңғыстауда тірлік кешіп жатқан отандастарымызға бармауымыз керек пе. Жарықтық Абай ата қабырын иесіз қалдырғанымыз жөн бе, жоқ олай болмайды. Өткен жылдары Семей барасың дегенде ашық қарсы шығып, керек болса, дипломын алмай тастап кеткендер бар. Оған қарағанда сен екеуің таза патриот екенсіңдер. Менің айтарым мынау, тап осы екеуің секілді патриоттар көбейе берсін демекпін. Жолдарың болсын, бақытты болыңдар.
Профессор сөзінің елге ұнағаны сонша, жиылғандар тағы дүркірей қол соққан.
Бұлар тезінен Семейге аттанған. Сол күнгі жәйлі кеште қол сөмкелерін мықшыңдай көтеріп, өздерін шығарып салуға келгендермен қимай қоштасып, өздеріне тиесілі орындарына жайғасқан. Көңілдері шат, жүздері қуаныштан балбұл жанатын. Дүниенің бәрі қызық еді ғой ол кезде. Сол қызықтың түбінде сұр жыландай иіріліп, қасірет жатқанын кім ойлаған. Әсіресе, Тоғжанның қуанышын айтып жеткізгісіз еді. Көңіліне ұлы ақынның «Жаз» деген өлеңі оралды. Мезгіл жаз, шілде айы. Көкорай шалғын бәйшешек ұзарып өскен. Сай бойындағы кең жазықты жағалап, ел қонып жатыр. Күркіреген өзеннің бір қалыпты сарыны жан-жағын әуезді үнімен әлдилеп тұрғандай. Құс біткен қанаты сусылдап, жоғары-төмен қалықтап ұшады. Бие байланып жатыр. Шөпке тойып, бүйірі шығып ыңқылдаған мама биелер су ішінде ұйлығып тұр. Құлын-тайлар айнала шауып, үйіріне қайта келіп қосылады. Үкілі кәмшат бөрік киген қыздар бұрала басып, суға келе жатыр. Жас балалар желі айнала шауып, секіріп, ойнақ салады. Есігі түрулі киіз үйден әлдебір ақынның желдіртіп салған көңілді әні естіледі. Жазғы дүние жарқ етіп сырғып барып, желсіз, айлы түнге ұласқан. Ай сәулесі түнгі су бетіне шағылысып, мөлт-мөлт етеді. Тағы да сонау терең сайдан күркіреп аққан асау өзеннің сарылы естіледі. Тағы да түнгі желікті қызық әлем кімді болмасын кел-кел дегендей болып, қол бұлғап шақырғандай. Дүн-дүние жарық жалғанның ақ шаңқай бесігіне бөленіп жатқандай еді. Көз алдына басқа емес, Абай ауылы елестеді. Шыңғыстау бөктерінде отырған Абай ауылына, Айгерім ананың ақ боз үйіне баратындай қуанған. Ақынның еңселі алты қанат ақ ордасы өзге емес, Алматыдан оқуын бітіріп, жолдамамен келе жатқан екі жасты күтіп, қойын сойып, қуырдағын қуырып, бауырсағын пісіріп, кең дастарқан жайып, алысқа қадала қарап отырған тәрізді. Шыңғыс тауы, ұлы Абайға деген ыстық іңкәрлік қыз сезімінде мың құбылып, әнге айналып еді. Тоғжан купе ішіндегілерге өзінің құмығыңқы, жұмсақ қоңыр дауысымен «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқады. Оған купе ішіндегілердің бәрі болмаса да, кейбірі қосылған. Қыз әні естіген жанның жанын жадыратып, үмітін оятқандай болған…
***
Абай ауылындағы күндер де жас жұбайлар ойлаған тұстан шығып еді. Келісімен ауданнан болмаса да, ауданға жақын үлкен ауылдардың біріне қызметке орналасты. Даңғарадай бес бөлмелі үй алды. Ауылдық әкімшіліктің сырттан көшіп келгендерге беретін қосымша жалақысын да алды. Екі-үш қол сандықпен ғана көшіп келіп еді, айналасы екі-үш айдың ішінде үйдің іші кәдімгідей үптеліп, дүниеге толып қалды. Жақсы дос, тату көрші де табылды. Тұтынатын зат, киім, ақша жағынан еш кемістігі жоқ еді. Оны өздері де қалтқысыз сезінді, үмітті әңгіменің өзегіне айналдырды…Қызыл қоғамның алдамшы қызығына масайды.
Арада аттай шауып, жыл да өте шыққан. Тоғжан ауыр аяқты еді. Бұлар өмірге келер алғашқы тұла бойы тұңғыштарын күн санап дегендей сарыла күтті. Күн сайын күнтізбенің парағы жыртылып, түсіп жатты. Екеуі өзара отырып, баланың атын кім деп қоямыз деп, соған келісе алмай, ұзақ таласатын.
– Баланың атын Мағауия деген жөн шығар, – дейді Айсерік.
– Жоқ, – деп Тоғжан қарсы пікір айтады, Әбіш болғаны дұрыс.
– Осы Құнанбай әулетінің атын түгендеп шықсақ қайтеді.
– Мені өйтіп кекетпегенің жөн болар еді.
– Қойдым, қойдым. Онда кім болсын.
– Біржан делік.
– Кебек деген де ақылға саяды.
– Мағыш деген де болатын секілді.
– Әй, қойшы, осымыз жаман әдет. Мұсылман дәстүрінде бала өмірге келмей жатып, атын қоймайды, анау-мынауын қамдамайды. Әуелі бала көзайым қуанышымыз болып, алақанымызға қонсын. Содан кейін бәрі де реттеле жатар.
– Жақсы, солай болсын.
Мұның бәрі бос әурешілік, әншейін құр далбаса еді.Босануға шамалы уақыт қалғанда Тоғжан ойламаған жерден түсік тастады. Бала жарымжан, әрі өлі туды. Анасы апталап емханада жатты да, қатарға қосылды. Әйткенмен, осы баланың шала тууы екі жастың отын шашып, шаласын сөндіріп кеткендей еді. Үй ішінде бұрындары болмаған бір көңілсіздік орнаған. Бастапқы күндері екеуі не жағдай боса да басы бірігіп, қатар отырып, бірлесе шешетін. Қайғы болса да, қуаныш болсын, тең дәрежеде қабылдайтын. Енді сол ымыра, бүтіндік бұзыла бастағандай. Жанұялық тұтастықтың арасына сызат түскені сол, енді жас жұбайлар өздерінің қарақан басын қорғаштай бастаған. Әркім өзімен-өзі болғанды ұнатқандай, соған пейіл берген шақтар туған. Екеуара әңгіме де азайып, сөз де таусылып, тұрымтай тұсына болған күндер де Тоғжан тағы жүкті болған. Ендігі үміттері осы екінші бала еді. Құдайдан мойындарына бұршақ салып тілемесе де, осы перзентке пейілдері шындап ауған. Алғашқы бала садаға, тәңірі ендігісінен жарылқасын деп тілеген.
Осы тұста не болғанын кім білсін, Айсерік тым мазаң, қазымыр болып кетті. Бұрындары еш ондай жеңілтектігі, елпілдеп тұратын қылығы жоқ еді. Не жағдай болса да, салқынқандылық танытып, саспай, сабазға біткен тұлғасын тік ұстап, қасқайып қарап тұратын. Енді сол кесек мінездің бәрі ұсақталып, майдаланып кеткен сықылды. Мылжың, мыжығаулығы арта түскен. Айтпайтыны, сөз етпейтіні жоқ. Көзі көріп, құлағы шалғанның бәрін әңгіме етіп жатады.
Үстелден қасық құлап кетсе, оны да сөз етеді.
– Қасық неге құлады, – дейді түсі бұзылып, бұ жақсы емес. Демек, біздің ырысымыз жерге құлап кетті. Енді біздің ырысымыз үстелден жерге құлайды да тұрады. Соңыра үстел үсті жалаңаштанып, бос қалады. Біз құримыз.
Әйелі басу айтады:
– Айсерік, өйтіп тарыға берме, ондай-ондай болып тұрады.
Оны тыңдайтын ері жоқ. Тағы да өре түрегеліп, қарсы шығады…
Пауқияда су төгілсе де, сөз болмай қалмайды.
– Ол су неге төгілді, былайша айтқанда біздің ырысымыз төгілді. Енді өстіп төгіле береді. Ақырында біз суға зарығып, шөлден өлеміз…
Әйелі тағы басу айтады… От жанбай қалса да сол, есіктің алдындағы кермеде ілулі тұрған киім ұшып кетсе де, аяғы тайып, жығылып қалса да айтатыны сол гөй-гөй. Ол аз дегендей, кей-кейде еңіреп жылап та алатын. Айсерік өстіп айтатынын айтып алып, артынан оңшалып, Тоғжаннан кешірім сұрайтын. Жаздым, жаңылдым, енді қайтып, өйтіп қазымырланбаймын деп, уәдесін де беретін. Бірақ от айнала бере бәрін ұмытып қалатын. Ескі қылығын қайта бастайтын…
Жігіттің жүйкесі тозғаны, тозғанда күлдіреп, әбден жұқарғаны анық еді. Оны дәрігер ретінде екеуі де сезетін. Екінші бала да өмірге келіп еді. Айсерік бұл жолы да Тоғжанды босандырған дәрігерлердің ішінде болатын. Бала шыр етіп жылап, тірлікке келуін келді-ау, дейтұрғанмен, ол мүлде мүгедек, дімкәс болып жаралған. Сұмдығы сол, бала да кәдімгі жас сәбилерге тән дене бітімінің бәрі болғанымен, көзі жоқ еді. Орны, көз аясы бар да, екі көзден мұқым ада болатын. Ол аз дегендей, мұрны да жөнді жаралмапты. Мұрынның жоғарғы кеңсірік тұсы мүлде жоқ та, тек екі танауының тесігі ғана анық көрініс танытады. Баланың бас бітімін мазақтағысы келген, көрген жан жанынан шошысын, иманын айтып, жағасын ұстасын, мазақ дүниенің не екенін білсін деп, әлдебір имансыз қол ана құрсағындағы шарананы әбден қорлаған тәрізді.Шарананың тұрпатын көргенде анасы есінен талып қалған. «Ойбай бұнысы несі, бұл не сұмдық» деп бетін басып жылап жіберген. Ананы былай қойғанда, дәрігерлер де денесі түршігіп, шошып кеткен.
Бүгін ертеңнен бастап әйел босандыратын бөлмеде істейтін ақ халаттылардың көбі желікті еді. Айсеріктің фәни жалғанға келетін перзентінің жолын жуған. Ауық- ауық бас қосып, ақ шөлмектің тығынын ашқан. Кемедегінің жаны бір деп, бәрінің тілегі де, ниеті де бір еді.
– Айсерік мырза, бүгін сенің әке болатын күнің, қайырлы болсын.
– Бүгін Айсеріктің атұстары дүниеге келеді. Міне, қуаныш деген сол.
– Айсеріктің қуанышы ұзағынан болғай.
– Бұл перзент қуанышының басы ғана, ал арт жағы жалғаса берсін.
– Өмірде бала қуанышынан өзге қуаныш жоқ.
– Ендеше біздің Айсерік сол қуаныштың куәсі болмақ.
– Тек қана жақсылық, толағай табыстар тілейміз.
Әріптестері өстіп лепіріп еді. Ал бала өмірге келгеннен кейін бәрі де ауыздарына құм құйылғандай, үндері өшкен. Тек күрсініп, бас шайқай береді. Арасында жаны ашып, жылап жүргендер де бар. Айсерік дәрігер бөлмесіне оңаша кіріп еді. Кірген бойда шкафта тұрған спирт бөтелкесін алып, екі жүз грамдық стаканға толтыра құйып, көзін жұмып тартып жіберген. Жайшылықта болса, мына ащы су өзегін өртеп, от жұтқандай болар еді. Өз деміне өзі тұншығып, көзінен жасы шығып, өліп қала жаздар еді. Ал кәзір сол ащылықты сезбеген. Қайта сол ащы заһардан жаны жай тапты, тынысы кеңіді. Ой сарасы ашылып сала берді. Сол шақтан бастап Айсерік ащы суды серік етті. Үзбей ішті. Уақытқа шектеу қоймады. Жұмысың да жайына қалды. Керек десе, жұмыстың өзіне ішіп барды. Оның ішкенін білгендер, аянышы түсіп, жаны ашыды…
Айта кететіні, бұл маңда ішкіштер көп болатын. Жыртылып айырылады десе де болғандай. Екінің бірі ішімдікпен айналысатын. Дүкен маңында, көше бойында бірін- бірі сүйрелеп, ауыздарына келгенін айтып қисаңдап жүретін мастар адым сайын ұшырасатын. Айсерік ә дегенде соларды көріп, қатты тіксінетін. Олардың жосықсыз жүрісін көргенде жүрегі айнығандай болып, бойын жиіркеніш билейтін. Алдынан шыға қалған жағдайда жақтырмай қарап, олардан тезірек алыстап кетуге тырысатын. Енді, міне…
Айсерік келе-келе соларға қосылды да кетті. Тіпті кілең мастарды серік етіп, ішінен шықпады. Қайсыбірінің үйіне түнеп те жүрді. Тоғжанның шырылдап айтқанына құлақ аспады. Ешбір сөзін елемеді. Әйелін тыңдап, оның ақылына көну былай тұрсын, қайта оған деген қарсылығы күшейе түсті. Бір-екі рет қол көтеріп, жұдырық ала жүгіргені де бар.
Ең өкініштісі жігіттің күн санап емес, апталап айдалада түнеп қалатыны еді. Қайда түнейді, ол кімнің үйі, ол араға неге бола барды, кел деп шақырған кім, оның бәрі әйел үшін мүлдем түсініксіз, беймағлұм жәйттер еді. Іздеп шығатын болған. Сұрастыра келе тауып, сұрағанын беріп, жалынып, жағдай айтып, үйіне зорға әкелетін.
Тоғжан бүгін ерін тағы іздеп шығып еді. Ауылдың сырт жағын айналып өтетін үлкен күре жол болатын. Қайдан келетінін кім білсін, әйтеуір жүк басқан машиналар үзілмейтін. Үстіндегісі нендей зат, оны қайда апарады деп сұрайтын да жан болмайтын. Елдің білетіні – сол машиналар қаптап келген күні түнде жарылыс болатын. Ауылдан әлдеқайда алыс аймақ жарқ-жұрқ етіп, қою қара түтін көкке өрлеп, бүкіл бір өңір қара жамылып, қанқақсап жататын. Сол өңірдегі табиғаттың оған дейін де талай өрт шалып, денесі шала күйік болған тал бесігі тағы өртке оранып, тағы жөргегі жанып, шалажансар күй кешетін.
Тоғжан жеделдете басып, асығыс жеткенде Айсерік жол шетінде жұдырығын түйіп, әлденеге кектеніп, айғайлап тұр екен.
– Тағы әкелді, – дейді алқына сөйлеп, тағы да әкелді. Оңбағандар әкеліп жатыр тағы да.
– Не әкеліп жатыр, – деді күйеуінің әлемтапырақтанып кеткен өңін көріп, шошып кеткен Тоғжан, е, әкелсе керекті дүниесі шығар, әкеле берсін. Әкелме дегенде олар бізді тыңдайды дейсің бе?
– Тыңдамайды, тыңдамайды, – деді ері одан бетер өршеленіп, олар бізді де, ешкімді де тыңдамайды. Олар бізді де, жерді де құртып тынады. Содан соң сол ештемені тыңдамаған қалпы үнсіз кете береді.
– Жүр, Айсерік, үйге кетелік, – деп жалынды әйел, үйге кетелік.
Ә дегенде кете қою қайда, жігіт тағы да сайранды салған. Ары да бері өтіп жатқан машиналарға айғайлап, жұдырығын түйіп, құлаштап тас лақтырып, сес көрсетіп, ең соңында бойындағы арақтың қызуы тарағанда өзінің дәрменсіздігіне, тым-тым бейшаралығына налып, еңіреп жылаған. Сол еңіреп жылаған күйі үйіне келген. Сол түні ауық-ауық жарылыс болып жатты. Үйдің шаңырағы шайқалды. Алғашқы дүмпуде шытынап, зорға кірігіп тұрған терезе әйнектері енді саудыр етіп, шашылып түскен. Талай үйдің терезесі ойылған көздің орнындай болып, үңірейіп қалған. Табиғат өзінің тал бесігінде тағы да талықсып жатты. «Жарықтық, Абай ата, – деп төсегінде дөңбекшіді Тоғжан, жарықтық, Абай ата, мына нәлет соққандар сізді о дүниеде де тыныш жатқызбады-ау, жаныңызға маза бермеді-ау шамасы. Кезінде қалың елің қазағың үшін фәни жалғанның да қиындығын көріп едіңіз, мыңмен жалғыз айқасып, баяғы жартас бір жартасқа дауысыңыз жаңғырығып еді. Енді ана жақта да тыныш жата алмадыңыз-ау, жарықтық».
Ертесі Айсерік тағы да күні бойы жол торыған. Ары өткен, бері өткен машинаға қарап, аласұрып, артынан тас лақтырып, айбат шеккен. Ең соңғы машина тоқтап, қызыл жағалы біреулер түсіп жатты. Қараса, әскери адамдар екен. Түстері суық, жеп қоярдай жұтына қарайды.
– Жігітім, саған не керек, – деді алғашқы болып түскен әскери адам, ылғи жол торисың да жүресің. Не керек өзіңе?
– Маған ешкім де керек емес, – деді Айсерік, әсіресе, сендердің түкке де керектерің жоқ. Кетіңдер, тезінен кетіңдер. Сендер біздің ең қауіпті жауымызсыңдар. Сендер жаусыңдар. Сол үшін де кетіңдер және ештеме де әкелмейтін болыңдар. Кетіңдер.
– Бұндайлар бұл арада көп, – деді майор қасындағы серіктестеріне қарап және мұндайларға еш таңдануға да болмайды. Ішіп алып, мас болады да, аузына не келсе, соны көки береді, өз-өзіне қол жұмсап, асылып өлгендер екі күннің бірінде болып жатады. Бұлар дала тағылары. Бұларға ештемені айтуға да болмайды. Өйткені, бұлар сенің не айтып тұрғаныңды түсінбейді. Біздің мемлекеттің шаруасымен жүргенімізді бұл бейбақтар жүз қайталап айтсаң да ұғына қоймайды.
– Жігітім, – деді бұдан кейін майор бұған ажырая қарап, сен біздің жолымызды торушы болма. Сен өз жолыңмен жүр. Өлсең өз ажалыңмен өл, бізден аулақ.
– Біздің ажалымыз сендерден, – деді жігіт қасарысып, бізді ажалымыздан үш күн бұрын өлтіріп жатқан сендерсіңдер. Сол үшін де кетіңдер.
Жігіт осыны айтып, жүруге айналған әскери машинаның алдына, қара жолдың қақ ортасына тұрып алып еді. Өңі адам танығысыз, ит талағандай әлемтапырақтанып кеткен. Өзі жалаңбас, шашы жалбырап, онсыз да кенеуі кеткен өңін тіптен бүркемелей түседі. Көз аясы қызарып, қанталап кеткен. Бет әлпеті айғыз-айғыз кір, көптен бері қырылмағаны, керек болса жуылмағаны да анық байқалады. Жігіт әлденеге құшырланып тісін қайрайды, жұдырығын түйіп, айналасына айбат шегеді, кіжінеді. Біреулердің атын атап, оны түп атасынан тартып боқтап, артынша сол ісіне риза болғандай сақ-сақ күледі. Үстінде жалғыз көк сұр жейдеден өзге лыпа жоқ. Оның өзі әбден оңып, жыртылып өрім-өрім, бой-бойы шыққан. Жігіт оңды-солға жалт бұрылған сайын көлбең-көлбең етеді.
Не дері бар қара торының әдемісі еді. Аясы кішілеу, коңыр көздері кісіге қарағанда қоздап, ұшқындап тұратын. Енді, міне…
Ол талай уақыттан бері ары да бері өткен машиналардың алдын кесіп, өзінен-өзі далақтап, тынбай сабылып еді. Енді шаршаған сыңайлы. Қара жолдың қақ ортасындағы әлдебір үйіндінің үстіне жүрелеп отыра кетті. Тағы да еңіреп жылады. Оң қолымен басын сүйеп сәл дамылдағаны сол еді, қара ботана лай судың арасынан абайсызда суырып алған көгілдір хрусталдай жарқ етіп, өткен күндері көз алдына елестеді. Бажайлап қараса, қысқа жіптей әрең күрмеуге келетін ғұмырындағы бастан өткен қызықты күндері, сайранды шақтары да санаулы екен. Үйлене қоймаған, қызды ауылды жағалап жүрген шақтары қылаң берген. Әлі есінде, шаңырақ көтерер жылдың алдыңғы жазы еді. Бұл Тоғжанды іздеп «Қошқар» ауылына барған. Аядай ауылға тәйтеңдей басып кіруді әбестік санаған. Қызды ауылды сырттай ғана торыған. Кеш батып, ымырт үйірілген шақта Тоғжан екеуі уәделі жерде ауыл сыртында кезіккен. Сол бір айлы түннің жарығы-ай. Биік тау беткейі, сай саласын қалың ағаш көмкерген құйқалы беткей түнгі ай нұрына рахаттана құшақ ашып, баяу тыныстайды. Ағаш біткен жапырағы салбырап, үнсіз мүлги қалыпты. Дәл қастарындағы қиықша бел, қылықты жасыл шырша еңселі де асқақ, нән қарағайдың бүйірін ықтап, қылымси қалыпты. Әлдеқайдан байғыз сұңқылдайды. Алқара көк аспанның астын сымпылдаған үнге кенеп, үкі ұшып өтеді. Ұлы таудың ұшар биігінен, қалың қарағай арасынан елік әупілдеді.
Қыз бен жігіт болса, бұл түнді тылсым табиғат аясында, көк жайлау құшағында оңаша өткізді. Екеуі ауылдан едәуір үзады да, бір-біріне ықтап, иықтасып отыра кетті. Айтылар әңгіме мұндай көп болар ма, тіпті таусылар емес… Ыстық жүректің іңкәр сезіміне толы сүйіспеншілік лебізі жас арудың үлбіреген ернінде қорғасындай балқиды. Жібектің сусылындай нәзік қыз лебі, әбден пісіп, шырыны сыртына теуіп, енді болмаса, төгіліп кетуге шақ тұрған, бүлдірген татыған қыз ернінің науат дәмі жігіт жанын айтып болмас шуақты сезімге бөлеген. Ойлап тұрса, бұл екеуінің арасындағы махаббат қызық мол жылдардың ең соңғы сәті, ең ақырғы қимас сарқындысы екен.
Екеуі сол түнді өздері ойлағандай таң-тамаша өткізді. Сай бойын өбектеп, жаңадан пісіп, сөлдене бастаған бал қарақат терді. Қап-қара, баданадай ірі қарақатты жапырағымен жұлып алып, бір-бірінің аузына тосты. Тобылғының бұтақшасын үзіп алып, бір-бірінің бетін қытықтады. Серек тастың баурайына лапылдатып от жақты. Лапылдап жанған отқа қарай отырып, екеуі қосылып Абайдың «Желсіз түнде жарық айын» шырқады. Сол бір түнде жарық еді, толық айдың мөп-мөлдір, мұңлысәулесі ағаш жапырағында дір-дір етеді. Айтылған ән мен уақыт үйлесімдігі өзгеше жүйе тауып, егіздің сыңарындай жарасқан. Содан екеуі шаршадым, болды дегенді желеу етіп, қол ұстасып, тау беткейінен жоғары да төмен жүгірді. Алқынып өрге ұмтылды, еңкеңдеп еңіске құлдилады.
Сондағы құмарлық сезіміне әуектеп, ауық-ауық сүйісулер, сондағы лүпілдеген қос жүректің атқақтап соғысы, сондағы шертілген сыр, айтылған әңгіме, сондағы Қошқар тауының өзіндей қызық мінезді моп-момақан айналайын түнгі табиғат, ақша бұлттың арғы жағындағы қалқыған толық ай жігіт жадында бір рет, мүмкін соңғы рет жарқ етті де, сөніп қалды. Сөнуі сол еді, лезде жаны жабырқап, көңілін қараңғылық тұмшалады…
Машина көп, тіпті таусылар емес. Тағы да андағайлап келіп жатыр. Келесі машина басып кетердей таяп келіп, жалт беріп, шетке бұрылған. Жігіт те аса шапшаңдық танытты. Оқыс секіріп қалып, машинаның алдыңғы доңғалағының астына түсіп еді. Машина таптап өте шықты. Жігіт жиырылып-созылып, аяғын барынша созды да, тына қалды. Сол түні де айналысын өткір жарықпен тілгілеп, сол арада жарылыстар болып жатты. Сол түні де жарықтық, Абай ата тағы да қабірінде сілкініп, о дүниелік жер бесікте дөңбекшіді. Сол түні де…
Ертесі Айсеріктің өлі денесі өзі істейтін аурухананың жеке бөлмесінде жатты. «Бүйткен нәрестесі құрсын, – деп зар қағушы еді жарықтық көзі тірісінде, – құрып кетсін сәби дегені осы болса. Көрмеймін мен оны, тірі болып бетіне қарамақ емеспін. Қарайтын да тұрпаты жоқ қой, қай жеріне қарайсың оның. Өз кезегінде ол да маған қарамайды, себебі мені де, өзгені де көретін оның көзі жоқ. Сондай баланың әкесі болғанша, жер томпайтқаным жақсы».
Жігіттің қырқына апта қалғанда іштен іріп, мүгедек туған бала да көз жұмған. Бірінің қырқын, екіншісінің жетісін бір күнде бергеннен кейін Тоғжан үшін мына дүние мүлдем қаңырап бос қалғандай еді. Енді тек ауылға қайту ғана қалған. Аялдайтын, күтетін ештемесі қалмаған сорлы әйел жолға дайындалған.
Пойыз бұл шақта Алматыға да келіп жетіп еді.
– Апай, келдік, – деді көршісі қуана тіл қатып, – Алматыға келдік. Енді қайда бармақсыз, – деп қайыра сұрақ та қойды.
– Хан Тәңіріге, аспан таулардың бауырына кетем, – деді әйел ұнжырғасы түсіп, – Жарықтық, Абай ата ауылын да көрдік. Бәлкім, ең соңғы рет көргеніміз болар. Енді қайтып көрмейтін де шығармыз. Хош, Абай ата ауылы.
Айтпақшы жаңағы мен айтқан жерді естуіңіз бар ма? – деді ол.
Бейтаныс әйел басын изеді.
– Әне, өмір деген сол, – деді Тоғжан енді бір түрлі сергіп, сілкінгендей болып, қораздана сөйлеп, – Ұлы ақын Мұқағали тебірене жырға қосқан көгілдір тау, көк сулы өзендер өрнектеген ғажап өлке ғой ол. Сонда бармақпын. Райымбек бабаның ауылына жол жүрмекшімін.
Батыр атаның атын атағаны сол еді, жарқ еткен найзағай жарығының астында астында ақ боз аты, үстінде ер қаруы бар, оң қолындағы аспаһани қылышын жоғары ұстап, әлденеге айбат шегіп, кәрін төккен ұлы бабаның сұлбасы көрінгендей болған. Бұл көрініс Тоғжанға өзін құтқару үшін ғайыптан тайып келген жалғыз жанашырындай сезілген. Лезде көңілі құйындап, жан дүниесінде жасын ойнағандай еді. Әйел қапелімде тамағына өксік тығылып, қатты қиналып, қысылып, жылап жіберген.
– Жолыңыз болсын, – деп ізет білдірді жолсерік әйел.
Тоғжан жас нәрестенің бірді- екілі жөргегі және Айсерік пен өзінің бар бүтін іліп-алары тегіс салынған екі қол сандықты мықшыңдай көтеріп, купеден түсті. Арт жағынан көрші әйелдің жұмсақ, жылы дауысы тағы естілді.
– Апай, хош болыңыз.
Тоғжан да қол бұлғап, қоштасу рәсімін жасаған. Ерні әлсіз жыбыр етті де қойды. Аздан соң ол тездете басып, темір жол стансасындағы ию-қию араласқан қалың елдің ішіне кіріп, көрінбей кетті…