МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ӨТЕУІ
Ерте көктемнен кетпен-күрегі қолынан түспейтін диқан қауым бүгінде төккен терінің жемісін жинап, тұтынушыларға ұсынуда. Жұмсалған шығынын есептеп, еңбегінің нәтижесі табыс әкелетінінен және үмітті. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алатынын атап өтті. Яғни бүгінде өз өнімін нарыққа шығарып отырған диқандар әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсарта түсетініне сенімді. Олай деуімізге негіз де жоқ емес.
Еліміздегі бау-бақша өнімдерінің 70 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысында өндіріледі. Оңтүстіктің қауын-қарбызы Евроодақ, ТМД елдерінде де өтімді. Бір ғана Мақтаарал ауданы бүкіл республика тұтынушыларын сапалы бақшалық өнімдермен қамтамасыз ете алады екен. Мысалы, қыркүйек айының басындағы мәліметтерге сүйенсек, ауданда 405 мың тонна қауын-қарбыз жиналған. Мақтаға қарағанда, бақша өнімдерінің пайдалы болып отырғанын, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен, отандық қауын-қарбыз сорттарын шығарумен айналысатын ғылыми-зерттеу институты анықтап отыр. Олардың мәліметтеріне қарағанда, бақшалық өнім гектарына 882 мың теңге пайда әкеледі екен, бұл дәстүрлі дақыл мақтадан бес есе артық көрсеткіш. Әрине, бұл жетістіктердің барлығы жер өңдеп, күтім жасап, тер төккен диқандардың еңбегімен тікелей байланысты. Бақшалық өнімдерге қайта оралармыз, жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық егіс көлемі өткен жылдан 12,8 мың гектарға артып, 788,6 мың гектар болып отыр. Осы жылы облыс диқандары астық өсіруде озық технологияларды, оның ішінде терең қопсыту әдісін қолдана отырып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Нақтырақ айтсақ, диқандар 214,4 мың гектар жерге масақты дәнді дақылдар егіп, оның әр гектарынан 22 центнерден, барлығы 470 мың тонна өнім жинаған. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 123 мың тоннаға артық. Биыл шаруалар жалпы дәнді дақылдардан 660 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, облыста бүгінгі күнге дейін 866 мың тонна көкөніс, 991 мың тонна бақша, 181 мың тонна картоп жиналды. Сондай-ақ, биыл 125 мың тонна жеміс-жидек және 73 мың тонна жүзім жинау көзделіп отыр.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында жан-жақты айтылған игі бастамалар бойынша нақты іс-шаралар да айқындалғаны мәлім. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да қамтылды. «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру, ол «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму, индустрияландырудың екінші бесжылдығы бағдарламаларын, сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік саясаттың арқасында еңбек, кәсіпкерлік, ғылым мен білім және басқа да кәсіптік қызметтерде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қазақстандықтардың (біздің заманымыздың батырларының) табыстарының дербес тарихын ескере отырып, ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫ идеяларын ілгерілетуге, индустрияландырудың және «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асырудың мемлекеттік саясаты талаптарына жауап бере алатын жұмысшы және кәсіптік-техникалық мамандықтардың артықшылықтары мен танымалдылығын насихаттауға бағытталады», – делінген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында. Сондай-ақ, жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент индустриялық бағдарламаның екінші бесжылдығында таңдалатын жобалардың сапасын арттыру өте маңызды, жаңа бесжылдықта шикізаттық емес экспорттық өнімге бағыт алу қажет екенін баса айтты. Барлық экономика мен экспорттың әртараптануы оның тұрақтылығының кепілі болатынын, нәтижесінде Үкімет пен әкімдер экспортты ынталандыру және дамытуға бағытталуы тиіс екенін атап көрсетті. «Экспорттық әлеует, жоғары өнімділік, жаңашылдық таңдалатын жобалардың негізгі өлшемдері болуы тиіс. Үкіметке бұл бағдарламаны қолдауға қажетті қосымша 112 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлуді тапсырамын», – деді Елбасы. Осы арада айта кетелік, Оңтүстік Қазақстанда бүгінгі таңда 21 кәсіпорын өз өнімдерін шет ел асырып, экспорттайды. Аймақтың кәсіпкерлері Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Тәжікстан Республикаларына өсімдік майы мен ұн, балық сүбесі мен консервіленген балық, құс жұмыртқасын, макарон, кондитерлік өнімдерді, қой етін және сиыр етін жіберуде. Ал Ресей нарығына шығарылатын негізгі өнімдер бақшалық дақылдар мен көкөністер, ірі қара малға арналған мал азығы, консервіленген балық, жемістер, мақта, қызанақ, күркетауық еті, сусындар. Мысалы, осы жылдың алты айында теріскейдегі көршілерге 45 мың тонна қауын, 17 мың тонна қарбыз экспортталған. «Қаршыға» шаруа қожалығы алма, қауын және қарбыз өнімдерін Германияға экспорттай бастаса, «Хамит» компаниясы балықтың сүбе етін Грузия, Германия, Украина елдеріне және Ресей Федерациясына жібереді. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Иран Республикасына жүгері және қой етін экспортқа шығару мәселесі де реттелуде. Сондай-ақ, Сауд Арабиясына, БАӘ және Ирак Республикасына қой етін экспорттауға алдын ала келісімдер туралы жұмыс жүргізілуде.
Өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың 60 пайызы ауылда тұрады екен. Демек, Үкімет шағын несие беру аясын одан әрі кеңейту жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Елбасы Н.Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлер кабинетіне осындай тапсырма бере отырып, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 5 өңірде пилоттық режімде «Ауылда жұмыспен қамту» атты жаңа жобаны іске асыру қолға алынғанын мәлім етті. Оған 10 миллиард теңге бөлінген. Жаңа жобаның нәтижелі жүзеге асырылуына сенім мол. Олай дейтініміз, еңбек адамын қолдау, жұмыспен қамту бағытындағы бағдарламалардың тиімділігін ауыл тұрғындары жақсы сезініп келеді. Бір ауданның көлемінде нақты мысал келтірсек. Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қабылданған «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ауылдық инфрақұрылымды дамыту үшін Үкіметтің арнайы қорынан биыл
ІІІ траншпен жобаларды қаржыландыру үшін Ордабасы ауданына жалпы 260 млн. 819 мың теңге бөлінген. Сондай-ақ, 28 млн. 980 мың теңге облыстық бюджеттен (10 пайыздық қоса қаржыландыру) бөлу көзделіп отыр. Бұл қаржы әр ауыл округіндегі халық санына байланысты бөлініпті. Осы мақсатта аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен барлық ауыл округі әкімі аппараттары бөлінген қаржыларына байланысты 31 жобаға құжаттар дайындап, ауданның салалық бөлімдеріне тапсырған. Осы жобаларды іске асыру барысында жергілікті 110 азаматты жұмыспен қамту көзелуде, оның 63-і «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысушылар. Жалпы, 31 жобаның екеуі білім саласы, 4-уі мәдениет, 3 жоба спорт, 22 жоба коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласына қатысты. Одан бөлек елді мекендердің инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Темірлан ауылындағы 14 екі пәтерлі коммуналдық тұрғын үйлердің инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысына Үкіметтің арнайы резервінен 118 млн. 511 мың теңге бөлініп отыр. Аудан әкімі А.Мамытбековтың айтуынша, бүгінгі таңға аталған жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде, жобаларды іске асырып, аяқтау осы жылдың қараша айына жоспарланған. Ал бағдарламаның үшінші бағыты бойынша биыл Ордабасы ауданының ветеринарлық қызметіне 30 азамат тұрақты жұмысқа жолданды. Сондай-ақ, бағдарлама аясында 2012-2013 жылдары кәсіби даярлауға Шымкент аграрлық колледжіне жолданған азаматтар бүгінде дипломын алып, ауданға оралыпты. Яғни 15 азамат сани-
тар – ветеринар, фельдшер-ветеринар мамандықтары бойынша тұрақты жұмысқа орналасқан. Жалпы, аудан бойынша жыл басынан «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға 1076 адам өтініш білдіріпті. Жаңа және бос жұмыс орындарына 544 адам жолданған. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша 220 жұмыс орны ашылды, босаған 324 жұмыс орнына азаматтар жолданып, барлығы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Агробизнес 2020» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. «Нарыққа неғұрлым қажетті өнім түрлеріне назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту және әртараптандыру, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін ең алдымен ұзақмерзімді қолжетімді несие беру, қызмет көрсету-дайындау кооперативтерін, бастапқы қайта өңдеудің, өнімді сақтау мен өткізудің инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ, суармалы жердің айналымын енгізу бағдарламаның басымдықтары болуға тиіс. Алдағы бес жыл ішінде кемінде 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға қатаң бақылау жүргізуге тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл орайда, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында несиелер беріліп, диқандарға қолдау көрсетіліп келе жатқанын айта кетелік. Мысалы, Ордабасы ауданында шағын несиелік ұйым «ЫРЫС» ЖШС-і арқылы 157,7 млн. теңге берілген, оның ішінде 59,5% егін шаруашылығына, 1,9% жылыжайға және 38,6% мал шаруашылығына беріліпті. Ал «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы берілген несие көлемі жалпы 157,8 млн. теңге, оның 3,8% жол тасымалдау, 5,7% жүк тасымалдау, 3,8% жылыжайға, 1,9% көлік жөндеу және 84,8% мал шаруашылығына бөлінген. Биылғы жылдың 6 айында ауыл шаруашылық саласында 9 млрд. 366 млн. 700 мың теңгенің өнімі өндірілген. Ал мал шаруашылығында өсім 3,1 пайызды құрады. Тарата айтсақ, ірі қара мал шаруашылығында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тапсырма 121,9 пайызға, жылқы басын көбейтуде «Құлан» бағдарламасы бойынша 44 пайызға, асыл тұқымды қой санын өсіруде «Алтын асық» бағдарламасы бойынша тапсырма 153,9 пайызға орындалған. Отбасылық фермалар саны көбейген. Ірі қара малдарды қолдан ұрықтандыру бағытында ағымдағы жылы жоспарланған 7 348 ірі қара малдың 7 369-ы қолдан ұрықтандырылып, тапсырма 100,3 пайызға орындалыпты. Құс өсіру ісінде де ілгерілеушілік бар. Мысалы, «Ордабасы құс» фабрикасы қарқынды жұмыс істеп, ауданның экономикалық дамуында өзіндік орны бар мекеме ретінде танылуда. Тұрғындардың талғамынан шығатын өнімдері бүкіл республикаға тарайды. Сапалы, әрі дәмді өнімі мойындалған бұл зауыт басшылығы жаһандық нарық талаптарына сай өз ісін ілгерілетуде. Өндіріс орнының жыл сайын қанатын кеңге жайып, шаруалар үшін қосымша жұмыс көзін қарастыруы соның нақты дәлелі. «Ордабасы құс» ЖШС-і бүгінде күркетауық балапандарын шаруаларға өткізіп, оны
6 айдан кейін бастапқы бағасынан 10 есе қымбатқа сатып алу туралы тың бастаманы қолға алыпты. Баптап, жақсылап күтсе күркетауық балапанының салмағы сол уақыт ішінде 15-20 келіге жетіп, жеуге келеді, яғни бұл істің көзін таба білетіндер үшін ұтымды ұсыныс екенін айтушы ауыл тұрғындары көп.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту, экспорттау, саланы дамыту қажеттігі Елбасы Жолдауларында айтылып, бағдарламалар қабылданған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары оңтүстікте де нәтижелі орындалуда. Мысалы, Отырар ауданының Маяқұм, Балтакөл ауыл округтеріндегі «Отырар-Сүт-Ет» селолық тұтыну кооперативінің құрамына жергілікті «Серікбай-Б», «Мейірбек ЛТД», «Үсенов-Н» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер кіреді. Кооператив биыл 190 гектар алқапқа «Жиенбай» сортты қауын, 130 гектарына жоңышқа, 100 гектарына жүгері дақылдарын еккен. Жаңа технологияларды пайдалану арқылы мол өнімге қол жеткізген шаруашылықтың өнімдеріне сұраныс жоғары. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгінде Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан келген кәсіпкерлер өздері тасымалдап әкетуде екен. Ал Балтакөлдегі диқандар ғылымға негізделген, соңғы озық технологияларды пайдаланып 104 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен пияз егіпті. Диқандар әр гектарынан 60 тоннадан өнім алуда. Бұл өнімдер келісім-шарт бойынша «Отырар қойма» ЖШС-нің қоймасында сақталмақ. Сонымен қатар, 50 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен күздік пияз егіліп біткен.
Ал Түлкібас ауданы Мичурин ауылдық округіне қарасты «Мөлдір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 110 гектарлық жер алқабында алма өсіруде. «Көктал», «Кентау», «Түлкібас транссервис» ЖШС-тері де қарқынды бау өсірумен айналысады. Шаруашылықтар бақ өсіруде алдыңғы қатарлы елдердің, оның ішінде Түркия, Польша мемлекеттерінің соңғы үлгідегі озық тәжірибелерін пайдалануда. Бауларда негізінен тамшылатып суғару технологиясы қолданылады. Жалпы, таулы аймақта орналасқан Түлкібас ауданы алма-бау жеміс ағаштарын өсіруге өте қолайлы аймақ. Бүгінгі таңда аудандағы барлық жеміс ағаштарының көлемі 3115 гектар болып отыр. Ауданда 2020 жылға дейін алма бау аумағын 3600 гектарға жеткізіп, оның ішінде қарқынды бауларды өсіруді дамытып, өнім көлемін ұлғайту жоспарлануда. Алдағы мерзімде алманы Түлкібас ауданының брэндіне айналдыру жолында жұмыстар атқарылмақ.
Елбасы бағдарламалық мақаласында бүгінде әлеуметтік дамудың жаһандық тренді «ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫНА» өтуге барып тірелетінін, сондықтан адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру – Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі екенін атап өтті. Яғни жастарды жұмысшы мамандығына тарту да маңызды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Барлығына тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы аясында жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, Президент Үкіметке және әкімдерге еңбек мобильділігін қамтамасыз ету және жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің бір-бірін табуға ықпал ету жөніндегі жұмыстарды бақылауда ұстауды тапсырды. Кәсіпкерлер қызметі мен мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тетіктерін белсенді қолдану үшін шекараны кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылған: «Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды», – деген өнегелі үндеуін жас ұрпақ жадынан шығарған жоқ. Бұл орайда, кәсіптік білім беретін оқу орындары өз қызметін заман талабына сай өзгертуде. Мысалы, Шымкенттегі Жаңа технологиялар колледжі жаңа оқу жылын жоғарғы колледж бағдарламасы бойынша бастады. Жалпы, Қазақстанда жоғары колледж болып құрылған 8 колледж бар. Ал Шымкенттегі Жаңа технологиялар колледжі облыста алғаш болып осы мәртебеге қол жеткізіп отыр. Жоғары колледждің басқалардан айырмашылығы, мұнда да ЖОО секілді жастар бакалавр дәрежесін алып шығады. Бұрын тек 11 сыныпты бітірген жастар ғана жоғарғы білім ала алатын болса, енді
9 сыныптан соң да аталмыш колледжге түсіп, 4 жыл 10 айда жоғарғы колледждің дипломына ие болады. Яғни бұл жерде білім алушы жоғары білімді маман болып шығады. Ол үш деңгейде оқиды. Бірінші деңгейінде екі жыл жұмысшы кәсібін меңгереді. Ол үшін сертификат беріледі. Екінші деңгейінде колледж бағдарламасы бойынша мамандар 1 жыл оқиды. Мысалы, құрылысшы мамандығын меңгерген студент «шебер» дәрежесін алып шығады. Ал үшінші деңгейде жоғарғы оқу орнының бағдарламасымен студент 1 жыл 10 ай оқиды. Оқу процесінің 60 %-ын жастар өндіріс орындарында өткізеді. Бұрын практика оқу барысының тек 40%-ында жүзеге асатын. Бүгінде 9 сыныпты бітірген түлектер қабылданып, құрылысшы мамандығын алуда. Құрылыстың өзі түрлі салаларда бар екені мәлім. Яғни азаматтық құрылыс, мұнай және газ өндірісіндегі құрылыс, жол құрылысы, су, гидромелиорация саласындағы құрылысшылар даярлануда. Екіншісі, IT- бағдарламашылар, тағы бір өте сұранысқа ие мамандар, ол электрмен қамтамасыз ету саласының мамандары. Биылғы жаңа оқу жылы осы мамандықтарды оқытудан басталып отыр. Колледждегі 200-ге жуық оқытушының 5 %-ы ғылыми дәрежесі бар ұстаздар. Жартысынан астамы жоғары санатты. Ағылшын тілінде білім беру жүйесі бойынша, Кембридж аймақтық колледжімен бірге жұмыс жүргізілген. Оны ары қарай тереңдету жоспарланып отыр. Оқу орны басшыларының айтуынша, алдағы уақытта техникалық мамандықтар үш тілде оқытылмақ.
Сөзіміздің басында айтылған бақшалық өнімдерге қайта оралсақ, бүгінде Мақтаарал ауданы қауын-қарбызды 23,1 мың гектарға ексе, Шардара ауданында бақшалық егін 10,7 мың гектарды алып жатыр. Сондай-ақ, Отырар ауданында 7,3 мың гектар, Түркістан қаласы 6,4 мың гектар жерді қауын-қарбыз егуге бөліпті. Жалпы, облыс бойынша бақшалық дақылдар 58,9 мың гектар алқапты алып жатыр. Өткенге көз жүгіртіп, салыстырмалы дерек келтірсек, өткен ғасырда, яғни 1913 жылы бақшалық дақылдар елімізде 19,5 мың гектарға, оның ішінде Оңтүстік Қазақстанда 11,2 мың гектарға егілген екен.
Диас НҰРКЕНҰЛЫ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.