ЖАНАШЫРЛЫҚҚА ЖАН РИЗА
Адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту, қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы өмірін жақсылыққа бастайды.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзін көресің» деген екен дана халық. Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі.
«Жанашырлыққа жан риза» дегендей, қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу әрбір адамның азаматтық парызы.Осы мақсатта Елбасының оқушылардың толық мектепке баруын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауда «Мектепке жол» атты республикалық акция өткізіліп келеді. Биыл да Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияда Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен акция өткізілді. Акцияның басты мақсаты – балаларды орта біліммен толық қамтылуына жағдай жасау.
«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» дегендей, қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілдерін танытып жатқан жанашырларымыз да аз емес. Атап айтсақ: Сейсенбаев Марат, Иманжанова Айжан, Амерханова Ақмарал, Алдияр Алия, Бейсеуова Айнұр, Жаржанова Ғалия, Ашимова Асель, Сортова Анар сынды демеушілерге гимназияның алғысы шексіз.
Бұл шара жаңа оқу жылында әр бала бойынша жақсы көңіл-күй, жаңа қарқын, білімге деген құштарлық ұялататыны сөзсіз.
Арай ЖАЙЫҚБАЕВА,
№12 мамандандырылған
гимназияның оқытушысы.