ТЫРАУЛАЙ ҰШҚАН ТЫРНАНЫҢ,  ҚАНАТЫНДАҒЫ БІР ӨЛЕҢ…
26.08.2016
1669
0

MakpalМақпал МЫСА

 

***

Күндерім менің жылдарым,

Басына бақыт түнеген,

Тыраулай ұшқан тырнаның

Қанатындағы бір өлең…

 

Мен сенен кейде таптым мұң,

Жанымның мөлдір бұлағы.

Айдынға қонған аққудың

Сұңқылдап салған бір әні.

 

Әй, сенің мұңың тұнық мұң,

Тылсымын ұқтым таңдардың.

Үзілмес жібі үміттің,

Алтын арқауы арманның.

 

Жыр бердің тебіренуге,

Шығатын талай өрім бар.

Күндердің керуенінде

Өлең бар сосын, өмір бар…

 

                   ***

Өмірдің көші – күндердің легі,

Аман ете көр іргемді, мені.

Соңынан оның түндер жүреді,

Жан сырын күннің кімдер біледі,

Өмірдің көші – күндердің легі.

 

Шырқалар бір күн қас-қағым әнім,

Күндердің легі – бастағы бағым.

Жырымды сезем аспан ұғарын,

Сөзімнің түсін астары барын,

Күндердің легі – бастағы бағым.

 

Бағың бар, білем, сенің өр елім,

Толқимын-дағы тебіренемін.

Мәңгілік етсең көңіл еменін,

Шығарар талай төріме менің,

Менің өлеңім, сенің өлеңің.

 

Өмірдің көші – күндердің легі,

Аман ете көр іргемді, мені.

Соңынан оның түндер жүреді,

Жан сырын күннің кімдер біледі?

Өмірдің көші – күндердің легі.

 

Жарықтарымды алға асырғайсың,

Жалқын сәуленің жалғасындайсың.

Уақыттың тартқан арбасындайсың,

Күндердің легі, мәңгі осындайсың,

Мәңгі осындайсың, жан досымдайсың!

Күндердің легі!..

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір