АБАЙ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
Дубек Мұсанов – актер, әнші, жазушылығын былай қойғанда, Есболған Жайсаңбаевпен бір ауылда туып, бір оқу орнын бітірген. Сонау ауылдан Алматыға келгендегі алғашқы әсері туралы жазбасы көзіқарақты оқушының есінен кете қоймаған шығар. Назарыңызға ұсынғалы отырған әңгімесі де өз алдына бір қызық дүние. Құнанбай мен Абайдың ел аузында жүрген әңгімелерінен бөлектеу. Әсері тура «Абай жолының» жаңадан жазылған кішкене бөлігіндей.
– …Ассалаумағалей-ко-ом, – деп әндете дауыстап тығыршықтай, ұзын бойлы, қызыл шырайлы жігіт кіріп келді. Отырғандардың пысықтаулары ұрттап үлгеріп, саспайтын сабаздары қазтабан рюмкелерін аузына апара беріп, үстел үстіне қоя салды.
Қоя салғаны құрысын, сілекей бездері оянып, жұтынып отыр. Бөтен адамның көзінше сіміріп тастау ұят. «Обалсынып» мен отырмын.
Мынандай бас қосу үстіне бөтен адамның келгені көбіне ұнай қойған жоқ. «Құдайдың құлдарына» көріну ойларында жоқ, өңшең басшылар болатынбыз. «Баяғыда өзің комсомолсың, өзің нан жейсің», – депті бір арызқой. Сол айтқандай-ақ, «комсомолдарыңнан жегенін» көргені дұрыс болмады. Ертең не деп жүреді дегендей ғой енді… былай… Үй иесі: «Төрлет, төрлет», – деп жатыр. Бізде үн жоқ.
– Көп отырмаймын, кетем, – дейді күтпей келген қонақ ыңғайсызданып.
– Не қып асығыс жүрсің? – дейді үй иесі.
– Асығыстан Құдай сақтасын, осы үйдегі атама сәлем беріп шығайын деп келіп едім…
– Асықпа. «Қайныңа да барарсың, қалыңдығыңды да көрерсің», – депті ғой біреу. Тізе бүк.
Дастархан шетіне келмей диванның бір бұрышын жапырардай, бар салмағымен ыңырантып күрс еткізді. Диванның бар пружинасы үзіліп немесе жабысып қалған шығар деп ойладым.
– Кел. Дастарханға кел. Сыпайы жігіт екеніңді білеміз. Кел, отыр, – деді үй иесі бізге мойын бұрып.
– Біздің жиен. Жылқы бағады. Бір сағатсыз зоотехник, «хооветте» сырттай оқиды. Соңғы курстасың ғой деймін?
Жігіт бас изеді.
– Мынадан?.. деп, үй иесі тырнаның сирағындайды нұсқап, иек қағып еді:
– Ой, Құдай-ай, «жығылсаң, нардан жығыл», – депті ғой, нағашы, андағыңды ыдысымен бірге жұтып қойсын демесең, дұрыстауын… деп, көзімен кіші-гірім бөріктей фужерді нұсқады.
Біз таңырқауымызды білдірмегенсіп, бір-бірімізбен сөйлескен сыңай таныттық. Ол құя салды ма, жұтты ма, жұтпады ма, белгісіз… төңкеріп тастады.
– Ал жақсы. Рахмет. Сөге көрмеңіздер, баса-көктеп кірейін деген ойым жоқ, ойда-жоқта үстілеріңізге келіп қалдым, айып етпеңіздер. «Бұқа іздеп жүріп тойға кез болдым» депті біреу. Ойда-жоқта үстеріңізге келіп қалдым. Сөге көрмеңіздер. Жылқышымын. Қызым институтта оқушы еді. Студент, соған ақша керек болып тұрғаны. Жылқы сатам. Бүгін алам десеңіздер – бүгін, ертең алам десеңіздер – ертең әкеп берем. Қандайы керек? Тай ма? Алты жасар ат, ту бие бар. Жеп үйренген адамдарға ұқсайсыздар. «Жеген ауыз – жесін. Алыңыздар», – деді.
Қымызсіңділеу бет-жүзінен жаңағы тартқанынан да бір леп білінгендей белгі байқалды.
– Қанша? Бағаңды айт, – дедім, етқұмар қазақпыз ғой.
– Ой, ағасы, Сізге арзан берем.
– Олай деме, қалжың өз алдыңа, әділін айт.
– Аға, мен сізді білем. Сіз мені білмейсіз. Атам сіздің жасаған жақсылығыңызды айтып отырушы еді. Сізбен танысқаныма қуанып отырмын.
– Оныңа рахмет. Алдымен айтарым – балаңның оқуға түсуімен құттықтаймын. Үлкен азамат болып шықсын. Ары-бері ырғаспайсың. «Саудада достық жоқ» деген, турасын айт, – дедім. Ол айтты. Мен саудаласпай, үйге ертіп барып, сұрағанын беріп, «жуғаным» деп, біреуін қалтасына салып беріп, қош айтқам.
Сонымен ол кетті. Мен барып алмақпын. Жылқышы жігіт: «Бес жасар ту бие, табан түседі», – деген. Ол айтты, мен сендім.
Күн әлі жылымық болып, суық түсе қоймаған соң асықпағам.
Үйдегілер де, естігендер де менің саудама күледі.
– Сондай да сауда бола ма? Көрмей-білмей, сұрағанын бердің де жібердің. Жұдырықтай тайды көрсетіп, «сауда сақал сипағанша» деп қарап тұрса, қайтесің? Мүмкін оның сондай малы жоқ та шығар. Арақтың арқасында айта салған болар. Өзін танымайсың да ғой, – деушілер де табылды. Мен күлген болам.
– Өтірік айтатын адамға ұқсамайды және жақсылық жолына, оқудағы қызына жібермек екен, өтірік айта қоймас, – деймін. Аты-жөнін де сұрамаппын.
Дегенмен, іштей қуыстанатындаймын.
– Аға, өкінбейсіз. Түйедей. Туырылып түспесе, құлағымды кесіп берем, – деп, – «табан шығады» дегендей, алақанын тарбайтқан.
Оның тарбайтқанындай болса, табан емес, қарам қазы шығып, қыстай майға бөгіп, күпті болатындаймыз.
Арада біршама уақыт өтті. Қараша орталанғанша жылымық болды да тұрды.
– Апыр-ай, қалай болар екен деумен күпті көңіл жүргенімде, қара суық түсті де соғымға барудың реті келе қалғаны.
Бір шаруашылықта парторг едім, директорға соғым әкелуге баратынымды және машина жібертуін айтқам.
– Жарайды, инженерге айтам, жас сорпаға шақырарсың, – деп, қалжыңдап ол қалған.
Мен үйге келіп, түсер-түспесте шарбақтап қоршалған жүн жинайтын, мал жинайтын дайындаушының «ГАЗ-51» машинасы пипылдай гүжілдеп, есік алдына келіп, тұмсық тіреді.
Шопыры мұрты тікірейген, таңқы танау, кімге де тесірейе суық қарайтын Нұрғали екен, ішімнен ұнатпасам да:
– Нүке, үйге кіріңіз, төрлетіңіз, – деп жатырмын.
Ұнатыңқырамайтыным – бұл кісінің «ұзын қарындаш» аты бар. Қаншалық дұрыс, қаншалық бұрыс екенін кім білсін, директордың үстінен бұрқыратып арыз жазып, екі аяғын бір етікке тыққанын естігем.
Райкомның дүрілдеп тұрған уақыты ғой. Директордың сөзін сөйлеген бірінші хатшының өзіне дүрсе қоя беріп:
– «Сен кімге әділдік айтқандайсың, алдымен өз аузыңды жуып, тазартып ал. Таза болсаң, бастық емес, басқа емес «заготовитель» шешенмен дос боласың ба?» – дейді Нұрғали.
Хатшы:
– Бірге өскенбіз бала күннен. Жала жаппаңыз!
– Пай, шіркін! Ол «Кавказдан келген. Сен қайда, ол қайда?! Сонымен дос емеспін деші. Онымен дос қылған – қалтасы! Басқа не? – депті «дегендерді» талайдан естігем.
Сондай адамды қу директор әдейі жіберді ме екен? – деп те ойладым.
– Неден қорқам, ішіп қойған, жеп қойған түгім жоқ. Ақшама сатып алғам, – деп, өзімді-өзім жұбатам.
– Нүке, төрлетіңіз, келіңіз.
– Алдымен қолдарыңды жуып келіңдер де дастархан басына, тамаққа отырыңдар, – деді шешем үстел үстіне буы бұрқыраған дәу табақ етті қойып жатып.
– Апа, келін қайда? Үлкен кісіні неғып жүгіртіп қойған? Тіл алмай ма? – деп келіп, Нұрғали төрлетті.
– Келін мектептен келіп қалса керек еді, білмеймін неғып кешігіп жатқанын, жұмыс қой. Барар жеріміз шалғай алыс деген соң, етті қазаннан түсіре сала алып келдім.
– Бездетіп екі жақтап турап жеп, тойып алыңдар. Ә, міне, келін де келді, «кемеші келсе, қайықшы судан тайыпты» деген, – деп шешем келініне жол берді.
– Қайда жүрсің, тездет демек болып келіншегіме «иек қағып едім, аяқ асты қонақ келе қалса» дегеннің біреуін әкеліп қоя салды.
– Әп, бәрекелді-е, келін, жарайсың, балам, – деп Нұрғали риза болып қалды.
– Нүке, екі асап, бір тура немесе жетерін білсең «жей тура» деуші ме еді, аузыңыз құр тұрмасын. Қимылдап отырсын. Асаңыз. Мынаған қалай қарайсыз, «ГАИ-МАИ», – деп қорықпайсыз ба?
– Неге қорқам? Парторг қасымда отырса, әкесінің құны бар ма?
Нүкем тартынған жоқ, тартып-тартып алды. Аңқылдақ, ашық мінезді адам сияқты.
– Әй, балам, Нұрғали, үстіндегі киімің жұқа екен, мына күпәйкені киіп алшы, – деді шешем.
– Ой, айналайын апатай, рахмет. Бұл енді бір киінген соң, шешілмей қойып жүрсе қайтем?
– Шешпе. Иығыңнан шешіп алады ғой деп пе едің? Киіп ал. Өзіңе құйып қойғандай екен. Құтты болсын! Есік алды шаруаға кисін деп алып ем.
Тәтем Нұрғалиды, Нұрғали тәтемді мақтап, екеуі де риза болды да қалды. Біз шешемізді «тәте» деуші едік. Нұрғали да «тәтелеп», туысындай көріп, ескі танысындай жақын тартып барады.
«Биссмиллә» деп жүріп кеттік. Екеумізде де үн жоқ. Үнсіз отыру да іш пыстырады. Құлағым мотор үнінде, тап-таза, ызылдап келеді.
Жылдамдық ауыстырғанда да қырылдап-сырылдап қақалмайды. Жылдамдық алпыс пен жетпіс. Ол үндемеген соң мен де ішімдегіні онан әрі ішке тығып отырмын.
– Дүке, жол қысқарсын, сөйлей отырыңыз, – деді Нүкең.
Не айтсам екен деп ойланам. Бұл қырыс қара не білер дейсің деген түйсік бар ішімде. Партияның саясаты бұған не керек? Хрущев туралы анекдот айтсам ба екен?.. арғы-бергі заман жайлы не хабары бар деймісің? – деген ойлар ар жағымда бұғып отыр.
– Дүке, – деді. Сыртыңыздан естіп жүрем, ескілікті сөзге құлақ түре жүреді екенсіз. Оныңыз жақсы ғой.
Менің затым – Тобықты «Абай жолын» оқыған шығарсыз. Арғы түбім «Тобықты», ішінде «Көкше» Қаратай ауылынанмын. Қаратай – өз кезінде шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік атанған кісі. Жарықтық Құнекеңмен, Құнанбаймен дос болған, – деп бір тоқтады.
Құлағым елең етті. Еңсем ауып. Нұрекеңе бет бұрдым.
– Кітапта Құнекеңді бекер жамандайды, әрине, замана тарпы ғой. Болмаса көкірегінде көзі бар, көмейінде сөзі бар Мұқаң, Мұхтар Әуезов олай жазар ма еді?
Құнанбайды ақылды деу өзі, өз заманының данышпаны да, арыстаны да болған адам.
Қазақ біреуді мақтаса, «қара басы ханға тең» дейді. Бірақ сол хандарының бәрі Құнанбайдай ақылды болды ма екен? Құнекең – қаттылығы мен қайырымдылығын қатар ұстаған кісі.
Алдымен Құнанбайдың қаттылығын айтайын. Аға сұлтан болып тұрған кезінде Семейден екі жүз переселен орысты қастарына стражнигін қосып беріп, Құнекең қонысына әкеліп отырғызыпты.
Орыстардың әдейі қысас қылуы да мүмкін. Айтқанға көнбеген соң, намысқа шапқан Құнекең төрт жүз жігітті жинап жіберіп, полицей-молицейімен қосып сабап тастапты.
Арты ұзын-сүре дау болып, өзін қамауға ала жаздап, әрең құтылыпты. Құнекеңнің аға сұлтандықтан босау себебі – осы. Бұл – бір деңіз.
Қайырымдылығын айтайын. Бұл да сол аға сұлтан болып тұрған кезіндегі жайт. Ел жайлауға көшкен уақыт екен. Семейден шығып, жол қысқартпақ болып жайлаудағы ауылына жолсызбен төте тартады. Қасында жиырма шақты тобықты нөкері бар. Жүре-жүре жол ұзап, жалғыз аяқ сорап адастырып, бір қиырдағы жер сауған диқаншының жатағына әкеліп тіреліпті. Құнекең қасындағы бір нөкерін жұмсап жөн сұратыпты жатақтан. Әлгі байғұстың аузына Құдай салған ба, кім білсін:
– Ағатайлар, «қуыс үйден құр шықпа», – деген, Пайғамбар тіккен қара қос, күн ыстық сусын ішіңіздер, – деп, жік-жапар жалынып, аттан түсіріпті.
«Пайғамбар тіккен қара қос» деген соң Құнекең аттап кете алмаса керек.
Кедей байғұс қолма-қол жүгіріп барып, бір қойын алып келіп бата сұрайды.
– Ай, кедей байғұс, кедей де болсаң пейілің кең екен, ризамын, соймай-ақ қой, арқандаулы екі қойың бар екен, көжеңе қатық қыл, – депті мырза.
– Уа, хан ием, мен бір қоймен байысам баяғыдан бері байып, жер бетіне сыймай кетпес пе едім. Сізді Құдай айдап келген болар. Қыдырым боп келген шығарсыз. Болмаса, аға сұлтан осынша серікпен жүріп жолдан адасар ма, бата беріңіз, Құнеке, – деп қол жайыпты.
Ат үстінен түскен соң, аяқ созып, біраз тынығып, кедейдің пейіліне көңілі толып, ас жеп отырып Құнекең:
– Ер жеткен екі балаң бар көрінеді. Кемпірің жүгіріп жүр, келіндерің көрінбейді. Ұлдарың үйленбеген бе?
– Ойбу-у, Құнеке, қайдан болсын-ау. Күрмеуге келмейтін қысқа жіп қол байлайды. Үлкені жиырманың екеуінде, кішісі жиырмаға шықты. Кедейліктен басқа мінім жоқ. Жатаң жатып жер емеміз. Содан түскенді күз малға айырбастап, қыстық тамағымызды айырамыз. Оның өзі көктен жазын тілеумен өтеді. Жауын мол жылдары жарып қаламыз да, жауыны аз жылда қалт-құлттың күнін кешеміз.
Кедейдің мұңын жақсы ұққан мырза болмыс-бітіміне қарап екі жігітті ұнатып қалса керек. Екеуі де бойшаң, бітімі ірі, сымбатты жігіттер екен. Тегінде мырзаның ауылында атпал, кесек бітімді малшы-жалшы аз болмаған.
Құнекең сияқты Абай да ірі тұлғалы палуан жігіттерді көп ұстаған деседі. Сол жерде пейілі түскен мырза қасындағы екі байға:
– Сен қызыңды үлкеніне, сен қызыңды кішісіне бересің, – деп бұйырыпты да:
– Ей, кедей, жасқанба да, жалтақтама. Ел жайлаудан түскенде тойын істейді, бас құда болып екеуіне де өзім барам. Қызын бермесе маған айт.
Бас шұлғудан басқа кедей байғұс не істесін: «Мақұл, мақұл», – дей беріпті қуанғаннан.
Екі бай қорыққандарынан үн қата алмай «жарайды, жарайды» дегендерімен Құнекеңнен бөлініп, оңаша шыққан соң жатып кеп жылапты. Жарайды демеске шаралары қане, бас құда боп өзім барам деп Құнанбай отырса.
– Көрдіңіз бе? – деп, бір көзін сығырайып қысып Нұрекең маған қарады.
– Біреуге қаталдық, біреуге қайырымдылық.
– Нұреке, бұрын мұндайын естімеген екенмін, ғажап дүниеге кез болып отырмын, – дедім.
– Со-о, Дүке, Құнанбай өз заманының данышпаны да, арыстаны. Күллі «Тобықтыда» одан асқан адам болған жоқ.
– Нұреке, әлгі кедейіңізді аяқтатпадыңыз ғой.
– Қазір айтам. Шынында да ол заман тұрмақ осы заманда да кедейге бай немесе бастық қойшының баласына қызын бере қоя ма?
Ол өзіме сұрақ.
– Сіңірі шыққан қу кедейге қалай қыз береміз? Сүйекке таңба болатын болды-ау. «Төріне төртеу, есігіне екеу отырмаған қу кедейдің бағының асуын-ай!» – десіп жылайды байлар.
Ақыр аяғында ойласа келе, бұлар өздерінше бір айла тауыпты. Ел жайлаудан түскенше жан адамға білдіртпей әлгі кедейдің үйіне астыртын жасау жабдығымен ақ отау аттандырады, үйірлеп жылқы жібертеді. Кейін қыздардың қалың малы есебінде қайырып алмақ болады. Бәрі ағайынға күлкі болмастың амалы ғой, Дүке, білдіңіз бе?
«Білдімнің» орнына бас изеймін.
– Күз түсіп, ел жайлаудан қайтқан мерзімді уағында кедей байғұс қуанышын қойнына сидыра алмай Құнекеңе келеді.
– Хан ием, құдалар қыздарын ұзатып, той қылатын болды, соған Сізді шақыра келдім.
Қараса кедейдің үсті бүтінделген, қай тойға барса да ұялмастай қалпы бар. Көзінде от ойнайды. Көрдіңіз бе, Дүке, «патшадай жарылқады» деген осы шығар. Ханға лайық мәрттік емес пе? Кедей қалай қуанбасын… екі ұлы бірдей қалың бермей атақты байдың қызын алса.
Қыдыр Бабасы да кедейді бүйтіп жарылқамас.
Аға сұлтан Құнекең жалғыз отыра ма, қасында қоштаушы, қолдаушы тобымен отыр екен:
– Жарайды, жарайды, кедейім. Мен Семейге жүргелі отыр едім, менің орныма бас құдалыққа Жақып сен барасың. Бар. Жай барма. Құдалық кәдеңмен бар, – депті Жақыпқа. Былайша айтқанда, Жақыпқа да «Бас құдалық жөнімен бар» деп салмақ салып отыр ғой, байқайсыз ба? «Абай жолын» оқысаңыз білесіз. Жақып та анау-мынау емес, кәделі кісінің бірі.
Құдалық өз алдына, қыз алу өз алдына, кейін сол кедейдің балаларын әкесінің тапсыруымен, Абай өз қамқорлығына алып, оқыттырып, қатардағы адам болып шығуына көмектесіпті.
«Құдай жоқ» дейсіздер, көрдіңіз бе, Құнанбай аға сұлтан неге адасады. Құдай жоқ болса, мен бірдеңе білсем, кедей байғұстың бағына «Қыдыр Баба бастап барған шығар», – деп, бір көзін сығырайта қысып, маған сынай қарады. Кітаптан оқығанда үстем тап өкілдерін кедейге қорлық, зорлық көрсеткен қатыгез, қатал адам ретінде танып өстік. Мақтауы жоқ, даттауы көп Құнанбай жайлы тосын әңгімеге құлағым елеңдей, түріле түсті. Бір жақты жағымсыз бейнедегі адамның осыншама асыл қасиеттері барын білмегенім маған орасан қателік көрінді. «Білмеген у ішеді» деген осы да.
АБАЙ – АЙДОС
Барған сайын сөзіміз жарасып, бірімізге-біріміз іштей жақын тартып, бар дүниені ұмытқандаймыз. Нұрғалидың екі қолы рульде, аузы сөзде. Кең далада алаңсыз көсілтіп келеді. Кедергі жоқ.
Осыншама мол қазына ішін кернеген ішқұста болған ол ақтарылған ақтеңдей ағытылып, ой қозғайды. Өзі мен сөзі көк машинамен жарысардай жосылтып келеді. Шабыттана, құшырлана толғанады. Екі құлағым Нұрғалидың аузына жабысып қалардай, өзім ойда, көзім жұмулы. Ол айтқанның бәрін естіп, көріп келем. Естіп, көріп емес-ау, судай сіміріп жұтып келем. Талай рет жол бойы жанай бара жатып, алыстан көз тастап шолғындаған «Шыңғыстаудың» белестері көз алдына келіп елес беретіндей. Көрмеген жерді көріп келем, айтушысы келіссе, көзге айқын, көкірекке анық қона кетеді екен-ау!
– Дүке, – деді, – баяғыда Абай ауылында Айдос атты атақты ұры болыпты. Ұры болғанда кесек алатынның өзі екен. Ол қасына кісі ертпей жеке жортып, Алтай асып: қалмақ, моңғол жеріне өтіп, үйір-үйірімен топтап жылқы алады екен.
Бір күні Абай Айдосты шақыртып алып: «Айдос, сен ұрлықты қой. «Ұры байымас, сұқ семірмес» деген. Бірде болмаса, бірде қолға түсіп қор боласың. Алдыңа мал салып берейін, соған ие бол. «Адалдық жолға түс», – дейді.
– Айтқаның мақұл болсын. Қойдым.
Айдос ұрлықты қояды. Ұрлықтан басқа кәсібі жоқ. Шаруа бақпаған Айдекең екі-үш айдан-ақ Абай берген малды жеп тауысыпты. Қарыны ашқан бір күні Айдос келіп:
– Әй, Абай, көріп отырсың, менен шаруақор адам шықпайды, қыстама. Бар кәсібім, бар нәсібім – осы. Ұрлықтан басқа қолымнан келмейді. Біреуге жалданып мал бағайын десем, мойын жар бермейді. Оның үстіне кісі сөзін көтере алмайтын ауруым бар. Бірде болмаса, бірде байекеңе қылығым жақпай қалар. Олар аузына келгенін айтар, оған Айдос шыдамас, бас жарылып, көз шығар. Арты дауға айналып «ит жеккеннен» бір-ақ шығармын. Аман-есенімде үйренген ауруымды кәсіп етейін, кінә қойма.
Абай ағайындарын жинап, тағы да алдына біраз мал салып беріп, переселен орыс ортасына отырғызып, балаларын орыс мектебіне оқуға бергізеді. Ұры ұрылығын қойып, орыс мұжықтарынан жер жыртып, егін егуді үйренеді. Абайдың қамқорлығы арқасында балалары орыс арасында орысша білім алып, кейін Совет өкіметі келгенде бір баласы райком, бір баласы райиспом болып ел басқарды.
Нұрекең әдетінше бір көзін сығырайта қысып: «Әне, Абай сондай кісі болған», – деп мақтан танытты.
Басшыларға ұнай бермейтін жағымсыз қырыс қара жаныма жағып бара жатты.
Дубек МҰСАНОВ,
Ақсу ауданының Құрметті азаматы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Алматы облысы, Ақсу ауданы, Жанұзақ ауылы.