МЕНІҢ ЖАНЫМ КҮЗГЕ ҒАНА ҒАШЫҚ…
21.08.2016
1681
0

12096609_1048527348547955_3815584568665252114_nСағыныш НАМАЗШАМОВА

 

Дәм-тұзым ғой беретін Тәңір жасы,

Тәңір жасы, мамырла, мамырлашы.

Мендегі тән біткеннің

Бәрі де бір тал ердің қабырғасы.

Шырқалшы, ғұмыр әні,

Шытынатып алмайын құмыраны –

Сенім деген,

Сыртынан сипап қалсам,

Көзіңдей боп Күн шығар шұғылалы.

Жанарыңдай от шығар жалқынданып,

Мен үшін Ар күнде Алып.

Өйткені қойғансың сен мәңгілікке

Сөзің беріп және де антымды алып.

 

***

Көктем күледі, Жаз қабағын ашып,

Бірақ менің жаным Күзге ғана ғашық.

Қоңырсалқын дидарын көрсем болды

Жүрегім соғады, көңілім тасып.

Боялады өңір қызғылт сары түске,

Сол сары түс кейде түсіп кетіп ішке,

Мазамды алады менің сағыныш болып,

Екі жүрек кенет бөлінеміз үшке.

Сол жүректе ерен болғанымен күш бар,

Жадырауға емес, жабырқауға құштар.

Алып кетсе ғой деп армандаймын сосын

Жылы жаққа кетіп бара жатқан құстар.

Құстар мені қайтсін көшіп жүрген шақта,

Жылы жақта көзі жәудірейтін жатқа.

Жер бетіне қыс кеп, кәрін төккен кезде,

Бала көктем ғана қалып қойса бақта.

«Сонда сен де, әй, құс, кетпес едің менен,

Солай болса сенің кетпесіңе сенем».

Сенетінімді айтып ұйқысырап жатсам,

Тоңазып-ақ қапты толықсыған денем.

 

***

Бір ұлы шеруге ұласқан

Сезімнің ілгегін кім ашқан?

Бір жалғыз Сөз ғана – жұмыр Жер,

Бір жалғыз Көз ғана – бұл Аспан.

Кірлетіп жатса да кіл ағын

Жанымды жаңбырмен жуамын.

Көнеден қарасаң – кіршіксіз,

Төбеден қарасаң – күнәмін.

Түсіне алады кімді кім,

Бұл қоғам түсірер түндігін,

Шырқырап шығам деп ұмтылса

Сандықта сақтаған шындығым.

Шығады тұс-тұстан қырық үн,

Қырық үн, сан қилы қылығың.

Бір сөзге жүрегім жылынып,

Бір көзге сыятын ғұмырым…

 

ШЫҒЫСҚА МҰҢ ШАҒУ

Бір күндік өлең жазбауым керек,

Азабы оның аз ба ауыр?!

Нәзира-күннің наздары бөлек,

Маң басса бұлттар қазбауыр.

Жаныңа келіп жайғасып алса

Хафиздер төккен ғазалдар,

Мың жерден мұқым айласы болсын,

Адасады әлі ажалдар.

Шарапқа толы шайқалып көзе,

Шалқыса сол күн шайырлар,

Шалдығып тұрып «қайталық» деме,

Түбінде оның қайыр бар.

Күндерді бастан кештің бе жарқын,

Күлкіде де бар күрсініс.

Дабырсыз мүлгіп кеттің бе, бәлкім,

Дүние дейтін сілкініс.

Шіркеуден емес, шірнеуіштерден

Қоңырау үнін тауып кел.

Көресің сонда, жыр теуіп іштен

Бебеулеп шығар бәйіттер.

Шатыр да шұтыр шытынай алмай,

Жатқызам сөздің тігісін.

Түбімді танып, тұшына да алмай,

Шатасып жүрмін, Шығысым.

 

ҚАУЫРСЫНДАР

Қауырсындар, қауырсындар!

Бір ерек қауымсыңдар.

Кімдерге ауырсыңдар,

Кімдерге бауырсыңдар.

Қауырсындар!

Құстарға медетсіңдер,

Ұшқанға себепсіңдер.

Кімдерге елеусіздеу,

Кімдерге керексіңдер.

Қауырсындар!

Нәп-нәзік, балаңсыңдар,

Бәріне алаңсыңдар.

Кімдерге сынық қанат,

Кімдерге қаламсыңдар.

Қауырсындар!

Үлпілдек мамықсыңдар,

Сонда да алыпсыңдар!

Жетем деп ұмтылғанмен

Көк пен жер арасында

Қалықтап қалыпсыңдар…

Әттең…

***  

Бұл көктем ерекше, бұ қалай?

Қайтесің, ол жайлы сұрама.

Жүрекке көк өнді дүр етіп

Жып-жылы шуаққа шыдамай.

Жандырып тұрса да ыстық дем,

Жүрегім шайлыққан үштіктен.

Өзегімді өртеген өлеңді

Өз тілінде айтсыншы құс біткен.

Аяулы, ардақты, асыл күн,

Тасындым,

ашындым,

басылдым.

Бомбалар

ішінде басымның

Жарылып жатқанын жасырдым.

Бұл туралы айтуға бүгін кеш,

Өкініш сезілмес үнімде еш.

Соқ, жүрек,

сергек деп ойласын,

Жау, жаңбыр,

жасым да білінбес.

Маңайды бастаса түн көме,

Жүрегім, тығылшы іргеме.

Деп қойып жүрмеші бірдеңе,

Үндеме!

Тыс-с!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір