КҮЗГІ СЫН
(Әңгіме)
Қуандық ТҮМЕНБАЙ
Жалғыздың жалғыздығы осындайда білінеді екен. Шілде мен тамыз тезірек өтсе екен деп тіледі. Күзді дегбірсізденіп күтіп жүрген біреудің жалғыз баласы Дайрабай жұрт аттестатын алып, соттың оқуына түсіп жатқанда, жалғыз өзі бір бөлмеде қамалып отырып, математикадан сынақ тапсыратын болыпты. Бұл да қарап отырсаң, екінің біріне бұйыра бермейтін енші сияқты. Өзі сабаққа жоқ, оның ішінде есеп сабағы, тіпті миына кіріп-шықпайды. Алгебра атасынан қалған ілім емес қой, бір үшті қойып бере салса да болар еді, мектеп директоры Монтаев көнбеді. Әкесі екеуінің арасындағы бақталастық баласының тағдырына келіп тірелді. Бәріне бұйырып жатқан бүкірейген үштік бұған бұйырмай, қатарынан кейін қалдырды.
Дайрабай – Пәштайдың жалғыз баласы. Пәштай болса, кімсің Пәштай атанған ауылдағы жалғыз өндіріс бригадирі, күнделікті отын-су мен күнкөріске қажет көліктің иесі. Ол таршылық жасап, бастықтың бұйрығына қол қоймаса, төрт дөңгелек тұрған орнынан тырп ете алмайды. Әйтеуір өндіріс бригадирі мен мектеп директорының арасындағы қырбайлық, ақырында, оныншыны бітіріп тұрған жалғыз баласының тағдырына кеп тірелді, жазған есебін жарамсыз ғып, комиссия күзгі сынға қалдырды. Күзгі сын деген әшейін аты ғой, әйтпесе жұрт алып жатқан аттестатты бұл да алып, Алматыға оқуға аттанса… жұқалтаң куәлік бұйырмай телміріп қала берді. Атадан қалған бақастық әрмен қарай жалғасты. Адамзаттың бір-бірін тұқыртуы өзімізге тән нәрсе. Ауыл гу-гу әңгіме. «Пәштайдың баласы жұрт алып жатқан әттестатты ала алмай, масқара боп қалыпты ғой» десе, біреулер «Монтаев та ер ғой, өз дегенін істеп, өшін алатын жерде алмай қоймайды» деп, сөзді қорытып, шілденің шіліңгіріндегі істің нәтижесін күзде күткендей болды. Ұлы Отан соғысында Сталинградта фашист Паулюсті жертөледен алып шыққан қаһарманның бірі Монтаев болса, мұртын балта шаппастан, «ал, енді істеріңді істеп ал» дегендей, тіп-тік боп Пәштайдың қасынан кекірейіп өте берді.
Телміріп қоңыр күз де келді. Математикадан сабақ беретін Әбуов белесебедпен үйіне кеп: «Сен ертең сынақ тапсырасың»,– деді Дайрабайға. «Осылар не істеп жүр?» дегендей таңырқап: «Нешеде?», – деді. «Ертең сегізден кешікпе».
Уақтылы барып еді, мектепте тірі жан жоқ. Бір кезде мұғалім Әбуов кеп: «Мынаны түгел көшіріп бер»,– деді шүпірлеген есепке толы ақ парақты ұсынып. Ұсталмаған тор көз дәптерді есепке қосып берді. Дайрабайдың сабағы жаман болғанмен, жазуы әдемі. Суретті де жақсы салады. Көркем жазудан алдына түсер ешкім жоқ. Жарты сағатта бір бөлмеде бір өзі ың-шыңсыз отырып, тор көз дәптерден қос парақты жұлып ап, шүпірлеген сандарды орын-орнына қойып, көшіріп берді, ах² дегенді түсінбегенмен, осыны ойлап тапқан адамның кейінгілерді арпалысқа сап азаптап қойғанына таң қалды. Қанша заман өтсе де, өзінің ілімі кейінгілер үшін пайдалы болғанын ол кісі білер ме екен деп, Дайрабай балалық көңілі елең етіп, біреуді іздегендей айналасына жалтақ-жалтақ қарады. Түсініп жарытпаса да, анда-санда кітапқа қарайтыны бар. Өзін өмірде сүріндірген есеп сабағының негізін қалаған Софья Ковалевская деген әйелді энциклопедиядан іздеп тауып ап, жеті атасына үңіліп, есептің түбіне жеткен адамның қағидасына бас шайқай отырып, енді бәрі кеш екендігіне іштей опынды. «Шіркін-ай, бәрін қайта бастасам ғой» деген кеш қалып, артына амалсыз мойын бұрғызған арманы да жоқ емес. «Ол үшін он жеті жылды артқа тастап, кейін шегіну керек». Бұл – қатарынан кейін қалған балаң жігіттің өзегін өртеген өкініші еді.
Тарам-тарам төрт бетке есеп мұғалімі Әбуовтің айтқанын көшіріп беріп, аты-жөнін Қаңтарбаев Дайрабай деп, ең төбесіне бадырайтып жазып, мұғалімдер бөлмесіндегі көзілдірік киген директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына тапсырды да: «Қашан келейін?»– деді тықыршып. «Өзіміз айтамыз»,– деді оның миығы тартып. Оның ар жағында «Сен қайда асығасың, саған оқу жоқ қой» деген мұқату тұр еді. Кемсітуден қашан да алдамыз. Әйтпесе, бір мектеп сүндетке отырған бір баланың өмірі мен тағдыры емес пе?!
Дайрабай тысқа шықты. Он жыл оқыған мектебімен қайтадан қош айтысты. «Күзгі сын деген осы екен. Сын дегенге, бірнеше адам қоршап ап, өзін айыпты санап, кінәлай ма деп қорқып жүруші еді. Бәрі көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Бұл өмірдің баяны бітпейді екен де, мейлі, онан да өттік» деп, артына бір қарады.
Жақсы оқы, жаман оқы – адам он жыл оқыған алтын ұясын қимайды екен. Артына бұрылып тағы бір қарады. Есік алдындағы ақ теректен сарғыш жапырақ қалықтап ұшып, оң аяғының астына түсті. Дайрабай көңілі босап, елжіреп, бір нәрсені күткендей болды. «Аттестатымды алайыншы, сосын көрермін» деп, жігіттікке басып, өзін өр санады.
Әкесіне «күзгі сыннан өттім» деп айтқанша дегбірі кетті. «Әттестатыңды алсаң, кеш болса да оқуға түсірем» деген сөзі есінде. Монтаевтың алдында әкесінің мерейін өсіріп, өзін көрсетсем деген де ойы бар.
Дайрабай бәріне дайын.
Ақ топырақты борп-борп басып, өзін өмірге әкелген адамды көргенше көңілі алып-ұшты.
***
Құданың құдіреті, Дайрабай үй алдына келгенде бір сары жапырақ қалықтап, тағы да оң аяғының астына түсті. Бұл – күздің анық келгені.
– Тапсырдым, – деді баласы әкесінің көңілін аулағысы кеп.
– Ел-жұрттың алдында қара бет қылдың, – деді төсекте белінен шойырылып жатқан түсі суық кісі баласына емес, ашық есіктен қара жерге қарап.
– Не істедім сонша?! – деп баласы да шарт ете қалды.
– Не істемедің. Абыройымды бір күнде айрандай төктің. Анау… атын жөндеп жаза алмайтын Сауранбайдың баласынан да қалдың ғой. Ол агрономның оқуына түсіпті. Бір қарын майды бір құмалақ шірітіп…– әкесі түтігіп кетті. Имиген белін түзей алмай төсегінен бір аунап түсті.
– Көрерміз…– баласы да қайтпады.
«Әйтеуір аман болып, сырттай болса да оқуға түсіп, әкемнің еңсесін көтерсем. Мен екем ғой, оның мерейін түсіріп жүрген. Бүгіннен бастап, «ах²+вх²+с=о» дегенді жаттасам, бір адамнан кем қалмаспын. о-мен аяқталған есеп тегін емес, өмірдің де мәні о сияқты. Өздері емес пе, оқу қайда қашады дейсің деп, мені не әрі, не бері қылмай, сансыратып қойған. Әке боп менің күнделігімді өмірі бір тексеріп көрді ме екен? Енді өздерінің абыройы аяққа тапталған кезде бәріне мен кінәлімін. Неге адаммен адамша сыйласпайды? Керек кезінде отын-суын түсіріп беріп, жігіттігін жасап, азаматтығын алға сап жүрмей ме?». Дайрабай да күбірлеп, өз пікірін өзіне айтып, өмірге деген өкпесін білдіріп, бір нәрсеге іштей дайындала бастады. «Осыдан сол жұқалтаң төрт бұрыш қағаз қолға тисе…» деп, аттестат алар күнді аңсады. Балаң жігітке бәрі де бұлыңғыр еді.
***
Алғашқы қоңырау күні таңғы шәй үстінде, әппақ көйлек киіп, мойнына қып-қызыл галстук таққан оқушы бала ентігіп келді. Жаюлы дастарханға жәймен көз салып:
– Дайрабай аға, сізді әттестатын алсын деп шақырып жатыр,– деді.
– Кім жіберді,– деді әкесі.
– Әбуов ағай,– деді де, бұрылып жүре берді.
Әкесі сұп-сұр боп кетсе де, баласының өңінен шаттық лебі ескендей.
– Қазір барам,– деді де, апыл-ғұпыл киініп, баланың соңынан ерді.
Ақ топырақты борп-борп басып, араға жарты сағат салып, қыздың баласындай боп жөндеуден өткен, алдындағы қызыл жалауы желкеммен желпілдеп, Ильичтің мейірімді бейнесі телміріп тұрған мектебіне келгенде, ұстазы Әбуов бірінші қыркүйек күні жаңа сыныбын сапқа тізіп, тәртіптің мән-жайын тәптіштеп түсіндіріп тұр екен. Дайрабайды көрді де:
– Мұғалімдер бөлмесінде, үстел үстінде аттестатың жатыр. Әуелі ашып қарап ал,– деп, жоғары сыныпқа өткен жас өскіндерге өзінің өктем сөзін жалғастыра берді.
Мұғалімдер бөлмесінде тірі жан жоқ, дәл сол үстел үстінде бұжыр-бұжыр боп бұрын көрмеген төрт бұрышты бір қағаз жатыр. Ашып қарап еді, өз атына жазылыпты, астына мектеп директоры Монтаев пен сынып жетекшісі Әбуовтың қолы қойылыпты. Ең басында қазақ тілі мен әдебиеті, ортасында өзін өмірде сүріндірген алгебра пәні тізіліп тұр. Бәрінің бағасы – белі бүкшиген үштік. «Осының өзі жетеді. Әлі көрерміз. Адамға нысап керек»,– деп, Дайрабай бір белестен өткендей көкірегі шымырлап қоя берді.
Алып-ұшып үйге жеткенде дастархан әлі жиылмапты. Әкесі жастықтан басын жұлып ап:
– Әкел, – деп қолын созды.
Баласы төрт бұрышты қатырма қағазды әкесіне ұсынғанда: «Е-е, осы ма! – деді сабасына түсіп. – Монтаевтың меселін қайтарамыз. Сыныптастарыңнан үш ай кейін алдың. Ұяты жаман ғой, жер болдық қой. Әйтпесе әттестатпен егін егіп жатқан ешкімді көрмедім», – деп жүзіне жылу жүгіріп, мәз болды.
– Қой енді,– деді шешесінің де жүзіне жылу үйіріліп. – Балаң ешкімнен кем қалған жоқ, – деп, шала сауатпен қатырма қағазға көзін салып өтті.
Дайрабай өзін өмірде сүріндірген алгебраны миына қанша құйғанмен кіріп-шықпайтынын біледі. Оқушы кезінде бір рет қол тигізіп көрмеген жаңа «Алгебра» оқулығының ішіндегі шүпірлеген сандарға көз салғанда, олардың неге «о»-ге тең боп аяқтала беретіндігін білгіштерден сұрап, көз жеткізгісі де келеді. «Әлде өмірдің мәні «о» боп дөңгеленіп түсу заңдылық па екен? Заңдылық та уақыттың еншісіндегі нәрсе сияқты». Күзгі сын көп нәрсеге көз жеткізді. Намыстың да не екенін білді, күзге дейін жұрттың бетіне қарай алмай қалтарыста жүрді.
Жалғыз ұл болғасын жалтақтамай туу туралы куәлікті ауылдық кеңестен бір жыл кеш алып еді, бірақ әскери комиссариаттың шақыртуы уақтылы келді. Бұған Дайрабай өкінген жоқ. Әкесі мен шешесі «Оқуға бармайсың ба?» деп еді, «Әскерге барамын» деп, іштей дайындала бастады, шақырту алғалы алып-ұшқан желігу де жоқ емес. Алматыға оқуға түсіп кеп жатқандар бар, ал бұның сыныбынан әскерге бірінші боп баратын өзі болғанына айналасына атырыла қарап, көңілін мақтаныш сезімі билеп кетеді.
Біраз дайындалып, сыныптастары мен өзіне жақын жүретін қыз-жігіттерді жинап, сауық кешін өткізді. Өмірде бірінші болу екінің бірінің қолынан келмейді. Күзгі сынға да соқа басы іліккен жалғыз өзі. Жақсы болсын, жаман болсын, әйтеуір бір жерде бірінші боп атың аталғанға не жетсін. Дайрабай соған дән риза.
***
Бәрі де артта қалды. Кешке сауық-сайран жасап, таңертең қызыл кірпіш көмкерген Шиелі стансасынан пойызға шығарып салды. Сауық кешінде Дайрабайдың тек жақсы жақтары айтылды. «Домбыра тартып, ән айтады, гитарада ойнап, сығанның әуендерін сызылтқанда көңілің босап, қыздардың өзі не болғанын білмей қалады», – деді бір қызып қалған сыныптасы. Сабаққа мән бермейтіндігі, он жыл оқып, күзгі сынға қалғанын ешкім ауызға алмады. Ең бастысы, қасындағы серігіне қиын кезде қол ұшын беріп, азаматтығын алға салатын адалдығы қайта-қайта айтылды. Бұған мысал да келтірді. Әсіресе, күріш орақ кезінде, түскі аста қыздарды кезексіз алға жіберетіндігі, шәй суып қалмай тұрып, әуелі солар ішсін деп, жанұшыратындығы жыр боп айтылды. «Адамгершілік деген осындай-ақ болар», – деп ұрысқақ Ұлболған көзіне жас алды. «Жігіт болсаң осындай бол, екі жыл да өте шығар, көріскенше!» – деп Елеу еңкілдеп қоя берді. Ең соңынан, анасы сөйлеп, Сырдария тасыған жылы туған Дайрабайдың еркектік борышын уақтылы атқарып, аман барып, сау қайтуын тіледі.
Бәрі де артта қалды. Сол сәттер ертегіге бергісіз елес сияқты, кездескен жерде сыныптастар сол «вечердің» әсерін әлі күнге бір сөз қылмай қоймайды. Дайрабаймен хат алысып тұрғандарын айтып, кейінгі кездері хат жазысу сап тиылғанына да қайран қалады.
Үш ай жаттығудан кейін әрбір жауынгердің зейіні мен қабілетін сарапқа салды. Бұның ұлты да, қабілеті де келіп тұр, ұлтжандылығы ешкімнен кем емес, өзі десе өзегін суырып беретін қаншылдығы да бар. Туған тіліне жетік, бір басына жететін орысшасы да жоқ емес. Бөлімшеге жетекші ғып жарты жылдай ұстады да, десантқа ауыстырды. Бұл бүгінгі күнге ауадай қажет екен. Ауғанның үстінен тастайтын әскери адамдар керек, оған көзі қара, шашы қою қазақ баласының кейпі келіп-ақ тұр.
Саяси сабақта түсі суық әскерилердің тәптіштеп түсіндіргені – мақсат өзге жерді жаулау емес, оларға әскери көмек, достық құшақты кеңінен ашу. Осыны екінің бірі біле бермейтіндігін әбден санаға сіңірді.
Сол күні Дайрабай көңілді жүрді. Бозала таңда бір бөлімшені бастап, өзге жерге өзеуреген көңіл Ауған топырағын амалсыз басты. Керзі етік топ етіп жерге тигенде ауған әскері алты жауынгерді парашютін жинап үлгертпей қоршап ап, қол-аяғын байлап, басшылыққа әкелді. Әскери жетекші әй-шайға қаратпай, тергеп-тексере бастады. Тереңіне шұқшиса жетеудің біреуі қара көз мұсылман баласы екен, арғы тегі қазақ деген жұрағаттан шығыпты. Кәпірден өрбіген алтауды табанда атты да, мұсылман баласын алып қап, қол-басын жуындырып, қою шәй берді. Жанпида ғып келген мақсатын сұрап, елі мен жерінің арақатынасын сараптап, осыдан барғасын олар өзіне қандай рахым көрсетіп, не жақсылық жасайды деп шым-шымдап сыр тартты.
– Оны мен білмеймін, басшылық біледі,– деді тіп-тік боп тұрған Дайрабай.
– Кәпірдің билігі төбеде екені көрініп-ақ тұр. Қайтадан төбеден түсуге қалайсың?– деді бет-аузын түк басқан ауғандық командир.
Дайрабай үндемеді.
Командир басын изеді. Сол сәт үстіне ақ желең жамылған, сақал-мұрты өскен біреу кеп, дәрі-дәрмегін дайындап, аудармашы арқылы Дайрабайдың жеңін түріп, оң қолының күретамырын іздей бастады. Білектен өрілген күре тамыр әбден шодырайып көрінген кезде спіртпен сүртіп, үп-үшкір иненің ұшы күре тамырға кірісімен ұзамай-ақ жиырмаға жетеқабыл жігіт маужырап, кірпіктері айқасып кетті. Бір мезет өзіне-өзі ие бола алмай бұ дүниені ұмытып, бір рахат күй кешті. Жігіт екі сағатқа ұласқан ләззатты ұйқы құшағынан оянған кезде өзіне-өзі ауырсына қараса, тұла бойында оң қолы мен оң аяғы жоқ… енді кімге сөйлерін білмей тілі байланып, қара жер мен жертөленің төбесіне қайта-қайта қарай берді. Бәрін сырттай бақылап тұрған командир он екі мүшеден ажырап қалған қол мен аяқты әкеп, көз алдына көлденең тартты.
– Бұл өзіңе ең керекті нәрсе,– деді ол қалың жүннің арасынан бет-аузы әрең көрініп, жылтыраған көзінде өзгеден өшімді алдым, әлі де айтарым ішімде дегендей арпалыс бар. – Оң қолыңмен жаздың, сауат аштың,– деп ауғандық командир аудармашысына қарағанда, Дайрабай атырылып одан бұрын сөйлеп кетті.
– Осы қолым күзгі сынға қалдырды, әкемнің өкініші де аз емес,– деп шүпірлеген сандарды есіне алып, арифметика мен алгебраның арасындағы есептер тор-тор дәптерден иіліп-бүгіліп, көз алдында қашып бара жатқандай болды.
Аудармашы жанары мұңлы, қол-аяғы таңулы жігіттің айтқанын сөзбе-сөз аударып беріп еді, сақал-мұрты едірейген командир «Күзгі сын деген не?» деп қайталап сұрады.
– Мектеп бітірерде үлгере алмай, бір сабақтан күзге тапсыруға қалдырған…– деген кезде, медсанбаттың өкілі тұлабойынан кесіліп қалған оң қолын қасына таман жылжытып қойды. Семіп бара жатқан бес саусаққа қараған кезде Дайрабай жиырма жыл серік болған он екі мүшесінің бір мүшесіне қорықса да қоштасқандай боп көз тікті.
– Қай сабақтан? – деп ауғандық бір нәрсеге түсінбегендей қайталап сұрады.
– Есеп сабағы…
– Есептері күшті екен де… Қаршадай баланың жанын сонша қинап… есеппен жұмсап…
– Қолым қол, аяғымды не үшін,– деді дір-дір еткен Дайрабай үсті-басы жүн-жүн дұшпанмен тең сөйлесіп.
– Аяғыңды… өзге топырақты еріксіз басқаның үшін. Өз жерің өзіңе жетпеді ме? – деп ол да жанары тайсалмай тіке қарады.
Дұшпаны бәрін біліп отыр. Тұла бойы қанға малынып, дәкемен таңылған жас дұшпанның бұйрықсыз өмір сүре алмайтындығы тайға таңба басқандай ақиқат.
– Сендер бұйрықпен өмір сүретін алып елсіңдер. Енді біз сені өз жеріңе тастаймыз. «Аман барып, сау қайт» деген мәтелдерің бар ғой. Мүгедек болсаң да өз жеріңді өз аяғыңмен бас. Өзге жерде бір аяғың қалсын. Оң аяғың…– деп, жігіттің қаны сыртына шығып, шолтаң ете қалған жамбасына жымия қарады. – Әбден оңал,– деп сөзін жалғады.– Басқалар білсін, біреудің топырағын бөтен біреу ешқашан басуға болмайтынын. Әбден оңал, жараң жазылсын. Қазір сендерде қоңыр күз, жапырақ әбден сарғайған кезде аулыңа қайтасың.
Дайрабай қарсы алдындағы үсті-басы оқамен көмкеріліп, бет-аузы жүннен көрінбай қалған дөңгелек жүзді адамның сөзін аудармашы арқылы тыңдап, босағадағы қан-қан қол мен серейіп жатқан аяққа қоштасқандай қабағын түйіп қарады. Олар да соңғы рет көзіңді сал дегендей, он екі мүшесінің жансыз екі мүшесін алдына әкеп тастады. Мына қол алгебра есебін соңғы рет қос параққа қайыра көшіріп, мына аяқ өз үйіндегі сауық кешінде қыздардың айызын қандырып, аңырата билеп еді. «Твист»-те, «Чарлстон» да қалмады, ең соңынан, «Қазақ вальсіне» қыздарды кезек-кезек шақырғанда, қалықтап билеп жүріп бәрі көздеріне жас алды. Соның бәрі де елес секілді ербеңдеп артта қалды…
«Енді оң жағым бәрінен ада, тұп-тұқыл, сол жағым ғана тіршіліктен белгі береді». Дайрабайды жертөледегі жайлы жерге екі жігіт көтеріп әкеп, ыстық шәй ішкізді. Мына қара, сол қолы мен сол аяғы шошаңдап, түк болмағандай тіршіліктен белгі беріп тұр. «Адамзат, қандай көнбіссің» деп, ол өзіне-өзі таң қалды. Тағы да шәй әкелді. Ыстық шәй көмейінен өткен сайын маңдайы жіпсіп, бәріне кешіріммен қарағандай жиырмадағы жігіт «Менің осы отырысыма кім кінәлі?» деп, айналасына сауал салып, көз тікті. «Бұлар неге қамқор боп жүр?– деп тағы да ойланып, сол қолы мен сол аяғына күдік билеген қорқынышпен қарады. – Жоқ, бұлар бір сөзді. «Жапырақ сарғайғанда аулыңа қайтасың» деді ғой әлгі бет-аузы жүн-жүн кісі» деп, өзін-өзі жұбатқанда сол қолы мен сол аяғы адамзаттың арсыздығын алға тартқандай тыпыр-тыпыр етіп, қозғалақтап қалды. «Бұл өмірдің күнәһары кім екенін олар көзге шұқып көрсетпекші. Аспаннан түскен алтауды атып тастап, біреуін бір қол, бір аяғын алып қап, әшкере Адам ғып қайтып беруі – өзгенің жерін бассаң көретінің осы деген өмірдің бір тылсым сырын жалпақ жұртқа шым-шымдап жария ету сияқты. Басқа топырақты бассаң көретінің осы» деген бұлтартпас дәлел – қашанғы қағида қайда барсаң да алдыңнан шығады». Өмірдің мазмұнына ақыл-ойы жеткенше мән беріп, өзіне-өзі тоқтау салған жиырмадағы жігіт маңдайы тершіп, шәй ішкен кесесін «мен болдым» дегендей, сол қолының алақанымен бетін жауып, әрмен қарай ысырып қойды.
Бұлар бұйрықты орындады. Бұйрықтың құрбаны Дайрабай күз күнінде жертөледен жер бетіне шықты. Сол жағымен балдаққа сүйеніп, біресе балдағы, біресе аяғы құмды жерді әрең басып, алға қарай тырмыса берді. Оң жағы бос, шолтаңдаған иық тыпыршып, бір нәрсені іздейтін сияқты. Кеше ғана мылтық ұстап, басқаларға бұйрық берген өзінің оң қолы мен оң аяғын бір жауынгер жер астына көмуге пәрмен алды. Оның бәрін Дайрабай көріп тұр, пенде пендешілікті әдейі бір-бірінің көзіне шұқып көрсететін сияқты. Жиырма жыл жолдас болған оң қолымен іштей қоштасты. Сонан кейін қасына оң аяғын тастады. Өзге жерді басқан аяқ қан-қан боп қасына топ ете қалды. Дайрабай жанының екі бөлшегін суырып ап кетсе де, іштей тәубе айтты. Жүрегі дүрс-дүрс соғып тұр. Сол жүрек туған жерге тірі түссе, бар мен жоқты көрсетіп, келер күннен рахым күткен пенделік үміті бар. Өз денесін өзге жерде қалдырған жігіт бір мезет жер бетіне қалқып түскен күзгі жапырақты көріп, сәл жүре тұруға рұхсат сұрады. Сарғайып кеткен жалғыз жапыраққа шұқшиған ол күздің әбден күшіне енгенін көріп, үміті мен күдігі аралас көңіл көкірегін тырмалап, тыным бермеді.
***
Әкесімен жасты әккі командир Дайрабайды шығарып салды, судай жаңа балдақ сыйлады. Ол қолын ұсынғанда, бұл сүйеніп тұрған балдағын апыл-ғұпыл қолтығына қысып, сол қолын сүлесоқтау созды.
– Еліңе сәлем айт,– деді жүн-жүн беті жыбырлап, миығы тартып. – Сендей азаматтар өсіп-өркендей берсін, бірақ ешкімнің жолын кеспесін. Кессе біз қол-аяғын кесеміз,– деп бұрылып кетті. Оның айтқан сөзін аудармашы тап-тұйнақтай ғып Дайрабайдың құлағына құйды.
Тікұшақ мүгедекті мінгізіп ап алға жылжығанда көк аспан адамзаттың күнәсін көріп, бұ дүниеде екі аяқтының қолынан келер рахымсыздықтың бәріне куә боп, бозала таң былғанып атып, аспан асты тағы да тіршілігін бастап келе жатыр еді. «Өзім де біреудің жеріне таң ата түстім ғой, – деді ол шыр айналған тікұшақтың ішінде бүрісіп отырып. – Неге әркім өз жері – өлең төсегінде тыныш қана өмір сүрмейді екен». Өзге жер – бөтен топыраққа көк аспаннан төмен тастарда бұларға біраз саяси сабақ өткізді. Кімнің жолы әділетті, кімдікі әділетсіз екенін небір қасқабас ғұламалар тәптіштеп түсіндірген болды.
«45-ші жылы жапон жері Хиросима-Нагасакиге атом бомбасын тастаған Американың саясатын іші елжіреп қостаған кім бар? Соның әділетсіз екендігін айтты. Ауғанды аяғымен таптаған біздің мақсатымыз не сонда? Ең дұрысы – өз елің, өз жеріңе ие боп, бүдірлі табаныңды біреуге көрсетпей тыныш қана үйіңде отыр» деп, қол-аяғы кесілген жігіт арманын ашып айта алмай, көк аспанда балдағын алдына алып, іштен тынды. Суық аспанда бүрісіп, бір уыс боп отырса да, жерге аман түсіп, келер күннен рақым дәметіп, туған топырақты тірі бассам деп көңілі алып-ұшқан мүгедек жігіт «Дайындал!» деген өктем дауысты естіп, иір-шиір парашюттің кендір жібін бір қолымен өзіне қарай біртіндеп тарта бастады. Екі қол, екі аяқпен келіп, бір қол, бір аяқпен қайтып бара жатқанына көңілі көншімей, өзегі өртенсе де, барғасын бәрін тәптіштеп түсіндіремін, өзгеден жеген опығымды жыр ғып айтып, басқаның жерін баспаңдар деген сөзімді құлақтарына құярмын деген көкірегінде өкінішке толы өксік бар.
Нұсқау бойынша ұшқыш «Секір!» дегенде, бұл парашюттің астында балдағын қоса алып, жерге қарай құлдилауы керек. Бұл «Бәрі дұрыс» деген жауабын берді де, «Секір!» деген өктем дауыс естілген кезде тізесінде серейіп жатқан ұп-ұзын балдақты бір қолмен тікұшақтың қуысына қарай сермей лақтырды. «Өзге жерде қалған аяқ-қолымнан артық емес шығарсың» деп, жүрек тұсы шым ете қалды да, зырылдауығы шыр айналып, бір орнында тыпырлап тұрған тікұшақтан қара жерге қарай құлдилады. Серейген балдақ сұп-сұр боп иесіз қалды. Дайрабай «не көрсем де өз елім – өлең төсегімнен көрермін» деп, тірі келе жатқанына көңілін тоқ санады. «Пешенеге жазғанын көрерміз» деп, адамзатқа тән аярлықтың бәрін алдағы күндерден күтіп, таңғы ауаны емірене жұтып, ел-жұртына қарай құлдилай берді.
Тікұшақ қолға түспеуге асығып, келген жолына қайта түсті. Бұның қара жерге қарай құлдилап, топ етіп түскен нүктесін аңдып тұрған кеңестік әскер бір жағына қарай шойырылған, оң қол, оң аяғы жоқ қазақ баласына қарай қаруларын кезеніп тұра жүгірді.
Үстінде кеңес әскерінің киімі, әскери шені – аға сержант. Бір қол, бір аяғы болмаса да көңілі тоқ, жаны жайдары секілді. Атамекенінің топырағын басып, ауасын жұтқанына мәз. Оң жағында тіреуі жоқ болса да, сол жағында жүрек шіркін дүрс-дүрс соғып тұр.
Қара жерде өз үйінде жатқандай емін-еркін шалқасынан түсіп, өзін қоршаған қарулы жауынгерлерге: «Аға сержант Қаңтарбаев өз еліне аман-есен оралды» деп, сол қолын шекесіне қойып, әскери дағдымен баян етті.
Екі жауынгер қолтықтап мәшинеге салды. Басшылыққа жеткенше едәуір уақыт бар. Көрген-білгенін тебіреніп айтқысы-ақ келеді, бірақ тіл қатуға болмайды.
Үлкендермен тілдескенше үнде-меуі керек.
Кеңестің заңы қатал.
***
Кеңестік дәуірдің 37-ден қалған сенімсіз саясаты әлі де жадымызда, тон-шекпеннің ішіне кіріп алған сусамыр заң қусаң да шығар емес. Қол-аяғынан айрылып келген Дайрабай тергеудің майын ішкен небір қақсалдарды сендіре сөйлеп, «үш әріп»-тің өткелегінен өтіп, ақырында, бәрі жүрегі елжіреп, балаң жігітке қарап бастарын шайқады. Үкімет темір қол мен темір аяқ салып берді. Жүрегі лүп-лүп соққан тірі жан тіршілігін жасап, түңілген кездері темір аяқпен жер тарпып, темір қолмен ешкімге көрсетпей сызат түскен қабырғаны сипап қояды.
Бір жылдан кейін темір қол, темір аяқпен туған аулына келгенде Дайрабайдың әкесі мәз болды. Шешесі: «Қатарыңнан кем қалдың-ау» деп аңырап, өзі он екі мүшесі сап-сау күйінде жатырынан жарық дүниеге шығарған перзентінің өзге жерге көмілген қол-аяғын бір көрсем деп армандады. Әкесі болса: «Балаңның мерейі үстем, тоқтат!» деп тойтарыс берді.
Жапырақ сарғайып, тағы да қоңыр күз келді. Бір күні газет бетінде «Отан алдындағы борышын адал атқарғаны және ерлігі мен жанқиярлығы үшін Дайрабай Қаңтарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілсін» деген Жарлық шыққанда өз көзіне өзі сенбей: «Ал, енді Монтаев менімен сөйлесіп көрсін, күзгі сынға қалдырғанның қандай болатынын білсін» деп, арлы-берлі жүріп, біреу-міреу кеп қалар деп, есік алдын таң атпай тап-тұйнақтай ғып сыпырып тастады.
Облыстың бірінші басшысы үйге кеп құттықтап, алғашқы арнау сөзді айтып кетті. Сосын облыстық оқу бөлімінің бастығы Дайрабай оқыған мектепке келіп, кездесу өткізіп, өмір жолымен таныстырды. Қасында аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы. Монтаев зыр жүгіріп, үстел үстіндегі «Сарыағаш» суын өзі ашып, өзі құйып жүр. Сөз алған бірінші хатшы Алтын Жұлдыз таққан баласының қасында қаққан қазықтай боп отырған Пәштайға қарап: «Осындай перзент тәрбиелеген сіздей әкеге бас иіп, алғыстан басқа айтарымыз жоқ» дегенде, көмекшісі жүгіріп кеп зерлі шапан жауып, құндыз бөрік кигізді. Монтаев орнына жайғасқан хатшыға тағы да су құйып, быжылдаған «Сарыағаш» суы қырлы стаканның ернеуінен асып төгіліп, үстелге жапқан қызыл жамылғыны былғап тастады.
Кездесуден кейін бәрін Дайрабайдың сынып жетекшісі Әбуов үйіне шақырды. Бұған түрткі болған Монтаев еді. Оны оңаша шақырып ап: «Менің жағдайымды білесің ғой. Сен шақыр, көңілдері көншімей жатса, сенен кейін мен көрермін, сол жерде айтар сөзді жеріне жеткізіп айтармыз»,– деді сұрланып.
Төрге аудан мен облыстық оқу бөлімінің басшысы, сосын әкесі Пәштай мен Кеңес Одағының Батыры Дайрабай жайғасты. Дастарханның әдемі сөзін үй иесі Әбуов айтты. «Бұл өзі бала күннен зерек еді, не айтсаң да қағып алатын қағілез еді. Сабақта да, науқандық жұмыста да бәрін өзі бастап жүретін. Соны Отан алдындағы борышын өтеуде де көрсетті», – деп, Дайрабайдың омырауындағы Алтын Жұлдызға көзін сүзіп қарай берді. – Бұл өзі барлық сабақтан жақсы еді, мен беретін алгебрадан да алдына жан салмайтын» деген сөз аузынан қалай шығып кеткенін білмей қалды. Төменірек отырған Монтаев: «Тарихтан да алдына жан салмайтын» деп, қопаңдап қостап қойды. Сосын буы бұрқыраған қара қойдың басын ауданның бірінші басшысының алдына тартқанда, ол құлағы қалқиып, тісі ақсиған момақан түліктің басын қатар отырған Пәштайға қарай жылжытты. Әкесі ауыз тиіп, оң құлағын өзінен әрі отырған Дайрабайға ұсынғанда, бәрінің көзі серейген темір қол мен темір аяқтың ар жағында жарқырап тұрған Алтын Жұлдызға телміріп түсе берді. Сол сәт қақайып қалған темір қолға жан бітіп, темір аяқ алға қарай итініп кеткендей көрінді.
– Сіз тұрғанда бізге жол жоқ. Осындай перзент тәрбиелеген сізді аттап, біз қайда барамыз,– деп аудан басшысы бір-екі ауыз сөз айтты.
Монтаев тағы бір «Сарыағаштың» аузын ашып, ішпесе де көпіршітіп, Пәштайдың кесесін суға толтырды.
Жаз бен қыстың арасындағы момақан маусым – қоңыр күз болса, осының бәріне куә боп көз салғандай.
Тал мен теректің тұлабойынан үзіліп түскен сары жапырақтар әп-сәтте айыр мен күректің алқымына ілігіп, табанға тиместен ауылдың арғы бетіне асып кетіп жатыр. Өрт сөндіретін мәшиненің көше тазартқанына кешелі бері жұрттың көзі үйренді.
Ұртынан су бүріккен қызыл мәшинеге таңғала қарап, көшеге шыққан кәрі-жас қай жерден бұрыларын күткендей қашқақтай қарап, үркектей көз салып тұр.
Кешеден бері «Қызылтаңның» борпылдақ көшелері жылан жалағандай тап-таза.
Осының бәрі бір адамның арқасы.
Күзгі сынға қалған Дайрабайдың арқасы…
ПІКІРЛЕР1