Мақсат – оқу үдерісі мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту
03.11.2026
32
0

Өскелең ұрпақты мектеп қабырғасынан өз қабілеті мен қалауына қарай белгілі бір мамандыққа бағыттау, кәсіби бағдар беру – бүгінгі уақыт талабы. Осы тұрғыда елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту мақсатында нақты іс-шаралар қолға алынып, маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бағытта сан салалы өндірісті өңір – Қарағанды облысында жалпы орта және арнаулы білім беру саласында еңбек нарығының сұранысына сай маман даярлау, жаңа мамандықтарды меңгеру ісі жүйелі түрде жолға қойылып отыр.

Осы мақсатта Қарағанды облысында өңір экономикасының нақты сұранысына сай маман даярлауға мүмкіндік беретін білім беру-өндірістік кластерлер құрылуда. Бұл бастама аясында колледждер мен кәсіпорындар оқу бағдарламаларын жаңартып, өндірістік тәжірибені ұйымдастыруға және студенттерге тәлімгерлер бекітуге бірлесіп күш салып отыр. Осынау жауапкершілігі зор маңызды міндет, маман даярлаудың жаңа тәсілдері таяуда облыс әкімінің аппараттық кеңесінде талқыланды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазір өңірде 49 колледж жұмыс істейді, онда 33 мыңнан астам студент білім алады. Түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеруі үшін білім беру бағдарламалары жұмыс берушілермен бірлесіп қайта қаралып жатыр.
– Бүгінде еңбек нарығымен бірге білім беру мазмұны да өзгеруде. Жұмыс берушілермен бірлесіп, 243 білім беру бағдарламасын әзірледік. Оқу үдерісіне микробіліктіліктер, Minor қосымша бағдарламалары және жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Болашақ IT мамандары деректерді талдау мен киберқауіпсіздікті, кеншілер цифрлық жабдықтар мен автоматтандырылған басқару жүйелерін, ал энергетиктер автоматтандыру мен энергия үнемдеу технологияларын меңгеруде, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.
Осы тұрғыда білім беру саласының алдында тұрған ендігі міндет – оқу үдерісі мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту. Бүгінгі таңда облыста жолға қойылған дуальды оқыту жүйесі аясында 37 колледж 464 кәсіпорынмен ынтымақтастық орнатқан. Студенттер оқу орнында біліммен қарулана жүріп, сол теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастырады. Сонымен қатар 150 кәсіпорын 29 колледжге қамқорлық жасауды қолға алған.
Ынтымақтастықтың жаңа үлгісі ретінде колледждерді, кәсіпорындар мен бейін­ді басқармаларды біріктіретін салалық кластерлер құрылып жатыр. Олардың алғашқысы – «Step Build: мамандыққа қадам» құрылыс кластері. Оның аясында «Кірпіш қалау» құзыреті бойынша оқу орталығын ашу, BIM технологиясын енгізу және жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
Сонымен қатар мектептерді, колледждер мен жоғары оқу орындарын, сондай-ақ IT компанияларды біріктіретін өңірлік IT-альянс құрылды. Агроөнеркәсіптік кешенге арналған кластерді қалыптастыру жұмыстары да басталған. Қазір ауыл шаруашылығы кәсіпорындары колледждермен маман даярлау және қызметкерлерді тәжірибе жүзінде оқыту жөнінде 31 меморандум жасасқан.
Кадр қажеттілігі тек қазіргі бос жұмыс орындарына қарап емес, болашақта іске қосылатын өндіріс орындарын ескере отырып та бағаланады. Талдау нәтижесі көрсеткендей, алдағы бес жылда өңір кәсіпорындарына төрт мыңнан астам қызметкер қажет болады. Олардың басым бөлігі – құрастырушылар, электрмонтерлер, токарьлар, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика құрылғыларын жөндейтін және реттейтін мамандар, операторлар және басқа да техникалық қызметкерлер.
Бұдан бөлек, облыста 30 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 186 инвестициялық жобадан тұратын тізбе қалыптастырылған.
– Мемлекеттік білім беру тапсырысы алғаш рет колледждердің өтінімдеріне емес, кәсіпорындардың нақты кадр қажеттілігіне қарай қалыптастырылды. Колледждер бизнес өкілдерінен сұранысқа ие мамандықтар бойынша ұсыныстар алады, студенттер тәлімгерлердің жетекшілігімен өндірісте тәжірибеден өтеді, ал оқу орындары білікті жұмысшылар даярлайды. Ең бастысы – мамандар оқуын аяқтағаннан кейін осы кәсіпорындарға жұмысқа орналасып, сонда еңбек етуі керек, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс басшысы атап өткендей, өңір экономикасының нақты сұранысына сай мамандар даярлау мақсатында салалық кластерлердің жұмысын жандандыру және бизнес өкілдерімен бірлесіп алдағы үш жылға қажетті жұмысшы мамандардың санын айқындау қажет.

                                                                                                              ЕҢБЕК НАРЫҒЫНЫҢ СҰРАНЫСЫНА САЙ
Қарағанды облысының колледждерінде еңбек нарығының сұранысына сай жаңа мамандықтар ашылып жатыр. Солардың қатарында алғашқылардың бірі болып Теміртау жоғары политехникалық колледжі жаңа оқу жылында гидротехникалық құрылыс мамандарын даярлауға кірісті. Биылғы 2026–2027 оқу жылында алғашқы топқа 30 студент қабылданды.
– Білім беру бағдарламасы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетімен және жұмыс берушілермен бірлесіп әзірленді. Теміртаудың таңдалуы кездейсоқ емес. Мұнда Қаныш Сәтбаев атындағы канал, Самарқанд су қоймасы және ирригациялық жүйелер сияқты су шаруашылығы инфрақұрылымының маңызды нысандары орналасқан. Алғашқы түлектер 2028–2029 оқу жылында бітіріп шығады деп күтілуде, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.
Басқарма басшысы өңірде кадр даярлау жүйесі кәсіпорындардың сұранысына қарай біртіндеп жаңартылып отырғанын атап өтті. Қазір цифрлық дағдыларды меңгерген және жаңа технологияларды игерген мамандарға қажеттілік артып отыр. Осыған байланысты колледждерде болашағы зор бағыттар бойынша маман даярлау кеңейтілуде. Олардың қатарында робототехника, ұшқышсыз ұшу аппарат­тары, аддитивті технологиялар және деректерді талдау бар. Дрон операторларын негізгі білім беру бағдарламалары бойынша да, қысқа мерзімді курстар аясында да оқыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар колледждер педагог-ассистенттер мен аддитивті өндіріс технологиялары бойынша мамандар даярлауға лицензия алды.

                                                                                                                     БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ – БАСТЫ БАСЫМДЫҚ
Қарағанды облысының колледждері халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, білім беру сапасын арттыруға басымдық беріп отыр. Қазір өңірдегі 11 оқу орны халықаралық аккредиттеуден өткен. Студенттер шетелдік компанияларда тәжірибеден өтіп, оқытушылар әлемнің жетекші білім беру орталықтарында біліктілігін арттырып жүр.
– Қазіргі заман талаптарына сай мамандар даярлау үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және озық технологияларды енгізу қажет. Бұл бағыттағы жұмыстардың бірі – Кәсіптік білім беруді инновациялық дамыту жөніндегі Қазақстан-Қытай альянсы. Оның құрамына еліміздің 18 колледжі, соның ішінде Қарағанды облысынан 15 оқу орны, сондай-ақ екі елдің білім беру ұйымдары мен кәсіпорындары кірді, – деді аппараттық кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.
Оның айтуынша, серіктестер ұшқышсыз технологиялар, жоғары технологиялық өндіріс және экологиялық жобалар салаларында бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеп, педагогтер мен студенттерге тағылымдамадан өту мүмкіндігін ұсынуды жоспарлап отыр.
Халықаралық аккредиттеуден алғашқылардың бірі болып Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжі өтті. Биыл колледж студенттері Түркиядағы қонақүй кешендерінде өндірістік тәжірибеден өтті. Енді өндірістік оқыту шеберлеріне арналған тағылымдамаларды ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Дулат Жекебаев келтірген мәліметке сәйкес, облыс колледждері алыс және жақын шетелдердің 10 еліндегі серіктестерімен 72 келісім мен меморандум жасасқан. Олардың қатарында Германия, Түркия, Қытай және Жапония мемлекеттері бар.
                                                                                                                                                                                                                                                                                          Өз тілшімізден

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір