ҚАРА ЖҰМЫСҚА БАРҒАНДАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ ӘЛІ ЗЕРТТЕЛМЕДІ
1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс тарихының ашылмаған деректері көп. Ел болып патша жарлығына қарсы шыққан сол жылдардың 100 жылдық мерейтойында атқарылар басты іс – тарих қатпарында қалып қойған заманның бары мен жоғын түгендеу ғой. «Июнь жарлығымен» қара жұмысқа алынған қазақтардың майдан даласындағы және кейінгі тағдыры жайлы зерттеулермен айналысып жүрген ғалым Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫМЕН сұхбатымыз осы төңіректе өрбіді…
– 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің ұлтымызға берген басты сабағы қандай? Егер патша жарлығын мүлтіксіз орындағанда қайтер едік?
– 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, патша жарлығына қарсы шыққан халық жасағының ерлігін бәріміз құрмет тұтамыз. Ел арасынан шыққан батырлар бес қаруы сай патша әскеріне қарсы шығып, ұлттың қайсар мінезін, өрлігін көрсетті. Бұл – азаттық жолындағы орны бөлек, ірі оқиға. Шынымен де, Кенесары қозғалысынан кейін, белгілі бір топтардың ғана емес, тұтас халықтың отарлаушы билікке қарсы шығуы, биліктің халықпен санасуын талап етуі – ұлт қайсарлығының ең ірі көрсеткіші еді. Әрине, Ұлт-азаттық көтеріліске дейін де патша билігіне деген жеке-дара қарсылықтар байқалатын. Бірақ бұл наразылықтардың ешқайсысы да жалпыұлттық сипат ала қоймады. «Июнь жарлығы» – ұлтқа қауіп төнгенде халықтың ұйыса алатынын, бірігіп бас көтере алатынын дәлелдеп берген ірі оқиға болды.
Енді екінші мәселе – сол кездегі зиялы қауымның көпшілігі бұл көтерілісті бірден қолдаған жоқ. Алаш арыстары – Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтар, керісінше, «Майданға барайық, тіпті, қара жұмысқа емес, қолымызға қару алып, әскерге барып, орыстардан әскер өнерін үйренейік» деген пікірді айтты. Сол кездегі зиялы қауым неге бұл қадамға барды? Шын мәнінде қазақ халқының Ресейдің патшалық билігіне қарсы шығуға күш-қауқары, қару-жарағы, дайын әскері жоқ екенін олар білді. Әрине, бір жақтың пікірі дұрыс, екіншісінікі бұрыс болды деп эмоцияға беріліп, пікір айтуға, ол кездегі оқиғаға төрелік жасауға біздің ешқандай құқымыз жоқ. Бір анығы, «Қара жұмысқа бала бермейміз» деген тарап та, «соғыс өнерін үйреніп келейік» деген жақ та, түптің түбінде қазақтың қамын ойлаған еді.
Мысалы, Алаш зиялылары «Қара жұмысқа кеткендермен бірге еріп баратынын айтып» қана қоймай, арнайы комитет құрып, майдан даласындағы қазақтардың жай-жапсарын анықтап, түгендеумен болды.
– Бұратана саналған халық қарсылығына басқыншы халықтың қатты шамданып, қырып салуға дейін барған астамшылығын қалай түсінуге болады?
– Он алтыншы жылдың, патша жарлығына қарсылықтың бір ерекшелігі – қазақтар ес жинап, жер жайын, ел жайын ойлай бастады. Егер сол қалпымен қала берсе, ұлттың арғы тағдырының не боларын жеке адамдар ғана емес, халық болып алаңдады. Жетісу өңіріндегі халықтың қатты қарсылық көрсеткені де дәл сол аймақтағы жер патша шенеуніктерінің қолына көптеп өтіп жатқандықтан еді. Оған қоса, ел арасындағы әділетсіздіктер, патшаға қарсы жеке көтерілгендердің аяусыз жазаланған тарихы жаңғырып, байырғы ескі жараның да аузы ашылды.
Патшалы Ресей үкіметінің үлкен қателігі – өкпе-реніші үдеп тұрған елге түсіндіру жұмыстарын жасамады, бұрынғысынша өктемдік көрсете береміз деп ойлады. Түсіндіру жұмыстары жүргізілмегенін кейін бәрі, тіпті орыстардың өзі мойындады. Түркістан аймағына тексеруге келген үкімет басшылары «түсіндіру жұмыстары мүлдем жүргізілмегенін» айтты.
Тағы бір мәселе – қара жұмысқа алынған қазақтың бәрі тұтасымен майдан даласына кетпепті. Соғысқа кеткен орыс мұжықтарының орнына ресейлік зауыттарда, ауылшаруашылық салаларында еңбек еткендері де бар екен. Тіпті, мұжықтарсыз қалған, ауыр жұмыс атқаратын еңбек күшінен айрылған Донбасс, Мәскеу, Қазан вокзалдарда «жүк тасушы» болып жұмыс істегендердің де бірлі-жарым дерегін таптық. Яғни қара жұмысқа алынған қазақ, өзбек, қырғыздарды соғыс комитетінің тапсырысын орындайтын мекемелерге бөліп-бөліп берген.
Нақты дерек – Батыс майданындағы қара жұмыста он үш жарым мың қазақ болды. Бұл деректер Әлихан Бөкейхан өзі бастап барған тексеру комитетінің есебінде бар. Қалғаны Оңтүстік-Батыс, Солтүстік майданына жіберіліпті.
Негізі қара жұмысқа нақты қанша адам кеткені белгісіз. Екі жыл болды, Мәскеу, Минск, Киев архивтерінен қара жұмысқа алынған қазақтардың дерегін іздестіріп жүрмін. Орташа есеппен қара жұмысқа 100 мыңдай қазақ шақырылған. Майдан даласының қара жұмысына шамамен 20-30мың қазақ кеткен. Қалғандары зауыттарда еңбектеніпті, каналдар қазыпты.
Майданның қара жұмысына алынған қазақтар белгілі бір тәртіпке, нақтырақ айтсақ, Шыңғыс хан құрған әскери тәртіп негізінде топбасы, жүзбасы, мыңбасыларға бағынған. Мыңбасылыққа ел арасында белгілі, сауатты адамдарды тағайындаған. Мысалы, мыңбасы болған Төлебаев деген кісі кейін Алаш әскерінің сапында болды. Әр дружинада бір молда болып, жұмысшылар жұма намазына барып тұрған. Қазақ, өзбектер қатерлі бүлік бастап кетпесін деп,тамақтану мәселесінде де жағдайларын жасауға тырысыпты. Мәселен, әр топтың сол ұлттан тағайындалған жеке аспазы болған. Жұмысшылар қара нан жемейді, ақ нан жейді, шошқаның етін адал ас санамайды деген талап-тілектеріне дейін ескерген екен. Тіпті, қандай кітап оқиды деген мәселе де болған сияқты. Архив деректерін қарап отырып, «Қазақ жұмысшылары арасында «Қазақ» газетіне сұраныс бар» деген ақпаратты кездестірдім. Қара жұмысқа шақырылғандардың денсаулығы да арнайы тексерісте болған. Одан өзге, майдан даласында еңбек етіп жүрген қазақтарды Алашорда инспекциясы арнайы тексеріп отырған. Патша үкіметі шенеуніктерінің қара жұмысқа алынған қазақтардың көңіліне қарауының себебі – артында қаралы елі, сұрау салатын жұрты барын ұлт-азаттық көтеріліс пен Алаш инспекциясының жұмысынан соң түсінген болатын.
Тағы бір айта кететін мәселе – майданда қару алып соғысқан Азия халықтары да болған. Мәселен, 400 адамнан құрылған түркіменполкі. Қазақтар арасынан да әскерге баруға арыз жазғандар болған. «Бұратана халықтың арасында мылтықты жақсы қолдана білетіндер өз еркімен соғысамын десе, әскерге алынсын», – деген Патша жарлығы шықты да, түркімен полкінде «Қырғыз взводы» пайда болды. Взводтағы отызшақты әскердің жиырмасы қазақ деуге толық негіз бар. Түркімен полкін басқарған атақты генерал Корнилов ақ пен қызылға бөлініп жатқан орысқа сенбей, жеке қорғаушысы қылып түркімендерді таңдап алған. Оның төрт жеке қорғаушысының үшеуі түркімен, біреуі қырғыз деп жазылған. Ол кезде қазақтардың қырғыз деп жазылатынын еске алып, оны қазақ деп айтуымызға толық негіз бар.
– Ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандар арасынан және кейін жазалаушы отрядтың қолынан қанша қазақ қырылды?
– Өзбекстандағы Жызақ көтерілісінде бірнеше мыңдаған орыстар қырылды. Қырғыздардың қолынан екі жарым мың орыс өлді деген дерек бар. Бұл дерек патша өкіметіне жаға қойған жоқ. Сондықтан болар, жазалаушы отряд негізінен қырғыздарды қынадай қырды. Әрине, қазақтың да жоғалтқаны көп. Әсіресе, Жетісу өңіріндегі көтеріліс ошақтары асқан қатыгездікпен басып-жаншылды. Ал қанша қазақ осы көтерілісте қырылды – әлі нақты дерек жоқ.
Ұлттың басын ұйыстырған көтерілісшілердің рухына арнап ескерткіш тұрғызып, сол қырғында қаза тапқан, патшалы Ресей әскерінің аяусыздығынан көз жұмғандардың атын атап, түсін түстеп тасқа қашап жазғанымыз жөн.
– Қара жұмысқа кетіп, ол жақтан оралмағандар жайлы не білеміз? Кері оралғандардың кейінгі бастан өткерген тарихы жайлы не айта аламыз?
– Иә, түрлі аурудан майдан даласында қаза тапқандар болған. Кейбірі ауруханаға жатып, қара жұмысқа жарамай қалған соң, елге кері қайтыпты. Жалпы, қара жұмысқа қанша қазақ барды, қаншасы кері оралды – толық тізімін жасай алмай жүрміз. Әрбір облыс, уезд бойынша тізім бар, енді кімнің қайда кеткенін анықтауға кірістік. Жүз жылдық мерейтойға үлгереміз бе деп едік, қаржы жағы қолбайлау болып, жұмысымыз тоқтап тұр. Ендігі жылы кімнің қайда кеткені, нендей жұмыс атқарғаны, молдасы кім, аспазы, топбасы, жүзбасы, мыңбасы кімдер болғаны толық анықтап, арнайы кітап қылып шығармақшымыз.
Біз бір нәрсені мойындауымыз керек. 1916 жылы қара жұмысқа барғандар патшаны жақтағандар, Алаш әскерін қолдағандар болып есептелді де, КСРО тұсында олар туралы көп мәселе қозғалмады. Осылайша олардың дерегі жадымыздан өшіп кетті. Он алтыншы жыл туралы айтқанда – қара жұмысқа барғандардың тағдыры әлі зерттелмей жатқанын мойындауға тиіспіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.
ПІКІРЛЕР1