Цифрлық білім кеңістігін қалыптастырудағы кітапханашының рөлі
23.09.2026
44
0

Гүлдана ҚАЛИЕВА,
Жетекші кітапханашы,
Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхана
ҚазҰлтҚызПУ

 Қазіргі ақпараттық қоғам жағдайында ақпарат көлемінің қарқынды өсуі оны іздеу, іріктеу, бағалау және тиімді пайдалану мәселелерін өзекті етіп отыр. Цифрлық технологиялардың дамуы нәтижесінде кез келген адам смартфон немесе компьютер арқылы әлемдік ақпараттық ресурстарға жылдам қол жеткізе алады. Электрондық кітаптар, ғылыми мақалалар, дерекқорлар, цифрлық платформалар және жасанды интеллект құралдары білім алудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруда.
Алайда ақпараттың қолжетімді болуы оның әрдайым сенімді әрі сапалы екендігін білдірмейді. Осыған байланысты қазіргі қоғам үшін ақпараттық сауаттылық, сыни ойлау, дереккөздерді бағалау және алынған мәліметтерді академиялық талаптарға сәйкес пайдалану дағдыларының маңызы артып келеді. Бұл үдерісте кітапханалардың және кітапханашылардың кәсіби қызметі жаңа мазмұнмен толықтырылып, олардың білім беру кеңістігіндегі рөлі күшейе түсуде.
Бұрын кітапханашының негізгі қызметі оқырман сұранысына сәйкес әдебиеттерді тауып, тіркеу және пайдалануға ұсынумен байланысты болса, қазіргі кезеңде оның кәсіби міндеттері едәуір кеңейді. Заманауи кітапхана – кітап қоры сақталатын дәстүрлі мекеме ғана емес, білім алуға, ғылыми зерттеу жүргізуге, шығармашылық және кәсіби дамуға мүмкіндік беретін интеллектуалдық-ақпараттық орта.


Осы тұрғыдан алғанда, кітапханашы ақпараттық ресурстарды пайдаланушы мен қажетті білім арасында байланыстырушы қызмет атқарады. Ол оқырманға қажетті әдебиетті ұсынумен қатар, ақпаратты тиімді іздеу алгоритмдерін меңгеруге, ғылыми және электрондық дерекқорлармен жұмыс істеуге, ақпарат көздерінің сенімділігін бағалауға, библиографиялық мәліметтерді дұрыс рәсімдеуге бағыт-бағдар береді. Демек, қазіргі кітапханашының қызметі ақпаратты ұсынудан гөрі, оны тиімді пайдалануға үйретуге бағытталады.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасында еңбек ете жүріп, оқырман мен кітапхана арасындағы өзара байланыстың білім беру үдерісіндегі маңызын күнделікті кәсіби тәжірибемнен байқауға болады. Кітапханаға келушілердің ақпараттық сұраныстары әртүрлі: бір студент дипломдық жұмысына қажетті әдебиеттерді іздесе, екіншісі ғылыми мақалаға дерек жинайды, үшіншісі оқу пәніне дайындалады. Сонымен қатар көркем әдебиет оқитын және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын оқырмандар да бар.


Осы әртүрлі сұраныстардың барлығын біріктіретін ортақ қажеттілік – ақпаратты дұрыс бағытта іздеу және таңдау. Кей жағдайда студент нақты әдебиеттің атауын білмеуі мүмкін, тек зерттеу тақырыбын ғана ұсынады. Мұндай жағдайда кітапханашы оқырманның ақпараттық қажеттілігін анықтап, тиісті ақпарат көздерін ұсынуы, іздеу стратегиясын түсіндіруі және қажетті дереккөздерге бағыттауы қажет. Бұл – кітапханашының кәсіби құзыреттілігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Қазіргі кітапхана кеңістігінің құрылымы да білім алушылардың жаңа қажеттіліктеріне сәйкес өзгеруде. Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханада ашық қор, заманауи технологиялармен жабдықталған оқу залдары, конференц-зал, академиялық жазылым орталығы, компьютерлік зертхана, жеке және топтық жұмыс орындары, демалыс бөлмелері, ана мен бала бөлмесі, кафетерий және музей орналасқан. Мұндай инфрақұрылым кітапхананы ақпаратты сақтау орнынан білім алушының зерттеу, коммуникация және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған көпфункционалды білім беру орталығына айналдырады.
Әсіресе цифрлық ресурстарды пайдалану мүмкіндіктерінің кеңеюі кітапханашының ақпараттық-библиографиялық қызметін жаңа деңгейге көтерді. Электрондық каталогтар мен ғылыми дерекқорларды пайдалану арқылы оқырман қажетті ақпаратқа жедел қол жеткізе алады. Алайда ақпараттың көптігі пайдаланушыдан оны жүйелеу мен саралауды талап етеді. Сондықтан кітапханашы ақпараттық ресурстарды ұсынушы ғана емес, пайдаланушының ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін маман ретінде қарастырылады.
Ақпараттық қоғам жағдайында академиялық адалдық мәселесі де ерекше маңызға ие. Интернет ресурстарының кең таралуы дайын мәтіндерді көшіруге, түрлі ақпараттарды дереккөзін көрсетпей пайдалануға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект құралдарының кеңінен қолданылуы бұл мәселенің өзектілігін одан әрі арттырып отыр. Ғылыми жұмыста пайдаланылған кез келген ақпараттың дереккөзін көрсету, авторлық құқықты сақтау, дәйексөздерді дұрыс рәсімдеу және плагиатқа жол бермеу – академиялық мәдениеттің негізгі қағидалары.
Осы бағытта кітапхананың атқаратын қызметі маңызды. Оқырманға қажетті кітапты тауып беру – кітапханалық қызметтің бір қыры болса, сол әдебиеттегі ақпаратты ғылыми жұмыста дұрыс қолдану жолдарын түсіндіру – қазіргі кітапханашының маңызды кәсіби міндеттерінің бірі. Академиялық жазылым, ақпараттық сауаттылық және ғылыми деректермен жұмыс істеу бойынша кеңестер мен семинарлар білім алушылардың зерттеушілік дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.
Қазіргі кезеңде жасанды интеллект технологиялары да білім беру мен ғылыми-зерттеу үдерісінің бір бөлігіне айналып келеді. Жасанды интеллект ақпарат іздеуді жеңілдетіп, мәтін құрастыруға, идеяларды жүйелеуге және белгілі бір мәселелерді талдауға мүмкіндік береді. Дегенмен жасанды интеллект ұсынған ақпаратты дайын әрі абсолютті шындық ретінде қабылдауға болмайды. Оның жауабында қателер, толық емес немесе контекстен тыс мәліметтер болуы ықтимал.
Сондықтан цифрлық білім беру жағдайында білім алушыға ақпаратты тек табу емес, оны тексеру, салыстыру, дереккөзін анықтау және сыни тұрғыдан бағалау дағдыларын қалыптастыру маңызды. Бұл жерде кітапханашының ақпараттық-кеңесшілік қызметі ерекше мәнге ие. Кітапханашы технологиямен бәсекелес маман емес, керісінше, цифрлық технологияларды сауатты және жауапты пайдалануға бағыт беретін кәсіби маман.
Цифрлық білім кеңістігінің қалыптасуы кітапханашының кәсіби құзыреттілігіне де жаңа талаптар қойып отыр. Қазіргі кітапханашы дәстүрлі кітап қорын басқару дағдыларымен қатар, электрондық ресурстарды, ғылыми дерекқорларды, цифрлық каталогтарды және заманауи ақпараттық технологияларды меңгеруі қажет. Сонымен бірге оқырманмен тиімді коммуникация орнату, ғылыми ақпараттың ерекшеліктерін түсіну, академиялық адалдық қағидаларын сақтау және ақпараттық сауаттылықты дамыту бағытында кәсіби білімін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс.
Менің осы кітапханада 26 жыл бойы қызмет атқарып келе жатқан кәсіби тәжірибем де кітапханашы мамандығының үнемі жаңарып отыратын сала екенін көрсетеді. Осы жылдар ішінде кітапхана қызметінің мазмұны ғана емес, оқырманның ақпаратпен жұмыс істеу тәсілдері де өзгерді. Сондықтан әрбір жаңашылдықты меңгеру, жаңа технологияларға бейімделу және кәсіби құзыреттілікті үздіксіз жетілдіру – қазіргі кітапханашының басты талаптарының бірі.
Кітапхананың негізгі құндылығы – оның оқырманға ұсынатын білім алу мүмкіндіктерімен өлшенеді. Кітаптың құндылығы оны пайдаланушының білімін толықтырып, дүниетанымын кеңейткен кезде арта түседі. Осы тұрғыдан алғанда, кітапханашының кәсіби қызметінің басты нәтижесі – оқырман мен сапалы ақпараттың тиімді байланысын қамтамасыз ету.
Кітапханаға алғаш келген студент қажетті ақпаратты қалай іздеу керектігін білмеуі мүмкін. Алайда дұрыс ұйымдастырылған кеңес пен кәсіби қолдаудың нәтижесінде ол электрондық каталогтармен, ғылыми дерекқорлармен жұмыс істеуді, әдебиеттерді іріктеуді және ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауды меңгереді. Бұл дағдылар оның тек оқу үдерісінде ғана емес, болашақ кәсіби қызметінде де маңызды рөл атқарады.
Қоғамның цифрлануы кітапхананың дәстүрлі қызметін жоймайды, керісінше, оның мазмұнын кеңейтеді. Кеше білімге апаратын жол негізінен кітап сөрелерінен басталса, бүгін ол электрондық каталогтан, ғылыми дерекқордан, академиялық жазылым орталығынан немесе цифрлық платформадан басталуы мүмкін. Осы ақпараттық кеңістікте пайдаланушыға дұрыс бағыт көрсететін кәсіби маманның қажеттілігі сақталады.
Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханада жүзеге асырылып жатқан кеңес беру жұмыстары, семинарлар, тренингтер және ғылыми-ақпараттық іс-шаралар білім алушылардың ақпараттық мәдениетін дамытуға бағытталған. Мұндай жұмыстар кітапхананың университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу үдерісіндегі маңызын арттыра түседі. Қорытындылай келе, цифрлық дәуір кітапханашы мамандығының маңызын төмендеткен жоқ. Керісінше, ақпарат көлемінің артуы мен цифрлық ресурстардың көбеюі оның кәсіби жауапкершілігін күшейтті. Қазіргі кітапханашы – кітап қорын сақтаушы ғана емес, ақпаратты іздеу, бағалау және тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыратын маман.
Сондықтан цифрлық білім кеңістігін қалыптастырудағы кітапханашының рөлі – білім алушыға қажетті ақпаратты ұсынумен шектелмей, оның ақпараттық сауаттылығын, сыни ойлау қабілетін, академиялық мәдениетін және ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға жағдай жасауымен айқындалады. Ақпарат көлемі артқан сайын оны дұрыс таңдау мен тиімді пайдалану қажеттілігі де күшейе береді. Ал осы үдерісте кітапханашы білім мен ақпаратты байланыстыратын маңызды кәсіби тұлға болып қала береді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір