Ертай АШЫҚБАЕВ. «КЕТЕЙІКШІ КӨКЖИЕКТЕН ӘРІ АСЫП…»
Амантай ағамызбен, жаңылмасам, 1978 жылы таныстым. Сол жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне түстім де, өзімізден жоғары курста оқитындармен, тіпті университетті бірер жыл бұрын бітіргендермен жүздесе бастадық. Әрине, ең алдымен, 5-курста оқитын Аманханмен танысуға тура келді. Бірақ әлдене жөнінде пікіріміз қайшы кеп қалды да, тоңтеріс боп айрылыстық. Дегенмен Аманхан нағыз ақынның мінезін танытты, келесі жолы жолыққанымызда арамызда ештеңе болмағандай жарқырай амандасты. Жалпы, ол кездегі жас ақындардың бір-біріне деген реніші шай орамал кепкенше кеуіп кететін. Қазір де солай шығар деп ойлаймын.

Бұны бір десек, екіншіден, достарымызбен әуелі, негізінен, Алматының қаптаған сыраханаларының бірінде танысып, кейін әмпей-жәмпей болып кете беретінбіз. Ол кезең біз Құдайды ұмытқан, Құдай бізді ұмытқан бір алаңсыз дәурен еді. Амантаймен танысуымызға да «Шолпан» деп аталатын сырахана себепші болып еді. Азғантай уақыт қана тобылғы торы сыраны сыздықтаттық, аз-кем ғана әңгімелестік, бірақ сол кездегі жас ақындардың салты бойынша жарысып өлеңдер де оқымадық, бір-бірімізді жете танып үлгермедік, содан кейін Амантайдың хабарын сырттай ғана естіп жүрдім.
Сөйтсем, Әбекең туған жеріне — Ақтөбеге кетіп қалыпты. Дегенмен бұл кезде мен Амантай Өтегенов туралы біраз мәліметтерге қанығып қалғамын. Жақсы ақын десетін алматылық жас буын, жақсы аудармашы екенін де айтатын. Тіпті Махамбеттің өлеңдерінен аударғандарын мысалға келтіретіндер де кезігіп қалатын.
Жалпы, жас адамдардың көпшілігі әр нәрсені есте сақтай бермейді ғой, мысалы, Әзілхан Нұршайықов секілді күнделік жазып жүрмейміз, әйтпесе, миымыз Бауыржан Омарұлы секілді бір көргенді ұмытпайтын, бір оқығанын қайталап еске түсіріп отыратын зерек емес. Дегенмен Әбекеңнің алғашқы жыр жинағына кездескен сәтім есімде қалыпты. Екінші курста оқып жүргенімде бір күні газет-журналдар сататын ләпкелердің бірінен «Лучи в ладонях» деп аталатын жыр жинағын көре қалдым. Авторы — Амантай Өтегенов. Жұп-жұқа жинақ екен. Жұқа жинақ болған соң өлеңдер де аса көп емес. Дегенмен сол жинақты әспеттеп ұстадым. Кейін университетті бітіргенімде өзіммен бірге Ақтөбеге ала келдім.
Бұл кезде Әбекең аудандық газетте редактордың орынбасары боп қызмет етеді екен. Ауданның аты — Октябрь. Газеттің аты да соған сай — «Октябрь туы» («Знамя Октября»). Сол баяғысынша өлеңдер жазады, аудармалар жасайды. Бір қызығы, Әбекең дефицит аудармашыға айналыпты. Қазақтың қабырғалы қаламгерлері прозалық туындыларын орыс тіліне аударту үшін Әбекеңді іздейді екен. Бұған да таңғалуға болмайды. Мектепте орыс тілінде оқығаны болмаса Амантай қазағы көп ауылда өскен. Қалада емес, ауылда. Қазақ тілінде сөйлесіп өскенін былай қойғанда, прозалық кітаптарды қазақ тілінде оқыған. Қазақ тілінде. Сәбит Мұқановты былай қойғанда, Михаил Шолоховтың «Тынық Донын» әуелі қазақ тілінде оқыған. Айтыңызшы, ол кезде (80-жылдары) қазақ тілін тап осы Әбекеңше меңгерген орыс тілді қазақтар көп болды ма? Осы күні еске түседі, сол сексенінші жылдары Ақтөбе қаласында қазақ мектебі екеу-ақ болып еді. Одан ілгеріректе болған да шығар, бірақ тіл саясатының терістігінен қалған мектептер Қазақстанда жабылып қалған 700 мектептің жолын құшқан да болатын.
Сол сексенінші жылдардың соңына қарай Әбекең Ақтөбеге келді. Ол кезде Батыс Қазақстан теміржолы дейтін алпауыт кәсіпорын «Болат жол» деп аталатын газет шығаратын. Әбекең сол газетке редактордың орынбасары болуға шақырылды.
Сол сексенінші жылдардың соңы мен тоқсаныншы жылдардың басы бір аумалы-төкпелі заман еді. Бұған дейінгі жылдарға тоқырау деп айдар таққан КСРО басшысы Горбачев демократияны әспеттеумен діңке құртқан. Жасалып жатқан еш шаруа жоқ, әйтеуір ертеңді-кеш демократиямен, қайта құру науқанымен арпалысамыз да жатамыз. Әсіресе демократия дегенді ішіп-жеп көрмеген халыққа оны тұтыну тым қиын екен. Әсіресе, «Қазақ пен ноғай айрылды, Қазақ сартқа қайрылды. Ноғайлының ну елі, Күңіренді, қайғырды» дегендей бізге қиын болды. Қазағыңа қайрылайын десең, ұлтаралық қағиданы бұзған пәлекет атанасың. Қайрылмайын десең, баяғы астамшылықтың іргесі сөгілетін түрі жоқ. Обком мен горкомға кірсең, тіліңді де, түріңді де менсінетін жан және жоқ. Әбекең жаңа қызметке келгенде, Ақтөбенің жайы осылай еді. Әжептәуір кеңселерде отырған әжептәуір ағаларымыз әйтеуір қазақша сөйлемеуге тырысатын. Оларға сөйлеме деп те жатқан ешкім жоқ, Мәскеуге құлдық ұрып қалған баяғы сорлы әдет. Енді айта беруге болатын шығар, бізбен әріптес «Путь к коммунизму» дейтін облыстық газетте бірде-бір қазақ болмады. Солардың арасында орыс тілін тап Амантай Өтегеновтің дәрежесінде білетіндер болған, болмағанын да білмеймін. Қазақ тілінің де оңып тұрған ештеңесі жоқ-ты. Барып кел, алып келге ғана жарайтын асүйлік тіл, кеңсе тілі. Мынау газеттердің дәмді тілден біржола айрыла бастағаны сол кезден басталды ғой деймін.
Не болғанда да, Әбекеңнің Ақтөбеге келуі бізге қолайлы болды. Орыс сөзін былай қойғанда кейбір қазақ сөздерінің түпкі мағынасын да Әбекеңнен сұрай саламыз. Себебі Әбекең талай роман-повестерді орысшаға қотарған және қандай дүниелер дейсіз ғой, мысалы, қазақ сөзінің әйгілі шеберлері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің немесе Әбіш Кекілбаевтың туындылары. Ал бұл кісілер әспеттеп ұстайтын шығармаларын кім көрінгеннің қолына ұстата салмайтыны белгілі. Әбдіжәміл әсіресе кейін «Соңғы парыз» деп аталған романын орыс тіліне аударғанда Амантайға жиі келіп жүрді, осында айлап жататын, кейін Алматыға да шақыртып алып жүрді. Ақыры сол кітап «аударған Антолий Ким» деген анықтамамен жарияланып жатты, кітапқа да, авторына да әлемнің әр тұсынан мақтаулар төгіліп жатты.
Әлгінде айттым ғой деймін, бұл кез (80-жылдар) қазақ тілі мен орыс тілінің ерекше айқасқан шағы еді. Өйтпеуге де болмайтын-ды.
Осындайды күн сайын көріп жүрген Әбекең еш өзгермеді. Бұрынғыша өлеңдерін жаза берді, бұрынғыша аудармалармен айналыса берді. Сол шамада қатарға жаңадан газеттер қосыла бастады, газет болғанда да кәсіби редакторы жоқ, кәсіби журналистері тапшы бірер мезгілдік басылымдар. Тіпті қостілді басылымдар шығып жатты. Дегенмен, қайткен күнде де, газетке материалдар керек, авторлар керек. Енді Әбекеңнің де жұмысы көбейді. Қазақ тілінде жазған дүниелерімізді Әбекеңе аудартып алатын болдық. Ал Әбекеңнің аудармасы жұтынып шыға келеді. Оқып шығасың да, өзіңе-өзің риза боп отырасың. Ал сондай аудармаларды орыстілді журналистер қабылдай алмайды, менсініңкіремейтін де сияқты. Сондайда басшымыз ақын Мейірхан Ақдәулетұлына Бауыржан Бабажанұлы екеуміз өкпемізді айтамыз. «Қайтесіңдер, — дейді Мәкең еш абыржымастан. — Амантайдың көркем тілін ұғыну орыс тілін жете меңгеруді талап етеді ғой. Ал мыналардың бар білетіні ресми тіл ғана. Қасаң тіл. Сосын, әрине, қабылдай алмайды». Қазақ тілінің дамуына Әбекең орыс тілімен солайша үлес қосып еді.
Сол заманда республикамызда ақындар айтысы жиі ұйымдастырылды және соның барлығы да теледидардан көрсетіліп жататын. Сондай шақтарда кездесе қалғанымызда Әбекең айтыста айтылған тапқыр шумақтарды қайта еске түсіріп отыратын. Әсіресе өзінің студенттік кезде досы болған Баянғали Әлімжанов туралы ықыластана әңгімелейтін. Кейін облыстық мәдениет басқармасының басшылығына Қази Жасекенов келген кезде Ақтөбеде де бірнеше республикалық айтыстар ұйымдастырылды. Сол айтыстарда қазылар алқасының бір мүшесі міндетті түрде Амантай Өтегенов болушы еді. Кейін жоғарғы билікке қатысты ащы сындар көбірек айтылып кетті ме, әйтеуір, айтыстардың адымы тарылып қалғаны мәлім.
Бұл кезде ақтөбелік қазақ ақындарын түрлі кездесулерге шақыру өріс алып кетті. Ондайда алдымызда Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбедегі өкілі Мұхтар Құрманалин ағамыз жүретін. Шақырушылар, әрине, алдымен сол кісіге жүгінеді. Ал Мұқаң қасына бізді, жас ақындар Амантай Өтегенов, Бауыржан Құрманқұлов және мені қосып алатын. Сол кездесулердің сценарийлері де есімде қалыпты. Әуелі Мұхаң өлең оқиды. Мысалы, балалық шағының базарынан айырған соғысты еске түсіретін: «Біздер бала кездегі ойыншықтар өзге еді. Бес-алты асық, киіз доп — «Бақыттың» сол безбені. /Біздер бала кездегі қиыншылық өзге еді. Сүт сұрайтын жас бала жаутаң қағып көздері» деп басталып, «Біздер бала кездегі ауыртпалық өзге еді… Жұдырықтай жүрегім Қалай соған төзгені!?» деп аяқталатын өлеңін тыңдаушылар жылы қабылдайтын. Жалпы, Мұхаңның соғыс кезіндегі тыл өмірін қамтитын бірқатар шынайы өлеңдері болғанын ақтөбелік оқырмандар жақсы білсе керек. Одан соң мінбеге Әбекең — Амантай Өтегенов шақырылады. Әбекең қазақ даласы, арғымақтар, Махамбет, Отырар кітапханасы тәрізді тақырыптағы жырларын оқиды. Әлбетте өлеңді жазу бар да, оны көпшілік алдында оқи білу бар. Мұхтар Шахановтың әдеби кешіне келгендердің Алматыдағы опера театрына сыймай қалғаны, бұны кейін «әдейі ұйымдастырған» деп комсомолдың Орталық Комитетіндегі іші тар әлдебіреулер сынағаны құлағымызға жеткені бар-ды. Әбекең де өлеңді ерекше бір сазбен оқитын. Жиналған аудиториямыз ылғи қазақтардан құралғанымен Әбекеңнің сазды екпінге бейімделген дауысын тыңдармандар елтіп тыңдап отыратыны әлі көз алдымда. Ағамыз арасында таза қазақ тіліне көшіп, біз аударған қазақ тілді өлеңдеріне кезек беретін. Бауыржан Құрманқұловтың жырлары сол кездегі қазақ жастарының көңіл күйін дөп басатын. Әсіресе «Т+Б» деген өлеңі тыңдаушылардың бөлекше қызығушылығын тудыратын, менің «Қос мең» деген өлеңіме қатысты сұрақтар қойылып жататын…
Дегенмен сонда Әбекең қандай өлеңдер оқитын? Мысалы, мынау Махамбет туралы жыр:
Махамбетті есіме алсам болғаны
Сілкінемін,
Көкірегіме күн қарар.
Сел-қуатқа толып тұр ғой толғамы,
Қара түнді қақыратар мұң да бар.
Қона қалар құт емес ол баршаға —
Ақын болу,
Болу және ұрангер.
Қаһарлы үнді ұран еттің қаншама,
О, Махамбет,
Қастерлейді мұраңды ел.
Опасыздық салған кезде тырнағын
Талақ еттің тіршілікті тас маңдай,
О, Махамбет,
Ұмытылған жоқ жырларың,
Қайталадық көзімізден жас парлай.
Муза-жырың…
Аспанға өрлеп атағы,
Сәукелесі көзін арбап бар ұлдың.
Қас жүйрікпен ұшып бара жатады,
Қасиетті құмдарында Нарынның.
(Қазақшаға аударған Е.Ашықбаев)
Келесі мына өлең де тарихтың қойнауына тартады. Жалпы, әу баста біздің Тұманбай мен Қадырды үлгі тұтқанымыз секілді орыстілді қазақ ақындары да әуелі Олжастың өлеңдерімен ауызданғаны мәлім. Олжас әдетте қазақтарға әуелден мәлім әуендерден гөрі басқа жұрттар ерекше назар аударатын детальдарды қолданғаны аян («Арғымақ», «Ата-баба аруағы»,«Махамбетке», «Куман жыры», «Мәмбет батырдың дар алдындағы дұғасы», «Уа, Ақсақ Темір хан», т.б.). Ал түбі бұл бағыт ақынды кейін лезде дауға айналған, астам пиғылдағы орыс ғалымдарының өзін шыж-быж еткен «АзиЯ» кітабына жетелегені басқа әңгіменің еншісі. Мынау да сондай өлеңдердің бірі — «XVII ғасыр: соңғы сарбаздың сөзі»:
Қанды ұрыстан қалжыраған
кең дала…
Қаным қозып қан іздеймін сонда да.
Сонау көкте жалғыз ұшқан қырандай,
Бір атадан жалғыз қалған мен ғана.
Тірі қалдым жауымнан кек алуға,
Басын иіп, табаныма салуға.
Денелерін отқа қақтап тірідей,
Тәңіріме бір құрбандық шалуға.
Сауытты үстен енді қалай
тастармын,
Семсерімді қынға салмай баптармын.
Садағымды сақадайын сай ұстап,
Көк найзамды қол астында сақтармын.
Ат үстінде туған ұлан екенмін,
Ат үстінен түспей, бәлкім, өтермін.
Ел-жұртымды жермен-жексен
еткен жау,
Мен де еліңді жермен-жексен етермін.
Атам менің ел сыйлаған ақын-ды,
Әкем менің атышулы батыр-ды.
Он ағалы жігіт едім… дариға-ай,
Өкініштен жаным менің аһ ұрды.
Мен жалғызбын, кегім бірақ өзіммен,
Мен жалғызбын, арым бірақ өзіммен.
Соңғы ұрысқа шақырамын, шығыңдар,
Сойқан салмай тынышталмас
сезіммен.
Дұшпан басын мен де қаға білемін,
Жесірінің жібіте алам жүрегін.
Көргенімді жауым саған көрсетпей,
Тыным таппан!
Тыныш елдің ұлы едім…
(Қазақшаға аударған Б.Құрманқұлов)
Жалпы, Қазақстанда тұратын орыстілді қазақ ақындарының жырлары міндетті түрде қазақ тарихына, Ұлы даланың өткен кезеңдеріне соқпай өтпейді. Сол арқылы олар бағзы заман мен бүгінгі дәуір қазақтарын ойша салыстыратын болуы керек. Рас, мұндай сарындар, әрине, қазақ ақындарының шығармаларында да жетіп артылады. Дегенмен қағазға орыс тілінде түскен шумақтарды оқығанда, бізде бұл тұрғыда не нәрселер жетіспейтінін іштей бағамдап отырасың. Мысалы, «Тыным таппан! Тыныш елдің ұлы едім» деген жолдарға көзің түскенде қазір алдымен Украина есіңе түсе кетеді. Мына шумақтарды оқиықшы:
Керемет қой кең жазира ел іші,
Үйде қалай жатасың сен жай тауып.
Даламыздың дайын бүгін жемісі,
Жүр, Петька дос, жиде теріп
қайталық.
Барған сайын жапырағын жаяды,
Бала күнгі тай ғып мінген тал шыбық.
Таныс жолмен тартайықшы баяғы,
Жалаң аяқ, таңғы шыққа малшынып.
Бүйрек төбе, боз жусанға жетерміз,
Нөсер жақын, айналайын, бол, асық,
Жалаң аяқ жайраң қағып, екеуміз
Кетейікші көкжиектен әрі асып.
(Қазақшаға аударған М.Құрманалин)
Бұл да – Амантай Өтегеновтің бала кезінен көңілінде қалған бір сурет. Соғыс деген үрейдің жоқ кезі. Тыныш елдің балаларға жағымды күнделікті тірлігі. Елдік мәселеге келгенде іріленіп кететін Әбекең жайдары көңіл күй лирикасына келгенде жаймашуақтана салатын.
Әрине, бұл аудармаларымызды шедевр еді деуден аулақпыз. Қатар жүрген соң Әбекеңе деген ілтипатымызды білдіру мақсатында аударғанымыз рас еді. Онша қиналмағанымыз, алуан түрлі баламалар іздеп әуре болмағанымызды да жасырудың қажеті жоқ. Ал Әбекең әр сөзге мұқият қарайтын. Мысалы, көне өлеңдерді аударған бір шақтарында «бұдырайған екі шекелі» деген сөздің мағынасын сұрап бізді тығырыққа тірегені есте қалыпты. Сөйтсек, біз «Бұдырайған екі шекелі, Мұздай үлкен көбелі, Қара ұнымы сұлтандайын жүрісті, Адырнасы шайы жібек оққа кірісті» деп сыдыртып оқып шыққанымызбен, түпкі мағынасына үңіле қоймайды екенбіз. Осыны Әбекең соңынан қалмай зерттеп, Рабиға Сыздықова тәрізді үлкен ғалымдардың еңбектерін ақтарып, кейін өзімізге түсіндіре айтқаны бар. «Бұдырайған екі шекелі» — негізі теке, яғни тотем екен, ата-бабаның дәстүрі бойынша теке деген атау киелі болғандықтан сол күйі бадырайтып атауға болмайды екен. Әбекеңнің архизм сөздерге қатысты бұдан басқа да айтқандары көп еді.
Әбекеңнің аудармашылықтың мығым мектебінен өткені әр кез әңгімелерінен байқалып қалатын. «Өйбу-й, Әбең (Әбдіжәміл Нұрпейісовті айтады), несін айтасың, өзін де аямайды, өзгені де аямайды, теріңді сығып алады ғой. Ал Тахаңмен (Тахауи Ахтановпен) жұмыс істеу рахат еді. Мысалы, бір сағат аудармамен отырсақ, екі сағаттай серуен құрып әңгіме айтатынбыз», — дер еді. Мына әңгімесін де еске түсіретініміз бар: «Университеттің үшінші курсында оқып жүргенімде Тахаңның «Майданнан тыс қалғанда» атты әңгімесін аудардым. Кейін екі томдығында жарияланды. Аудармашы ретінде менің фамилиям жазылмапты. Несін жасырайын, қоңырайып қалдым. Сосын «Шырағың сөнбесінді» аудардым. Мұнда да менің фамилиям жоқ. Петр Краснов деген жүр. Өкпелеп, Тахаңа хат та жаздым. Мұны айтып отырғаным, Тахаңа ренжіп калған сәттерім де болғанын кұпиялағым келмегені. Өтірік көлгірсудің қажеті не? Көлгірлік Тахаңның да табиғатына тым жат еді ғой. Сосын Тахаңның оқта-текте қайталап қоятын мынадай нақылы бар еді: «Кемеңгердің ішінде де ит өліп жатады». Қалай, ә? Ал, жалпы, сол кезде кітаптың шекесіндегі аудармашы мәскеулік болуы жазылмаған заң еді».
150 жылдығы тұсында ма екен, Әбекең Абайдың өлеңдерін орыс тіліне аударып, кітап етіп жариялағаны бар. Шын бағасын беруге білімдері жетіспеді ме, әйтеуір, сол аударма туралы республикалық басылымдарда әдебиетшілер мен сыншылар ауыз тұшырлық ештеңе айтып жарытпады ғой. Бұған Әбекеңнің өзі де назар аударған жоқ. Біздіңше, назар аудармасқа болмайтын еңбек еді. Әбекеңнің қазақ жазушыларының жиырмаға жуық романын орыс тіліне аударғанын да ұмытпауымыз қажет-ақ.
80-ші жылдардың екінші жартысында ма екен, Қалтай Мұхамеджановтың Мәскеудегі «Советский писатель» баспасынан бір томдық пьесалар жинағы жарық көрді. Кітап дүкенін аралап жүргенде көзіме түсті де, мазмұнын қарап шықтым, сонда екі пьсаның тұсында «перевод Амантая Утегенова» деп көрсетілген екен. Дереу Әбекеңе айтып бардым, ағамыз кәдімгідей риза боп қалды. Осы тұста Әбекеңнің өзіне де қатысты деуге болатын бір өлеңінің түпнұсқасын келтіре кетелік. Әбекеңнің «Казахи» деп аталатын осы өлеңін оқығанда (немесе тыңдағанда) ағамыздың өзі туралы да, ұлты (өзіміз) хақында да біршама ой түюге болады.
Нам все равно, хоть на подушку,
Лечь головой, а хоть на плаху.
Мне кажется, нет равнодушней,
Народа в мире, чем казахи.
С врагом делиться самым лучшим,
Из благородства, а не от страха…
Мне кажется, что нет радушней,
Народа в мире, чем казахи.
Покой души беречь ревниво,
Даже когда идет все прахом…
Мне кажется, что нет ленивей,
Народа в мире, чем казахи.
Забить последнюю овечку,
Гостю — посланнику Аллаха,
Притом раздвинут гордо плечи…
Что делать, таковы казахи.
Чеченцу пришлому ли, немцу ль,
Отдать последнюю рубаху.
И восхищаться иноземцем,
Пожалуй, могут лишь казахи.
Трудиться до седьмого пота,
Не требуя при этом платы,
И дорожить своей свободой,
Превыше серебра и злата.
Внезапно затаить обиду,
На друга только за усмешку,
Потом в упор его не видеть,
Отречься от него навечно.
Готовы мы. Такой характер.
Такой уж нрав у нас.
Что делать?!
Нам все равно прав иль неправ ты,
Нам важно, чтобы сердце пело.
От добрых чистых отношений,
От радости простой в глазах…
Коль нужно, то без размышлений,
За друга жизнь отдаст казах.
Терплю или люблю казахов?
Об этом трудно мне сказать.
Но благодарен я Аллаху,
За то, что я и есть казах.
Да, я ленив, спесив, обидчив,
Да, не прощаю другу зла.
Но не фальшив и не двуличен,
Надежен в дружбе, как скала.
Восток почувствует, и Запад,
Нас, полагаю я, поймет.
Мир узнает уже казахов,
И сам к казахам мир идет.
Қазақтың жоғарыда есімдері аталғанынан бөлек Амантай Өтегенов қыруар қаламгерлерді орысша сөйлетті: Қуандық Шаңғытбаев, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Фариза Оңғарсынова, Есенжол Домбаев, Абдул-Хамит Мархабаев, Серік Асылбеков, Баққожа Мұқаев, т.б. Өзінің кітаптары да аз емес еді: «Мужские стихи» (1984), «Мост через остров» (1999), «Запретный плод» (2011), «Тарихат» (2011)… Алғашқылардың бірі болып Қазақстандағы халықаралық Пен-клубтың мүшесі болып еді. Кезінде Ақтөбе облысы әкімі сыйлығының лауреаты, Қобда ауданының Құрметті азаматы атанды. Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының тәуелсіздік кезеңіндегі алғашқы директоры, облыстық музей директоры, облыстық кітапхана директоры, «Тұран» газетінің бас редакторы ретінде де аймағымыздың экономикалық, саяси-мәдени, әдеби өміріне қатысты іргелі шаруалар атқарғаны да белгілі. Облыстық «Актюбинский вестник» газетінде қызмет етті. Оның барлығын санамалай бастасақ, Әбекеңді кеуде тұста жүретін көп шененіктің біріне ұқсатып аламыз ба деп те тыйылып отырмыз.
Сол Әбекең — Амантай Шәмілұлы Өтегенов тірі болса биыл 75 жасқа толар еді. Өзіне үлкен-кішілер арнаған жылы лебіздерді тыңдап отырар еді. Бірақ 2018 жылы ауыр науқастан соң өмірден өтіп кетті. Өлеңдері көкжиектен асқанымен өзі аса алмады. Қайтыс боларының алдында Бауыржан Бабажанұлы екеуміз бір жағынан, көңілін сұрап, екінші жағынан, келе жатқан жаңа жылымен құттықтап үйіне кіріп шыққанымыз бар. Ағамыз тың көрінген. Аз-кем әңгімелестік, әлдебір аудармамен айналысып жатқанын тілге тиек етті. Бірақ науқасы жайында ештеңе айтпады. Әбекең жылауық емес еді, өлеңдеріндегі ескілікті қайсар қазақтар секілді қай нәрсеге де бүгежектемей тік қарайтын. Бұл жолы да сол мінезін тағы бір рет таныдық. Көңіліміз орнына түсіп, жылы қоштасқанбыз…