Ұлы Даланың тарихи сабақтастығы – конституциялық құндылық
Алматы қаласында «Заманауи қоғамдық құндылықтар жүйесі: басымдықтар мен даму келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов, зиялы қауым өкілдері мен жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Басқосуда ұлттық құндылықтарды сақтау, тарихи сабақтастықты нығайту, қоғамдық сананы жаңғырту және өскелең ұрпақ тәрбиесінің өзекті мәселелері талқыланды.
Жиында сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов:
– Конституциямыздың кіріспесіндегі «Біз, біртұтас Қазақстан халқы», «Байырғы қазақ жерінде мемлекеттікті нығайта отырып», «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген сөйлемдерде өте терең мағына жатыр. Бұл – біздің өткен тарихымыздың алдындағы жауапкершілігімізді және сол тарихты қастерлеу арқылы ғана жарқын болашақты құра алатынымызды айқындайтын басты кепіл.
Ұлы Даланың тарихи сабақтастығын конституциялық құндылық ретінде бекітудің бірнеше маңызды қыры бар.
Алдымен, рухани бірегейлік. Біздің ұлттық болмысымыз, тіліміз, діліміз және дәстүрлі құндылықтарымыз – мемлекеттің қорғауындағы басты байлық. Қазақ халқының сан ғасырлық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ұлттың рухани Конституциясы іспетті. Үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру, ата-ананы ардақтау, ақсақалдың батасын алу, қарсы сөйлемеу, үлкеннің алдын кесіп өтпеу, қонақты төрге шығару, сөзге тоқтау, жеті атасын білу, туған жерді қастерлеу – халқымыздың тәрбиелік мектебінің алтын өзегі. Бұл құндылықтар ұлтты ұйыстырды, қоғамдағы татулық пен келісімді сақтады. Сонымен бірге халқымыздың ырым-тыйымдарының өзі ұлт тәрбиесінің өміршең жүйесі болды. «Нанды аяқасты етпе», «Ысырап қылма», «Суға түкірме», «Отты баспа», «Босағаны керме», «Ұяны бұзба», «Ақты төкпе» деген тыйымдардың бәрі адамды адалдыққа, табиғатты аялауға, үлкенді сыйлауға, кішіпейілділікке, еңбекті қадірлеуге тәрбиеледі. Демек, бүгінгі Конституцияда бекітілген адам құқықтары, қоғамдық келісім мен жауапкершілік қағидалары халқымыздың дәстүрлі дүниетанымымен табиғи үндесіп жатыр. Біз осы дүниетанымға, осы дәстүр сабақтастығына қайта оралуымыз қажет деп есептеймін.
Екінші, әділеттілік пен тұрақтылық. Қазақ қоғамында әділдік ұғымы қашанда ең жоғары құндылық саналған. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бастаған билер институты заң үстемдігін, парасат пен әділдікті негізге алды. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағида – бүгінгі құқықтық мемлекеттің де басты ұстанымы. Сондықтан Конституция – әділетті қоғамның құқықтық негізі болса, ұлттық тарихымыз – оның рухани тірегі.
Үшінші, ұрпақтар сабақтастығы. Тарихты білу және оны қадірлеу – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке тәрбиелеудің ең сенімді жолы. Ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру тек отбасының емес, бүкіл қоғамның, білім мен мәдениет саласының ортақ міндеті.
Заң үстемдігі орнаған қоғамда ұлттық рух та биік болуы тиіс. Сондықтан Ұлы Даланың ұлы құндылықтары – бірлік, береке, сөз қадірі, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты адами қасиеттер біздің басты бағдарымыз болып қала береді, – деді Мереке Әбдешұлы.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар қоғамдық құндылықтарды жаңғырту, ұлттық бірегейлікті нығайту және Конституцияда айқындалған қағидаларды қоғам өмірінде орнықтыру мәселелері бойынша пікір алмасты.