БІР АУЫЗ СОЗ
ӘҢГІМЕ
Бекболат ӘДЕТОВ
– Әй, абыстай-ау, саған бір ауыз сөз айтып қана шығайын деп әдейі бұрылдым, әйтпесе әлгі көк түйнегім үйде жалғыз қалды, – деп, салпаң төс салдуар қатын – Шәлипа табалдырықтан аттамай жатып-ақ міндет арта кірді. – Бұ заман не боп кетті өзі, көрші отырып бір-бірімізді зәуде бір көреміз (ең әрісі бұрнағы күні осында Ақылдаспен тізе қосып отырып, иіндеп тұрған самауырынды сарқып ішіп кеткені есінде жоқтай). Бүйте берсек, кәпірстан боп кетеміз ғой, түге. – Салдырлаған бойы төрдегі жұмсақ диванға барып, көміле жайғасты. – Ойбай, қу жан!.. Мына тізе құрымағыр да аттап шығуға жарамайтын боп барады. Осындайға Мойылдының қара батпағы таптырмайды деседі ғой. Солай барып, әлгі арғындағы қызға салмақ салып бір жатып қайтсам ба екен деп те ойлаймын. Былтыр келгенде Рәшит құданың өзі «сөйтсеңші» деп кетіп еді. Тегі, бар ма, Құдай ниетін оңынан берген адам. Құрақ ұшып тұрады ғой, мың болғыр. Уһ! Не айтайын дедім?..
– Бір ауыз сөз, – деп Ақылдас есіне салды.
– Е, иә… Ес қалмады ғой мен байғұста. Он бір бала тауып, жеткізу оңай деймісің. Қазіргі келіндер екі баланың басын құрап үй бола алмай жүр…
Онысы рас. Шәлипа осы Аталықтың табалдырығын аттап, бұл ауылға келін боп түскелі бері, обалы кәне, құрсағы құр жатқан емес. «Балағынан бала саулап жүреді» деп ауылдың қылжақбасы Қошқарбек айтса, айтқандай. Онымен де қоймай, «аты затына сай ағатайым» деп Аталықты мүшектейтінін қайтерсің. Әуелгі қызды-қыздымен жүріп, өздері де байқамаса керек, әбден беріде, заманның репеті бұзылып, балапан – басына, тұрымтай – тұсына дейтіндей қиын-қыстау күндер туғанда естерін бір жиып, арттарына қараса, Шәлипаның құрсағындағы кезекті нәресте оныншы бала екен. «Қой, бәйбіше, енді ұят болар, тегі. Осы ұл боп туса атын ырымдап Кенжебек деп, қыз болса Кенжегүл деп қоялық та, аттың басын тарталық», – деген Аталық бірде. Аса жақтыра қоймағанымен, Шәлипа да соған ұйыған еді. Бірақ көрейін деген жарығы бар екен, одан кейін де дүниеге Қанағат атты тағы бір ұл келген ғой. Әлгіде Шәлипаның үйде жалғыз қалды деген «көк түйнегі» – сол. Оның өзі жақында екінші сыныпқа көшіп отыр. Қолды-аяқтай азамат десе де болады.
– Үй болар да еді-ау, мына өкіметі түспегірің есі кіріп, етегін жинай алмай-ақ қойды емес пе, – деп, Шәлипа енді бір қиырға салды. – Кешегі сәбет қандай еді: яслиің – анау, балабақшаң – мынау. Тіпті ішіңдегі шарананың өзін өбектеп жүріп, жерге түсірмей қағып алушы еді ғой, обалы кәне. Тек баласын тауып беріп, жұмысын істесең болды. Енді келіп, түк таппағандай, соны да жамандадық-ау. Өзімізге де обал жоқ.
– Жамандаса, соған лайығы болғаны да, – деп, Ақылдас сыналап сөз қосқан болды. Әшейінде мұндай нейбет сөзден қарқын алып, арындап кететін Шәлипа бұл жолы өйтпеді. Екпіндеп келе жатқан бағытын кілт өзгертіп:
– Келін-ау, сенің не білгенің бар, әлгі қырғыз қайнағаның қаладағы баласы үйленсе керек қой, – деді, жаңа бір әңгіменің жібін тарқатардағы ерекше ықыласымен еміне түсіп. – Бес жүз адам шақырып, дүркіретіп той жасаған білем. Не істейім десе де қолынан келеді қазір. Ішкені – алдында, ішпегені – артында, тіреп тұрған шағы.
Қырғыз қайнағасы – Аталықтың немере ағасы Қожағұл екені Ақылдасқа да белгілі. Әкелері отыз екінің ашаршылығында қырғыз асып кетіп, содан әбден беріде оралғанын білетін. Бірақ соның ыласы тез кете қоймай, өз ортасы – туған жұртында әлі күнге «қырғыз» атанумен келетін ғой. Әйткенмен, шетте шерменде боп жүріп еңбекке әбден пісіп-жетілгендігінен болар, келе қолға алған шаруасының қайсысын болса да дөңгелентіп әкетіп, аз жылда айта қалғандай дәулет құрап алған. Әрі-беріден соң алыс-беріс саудаға армансыз араласып, әкеден мұра – жұтқырлығымен қаз орнына қарға қондырып, боғын боталы түйеге балап, аңқау елді жүндеген уқит-суқиты және болды, жасырып қайтеміз. Кілең қусирақтардың заманы белең алғалы бері оның да мұрнынан құрты түсіп тұрған шағы осы еді ғой. Өзге түгіл, күні кеше өздерін шұрқырай қарсы алып, өзектерін жұлып бере жаздаған ағайын-туғандарына одырая қарап, жүре сөйлесетін болған. Өзі сондай болса, одан туған бала не оңсын. Жаңағы тойына ел қатарлы ескеріп Аталықты шақырмауы – соның бір мысалы ғана. Ойдан-қырдан жинаған бес жүз адамның санатына немере бауырын ілмеуін Қожағұлдың шектен шыққан әйкәпірлігі демей не дерсің. Шәлипа келіні қайнағасының бұл қылығын өзегі өртеніп отырып айтса, айтқандай-ақ қой.
– Ел бүлінді, несін айтасың, – деді абысыны құйып берген шайды суытып барып қолына алған Шәлипа. – Ең жаманы – адамның пиғылы бұзылды. Енді мұндай елмен жуықарақпанда ұшпаққа шыға қоям деу… әй, қайдам!..
Бір әңгімеден екінші әңгімеге ешбір дайындықсыз оп-оңай ауыса салуға келгенде жан баласына дес бермейтіннің нақ өзі – әйел ғой. Әрі ол, анау-мынау емес, Шәлипа болса не дерсің.
– Қой, кетейін, – деді әлден соң. – Әлгінің де келетін уақтысы жақындап қалған шығар. Жетеді кәзір, ақ тауды айырып, қара тауды қайырып… Сонысына қарай кәдуісекті жөргем дерлік бірдеңесі болса ғой тауып жатқан. Қайдағы…
Айтқанындай-ақ, осы сәтте есіктен едіреңдей кірген жарғақ құлақ сыптығыр бала:
– Апа, көкем келді! – деді, ел көшіргендей ентігіп. Оған айылын жия қоймаған Шәлипа кенжесінің бойы-басына сынай көз жүгіртіп алып:
– Әй, көк түйнегім-ау, менің мұнда екенімді қайдан біліп келдің? – деп сұрады.
– Е, білем да!..
– Білсең, бар, тамақты жылыта беріңдер. Мен де жетем кәзір.
Бұдан соң құдайдың күні де тұлданып, қашаннан бері бір тамшы тамбай тұрып алғанын, «сұмырай келсе су құритынын» бірсыдырғы әңгіме ғып барып жолға түскен Шәлипа үйіне келгенде әкелі-балалы екеуі тамақтарын ішіп, ыдыс-аяқтарын жуып, тап-тұйнақтай болып отырған ғой. Аталық кемпірінің жүзіне бір қарады да ләм-мим деп тіл қатқан жоқ. Тіл қатқанда не айтады? «Қабағың қату ғой» десе бітті, тұтанайын деп тұрғанын көріп отыр. Сондықтан құрысын, тыныштық керек. Мұндайда тек бір-ақ ауыз сөз жетпей тұрады емес пе.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.