Алаяқтардың айла-шарғысы: қоғамды алдау әдістері
12.05.2026
97
0

Фатима БАЙМҰҚА,
ҚазХҚжӘТУ журналистика
факультеті, 1-курс студенті

Қазіргі қоғамда алаяқтық мәселесі барған сайын өзекті сипат алып келеді. Интернеттің кең таралуы мен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы алаяқтарға адамдарды түрлі айла-шарғылар арқылы алдауға мүмкіндік берді. Мұндай қылмыстардың салдарынан көбіне зейнеткерлер мен жастар зардап шегуде. Бұл жағдай қоғам қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселе ретінде қарастырылады.

 Зейнеткерлер алаяқтардың басты нысанасына айналып отыр. Көп жағдайда олар телефон арқылы келген хабарламаларға және интернеттегі мәліметтерге сеніп қалады. Алаяқтар өздерін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстырады. Осындай тәсілдер арқылы азаматтардан жеке деректер мен банк картасының мәліметтері сұралады. Соның салдарынан көптеген зейнеткерлер жинаған қаражатынан айырылып қалып жатады.

 Жастар арасында да алаяқтық құрбандары жиі кездеседі. Интернет кеңістігінде таралған жалған жарнамалар, күмәнді ұсыныстар және тез табыс табуға шақыратын хабарландырулар жастардың қызығушылығын тудырады. Сонымен қатар, жалған интернет-дүкендер мен әлеуметтік желілердегі жалған парақшалар арқылы алдау әрекеттері кең таралған. Кейбір жастар белгісіз сілтемелерді ашып, жеке мәліметтерін жариялап қояды. Осындай жағдайлар алаяқтарға оңай мүмкіндік береді.

Алаяқтықтың алдын алу үшін әрбір азамат жоғары деңгейде сақтық танытуы тиіс. Бейтаныс адамдарға жеке деректерді, банк картасының нөмірін және құпия кодтарды беруге болмайды. Күмән тудыратын сілтемелерді ашудан бас тартқан жөн. Ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеру қауіпсіздікті сақтауға көмектеседі.

 Қорытындылай айтқанда, алаяқтық – қоғамға елеулі қауіп төндіретін күрделі мәселе. Әсіресе жастар мен зейнеткерлер ақпараттық сауаттылықты арттыруы қажет. Қырағылық таныту, ақпаратты мұқият тексеру және қоғамда бір-бірін ескерту мәдениетін қалыптастыру алаяқтық әрекеттердің азаюына ықпал етеді.

 Біздің ата-бабамыз «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген. Алайда бүгінгі жастардың бір бөлігі үшін «ар» ұғымы «табыс» көлеңкесінде қалып қойғандай. Адам өлтіру, біреуге зиян келтіру немесе есірткі тарату арқылы мыңдаған тағдырды улау – кейбіреулер үшін жай ғана «бизнес-процесс» болып барады.

 Бұл – сананың трансформациясы. Біз рухани байлықтан гөрі материалдық көрсеткіштерді жоғары қоятын қоғам құрып алдық. Жастар «Кім болсам?» деп емес, «Қанша тапсам?» деп ойлайтын болды. Егер біздің болашағымыз – жастар – ақша үшін заңды аттап, адам өмірін құрбандыққа шалуға дайын болса, біз қайда бара жатырмыз?

 Статистикаға сүйенсек, есірткі бизнесіне араласқан жастар орта есеппен 2–3 ай ғана «жұмыс істеп» үлгереді. Одан кейінгі аялдама – темір тор. 18–20 жасында сотталып кеткен жастың өмірі сол жерде үзіледі деуге болады. Дипломның орнына – сотталғаны туралы анықтама, жарқын болашақтың орнына – конвойдың сүйемелдеуі.

Жеңіл ақшаның соңы – ауыр өкініш. Ешқандай қымбат телефон, брендтік киім немесе бір күндік рахат бостандықтың бір минутына да тұрмайды.

 Бізге не істеу керек? Бұл мәселені жасырып қою мүмкін емес. Біз – журналистер – қоғамның дертін айтатын «дәрігерлерміз». Университет қабырғасында жүрген әрбір студент түсінуі тиіс: адал еңбекпен табылған бір теңге – арам жолмен келген миллионнан қайырлы.

 Қоғам болып «ұят» пен «ар» ұғымдарын қайта жаңғыртуымыз қажет. Табыс – еңбекпен, біліммен және маңдай термен келгенде ғана адамға абырой әкеледі. Ал өзгеге қайғы әкелген ақша түбінде өз иесін де құрдымға жібереді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір