ҚАРА  КЕМПІРДІҢ ҰЛЫ  МЕН  КЕЛІНІ
01.07.2016
1397
0

Сәдібекұлы_АйжарықӘңгіме

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ

 

«Алғаның болса жақсы – бақытты болғаның,
жаман болса – философ боласың».
Платон.

 

Әбіләзи жасынан қалжыңбас болып өсті. Қағытпа сөзге кеткен. Жүрген жерін кү­л­кіге көміп жүргені. Үйде де сол, қай­дағыны тауып айтқыш әзір-жауап. Анасы: «Жасыңда қалжыңбас болсаң, қартайғанда мылжыңбас боласың» деп ескертсе де қоймайды. Қоралы жаннан шаңыраққа ие болып қалған екеуі – шешесі мен өзі. Іші пысып еріккенде «тиісетіні» осы қолтоқ­пақ­тай қара кемпір. Өңі көмір түстес бол­ғандықтан шешесіне Африканка деп ат қойып алған.

Күн бүгін жексенбі еді. Әбіләзидің жақ­­сы көретін күні. «Категория жизни» деген кітапты түннің бір уағына дейін оқи­мын деп кеш тұрған. Күнде таңмен талас тұрып ағыл-тегіл терлегенше жүгіре­тін. Таңертеңгілік жаттығуды содан кейін жа­сайтын. Ұйқыдан кеш оянғандықтан бү­гін жүгірген жоқ. Бірден жаттығуға кіріскен.

Іште дастарханын жайып, сары самаурынды ызылдатып анасы күтіп отыр. Түнемелік қарбытқан тағамның шөлі болады. Көзкөргендер «Қара кемпір» атан­дыр­ған Мәйеш шайқор. Бір самаурынның суын бір өзі сарқуға бар. Ал баласы шайға жоқ, пиаласын анасына мықтағанда үш-төрт рет ұсынады. Сонымен болды. Дегенде, кейбіреулердей бетін бір сипап тұрып кетпейді. Шешесі шайға әбден қанып, көңілін бірлегенше көз алдында әрнені бір айтып жайраңдап отырады. /Шамасы ше­ше­сінің көңілін аулау үшін әдейі сүйтетін болуы керек/.

Мәйеш баласының қалжыңына кейде күліп мәз болады, кейде әңгімелері жа­рас­пай тәжікелесіп те қалады. Бұл үйдің де­малыс күнгі тіршілік тынысы көбіне осылай басталады. Былайғы күндері Әбіл­әзи таңертеңгі шайға қарамайды. Мек­те­біне асығады.

Әдеттегідей бұл жолы да: – Африканка! Как дела? – деп дастархан шетіне жай­ғасты.

– Келін болмағасын дела қайдан дела болады…

– Ой, қандай контрас! Ақ дастархан, қара кемпір, сары самаурын, қызарып піс­кен бауырсақ. Тағы не? Қолдың сары майы. Апа, сенің осы сары майың бар-ау, маған майдай жағады. Жүрегіме тимейді. Керемет!

– Сөзді қой. Мені қашанғы алдарқата бересің. «Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде» дегендей, қойдың жасындай  жасым қалды. Бір шүйкебасты қашан әкелесің? Қайрат­ты-ақ едім, қашанғы болсын, шал­дығайын дедім. Осы күні аяғымның тамыры тартылып қала беретін болып жүр.

– Жаңақорғанның тұзды балшығына апарайын. Емдел.

– Емдел дейсің, мына үйге, малға кім қарайды? Бір шүйкебас болса, бір сәрі…

– Апа, сенің арманың бір шүйкебас екен. Ербитіп оны  қайтем. Менімен ойнама, Африканка. Мен мынауский қыз ала­мын, білдің бе? – деп Әбіләзи оң  қолы­ның төрт саусағын бүгіп, бас бармағын шошайтты. – Шөпжелкелерді  Айғара  алсын, – деп өзіндей бойдақ құрдасына бере салды.

– Сол мынаускийіңді енді қашан әкеле­сің?

– Қолым тимей, табаным тартпай жүр ғой…

– Сен осы кімге ұқсағансың? Өлуге қо­лы тимей жүрген шешеңді әрі итеріп, бері жығасың да отырасың…

– Қызық, кімге ұсағанымды мен қай­дан біледі екем. Апа, өзің айтшы, мен осы кімге ұқсадым, а? Қарап жүргенше біле жүрейін.

– Қой әрі оттамай. Сопа басың сандалып жүргеніңе қарағанда, итке ұсаған шығарсың. Осы ма менен есітейін дегенің? Қатынды мен үшін алма,  өзің үшін ал. Осы жаз қолыма бір шөпжелкені ұстатпа­дың бар ғой, бесеуі бес елге пенде болып кеткен ана апаларыңның біріне кетіп қаламын, білдің бе? (Бұл енді баласын қорқытқан­дағысы). Жүр сосын кірің жуылмай азып-тозып. Ө несі-әй түге!..

– Қыздарыңа кететін болсаң тіптен жақсы. Бәрін айт та, бірін айт, емін-еркін сайран салып жүргенді айт. Иә, апа?

– Я, жетісерсің…

– Апа деймін-ау, маған бір ой келіп жүргені.

– Ол не деген ой?

– Ішіме симай жүрген ой. Үйленіп керегі не деймін де. Құдайақына. Өзің ойлашы, үйленсем мойныма құрық түседі. Сосын біткенім ғой. Ол сосын қарап жүре ме, қыңқылдап жүріп жүкті болады. Сосын қайтеді, ыңқылдап  жүріп бала туады. Тағы туады. Туа береді, туа береді. Шөп­жел­ке, шүйкебас дегендер сондай ғой, апа. Жұрттан да, өкіметтен де ұялмайды. Сосын жүргенім ғой батпан бейнетке батып. Бала-шағаны қалай асыраймын деп. Жоқ, онан да сыбай салтаң жүргенім жақсы емес пе, я апа?

Осының бәрін шешесін сөйлетпекке айтып отыр.

– Құрсын, құрсын, – деп күрсінді қара кемпір. – Сен, балам, осының бәрін та­был­­ған ақыл деп шынымен айтып отырсың ба?

– Ия, шыным апа.

– Оқуыңды бітіріп аузыма нан салға­ныңа биыл бес жыл болды. Қатарыңның бәрі аяқтанып үлгірді. Алды шешелеріне не­мере сүйгізді. Ал менің отырысым мынау, бір бәлекейге зар болып. Асылы, жігіт­тің нашары Айғара екеуің болдыңдар-ау. Қу тізелеріңді құшып қашанғы жүресіңдер, ел-жұрттан ұялмайсыңдар ма?

– Ұялғанда қайтеміз, қыздар қара­маса…

– Әй, онда бар ғой, көңілің соққан бір қызды сыртынан көрсетші. Құда түсейін. Маған қызын бермейтін қандай жұрт еке­нін көріп алайын сосын.

– Жаманға кім қызын беруші еді.

– Кім жаман?

– Мына мен – ұлың. Жаңа ғана өзің айттың ғой, нашарсың деп.

Мәйеш амалы таусылып: – Саған сөз шақ келмейтін шығар. Саған айттым не, айтпадым не? Құр далаға айтқанмен бір­дей… – деп қатуланып сілкінді. Әбіләзи күліп:

– Әй, апам-ай менің! Африканкам-ай менің! – деп шешесін екі бетінен алма-ке­зек сүйіп-сүйіп алды да, телевизорға дем берді. Дегендей бір шоғыр қыз үкілері жел­кілдеп билеп жүр екен. Әдемі-ақ! Бірі­нен-бірі өткен сұлу, билері де, өздері де көз­ді қызық­тырады. Құйқылжыған әсем қоңыр күй сарыны шалқи түсті.

Мәйеш: – Адам-ай, осылардың басыбайлы байлары бар ма екен? – деп баласына қарады. – Ылғида осы, көйлектері кө­лең­деп билейді де жүреді. Өстіп жүріп бай­сыз қалмаса болғаны ғой, пәтша­ғар­лар…

– Ой, апа-ай, қызықсың-ау…

– Өздерін біздің жаққа да жіберіп алмайды-ау, ә!

– Ал жіберді, неғылар едің?

– Біреуін қазыққа байлап алып қалар едім.

– Көнеді деген.

– Неге көнбейді? Үйде де телебезір бар ғой, келсін де билей берсін.

– Ай, апа. Көзі жоқ әулиесің-ау…

– Апаламай-ақ қой. Қатынды мен өлгесін аларсың. Шешесінің көзі тірісінде аяқтанбай, көзі кеткесін үйленіп, байғұс қара кемпірді өлтіре алмай жүр екен ғой деп күллі көшеге күлкі болып жүрме… – деп Мәйеш қыжым шапанын бүркеніп, теріс қарап жатып қалды.

Бұл енді ұлына өкпелегені.

Үйдің іші тым-тырыс. Қолында «Категория жизни» деген кітап. Әбіләзи сыртқа шығуға  ыңғайлана  берген. Шешесі  қыжым шапанының  астынан: «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген. Ме­нің көзім жұмылуын күтіп жүрген шы­ғар…» деп күңкілдеп жатыр. Әбіләзи күліп:

– Африканка, құр босқа жатып алға­ның не? Басың ауырады ғой, – деді не дер екен деп.

– Жынымды келтірме. Осы жатқаным жатқан, – деді зекіп. Артынша шапанын серпіп жіберіп: – Неғып тұрсың селтиіп. Бар, баратын жеріңе, – деді дауысы құ­мығып.

– Апа, келініңді осы қазір бұрымынан сүйреп әкелсем бе екен деп ойланып тұрға­ным.

– Әй, қасқа бала, немене, ен салып, қойғаның бар ма еді?

– Бары бар ғой.

– Не дейді ойбай-ау?! Олай болса неменеге созбақтап жүрсің, а?

– Әне үйленбейін десем де ойбай, үй­ле­нейін десем де ойбай. Соншама не болды?

– Ойбайламай қайтейін…

– Ал мен кеттім, Африканка!

– Қайда жаным-ау?

– Келін әкелуге. Қандайынан әкелсем екен, ә? Орыстан ба, кәрістен бе, жоқ әлде, ха­кастан, африканкадан, татардан, чукчадан…

– Ойбай, шүршіттен болса да бір бәле­кей­ді әкеліп кіргізші, менің жаным тыныш тапсын десең.

Мәйеш енді жата алмады. Ап, пірім-ау! – деп бір-екі ұмтылып тұрды төсегінен, тізелері сықырлап. Жиналмай қалған дас­тарханды жинастырып болғасын тысқа шықса, «келінді тап қазір бұрымынан сүйреп әкелемін» деген ұлы көлеңкеде қан­нен-қаперсіз кітап оқып отыр. Кемпір үйге үндемей ғана қайта кіріп кетті. Сосын қыжым шапанын тарс бүркеніп жатып алды, теріс қарап.

 

* * *

Әбіләзи жазғы  каникулға шығуына ойға  алып  жүрген шаруасына құмбыл  кірі­сіп кетті. Жұмысты ә дегенде үйінің іші-сыр­тын­дағы сылақтарын  қырып  түсіріп,  жаңа­дан сылап әктеуден бастады. Оны болғасын еденді, есіктер мен терезе  жақтау­ла­рын, босаға-табалдырыққа  дейін  қалдыр­май қызыл-қоңыр бояумен сырлады. Лак­пен майлап жарқыратты. Шар­бақ­ты, қа­қ­паны қою көк бояумен көркейтті. Қора-қоп­сыны жөндеп, ауланы тазартты. Бәрін болып қараса, үйі, қора жайы көктен түскендей жаңарып, ажарланып қа­лып­ты.

– Молодец, Африканканың баласы! – деді өзіне-өзі. – Енді бір бойыңды жазып қыдыруыңа болады.

Қайным деп үйірсектеп, ойнақылана қылмыңдап жүретін көрші үйдің келіні Мәйешті жағалайды: – Әже-е, әжеші-і, балаңыз осы жаз аяқтанады-ау шамасы, қимылына қарағанда… – деп жетіп келді.

– Айтқаның келсін, қарағым! Заманда­сың ғой, өзінен сыр тартып көрмедің бе?

– Сыр тартып көрейін десем, қашқақ­тай­ды. Білгені – ішінде… өзін ауыздандырып, жеңгелік парызымнан құтылсам ба деп едім…

– Өш, құрсын! О не дегенің? Ыдысың қосағыңа құт болсын.

– Ойнап айтам, әже.

– Қоя ғой бейбақ. Байың барда етегің­мен ойнаймын деп ойының осылып жүр­ме­сін…

– Құдай сақтасын, әже! Жәй әншейін қалжыңым ғой.

Басы байлаулы болғанымен бұл бар болғырдың діңкесі құрып жүр. Тәттіқұмар кезі, келсең келден кет әрі емес. Құр аттай құлшынған жігіттен дәмелі. Оның сымбаты мен қайратына қызығады. Телевизор көріп немесе газет-журналға шұғылып оңаша отыратын сәттерін кәдімгідей аңдып жүргені. Сондайда буы ыстық бой­дақ­тың басын айналдырып бағады-ақ. Бі­рақ жігіт илікпейді. Өзіне ынтызар керімнің ынтығын әзілмен бәсеңдеткен болады. Былайда қалжыңбас жігіт айта ал­масын ба, қырғын анекдоттармен ішек-сілесін қатыра күлдіріп есін алады. Қима­сы бөрітіп жүрген пәтшағардан сөйтіп құтылады. Ол да есесін жібермей бағады. Кейде Әбіләзиге үй шаруасына қолғабыс тигізуін өтінетіні бар. Сондайда әзілдеген болып: «Кіндігің жылыға тисін» дейді демі дірілдеп, алабұртып. Қолғабыс еткені үшін айтқан алғысы – ішкі тілегі. Әбіләзи оның ойынан шығып тілегін жандыруға «көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген киелі киеден сескеніп тартынады.

Араларынан қыл өтпейтін бұл екі үй Әбіл­ә­зидің бала кезінен көршілес болатын. Шешесінің бастасы Шабыл шал мен кемпірі Әтиманың бір баласындай болып кеткені қашан. Олар да бұны туған ұлынан кем көрмейді. Ардан аттай салуға көңіл қошының соқпайтын бір себебі сол.

Әтиманың келіні: –  Ой, әже-ай, бала­ңыз қандай қызды жетелеп келер екен… – деп күрсінді.

– Қайдам, қарағым! Алла  бір иман­жүзді балаға жолықтырғай да деген ақ тілектің үстінде жүрмін ғой, – деп қара кемпір де күр­сінді.

Содан, бокс қапшығын күні-түні төм­пештеумен жүрген Әбіләзи бір күні аяқ астынан жоқ болып кетті. Әне келер, міне келер деумен иманын айтып зәресі қал­маған қара кемпірге ас батпады. Солай алаңжарлы болып қобалжып жүргенінде ұлы телефонмен хабарлассын. Ташкент ке­тіпті. Шешесі аң-таң. Қашан қайтасың деуге ғана шамасы жетті. Баласы әзір осында жүре тұрамын деді. Бұл: – Саған не дейін, аман болсаң болар… – деп іркіліп қалды.

Содан, тағы бір жеті өткен шамада ұлы тағы да телефон шалып, шешесінің аман­дығын білді. Бұл жолы Самарқаннан хабарласты. Ферғана, Бұқара, Үргеніш бар­ған. Амандығын білдіргенімен неғып қиыр­да жүрген мән-жайын айтайын де­мей­ді. Ал шеше байғұс баласының бұл жүрі­сінің не жүріс екенін білмей шерменде.

Қырғын қыздан тек бір қызды, сонша жігіттен тек бір жігітті ұнатқан екеуі осы жаз қосылуға уағдаласқан еді. Бір-бірін ес біле бастағаннан білетін. Бір мектепте оқыды. Бала екі класс ілгері, қыз екі жыл кейін. Бір-біріне қаршадай кездерінен ын­тыққан. Баяғы Қозы менен Баяндай. Се­гізіншіні бітірген жазда қыздың үйі облыс орталығына көшті. Бұл мектепті бітіруіне дене мәдениеті институтына, ал қыз дәрі­герлік оқуға түсіп, екеуі бір қалада оқып жүр­ді.

Жігіт оқуын жеріне жеткізгесін қызға қыңқылдаған. Қыз «оқуымды тиянақты бі­тірмей өкшемді көтермеймін. Шын мен­дік болатын болсаң, күтесің» деп бірден ке­сіп айтты. Институтын бітіргесін де «ма­ма­ма бір жыл нан жегізбегенім қалай болады» деп, тағы тартыншақтады. Содан, амалы қайсы, сүйген жүрек бәріне көнеді екен.

Сонымен не керек, Әбіләзи қалыңды­ғын күдерін үзбей күтті. Шыдап бақты. Айтарыңыз не, осы жазға көзі бір қызарып, бір қарауытып әрең жеткен жігіт қалың­ды­ғын алғашқы жиырма төрт күндік демалысына шығуына еркіне қоймай жетектеп, ел асып кеткен еді. Анасына айтқан «серті» бойынша «бұрымынан сүйреп». Енді екеуінің той алдында әрі қыдырып бой жазып, әрі қалыңдық ойнап жүрген жүрістері ғой, сайранды салып, бабалардан қалған тарихи мұраларды аралап.

Сол күндерде Гүлсінай қалыңдық ой­на­ған жігітінің ойынан шықты…

 

* * *

– Әже-әже! Әже-ші, әже! Сүйінші! Сүйін­ші! Балаңыз келіншек әкелді! – деп, тағы да тағы бірдеңе-бірдеңелерді айтып, көршідегі келіншек таңмен талас ала­геуім­де табалдырықтан сүріне-қабына аттап кіріп келсін ентігіп. – Сүйіншімді бересің ғой, я әже? – деп Мәйештің дег­бірін алып барады. Мәйеш:

– Не дейт, жарығым-ау?! – деп омалып намаз оқып отырған орнынан үш ұмтылып, шақ тұрды. Жайнамаз жайына қалды. – Алла, Алла, шынымен бе? Жеттім бе, жет­кіздің бе…

Кемпір байғұс денесін игере алмай тәлтіректеді. «Апыр-ау, маған не болды, әлімнен айырылып…». Көңілге болмаса табан астында құлын тастаған биедей буын-буыны босап барады. Құдай-ау, өңім бе, түсім бе… – дей берді апалақтап. Сол бойы:

– Сен неғып қалшиып қалдың? Мені сыртқа шығарсайшы… – деді сүйінші сұрай келген келіншекке. Ол:

– А, ойбай-ау, шынында… – деп кемпірді қолтығынан алды. Екеуі сүйемел­десіп сыртқа шыққанда, Ана алдында Айдай жарқырап ұлы, Күндей күлімдеп келіні қолұстасып тұрды. Ажары атқан таңдай, ақша маңдай арудың сұлу лебі шарпығандай болды ма, Мәйеш талып түсе жаздады. «Айналып кетейіннің жүзі шамшырақтай екен». Қылтыңдаған шүй­ке­бас та емес, шөпжелке бәлекей де емес, перизат па дерсің. «Алла, кешіре гөр, тіл-аузым тасқа» деді ішінен аблығып. Қашан келінді болар екенмін деп санамен сар­ғайып жүрген байғұстың кәрі жүрегі ат­қақ­тап қоя берген. Еркек бала құсап спорттық порымда киініп алған ару тізесін бүгіп сәлем етті. Бұл дауысы дірілдеп:

– Бәрекелде! Мұңсыз бол, – деді. Баласы қарап тұрмай:

– Міне, біздің Африканкамыз осы. Ауданда единственный. Әкем баяғыда қой бағып жүрген кезінде Африкаға командировкамен барып ертіп келген. Содан бері біздің үйде жүр, – деді кәнігі әзілқойлығына бағып.

Ал Мәйештің көңілі де, көзі де басына әлі жаулық түспеген келінінде. Ұлының әзіліне жымиып күліп тұр. Мәйеш оны:

– Келші бері құлдығым, – деп құша­ғына қысып екі бетінен, маңдайынан құшырлана сүйіп-сүйіп алды. – Қадамың құтты болғай, шыбыным! Алла бағыңды ашқай, – деді кемсеңдеп.

Тап осы сәтте Әбіләзи де абдырап сәм­сіре­ген анасын аяп, толқып тұрған-ды.

– Африканка бізге қарамайын деді ме, келінін көргесін… – деді жайраңдап.

– Ә-ә, қаңғыбасым, неше күн, неше түн болды жаман шешеңнің зәресін зәр түбіне кетіргеніңе, – деп ұлын да құшақтай алды. – Е, Алла, осы күнге жеткізгеніңе тәубе… – деп кемсеңдеп жүріп, келінін табал­дырықтан оң аяғымен аттаттырды. Сандықта келініме деп сары алтындай сақтап жүрген су жаңа ақ жібек бөрте шә­лісі бар еді. Сонымен Гүлсінайдың жүзін жасырды.

Көрші-көлем де жиналып қалған. Ке­лін­ді жылдап күткен ақ шымылдық құ­рыл­ғанда үйдің іші жарқырап сала берді.

Беташар той сол күні-ақ басталып кет­кен. Гүлсінайдың беті ашылысымен ағайын жасаулы дастарханды қаумалай қалған. Бабалардан қалған салт: келіннің қолынан шай ішіп баталарын бермек. Бәрінің назары Гүлсінайда. Ажары, бітімі мұншама келісті болар ма, етегі тобығына төгілген ақ көйлек, ақ жібек шәліге малынып, ішкі жан дүниесінің нұры сыртқа теуіп, аппақ жүзі сәулеленіп отыр. Құдды адамзаттан емес, перизаттан жаралғандай жарқырауын…

Енесінде ес жоқ: «Тіл-көздің сұғынан сақтай гөр» деп Алласына жалбарынумен болды. Шайды бабымен сәндеп құя алар ма екен деп те қобалжыған. Келіні қысыл-ған жоқ, еркін. «Алла жарығымның жанына жамандық бермегей» деп күбірледі. Бір самаурын сарқылып екінші самаурын бұрқылдап келе қалғанда, Мәйеш: «Шір­кін­дер­дің аңқалары кеуіп қалған екен» деп іштей шайқорларға кейіп алды.

Көпшілікті шақырған үлкен той ертеңіне кешкілік аудан орталығындағы жалғыз ресторанда болды. Арнайы құр­метпен шақырылған құдалар жағы келгенде, бұрын көрмеген ағайындар бәрінен де Гүлсінайдың анасына таң қалып гуіл­дессін-ай!

–  Анасын көр де, қызын ал деген. Пай-пай, пай! Келімі келген-ақ екен…

– Қара кемпірге Құдай берген, ә? Баласын бокстан спорт шебері  дейтін, келінін де спорт шебері деп айтады. Волейболдан!

– А-а, солай ма?!

– Мә-ә саған…

– Қызық болғанда, көмірдей қара кемпірге маңдайын жарқыратып сүттей аппақ келінді бұйыртқанын айтсайшы…

– Ойпырмай десейші, жаман-жәутік кемпірдің аузының салымы барына не дерсің…

– Бала мықты ғой, бала мықты болса, солай болады…

Осылай гу-гу. Олар осылай желпінісіп жатқанда, қос құдағи құрметті төрде тізерлесіп отырған. Мәйеш құдағайымен іш ашысып әңгімелескісі келген, шүйірке­лесіп. Сондағысы: келінім қазан-ошаққа ие бола ала ма, кір жуа ала ма, оқу-тоқудың ізімен кеткен бала ғой, сиыр сауа ала ма… болды.

Өмірін от басы, ошақ қасында күлді-көмеш күйбеңмен өткізген жарықтықтан қайдан көсемсөз шыға қойсын. Құдағиы сыр берген жоқ. Кеудесін тік ұстап отырған қалпын бұзбай:

– Сиыр дейсіз бе? Дән саспаңыз. Келінің керек болса, жыланды да сауып береді, – дегенде, Мәйеш:

– Алла-Құдай… – деп шошып кетті.

– Шошыма. Келініңе екі бетімді алып-салып жүріп бәрін үйреткенмін. Ырысы­ңыз бар екен. Келінді соқтың. Әлі-ақ қо­лың­ды жылы суға малып отыратын бола­сың, – деп Мәйештің білегін қысып-қысып қойды.

Қара кемпір болса, көңілі көкке жеткендей қопаңдады…

 

* * *

Расында Құдай бере салған келіні анасының айтқанындай екен. Үйдің қам-қарекетін игеріп әкетті. Мәйеш «шүкірім-шүкірім» деп жүріп қолындағы кілттерін, қара шаңырақтың бар мүкәмалын келініне тапсырған. Әбіләзидің әзілімен айтқанда «шешесінің ұйқысы қанық, көңілі тоқ. Беззаботный. Коммунизмде ғұмыр кешіп жатыр». Ал келіні сиырды да сауды, кірді де жуды, тағамның да түр-түрін пісірді. Тігін машинасы бар екен, істі де тікті. Спортымен де айналысты. Дәрігерлігіне де үлгірді. Қажетінде күйеуінің велосипеді мен мотоциклін де жүргізіп жүре береді. Қабағын шытпайды. Жарқылдап, күліп-ойнап көңілді жүреді. Енесінің тұяғын қимылдатпайды. Иіліп сәлемін жазбайды. Жасы үлкеннің алдынан өтпейді. Құ­дайдың бергені сол.

Қызық болғанда, келінінің басқа да өнері барын алғаш көргенде, қара кем­пі­ріңіз шалқасынан түсе жаздады, Алла-Құдайлап. Баласы күнде таңертең аулада тұрған турник пен гимнастикалық брусьяда ақ тер, көк тер ойнайтын. Оған көзі үй­ренген. Енді оған келіні қосылды. Жыл­дам-ақ!  Алғашында: «Қарағым, бір жеріңді майып қылып аларсың» деп көрген. Ке­ліні: «Мамка, мен үйренгенмін ғой, ештеңе етпейді» деп жұбатты. Мәйеш сонда: «Құдая тоба…» деген.

Әбіләзи спорт мектебіндегі мұғалім­ді­гіне қоса аудан боксшыларын жаттық­ты­ратын. Спорт шебері екенін білген билік­тегілер Гүлсінайды да қыздар волейбол тобының бапкерлігіне бекітті,  дәрігер­лі­гі­не қосып. Дегендей, қара кемпірдің келіні командасын облыста алға шығаруға жанын сала кірісті. Қыздарын кейде көл жағасына алып кетеді, кейде жұмыстан кейін­гі кешкілікте аулаға жинап жаттық­тырады. Ойынға өзі де араласады. Сондайда Мәйеш келінінің көз ілеспес ұшқыр қимылына тоймай мәз болып отырғаны. Гүлсінай көкке шырқап ұшқан допты атылып барып, секіріп соққанда, екпініне төтеп бере алмаған қарсы беттегі қыз ты­раң етіп жығылып жатады. Сол сәтте қара кемпір де бір қопаң етіп қалады. Өңі тұр­ғай түсінде көрмеген қызығы.

Ондайда, баласы келіншегіне: «Африканканы командаңа ал. Мынауский капитаның болады» дейді шешесін арқасынан қағып. Қыздар да ду-ду шулайды: «Алайық, алайық әжені» деп.

Содан не керек, бапкер болғалы «кө­мір­дей қара кемпірдің сүттей аппақ келіні» атанған Гүлсінай көп ұзамай қызықшыл жұрттың назарына ілікті. Уақыт өте келе оның есімі естінің де, есердің де аузында жүрді. Бір үйден ерлі-зайыпты екі бап­кердің шыққаны туралы гу-гу бірте-бірте аңызға айналып бара жатты.

Бірде Мәйеш, бастасы Шабыл шал кемпірімен үшеуі бір шақырыспаға барған. Ду-ду әңгімеде тілеулес көзтаныстар: «Келініңіз инабатты бала екен, алдына көрінуге барғанымызда, қабағын шытпайды. Бір бөлек бала өзі. Сөзі жұмсақ. Көр­ген­ді жас екені сияғынан білініп тұра­ды…» деп жүдә ағынан жарыла мақтасын.

Қара кемпір шақырыспадан болып-толып қайтты. «Шүкірім сол» деп келеді. Жолда Шабыл шал:

– Сен, бастасым, жарылып кетпей неғып шыдап келесің. Жаңағылардың айтқанының қалпалы жоқ. Ұлың  жұрттың он ұлына, келінің он келініне татиды. Сен Құдай берген кемпірсің. Жасыңда бейнетті көп көріп едің, еңбегің еш кеткен жоқ. Келінің алақанына салып бағып күтуде. Одан артық не керек. Еңбек қайтты деген осы ғой… – деп шалқып келеді.

– Айналып кетейінім-ай, өзі бар ғой, баладан бөлек, – деп Әтима замандасы да қосарланды. – Көре қалғанымда бар-ау, осы іші-бауырым елжіреп қоя береді. Өзінің тізесін бүгіп, сәлем бергені-ақ әдемі. Киім киісі де тал бойына жарасып тұ­ра­ды…

Не керек, сол жолы Мәйеш құттыхана­сына қыжым шапанына симай келді. Сол күні келінін айналып-толғанумен болды.

Өмір солай өтіп жатты. Күндердің бір күнінде ұршығын біруақ иіріп болып, енді дем алып отырған енесінің алдына басын қойып, еркелеп жатқан келіні:

– Мамка, балық жегім келеді, – деді алма беті балбұл жанып. Мәйеш:

– Е, құлдығым, балық деген дүкенге түспегенімен базаршылардан табылады ғой. Жүгіріп барып әкеле қояйын, – деп түрегеле берді, құдды құлдилап жүгіре алатындай. – Өзім асып, өзім түсіріп беремін. Құлдығың болайын, жолыңда жүрейін… – деп шұбыртып барады.

Мәйеш – балықшының қызы. Балық­тың тәуірін де, пісіру бабын да біледі. Көзінің қарасындай жалғыз келінінен қай жанын аясын. Балықты баласына базардан көтере алдырып, сойдыртып, кеспеле­тіп, оны тоңызытқышына салып қойып, күнде шетінен асып беріп жүрді. Бабына келіп піскенше келіні қашан піседі деп шыдамайды мамкалап. Қазаннан түсіре бастағанда-ақ қолды салады. Мәйеш үйме табақ балықты келінінің алдына қойып:

– Жей ғой күнім, – дейді. Күнде осы. Келіні балық жеп отырып бұршақтап тер­лей­ді. Ұйқышыл да болып алды. Бір күні түсірімді матадан кең етек екі көйлекті өзі пішіп, өзі тігіп алып, алма-кезек киіп жү­ре­тін болды. Мәйеш те қамдана бастады. Кезінде перзенттерін бөлеген құтты бе­сі­гінің теңін шешті. Келінін қасына шақы­рып алып: – Мынау Әбілезжанның иісі сіңген жастығы, мынау сүйек шүмегі, мы­нау шыны түбегі, мынау шыттай жаңа жая­лықтар. Ырымға деп алып қойған едім, – деп бір-бірлеп көрсетіп жатты.

– Ал Әбіләзи болса, «Категория жизни» деген серияның үшінші шығарылы­мын оқып бітіріп, енді төртіншісін баста­ған еді. Соны креслода жайбарақат оқып отыр.

О дариға-ай, не деген дәурен еді, естен кетпес!..

Қызылорда қаласы.

ПІКІР ҚОСУ