ӘЖЕМНІҢ ӘУЕЗОВПЕН КЕЗДЕСУІ
01.07.2016
2324
0

3 x 4Еркін ҒАЛЫМОВ,
ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері

«Ауылыңда көне болса, жазып қойған хатпен тең», – деп қазақ халқы тегін айтпаған ғой. Әжем Әсия Майқанқызы әлем таныған Әуезовпен үш рет кездескендігін әсерлі әңгімелеп берген кезде, мен үшін қызықты да, танымы мол тағылым екендігін ұқтым.

Көктем. Ашық аспан. Ескек жел баяу еседі.

Қарауылдың оңтүстік батысындағы бейіт басына барып, атама құран бағыштап, әжем екеуміз аяңдап, үйге қарай әңгімелесіп келе жатырмыз. Әжем атаммен 53 жыл бірге отасқанда ақар-шақар ел болып, бала-шағасынан немере-шөбере сүйгенін, «шәй десіп» көрмегенін, атамның асыл қасиеттерін еске алып, ұрпағына тілек қылып, барынша ыждаһаттылықпен толғана айтып келеді. Ғалым атам – Қазыбек, Төле, Әйтеке билерге бата берген Әнет баба ұрпағы,көзі тірісінде Шәкәрім Құдайбердіұлының тәлімін алып, Шыңғыстаудағы ағартушылық ісін жалғастырған майдангер ұстаз. Ол кісі Жарма ауданы, Ақбұзау ауылында белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың ұстазы болған.

Атам мен әжем ешкімге айырбастамайтын ардақты, асыл тұлғалар. Шіркін, қайран атам-ай! Атам «айналайын», «садағаң кетейін», «тұяғым» деп еркелетіп, ет жүрегі елжіреп, күн сайын менің келуімді ерекше ыстық ықыласпен күтіп, менің төбем көрінгеннен-ақ мәз-мейрам болып, шаттыққа бөленуші еді. Атам марқұм қайырымды, мейірімді, ақылды болуымды тілеп, аталық ақылы мен өсиетін айтып, өзін бір Аллаға бағыштап, соған құлшылық етуші шариғат жолындағы адам болған. Менің бойыма имандылық нұрын сеуіп, құран оқуға машықтандырып, өрнекті өсиеттері мен парасатты үлгі-өнегесін көкейіме мәңгілікке қалдырды. «Ата сөзі – бата сөз» демекші, ата сөзі менің өмірлік жолыма берілген батадай жадымда жатталып, көкірегімде сақталып қалды. Иә,  сол атамның қара шаңырағында әжем кейінге дейін балаларымен түтінін түтетіп отырды.

Ақ сүт беріп, аналардың анасы болған қайран асыл әжем! «Жан жүрегім», «жарығым» деп, елжірей емірене еркелетер әжемнің маған деген мейір-шапағаты тым ерекше-ақ. Жасы ұлғайса да әжем Әсия тұғырдан тайды деп айта алмаймын. Кеңес дәуірінде партия қызметінде көп жыл халқы үшін адал қызмет жасап, зейнеткерлікке шыққан әжемнің жүзінен сынбаған ажар, қажымаған қайрат анық байқалатын еді. Жүзінде үлкен сабырлылық пен салқын ерлік бар. Көңіл түкпіріндегі ойының қатпар-қатпар шыңдарда екенін, күн сайын санасы сілкініп оянғандай, ақ ниет пен адал жүректен шыққан асыл сөздерінің салмағын сеземін, түсінемін. Менің әжем – көргені мен түйгені мол, шебер әңгімеші. Әңгімесін қызықты да әсерлі етіп айтқанда, жүзінен нұр шашып, жадырай сөйлейді. Ол кісінің бұл жолғы кезекті әңгімесін де ерекше ықыласпен тыңдадым. «1943 жыл. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кез. Аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет істейтінмін. Мені Алматыға 6 айлық қысқа мерзімді курсқа оқуға жіберді. Сол кезде жерлес жазушы Мұхтар Әуезовтің үйіне барып, сәлем беруді жөн көрдім. Әкем Майқан туралы ел ақсақалдарынан естіп-білгендерімді айтармын деген де ойым бар. Әрине, ол кезде соғыс уақыты болғандықтан да, қала іші жүдеу. Мұхаңның Калинин көшесіндегі үйіне нар тәуекелге бел буып келіп, қыз балаға тән ұяңдықпен есікті жасқана қақтым. Есікті Мұхаңның өзі келіп ашты. Қысылғанымды біліп:

– Жоғары шық, бала. Неге тұрсың? Мұнда кел, – деп өзінің жұмыс бөлмесіне бастап апарды. Аса ілтипатпен орын ұсынды, үні де жылы. Жөн сұрады.

– Мен Абай ауданынан келдім. Майқан деген кісінің баласымын. Әке-шешеден ерте айырылдым. Балалар үйінде, интернатта тәрбиелендім. Партия қатарына ерте қабылдандым, – дедім. Іштей жазушының өзімен жерлес екенімді мақтан тұтып отырмын.

– Кәдімгі Шаған болысындағы төре Майқанның баласысың ба? – деп сұрады Мұхаң. Әкемді білетінін іштей ұнатып отырмын. Жақын туыстарша сөйлестік, ел жайын сұрады. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы-ау. Зайыбы Валентина Николаевнаны шақырып, мені таныс­тырды. Валентинаның қолынан дәм татып, Мұхаңмен бір үстел басында отырып шай іштік. Менің келгеніме риза болып, Валентинаға:

– Қарашы, не десең де, жүрегінің оты бар,– деп мені мақтап қойды. Шәй үстінде әкем Майқан туралы ел ақсақалдары мен көнекөз қарттардан естіген-білгенімді әңгімелеп айтып бердім. Жас болсам да, Мұхаң менің сөзімді зейін қойып тыңдады. Кетуге ыңғайланғанда маған ілтипат танытып, кітабын сыйлады. Жүсіп Баласағұн «Ақылдыны білім ұстамды қылады»,–дейді ғой. Рас, Мұхаң ақылды, ұстамды, білімді еді. Көрмейсің бе, тіпті қарапайым, мейірімді екеніне көзім жетті.

Сонымен әжемнің Әуезовпен естен кетпес екінші кездесуі Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойында болған екен. «Әлі есімде, 1945 жылы Абай атамыздың 100 жылдық торқалы тойы өзінің туып-өскен жерде өтетін болды. Алматыдан Мұхаң бастаған бір топ ақын- жазушы келді. Тойды Мұхтар Әуезовтің өзі басқарды. Той бес күнге созылды. Мұхаң сонда Абай өмірі мен ел ішіндегі қызықты оқиғалар туралы әңгімелер айтты. Ат жарыс, қыз қуу, алтыбақан, аударыспақ тәрізді ұлттық ойындар да болды. Жазушы той біткен соң, бірнеше күн елде болып, жер-жерді аралап, Алматыға хош көңілмен қайтты. Үлкен жүректі, дархан көңіл, кемеңгер жазушыны бұл екінші көруім». – деп әңгімесін аяқтады ол кісі. Әжем Мұхтар Әуезовтің Абайға ерекше адалдығын, Абай туралы білетін мәліметтерінің шегі жоқ мол екендігін, ел адамдарына Абай туралы үнемі әңгімелеп отыратындығы туралы тамсана айтты.

– Иә, балам! Енді Мұхаңмен үшінші кездесуімді тыңда! – деп әжем  әңгімесін әрі қарай жалғастырды. «1957 жылдың күзі. Мұхтар Омарханұлының 60 жасқа толатын мерейтойы тойланбақшы. Тойға ел болып дайындалдық. Мұхаң бастаған ақын-жазушылар Қарауылға келіп, халықпен қауышты. Машинадан түсісімен, көз көрген қарияларға сәлем беріп, мол денесімен қаусыра құшақтап, аса сағынышты жүзбен амандасты. Жиналған халықтың көп болғаны соншалық, клубқа сыймай, жазушының 60 жылдығына арналған салтанат ол кісінің өз өтініші бойынша, далада, ашық аспан аясында өтті. Өзіне сөз кезегі берілгенде, Мұхаң аса тебіреніп:

– Кір жуып, кіндік кескен туған жерден ыстық не бар екен адам баласына?! Мен бүгін 60 жасқа толып, еліме, жеріме келіп, жас жігіттей түлеп тұрмын. Мынау Қарауыл, Ақшоқы, Орданы көріп, есіме асық ойнап, тайға мінген күндер түсіп тұр.

«Қымбатты ағалар, апалар, іні-қарындастар! Менің тұрағым жырақ болғанымен, жүрегім мәңгі сіздермен бірге. Кейінгі кезде елге келе алмай кеттім. Кешіріңіздер, тіршілік болса, әлі талай келерміз. Сіздерге қарыздармын!»,– деп сағынышпен толқи сөйледі.

Кейіннен ойласақ, сол сапар ұлы адамның елмен, жермен қоштасуы, қимас көңілі екен ғой! – деп әжем әңгімесін біртүрлі қимас сезіммен еске алатындығын байқатты.

– Ой, асыл әжем! Неткен ғажапсың! – деп әжемнің көңілін сергітпек болып, құшақтап бетінен сүйдім.

Әжем сәл бөгеліп, ойын былайша сабақтады:

«М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қапада» деген тарауын білесің. Мұнда Абайдың сүйікті ұлы Әбіш ауырып, Абай ауыр қасірет шегеді:

…Заман неткен тар едің,

Сол қалқамды қоймаған!? –

деп қапаланады. Осы «Қапададағы» Майқан деген кейіпкердің менің әкем екенін білесің бе?», – деп маған сұраулы жүзбен қарағаны әлі есімде қалыпты. «Зер салып оқысаң, осы тарауда: «Арада бір жұма өткен соң Әбіштің телеграммасы бойынша Мағаш әзірленіп болды да, қасына Майқан дейтін тату құрбысын ертіп және Әбіш жақсы көретін оның елдегі досы Өтегелдіні алып, Семейден Алматыға аттанады», – делінген. Әбіш ауыр науқастан сол Алматыда қайтыс болды. Осы кезде Жамбыл Жабаев ұлының қазасына көңіл айту тәріздес мына бір жолдарды арнап, Абайға сәлем жолдайды:

– Сәлем айт, барсаң Абайға,

Кеңесі кеткен талайға.

Ауырды жеңген қара жер,

Сабырлы болсын қалай да.

Бір жұтқан дүниесі

Ащысын татып, күймесін.

Жапанға біткен бәйтерек,

Жалғызбын деп жүрмесін.

Кемелге келген осылай,

Тасқынды тәңір басуы-ай!

Нар көтерген ауырға,

Арқасын тоссын жасымай… –

дейді.

Сонымен Абай Әбіштің мәйітін уақытша Алматыға қоюды тапсырады.  Бұл тұс романда былай сипатталған:

– Әбішті жерге, лақатқа Майқан мен Өтегелді өз қолдарымен қойып жатты: «Аманат!», «Аманат!» десті. Жағалай тұрған барлық жиын осы сөзді бірауыздан қайталады», – деп жазылған. Міне, балам, Әбішті өз қолымен жерлеген адамның бірі – менің әкем Майқан. Абай бірнеше айдан соң, күн қызбай тұрып Әбіштің сүйегін Ақшоқыға алғызады. Ол туралы шығармада былай делінген:

«Ең әуелі, жол енді біраз күнде түзелетін болғандықтан, күн қызбай, жердің тоңы жібімей тұрған кезде Әбіштің сүйегін Алматыдан алдырмақ болысты. Сол оймен Өтегелді, Майқанды, қастарына және үш кісі қосып, үш арбалы көлікпен Алматыға қарай жіті жөнелісті.

Әбіштің сүйегін Семейге келтіру қажет емес. Аягөзден немесе Арқат бекетінен тосып алып, Шыңғысты бөктерлеп, Тобықтының өз ішімен Абайдың  ауылы Ақшоқыға әкелу керек.

Ақшоқы бөктеріндегі қыстауда қозы өрісіндей жерде Абайдың анасы Ұлжанның төрт құлақты бейіті болатын. Әбіш сол үлкен анасының қасына қайтадан қойылады. Дәл жаназа шығарар алдында Әбіштің денесі бұл сәтке дейін салынып келген ағаш табыттан алынатын болды. Ол тұста Майқан мен Өтегелді өз қолдарымен араласты. Бұлар Әбішті Алматыдағы қартаң адамдардың ақылы бойынша, былғарыға тігіп әкелген екен», – деген жолдарды  әжем қайталап оқытып, әкесі Майқанның ұлы ақын Абайдың үй-ішімен сыйлас, сенімді де серіктес болғанын мақтан тұта айтты да, сабырлы пішінмен күрсініп қалды. Әжемнің қабағындағы кірбіңді байқаған мен:

– Әже, сізге не болды? – деп әжемнің бет әлпетінен бір терең сырды аңғардым.

– Жарығым, Еркін! «Әкесіз бала – панасыз балапан», – дейді халқымыз. Мен әкеден ерте айырылдым,– деп айта бастаған әжемнің әр сөзінде діріл, жүрегінде бір күңгірт  дүние бардай, көзіне жас келді. Бойын тіктеп, дауысын қатқылдап:

– Бірақ мен бойымдағы қажыр-қайратпен ерте есейдім. Тағдырдың барлық суығына, азабына шыдаған, ақылымен төзімділік жасап жеңе білген адам ғана – нағыз адам. Себебі, тірші­лікке өмір сүру үшін келіп отырмыз, сондықтан өмір – күрес! «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасын­дағы құрақ» деген қазақтың ғажап мақалы бар. Әке – үй-ішінің тірегі, баласының жүрегі. Сен де әкең мен шешеңді құрметте, сыйла. Әке-шешесін сыйлаған бала бөгде адамдарды да сыйлайды. Елін, халқын сыйлайды деп сенемін. Абай атаң: «Атаның баласы болма, адамның баласы бол!»,– деді емес пе!? Алла жазса, сен де әке боласың. Әке дәстүріне мұрагер болу борыш», – деп әжем әңгімесін аяқтады.

Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының кейіпкері болған Майқан, оның қызы Әсия Майқанқызынан туған немересі болғанымды мақтан тұтамын, бақыт деп санаймын.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір