ПАРАСАТ БИІГІНДЕ
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдарының докторы, профессор, Төтенше және өкілетті Елші, бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов ағамыздың аты-жөнімен біз сонау 1980 жылдың соңынан бастап таныспыз. Нақтылап айтар болсақ, 1989 жылдың шілде айында ата-анамды отыз жылдан бері бір көруге зар болған аға-бауырларымен жүздестіріп қайту үшін Қазақ еліне жеке сапармен қыдырып келген болатынбыз.
Армандаған Алматыны аралап, ата-анам «тіршілікте көреміз бе, көрмейміз бе?» деп жүрген ет жақын тумаларымен қауышып, бір жасап қалды. Келесі бағытымыз – Қарағанды облысы. Аталған облыстың Қарқаралы ауданында әкемнің туған інісі Әкімхан ақсақал бастатқан ағайындар тұрады. Оларды 1963 жылы Қытайдан көшіп келген бетте өкімет сол аймаққа бөліп жіберіпті. «Ес жиып, етек жапқан соң, ағайын-туғанның ішіне (Алматы облысы) оралармыз…» деп жүріп, уақыт өте келе жер жады боп, сол қасиетті Қарқаралыны жерсініп, өсіп-өніп, сонда біржола қалып қойыпты.
Қарағанды топырағына тұңғыш рет табан тигізіп тұрғанымызбен, бұл қасиетті өлке бізге Тәттімбет, Мәди, Әсеттердің өмірбаяны арқылы, жазушы
Ғ.Мұстафиннің әйгілі «Қарағанды» романы арқылы (аталған роман 1983 жылы Қытайдағы баспалардың бірінен төте жазуда жарық көрген болатын) қағаз жүзінде болса да біршама таныс еді.
Мұндағы туысқандар Қарағанды каласы, Қарқаралы қалашығы, Қарағайлы поселкесі, Талды совхозы, Доғалаң ауылы секілді қала-қалашықтар мен елді мекендерде тірлік етеді екен. Аталған ауылдар мен қала-қалашықтардың бәрінде болдық. Оның үстіне біз осы Орталық Қазақстан өңіріне шетелден қыдырып келген тұңғыш шетелдік қазақтар екенбіз. Қай үйде де дастарқан басы қайнаған әңгіме-дүкен. Қытай елі туралы, қытайдағы қазақтар туралы мүндағы ағайындар бізді сұрақтың астына алса, біз өз кезегімізде олардан осы аймақтың тарихы, осында өткен тарихи тұлғалар, облыс халқының қазіргі әлеуметтік хал-ахуалы туралы сұраймыз. Сонда бір байқағанымыз, қай үйде, қандай ортада болсақ та, жұрттың бәрінің аузынан тастамай мақтап, мақтан тұтып отыратын бір адамы – сол кездегі Қазақстан Компартиясы Қарағанды обкомының хатшысы – Қуаныш Сұлтанов есімді азамат екендігіне куә болдық. Біреуі обком хатшысының «жас та болса ерте есейген, ысылған іскерлігін» айтады; біреуі оның «жан дүниесінің қазақылығын» айтады; тағы біреуі «кішіпейіл, әдептілігін» жыр етеді; енді біреулер «халыкқа, карапайым шаруа адамына жақындығын, жанашырлығын» сөз етеді; және біреулер жас хатшының «сымбаты мен сөзге шешендігіне» тамсанады. Қысқасы, кенді аймақта өткен 20 күн ішінде Қуаныш Сұлтанов есімі осындағы ет жақын тумаларымыздың атымен бірге санамызға жатталып қалды.
Тарихтан белгілі, кез келген бек-төрені халық бостан-босқа «төре екен» деп қана төбесіне көтере бермейді. Өйткені, халықтың ықыласы деген сатып алатын зат та, тартып алатын тақ та емес. Оған бөлену үшін басшы адамда, жоғарыда қарағандылықтар санамалап айтқан Қуаныш Сұлтановтың бойындағы қасиеттің бәрі болу керек. Әрі ол жасанды емес, шынайы, қаныңда, жаныңда болу керек. Сонда ғана халықтың ықылас-құрметіне бөленуге болады.
Қарағандылық туысқандармен қимай-қимай қоштасып, Алматыға келдік. Елге қайтуға да санаулы күндер қалды. Алматыдағы газет-журнал, радио-телеарналар күнде қонаққа, сұхбатқа шақырады. Сол қатарда «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында да болдық. Кетерімде редакция басшылығы журналдың соңғы нөмірлерінің біразын кәдесый ретінде қолыма ұстатты. Шыны керек, Алматыда ол журналдарды парақтап жатпай-ақ, үйге әкеліп «қоржынымның» түбіне сүңгітіп жібергем.
Межелі мерзім де келіп жетті. Алматыны қанша қимасақ та, елге қайттық. Әке-шешемді ауылға жеткізіп салып, аз күн еру болдым да, Үрімжідегі жұмыс орныма оралып, күнделікті ырғақты жұмысқа кірісіп кеттік.
Қазақстаннан қоржыныма салып апарған газет-журналдар мен кітаптарды Үрімжідегі дос-жаран, ақын-жазушы шетінен кезекпен сұрап алып оқи бастады…
Содан күндердің күнінде бір жас журналист қыз (аты-жөнін атамауды жөн көрдім) мені жұмысыма іздеп келіп тұр. Қолында менен алған Қазақстанның біраз газет-журналы. Бастапқыда «оқып болып, қайтарып беруге әкелген екен» деп ойлаппын.
Сөйтсем:
– Бір жерге барып, оңаша әңгімелесуге мұршаң бар ма? – дейді журналист қыз.
Академия деген ғылым ордасы болғандықтан, онда сағат-минутқа қарап істейтін шаруа болмайды. Мұнда жылдық, жартыжылдық ғылыми-зерттеу жоспары, ғылыми жобалар бойынша ғана жұмыс істейсің… Қысқасы, жұмысқа бірер күн бармай қалсаң да «өртеніп кететін» шаруа болмайды. Оның үстіне сені шақырып келіп тұрған қыз бала ғой, одан қалай бас тартпақсың?!
Кеттік. Оңашалау бір кафеге барып жайғастық. Қыз бала ішімдік ішпейді. «Жалғыз шапқан» тағы жараспайды. Еріксіз шай-пай, жеңіл-желпі тамақты қанағат тұттық. Бірақ әңгімеміз мәнді, мағыналы, қызықты. Бір кезде жүзі албырап, көзі балбұл жанған журналист қыз қолындағы қазақстандық газет-журналдың арасынан «Мәдениет және тұрмыс» журналының бір нөмірін алып шығып:
– Дүке, өзіңнен сұрайын дегенім, мына кісінің мекенжайын немесе телефонын білесің бе? – деп, 1989 жылдың, әлде №5, әлде №6 санын алып, мұқабадағы суретті көрсетеді. Сурет Қуаныш Сұлтановтікі. Көмірдей қап-қара, толқынды бұйра шашын артына қайырған, қасы-көзі қиылған, әдемі, ықшам ғана қыр мұрны дөңгелек жүзіне құп жарасқан. Қысқасы, қазақтың бір келісті жігіті. Қазір есептеп отырсам, Қуаныш Сұлтанұлының сол кезде қылшылдаған қырықтан жаңа асқан кезі екен. Бұның алдында осы бейнені көрген қыздар ғана емес, жігіттердің аузынан да «не деген келбетті жігіт!» деген тамсанысын естігеніміз бар-ды. Ал мына журналист қыз суреттегі жігітке ғашықтығын ашық айтпағанмен, жүзі албырап, үні дірілдеп, оның адресі мен телефонын сұрап отыр. Мұқабадағы суретті маған көрсеткендей болып, көтере түскенімен, менен гөрі өзі өліп-өшіп көбірек қарап отыр.
Мен оған бұл кісінің Қазақстан Компартиясы Қарағанды обкомының хатшысы екенін, Қарағанды облысына туысшылай қыдырып барғанда, ондағы ел-жұрттан бұл кісі туралы өте көп жылы сөздер естігенімді, бірақ мекен-жайы мен телефонын білмейтінімді айттым.
– Қарағандыдағы туысқандарың тауып бере алмай ма? – дейді журналист қыз.
Мен қарағандылық туысқандарымның қарапайым еңбек адамдары екенін, бұндай биік лауазымды тұлғаға қолы жете бермейтінін түсіндіріп жатырмын. Сосын бойжеткеннің көкейін түсініп, біліп тұрсам да:
– Ол кісінің мекен-жайын, телефонын не істейін деп едің? – деп сұрадым.
– Мекен-жайы болса, хат жазам, телефон нөмірі болса, қоңырау шалып мекен-жайын алам.
– Не деп хат жазбақсың? – дедім ымды да, дымды да білмейтін адамның кейпіне еніп.
– Өзім білем ғой.., – деп күлген журналист қыз нарттай қызарып кетті.
Кафеден шығарда өзге газет-журналды өзіме қайтарды да, Қуаныш Сұлтановтың суреті бар «Мәдениет және тұрмыс» журналын «менде болсыншы» деп өзімен алып кетті. Кейін қанша сұрадым, әлгі қыз бәрібір сол журналды қайтарып берген жоқ.
Содан бірер жыл өткесін КСРО құлады. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ елі тәуелсіздік жариялады. 1992 жылдың басында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ден арнайы шақыру келгеннің өзінде, аттай бір жыл шапқылап жүріп, 1993 жылдың басында елге оралдым. Аттанар алдында журналист қыз Қуаныш Сұлтановты тауып, іздеп барып сәлем айтуымды өтінді. Біз «қолымыз жетсе, көрейік» деген уәдемен аттандық. Мен елге келген кезде Қ.Сұлтанов
ҚР Премьер-министрінің орынбасары екен. Ол заманда бізге, мұндай заңғар биіктегі лауазымды тұлғаны қойып, Алматы қаласы Калинин аудандық паспорт және тіркеу бөлімінің қарапайым инспекторына кірудің өзі қиямет-қайым болатын. Сонымен есімі елге белгілі ағамызды үйдегі көксандықтан көргенімізді місе тұтуға тура келді. 1994 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланып, билік бұтағының ұшар басында жүрген Қуаныш ағамыз 1995 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Төтенше және өкілетті Елшісі болып тағайындалғанын естідік.
Бұл біз үшін тіпті де күтпеген жаңалық болды. Себебі, өзіміз сол ҚХР-дан келдік. Оның үстіне ол елде 1,5 миллионнан астам қандастарымыз өмір сүріп отыр. Бір жағынан, алдағы уақытта Қазақстанның ҚХР-мен қарым-қатынасы қалай болады? Екі ел қатынасы қандай ұстаныммен, қай бағытта өрістейді? деген мәселе тек Қытайдағы қандастардың тағдыры мен болашағы үшін ғана емес, тәуелсіз, жас Қазақ елінің тағдыры мен болашағына да қатысты аса маңызды, өте шетін саясаттың бірі еді. Ол туралы біз шекара аттап келген күннен бастап, республикалық БАҚ-та шыр-пырымыз шығып, айтып та, жазып та жүрген болатынбыз. Міне, енді бізді шырылдатып жүрген саланың тізгін-шылбырын Қуаныш Сұлтанов ұстап отыр. Қарағандылық туысқандардың санамызға орнықтырған пікіріне сенсек, Қуаныш Сұлтанов нағыз ұлтжанды, мемлекетшіл тұлға. Қысқасы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев шығыстағы алып көршімізбен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастың тұтқасын өте сенімді де білікті қолға ұстатқан екен деп қуандық…
Қуаныш Сұлтанұлын алып елге «Елші» етіп жіберген Елбасымыздың да үміті ақталып, арманы орындала бастады. Біздің Елшіміз онда барғаннан кейін ішкі-сыртқы саясатының қатпарлы қалың, қандай жағдайда да жымиып тұратын жұмбағы көп елмен дипломатиялық қарым-қатынас діттеген бағытқа қарай жылжи берді. Азиялық тарихи алып держава болса да бізбен есептесе бастады. Екі ел басшылары да жиі-жиі кездесіп, тез тіл табысты. Осыдан кейін «елдестірмек елшіден» деген қарт қағидаға құлақ аспай көріңіз.
Олай дейтін себебіміз – Қ.Сұлтанов қатардағы жай шенеунік емес. Ол – қатепті идеолог-ғалым, сұңғыла саясаткер, көрнекті мемлекетшіл тұлға. Қуаныш Сұлтанұлының бойындағы екінің бірінде бола бермейтін осынау асыл қасиеттерді дөп басып, дәл таныған Елбасының 1995 жылы оны ҚХР-ға ҚР-ның Төтенше және өкілетті Елшісі етіп тағайындауы әсте кездейсоқтық немесе «біреуді жіберу үшін» қабылдай салған шешім емес еді. Бұған көз жеткізу үшін Қуаныш Сұлтанұлының шығыстағы көршіміз туралы әр кездерде жарық көрген ой-пікірлеріне бір сәт мойын бұрсақ та жетіп жатыр. Атап айтқанда, оның «Бізге, яғни қазаққа көршілес елдердің кай-қайсысын алсаңыз да, олармен қарым-қатынастың өзіндік ерекшеліктері, өзіндік мазмұн сипаты бар. Шын мәнінде барлық көршілермен сауда-экономикалық қарым-қатынастар белгілі заңдық, құқықтық негізге сүйенеді де, мейлі ол Ресей немесе Қытай, әлде Өзбекстан, Қырғызстан болсын, өзара өте ұқсас тәжірибемен жүргізіледі. Ал рухани-мәдени, саяси қарым-қатынас мүлдем бір-біріне ұқсамайды. Ол саладағы біздің Ресеймен қатынасымыз бір төбе, Өзбекстанмен немесе Қырғызстанмен тағы басқа. Көршілердің ішінде Қытаймен мәдени, тарихи, саяси қарым-қатынастың орны мүлде бөлек» (Сұлтанов Қ. Қазынадан қазылса інжу-маржан // «Егемен Қазакстан», 2007. –
13 қараша) деген пайымдауына назар аударайық немесе «Жаратушының кұдіретімен қазақ жері оңтүстік-шығысында қытай, батысы мен солтүстігінде орыс, оңтүстігі мен оңтүстік батысында түркі тектес елдердің ортасында орналасты. Мемлекетіміздің сыртқы саясаты, міне, осы орналасудан басталады. Қазақстанның геосаяси орналасуының өзі-ақ ешқандай жайбарақаттыққа мүмкіндік бермейді» (Сұлтанов Қ. Қазақтың жаңа дәуірі. – Астана: Елорда, 2010.) деген пікірін оқиық, бәрі де Қуаныш Сұлтанұлының аса білікті де тәжірибелі, қазақы геппен айтқанда нағыз «іштен оқып туған» мемлекетшіл дипломат екендігін айғақтайды.
Ал дипломатияда өз еліңнің мүддесін қорғау, өз халқыңның есесін жібермеу, екі елдің халқы мен басшыларын ылғи да елдестіріп отыру… деген секілді күретамыр тұғырнамалар, тек қана өз еліңе деген жалаң сүйіспеншілікпен, Отаныңа деген құрғақ патриотизммен немесе өз еліңнің тарихы мен мәдениетін, экономикалық-саяси әлеуетін, ішкі-сыртқы саясатын терең білумен ғана жүзеге аса бермейді. Есесіне бұлар «дипломат» портфелін ұстайтын адамнан өзі баратын елдің де тарихы мен мәдениетін, экономикалық-саяси әлеуетін, ішкі-сыртқы саясатын бір кісідей білуді талап етеді. Олай болмаса, кез келген мәселеде кез келген уақытта мүлт кетуіңіз ғажап емес. Ал біздің кейіпкеріміз өзі Елші болып бара жатқан миллиардтар елінің де жағдайын бес саусағындай білетін еді. Сөзіміз дәлелсіз болмау үшін Қуаныш Сұлтанұлының Қытай елі туралы төмендегі пайымдауын оқып көрейік: «Қытай – жер әлемде қандай заман, қандай қырғын болса да мемлекеттігін мыңдаған жылдар бойына көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан ірі, халқы орасан көп, ірі мемлекет. Император Цинь Шихуандидің тұсынан «Аспан асты» аталып келуі – ұрпақтан ұрпақтың санасына сіңірген идеологиясы деуге болады. Ескі замандағы карталарында жер кеңістігін Қытайға тән деп насихаттаған. Өзімен шекаралас елдердің ешқайсысымен шекаралық келісім жасауға мүдделі болмаған…
Қытай ежелден қандай да басқа жерде, өзге әлемде болып жатқан әр түрлі қайшылықты жағдайға елп ете түспейтін, артын бағып, абайлап қарап отыратын, түп тамыры терең ел. Баға беруге де асықпайды. Ал еліктеушілігі мүлде сабаз.
Алайда, олар дүниедегі алапат өзгерістерді байқамай қалған екен десеңіз, қателесесіз. Ешнәрсе де байқалмай қалмайды. Бәріне мұқият. Сөйлескен сөзіңізде бір сөз түсіп қалмайды.
Қытай – бүкіл әлемдегі ең озық технологияны игеруде қазір алдыңғы топта. Орта және шағын бизнес ел экономикасының «бел омыртқасына» айналды. Ауылшаруашылығы жаңа әдістермен дамуда» (Сұлтанов Қ. Қазақтың жаңа дәуірі. – Астана: Елорда, 2010.). Осындай ғылыми таным-пайыммен, елдік мақсат-мүддемен қытайтану ғылымына келген Қ.Сұлтанов әр жылдары өз оқырманына «Қазақстан-Қытай: тарих және қазіргі заман» (1995), «Қазақстан-Қытай: құжаттар мен материалдар жинағы» (1997), «Алыптың оянуы» (қытай реформасы туралы очерктер), (1999), «Қазақстан мен Қытайдағы реформалар. Ерекшеліктері. Ұқсастығы. Айырмашылықтары. Жетістіктері. Мәселелері» (2000), Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 10 жыл толуы құрметіне орай жазылған «Тату көршілік. Добрососед-
ство» (Астана-Бейжің, 2001), «Мүдделер қиылысы. Перекресток интересов» (2003), «Қазіргі заманғы саяси процестер» (2004) атты оқу құралының авторы, «Серпінді кезең» (2005), «Қазақтың жаңа дәуірі» (2010) қатарлы қомақты-қомақты зерттеулер мен салмақты-салмақты сараптамалық еңбектерін ұсынып отырды. Міне, арнайы «қытайтану» мамандығын оқымай-ақ, қытайдың тілін білмей-ақ ол елді осыншалық деңгейде тану – үлкен көрегендік пен ұшан-теңіз ізденістің нәтижесі еді.
Айтып-айтпай, Қытай елі бізге Ресей емес. Өзбек пен Қырғыз тіпті де емес. Қытай біздің ежелден іргелес, қатар жасап келе жатқан көршіміз десек те, дәл қазіргі жер басып жүрген қазақ үшін ол өзінше жатқан бір құпия әлем. Бұл – бір. Екіншіден, ҚХР бүгінде әлемдегі ең ірі, алып держава. Жаңа мыңжылдықтар тоғысындағы ғаламшардың саяси-әлеуметтік жағдайына аз-кем зер салған кісіге әлем назарының көбірек Азия құрлығына, оның ішінде Қытай еліне ауғаны айқын аңғарылады.
Қазірге дейінгі жалпы жағдайға назар аударатын болсақ, ҚХР-ның соңғы ширек ғасырдағы дамуы әлемдік экономика мен геосаясатқа айтарлықтай оң ыкпал етіп келе жатқанын аңғару қиын емес. Ал соның бір айғағы, 1997 жылы Азиядағы қаржылық дағдарыс немесе 2008 жылғы халықаралық қаржылық дағдарыс кезінде жер жүзіндегі небір алпауыт елдердің экономикасы шатқаяқтап, ырысы шайқалғанда, Қытай елінің «қың» демегені өз алдына, керісінше маңайындағы көптеген елдерге қаржылай көмек көрсетіп отырды.
Аспан асты елінің әлемдік геосаясаттағы орны мен ықпалын, экономикалық-әскери әлеуетін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ жіті бақылап, қапысыз біліп-сезіп отырған Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаев, ел ішіндегі экономикалық, әлеуметтік жағдайды көтеруге тәжірибелі де білікті, мемлекетшіл басшылар жетіспей жатқанына қарамастан, осынау стратегиялық мән-маңызы ерекше көршіге Қуаныш Сұлтановты «Елші» етіп жіберуге шешім қабылдады. Неге? Бұл сұрақтың жауабын Қ.Сұлтановтың мына бір естелік-жазбасынан таба аламыз.
«1995 жылдың 11 мамыры кешкі сағат 17:00-ге Президенттің қабылдауына шақырылдым…
Президент енді әңгімені тереңнен қозғады.
– Тарихтан білесің, аталарымыз ежелден Шығысымыз бен Солтүстігіміздегі екі алып елмен қатынасқа айрықша мән берген. Абылай бабамыз да екеуімен бірдей қатынас жасап, қазақты сақтап қалған ғой. Қазір жаңа заман. Жаңа жағдай. Мына Қытай қатты дамып келеді. Төраға Цзян Цзэминмен Москвада Ұлы Отан соғысы Жеңісінің
50 жылдығында кездестім. Жақсы әңгімелестік. Елшілікке республикада көрнекті қызмет істеген, өзіңнің ең сенімді адамыңды жібер деп отыр.
Әңгіменің төркінін енді түсініп, іштей тіксініп қалдым. Бірақ сыр бермеуге тырысып, үндемедім.
Президент:
– Әрі ойлап, бері ойлап, соған сені лайық көріп отырмын, – деп, маған «не дейсің?» дегендей сұраулы кейіппен қарады.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, шынында да мен мүлдем күтпеген, тіпті үш ұйықтасам түсіме кіретін әңгіме емес екен. Оның үстіне қытай маманы емеспін, тілін оқымадым, білмеймін.
– Егер келіссең, мүлдем жаңа өмірің басталады. Ойлама, бұл қызмет сенің бұрынғы қызметтеріңнен төмен екен деп. Тіл білмейтініңді білем. Әрине, білгенге не жетсін. Бірақ біз қазір барлық жақты кәсіби дипломаттармен қамтамасыз ете алмаймыз. Қытай сияқты ірі елдерге саяси, мемлекеттік қызметтерде өзін көрсеткен, сол елдің Үкіметімен тең дәрежеде сөйлесе алатын, тәжірибелі адамдар жіберуге мәжбүрміз. Мұндай тәжірибе ежелден бар. Кезінде Полянский, Толстиков деген Политбюро мүшелері бірі Жапонияға, бірі Қытайға елші болған. Есіңде болсын, егер Қытайға бара қалсаң, еліміздің, қазақтың мүддесіне үш ірі жұмыстың жасалуына тікелей өзің қатынасып, өзің мұрындық боласың. Біріншісі – Қазақстан-Қытай арасындағы шекаралық толық келісімге қол жеткізу – міндетіміз. Екіншісі – Қытайдағы қазақтардың сол елдегі құқы, сол елде өсуі, өркендеуі. Отанына келем дегеніне жағдай туғызу. Үшіншісі – шекаралық өзендерді тең пайдалану жөнінде екі ел арасында келісім қабылдау, – деп алды-артымды орап тастады…
Әрине, Президенттің «қазақтың мүддесі» деп атаған үш күрделі мәселесін естігеннен кейін қандай солқылдақтық болуы мүмкін» (Сұлтанов Қ. Қазақтың жаңа дәуірі. – Астана: Елорда, 2010). Міне, көріп отырғанымыздай, тура сол кезде ҚХР мен біздің елдің арасындағы қатынастың қай бағытқа өрістеуі, қалай дамуы – тәуелсіздігіміздің тағдыры мен болашағына тікелей қатысты стратегиялық аса шетін мәселе еді.
Елбасының да, елдің де үміті мен тілегін Қуаныш Сұлтанұлы еселеп ақтады. «Еселеп ақтады» деп отырғанымыз, жай әшейін кезекті «жылы лебіз» емес. Ең бастысы, Елбасы тапсырған «қазақтың мүддесіне» қатысты үш ұлы міндет Қ.Сұлтановтай парасатты, ұлтжанды, іскер дипломаттың арқасында толықтай жүзеге асты. Яғни Қуаныш Сұлтанұлы ҚР-ның ҚХР-дағы Төтенше және өкілетті Елшісі болып тұрған жылдарда шекарамыз ың-шыңсыз шегенделді. Қытайдағы қандастарымыздың іздеушісі, сұраушысы, жоқтаушысы бар екенін олар өздері де, ҚХР өкіметі де мықтап сезінді. Тарихи Отанына қоныс аударғысы келетін ағайындардың көші де сол жылдарда Қазақ еліне толассыз ағылды. Атажұртқа қоныс аудармай, сол жақта өмір сүре бергісі келетін ағайындардың қақ-құқына, әлеуметтік жағдайына Қытай өкіметі дұрыстап назар аудара бастады. Елшінің де, консулдардың да құшағы, Елшіліктің де, консулдықтың да есігі ондағы қандастарға айқара ашық болды. Қытайда тұратын кез келген қазақ баласы еліміздің бас елшісі Қуаныш Сұлтанұлына қалаған уақытында, қалаған мәселемен емін-еркін кіріп-шығатын болды. Әрине, ондағы шалғай елді-мекендерде тұратын қарапайым ағайынның аяғы Бейжіңіңіз былай тұрыпты, іргедегі Үрімжіге жете бермейтіні белгілі. Осы жағдайды ескерген Қуаныш Сұлтанұлы қандастарымыз тұратын Шыңжаң өлкесіне, ондағы Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарына жиі-жиі ат басын тіреп, ондағы бауырларымыздың жағдайын көзімен көріп, уәждерін ет құлағымен тыңдауды дәстүрге айналдырды. Сөйтіп, бауырларымыз көтерген мәселенің Қазақстан билігіне қатыстысын өз мойнына алып, Қытай өкіметіне, оның жергілікті билеушілеріне қатыстысын ізін суытпай оларға мәлімдеп, індетіп шешкізіп
отырды. Елшінің осындай елжандылығының арқасында Қытай өкіметі ондағы қазақ кадрларын тарихта болмаған Қытай КП ОК-нің тұрақты комитетінің мүшелігіне дейін өсірді. ҚХР Халық құрылтайындағы, Саяси кеңесіндегі қазақтардың санын көбейтті. Қазақ балаларына бөлінетін оқу грантының санын ұлғайтты. ҚХР Орталық радиосындағы қазақтілді хабарлардың сағатын көбейтті. Қысқасы, ресми Бейжіңнен бастап, алыс түкпірдегі аудан-ауылдардағы ханзу басшыларының қазақ халқына деген көзқарасы күрт өзгеріп, ықыласы, құрметі еселеп артты. Бұл туралы біз Қуаныш Сұлтанұлы сол елде бас Елші болып тұрған кезде, ондағы ағайындардың аузынан да көп естідік.
2001 жылы мамыр айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясының кұрамында Бейжің қаласына іссапармен бардық. Делегация басшысы сол кездегі ҚазҰУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі Көпжасар Нәрібаев. Сапар мақсаты – Бейжіңдегі Қытай елінің жетекші жоғары оқу орындарымен екіжақты байланыс орнату. Бір күні кеште Көпжасар көкеміз бастаған ҚазҰУ делегациясына Қазақстанның ҚХР-дағы Төтенше және өкілетті Елшісі Қуаныш Сұлтанов қонағасы берді. Есіміне ертеден таныс ағамызбен сол дастарқанда жүздестік. Кеш әжептәуір ұзаққа созылды. Дастарқан басындағы әңгіме негізінен елдің қамы, ұлттың болашағы, тәуелсіздіктің тағдыры. Мен таңғалдым. Өйткені, бұған дейін де Алматыда талай дастарқанда «бек-төрелермен» бірге болып едік. Бірақ ол жерден біз ешқандай «ел, ұлт, тәуелсіздік, болашақ…» деген әңгіме естімеген болатынбыз. Мына екі кісінің (К.Нәрібаев, Қ.Сұлтанов) ұлт болашағы, ел ертеңі, тәуелсіздік тағдыры туралы әңгімесі маған құдды бір патриоттық киноның эпизодына ұқсап кетті… Бірақ еш жасандылығы жоқ, әсерлі, тағылымды. Екеуінің де жүрек сөзі, шын ділі екендігі менмұндалап тұр. Сол басқосуда Куаныш Сұлтанұлы менің де жағдайымды қайта-қайта сұрап, елге ерте оралғанымды құптап, шабыттандырып отырды…
Сол жолы Бейжіңде тұратын таныс-білістердің, дос-жарандардың аузынан да Қазақстан Елшісі Қ.Сұлтановқа деген ризалықтан өзге, алғыстан басқа сөз естімедік.
Ойымызды қорытындылай келе айтарымыз, бұның бәрі Қуаныш Сұлтанұлының ҚХР-дағы еліміздің Төтенше және өкілетті Елшісі болып тұрған кезде атқарған мың сан шаруасының бір шеті, еліміздің қытайтану ғылымының дамуына қосқан еселі үлесінің бір пұшпағы ғана. Егер Қуаныш Сұлтанұлының азаматтық болмысы мен шығармашылығына жан-жақты тоқталатын болсақ, том-том кітап жазуға да болар еді. Дегенмен, біз «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін қазақы уәжбен ағамыздың елі үшін атқарған ұшан-теңіз еңбегінің бір сәтін, бір шетін бойлай бағамдап, ендей шолып шыққан болдық.
«Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» дейді халық даналығы. Ал туған елінің жоғын жоқтайтын, барының бағын жандыратын да сол ерлер емес пе?! Тәуелсіз ел құрудың ширек ғасырында Сұлтанның ұлы Қуаныш сондай «Елім!» деген ерлердің сойынан екенін мықтап дәлелдеді.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының
докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ-дің Қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі