Асылдың сынығы еді
(Ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың тұңғыш қызы Қаниса Қанышқызы да өмірден өтті)
Имантай ақсақал өзінің тұңғыш немересіне бүкіл ауылды жинап, кішігірім той жасап, Қаниса есімін азан шақырып өзі қойған еді. Бұл есім араб тілінен аударғанда «мейірімді әйел» деген мағына береді. Текті әулеттен шыққан анасы Шәрипа Смағұлқызы Сәтбай әулетіне лайық білімді де, парасатты адам болып қалыптасуына ерекше ден беріп, қазақы салт-дәстүрге сай тәрбиелеп өсірді. Әкесі де қызына бар қамқорлығын төгіп бақты.
Мектепті 1939 жылы үздікке бітірген Қаниса сол жылы Қазақ Мемлекеттік Медицина университетіне түсіп, 1943 жылы емдеу факультетін қызыл дипломмен бітіріп шықты. Атасының мейірімді жан болсын деген үмітін ақтау үшін адам жанының арашасы болып қалыптасты. Жәй қатардағы дәрігер емес, ғалым дәрігер болды. 1949 жылы кандидаттық, 1968 жылы докторлық диссертацияларын сәтті қорғап, 1970 жылы профессор атағын алды.
Ұлттық медицинамыздың дамып, қалыптасуына шексіз үлес қоса жүріп, Қазақ-
стандағы Валеология ғылымының негізін салды. 1999-2005 жылдар аралықтарында С.Асфендияров атындағы Медицина университетінде Валеология курсын меңгерді.
Қатардағы ассистенттен кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін абыроймен атқарды. Жеке өмірінде қазақтың белгілі ақыны Қайнекей Жармағамбетовке адал жар болып, бір ұл, бір қыз өсіріп, олардың жоғары білім алуына, ғылым жолына түсуіне ерекше көңіл бөлді. Ұлы Нұрлан Жармағамбетов филология ғылы-мының кандидаты болса, қызы Әлима химия ғылымдарының кандидаты.
Кішкентай кезінен емші-дәрігер болуды армандаған өжет қыз өз мақсатының биігіне жету жолында әке беделін емес, өзінің шынайы таза білімін салып, ғылыми ортаны Мәскеуде мойындатқан дала қарлығаштарының бірі еді.
Оған дәлел – медицина саласында жазылған бірнеше монографиялары мен оқулықтары және оқу құралдары. Бұл еңбектері бүгінгі таңда студент жастардың игілігіне айналып отыр.
Қаниса Қанышқызы соғыстан кейінгі ауыр жылдарда алыс ауылдан келген қазақтың жастарына үнемі көмек қолын созып, олардың дәрігерлік қиын кәсіпті меңгеріп кетулеріне барынша себепші болды. Тіпті кейбіреулерін ғылым жолына баулып, медицина ғылымының кандидаты, докторы деңгейіне дейін көтерді.
Қаныш ағаның шәкірті, геолог ғалым ретінде мен бұл әулетпен етене жақын араласып тұрдым. Қаныш ағаның үш қызымен де пікірлес, сырлас болдым. Әсіресе, геолог болғандықтан Мейізбен жиі араласып, жиі кездесіп тұрдық. Қаниса Қанышқызы өз әпкемдей болды. Әпкелік мейірімін, ақыл-кеңесін, көмегін аямайтын асылдың сынығы еді. Екі сіңлісін арғы дүниеге өзінен бұрын аттандырып салып, тұңғышы болып өмірге келген Қаниса олардың соңғысы болып жалған дүниемен қоштасты.
Қарсақбайдай кенді өлке, Жезқазғандай жезді өлкеде туып, өсіп, Баян тауында бапталған талантты жас, ақбасты Алатауда арман шыңына көтеріліп, өмірөткелдерінің қызық та, күрделі кезеңдерін өткізіп, 95 жасқа толарда осы Алатаудың етегінде мәңгі тыным тапты.
Бақұл бол, Ұлы адамның ұлағатын көріп, мейір-шапағатына бөленген мейірімді жан. Топырағың торқа, жаның жәннатта болсын деймін.
Мұхтар Бәкенов,
ҚР ҰҒА академигі,
ҚР Құрметті геологі, профессор,
Қ.Сәтбаев атындағы ғылыми-танымдық
Орталықтың директоры.