Көкке өрлейді көңілім алақайлап!
26.11.2025
139
0

Мақсұтхан
Баркөл Дәлей

Абай келбеті
Ұлы дала тынысымен тыныстап,
Адамзаттық ұлы ойға ту ұстап,
Мұндалаған парасаттың келбетін,
Абай биік ұлағатты тұр нұсқап.

Көмілмеген ғасырлардың шаңына,
Абай – дара даналықтың тауында.
«Атаң емес, адамзатқа бала бол»,
Деген сөзі қайыспады дауылда.

Ел мұңымен көкірегі боздаған,
Ел сырының мың пернесін қозғаған,
Ел жырының төрт тағанын сомдаған,
Абай – теңіз, Абай – тауым, боз далам!

Абай – шүлен бұлт баспайтын күн көзім,
Оқы Одан ұлттың ділін, тіл, сөзін!
Абай – ұлттың өзін көрер айнасы,
Абай – тезі, қыңыр, қырсық мінездің!

Абайменен алаулаған армандар,
Абайменен талқыланған талғамдар.
Абайменен ой түзеген тарпаңдар,
Абайменен бой түзеген нар таулар!

Қарасында қазақ тұрды көзінің,
Шарасына әлем сыйды сөзінің.
Қазағымның болмысынан сімірді
Махаббат пен ғазауаттың төзімін.

Абай – сұлу тамылжыған жан назы,
Абай – ерке мамырдан ән сазы.
Абай – сырлы домбырамның шанағы,
Абай – шүлен нұрлы көктем-жаз басы.

Болашақты қарсы алғанда таң күле,
Абай жайлы жалғасады әңгіме.
Абай – дара парасаттың келбеті,
Абай шыңы аласармас мәңгіге!

Ұлттық арман –
ұлт арнасы
Көлге төгіп шөкпесін қыран жасын,
Шөлден көріп жүрмейік ұлар басын!
Заман өзі аңғартар заңғар ойды,
Жұмыртқаңнан жұтпасын жылан асын!

Болғанымен Арманның мың тармағы,
Бойламаған босады ұлы арнаны!
Бәрінен биік мүдде – ұлттық мүдде,
Бәрінен биік арман – ұлт арманы!
Жат қолына Елдіктің туын бермеу,
Өз жерінде өгейлік күнін көрмеу —
Дербес ұлттың мінезі — ұлт арманы,
Өз Елінде кірменің тілін ембеу!

Дербес болсын жолың да, өткелің де,
Дербес болсын жаз, қысың, көктемің де!
Дербес ұлттың мінезін сіңіретін
Дербес болсын ұрпақтың мектебі де!

Болдық қой біз шалынып, шатқаяқтап,
Бақыт тайып, жүрмесін бақ саяқтап !
Бере алмасақ ұрпаққа ұлт мінезін,
Намыс тілер бетіңді, ар таяқтап !

Тілден баста,
Ұлтымның ұлы арнасын!
«Араласқа» тіркемен ұлт арбасын!
Алатауға аһ ұрып арман шөгіп,
Қаратаудың шалмасын мұнар басын!

Оқ түйреген жүрекпен…

Оқ түйреген Мағжанның жүрегімен,
Қанды кешу қоғамға түнерумен,
Ақиқаттың таңы боп қайта атқан,
Бүгініне қазақтың күле кірем!

«Кереметтер күтумен келер таңнан,
Қайта туар Ғұн таңы» деген Мағжан.
«Қағанаттар ғасырын» кештім мен де,
Ғұн оятып биік ой, ерен арман.

Тектік рух тербетіп Мағжанменен,
Болашаққа ұластым талғамменен.
Дәуірлерді жалғайды дәу тұлғалар,
Күн нұрындай шірімес арманменен.

Кісен, түрме жоя алмас сот та оны,
Өлтіре алмас қылыш та, оқ та оны.
Сыртқы дене қалғанмен сұлық жатып,
Тоқтамайды қан кешіп жортқан жолы!

Ой күресі оятқан жүрегімді,
Жасау үшін жай емес, ұлы өмірді.
Мағжан болып тербейді марқа шабыт,
Түркілікті тудырған Ғұн тегімді!

***
Оқ түйреген Мағжанның кеудесімен,
Арашашы таба алмай жерге сіңем.
Өз халқымның атқаны жаман екен,
Уға малған сатқындық жебесімен.

Сыртқы сұмдық ымдаспай іштегімен,
Қай жамандық, тәйір-ау, түске кірген.
Етігінің жаққан көп жұлығына
Жұғын жалап жүліктің піспегінен…

Оқ түйреген жүрекпен тербетілем,
Жүрек қаным өрнектер жерге кілем!
Түроғұлы Бумын ер ту көтерген,
Түркі әлемі мұндалар келбетімен!

Оқ түйреген жүрекпен тербетілем!
Қанды ғасыр көшеді жер бетінен…
Екі дүние есігі – Түркістанда
Есіл арман қауышты ертеңімен!

Ақ таңдарды аңсаған арман шырқап,
Маңғаз тұлғам – тұр, міне,
Мағжан жырлап.
Кесірі көп керуеннің ой көсемі –
Қайта-қайта Мағжанды таңдар тумақ!!!

Дала – дастан
Жырлап, кейде жылап та өтермін-ау?
Кеткен жолмен бабалар кетермін-ау.
Бұл қазақтың даласы жыр сағынса
Жаңбырлатып сіркіреп төгермін-ау?!

Беу, мынау,Тарбағатай, Семейім бе?
Семейім сарқылмайтын мерейім бе?!
Көтеріп Абай атын қайта тұрған,
Ұлылық Семейіммен кеңеюде!

Беу, мынау Сарыарқам ба сағындырған,
Кеудеме сағыныштан сағым ұрған.
Бату хан «Алтын орда» туын тігіп,
Алты өңір Азияны табындырған.

Толқыған сағынышым жанарымда –
Беу, мынау, қайта толған Аралым ба?
Қазақтың көңіліндей шалқып жатқан,
Аралым, аңызыңа қанармын ба?

Беу, мынау Еділім бе, Жайығым ба?
Сан ғасыр жиылмаған айылым ба?!
Қазтуған әз жыраудың күйін тыңдап,
Тербеліп өстім өмір қайығында.

Бабамның бабасының туған жері,
Жүрегі жылап келген тыңда мені!
Құлдыққа Бейбарыстар сатылғалы,
Қыпшақтың боз даласы жылап еді…

Фариза, Құрманғазы, Қадырымен,
Күй тербеп, қанды-ау ғажап жырға шөлі.
Беу, мынау, Сібірім бе, Түменім бе?
Жырыммен келіп тұрмын гүл егуге.

Тайбұға хандық құрған қайран жұртым,
Аспаның неге бүгін түнеруде?..
Жошының ұлысынан бұрын туып,
Сен едің ту көтерген ұлы өмірге.

Беу, мынау Енесей ме, Ертісім бе?
Мыңғырған төрт түлігім өрісінде.
Тұғырыл, Таян ханның заманында
Әмірі ай бұқтырған жер үстінде.
Темошін Тұғырылға бала болып,
Көбеңдеп қан жүгірген терісіне.

Беу, мынау, Орһұным ба-баба жұртым?
Жатыр-ау, бәрін сайрап дала шіркін!
Құт аймақ, құлай бердім құшағыңа,
Сіміріп Марқұс ханның санама рухын.

Қоңырат, Керей, Меркіт, Татар, Найман,
Оң ханға ойыстырған дала ғұрпын.
Қыпшағым, Үйсін, Қаңлы, Жалайырым,
Арнасы алтын арқау баба жырдың.

Жүрегім күйін шертпей даламыздың,
Қанды ізін қалай ұғам бабамыздың?!
Сыр өзен – сырлы өзенім кілкіп аққан,
Кешегі көз жасындай анамыздың!
Жұртынан жеті ықылым жыр өреді,
Отырар, Сауран, Созақ қаламыздың.
Беу, мынау, Алатау ма ақ самайлы,
Алатау қай қазақты жат санайды?!
Шөккен тау Райымбек ақ атаны,
Құзары күй тартады аспан жайлы.
Кең төсі Алматымды тербеп жатыр,
Жоқ менде басқа арман, басқа қайғы.

Беу, мынау, Қаратауым, Хантауым ба?
Алты Алаш туын тіккен аумағым ба?
Балқаштың айдынына ай жүздіріп,
Түнеткен бал жемісті бау-бағында.
Күмістей Іле, Шарын, Лепсі, Көксу
Күледі Жетісудың тауларында.

Өткізіп төрт ғасырды келіп тұрмын,
Бәрін де көкірегіммен көріп тұрмын.
Дастанын даламыздың-анамыздың,
Жырыма алтын айдар өріп тұрмын.
Сырғытып сынаптайын көз сезімін,
Қазақтың аспанынан төгіп тұрмын.

Оқығам осы жырды бала жастан,
Кешіргей сөзім болса жаза басқан!
Қазақтың жырауының жүрек сыры,
Тербелсе жас ағызар қара тастан.
Қазақтың ақынының жүрек жыры,
Мәңгілік ескірмейтін дала-дастан!

Өлең-тағдыр
Ертеңге түсіре алса нұрын өлең,
Келбетін келешектің бүгін көрем!
Ертеңге бере алмасам ойдан енші
Мен қалай күңіренбей, күліп өлем?!

Өмірге білмесем де келерімді,
Аялсыз, білдім, дәурен, желеріңді…
Кестелеп кешегінің керуен жырын,
Кескіндер құдірет бер келер күнді!

Әмірін қара жерден айтар Айға,
Үндеспей ұлағатпен қайнар қайда?
Көтермей бабалардың образын,
Ботасы болашақтың тайраңдай ма?!

Тербелмей рух-кие нар кеудеңде,
Аспанын ақиқаттың ар кеулер ме?
Мамырлап көңіл-көктем айдынына,
Келер ме Аққу, үйрек, қаз серуенге?!

Ертеңге түсірмесе өлең нұрын,
Ол өлең өзіңнен де өлер бұрын.
Халқымның кеудесінен тудырмасаң,
Қан-сөлсіз туған өлең төгер мұңын!

Бұлттамай қалай аспан төгер жаңбыр?
Жаңбырсыз тас жарар ма өрге тамыр?
Бабаңның рухын ұлтқа көтермесең,
Ертеңге ерулемес өлең-тағдыр!

Қазақ үні
Таулар биік,
Ақ бөркін қардан киіп,
Тауды алдымен тұрса да таңдар сүйіп.
Қазақ деген халықтан туған үшін,
Мен өзімді көремін таудан биік!

Ғалам шексіз, болса да дала байтақ,
Көкірегімде көк тулы жатады аймақ.
Көк туымның желпінген толқынымен
Көкке өрлейді көңілім алақайлап!

Аңсап келдім, Өзің деп ән сап келдім,
Халқым, сендей әнім де асқақ менің!
Маңғаз далаң тербетіп марқалаған,
Алатаудай кеудем де шалқақ менің!

Үзілер деп өкінбен жалын демім,
Намысыңа садаға жаным, елім.
Қайда жүрсем шырқайтын аспандатып,
Қазақ әні – мәңгілік әнім менің.

Ұлт сағынған ұл болсаң, маған жолық!
Қазақ қанын құяйын саған толық.
Ұлтқа орын жұмақта болмаса егер
Қала берем сыртында қазақ болып!

Азаттықпен айшықтап саз-әнімді,
Нұрмен жуғам тарихи ғазалымды.
Менің үнім – көк туды қазақ үні,
Қазақ үні – қазақтың азат үні!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір